«ДТ-75»
09.03.2024
141
0

 Осыдан 30 жыл бұрын ақын Ибрагим Исаев: «Ел тойға ат мініп келеді, сиыр жетектеп келеді, күйі жоғы қытайдың ала дорбасын арқалап келеді. Ал достар, мен өлеңімді алып келдім», – деуші еді.

Тағы бір курстасымыз Жәркен
Бөдеш:
Емеспін мен күшіген,
Бәрін-дағы түсінем.
Жылы сөз естіп көргем жоқ,
Үлкеннен, иә, кішіден, –
деп еді ғой. Бүгін сен бата жасайтын ақсақалымыз болып қалдың. Жастық, студент­тік дәуренді бірге өткізіп, әзіліміз жарасып, өткенді еске алып, талай қарқылдасып күлуші ек. Зымырап өтіп жатқан заман-ай! Өткен күндерді еске алып, өзіңнің жазған әңгімең есіме түсті.
«Иә, солай… Мен осы күнге дейін бір жаңа киім алсам, оған көпке дейін үйрене алмай, өзімді бір түрлі ыңғайсыз сезінемін. Осындайда талай-талай қырдан асып, сағымдай бұлдырап, көрінбей кеткен балалық шағымды, Бектұрсын ағамның ескі киімдерін киген алаңсыз, бақыт­ты балалық шағымды есіме аламын. Түсіме де сол күндер кіреді», – деп тебірене қалам сермепсің.
Доқтырхан Тұрлыбек студент кезімізде асықпай, маң-маң басып, шынжырлы трактордай гүрілдеп жүруші еді. Бірге оқитын достары оның атын қысқартып: «ДТ келе жатыр», – деуші едік.
Доқтырханның аты да қызық, сөзі де, өзі де қызық. Сонау алыстап кеткен 1970 жылдардың басында екеуміз бала кез­ден арман болған КазГУ-дің журналистер даярлайтын бөліміне оқуға түсіп, қуаныштан баскиімімізді аспанға лақтырдық. Келесі күні «Аққу» кафесіне барып, бір-бір тәрелке лағман жеп, бір шөлмек 17-портфейн шарабын ішіп, оқуға түскенімізді өзімізше «жуып», кешке ұзынды-қысқалы болып Панфилов паркіндегі би алаңына бардық. Екеуміз қатар тұрған қос сүйкімді бойжеткенді биге шақырып, иығымызды селкілдетіп, шашымызды желбіретіп, сол кез­дегі атақты «бишейхке» кірісіп кет­тік.
– Қарындас, танысып қоялық, – дейді досым сұлу қызға мұрты жыбырлап, – менің атым Доктор.
– Ал менің атым «медсестра», – деп бейтаныс қыз сыңғырлап күліп жіберді. Оған қосылып жанымдағы бойжеткен екеуміз де мырс ет­тік.
Әлгі «медсестра» біз түскен жоғарғы оқу орнының химия факультетінде оқитын болып шықты. Кейін білдік, шын есімі – Дәрікүл екен. Сол оқиғаны еске алып, көпке дейін күліп жүрдік.
– Сендер мені «ДТ» дейсіңдер, ал менің тауықтың «классигі» екенімді білмейсіңдер ғой, – деп курстасым бір қызық әңгіме бастады.
Доқаң алтыншы сыныпта оқып жүргенде ақын болғысы келіп, «Мектебім», «Туған жер», «Менің досым» деп аталатын «мынауский» деген өлеңдерін түйдек-түйдегімен Алматыдағы «Қазақ­стан пионері» газетіне жіберіп жатады. Бірақ өлеңді бұрқыратып жазғанмен не пайда, оны шығару оңай болмай шықты.Өстіп дал болып жүргенде «ақынның» атына шекесінде «Қазақ­стан пионері» деген жазуы бар көк конверт­ті хат келді.
«Құрмет­ті Доқтырхан! – деп басталыпты хат. – Сенің бір топ өлеңіңді алдық. Бірақ көркемдігі төмен болғандықтан газетке басудың реті келмеді. Оның үстіне бұрын жазылған тақырыптарды көп қайталайды екенсің. Тың тақырыптарды жаз. Әрине, саған көп оқып, көп іздену керек. Таудай талабың бар екен, хат жазып, хабарласып тұр.
Сәлеммен, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Рза Қунақова».
Алғашқыда Доқтырханның сәл ренжігені рас, бірақ хат­тың соңғы жолдарын оқығанда төбесі көкке сәл-ақ жетпей қалды. Басына «Темірді қызған кезінде соқ» деген әкесінің сөзі сап ете қалып, әлі жазылмаған тың тақырыпты жалма-жан іздей бастады.
Наурыздың бас кезі болса керек. Күн жылынғалы бері әтештер жалын күдірейтіп, тауықтар қыт-қыт етіп, жұмыртқалай бастайды. Көзіне апасы ерекше жақсы көретін қара тауық түсе кет­ті. Өзі де жақсы көретіндей тауық күнде жұмыртқа табады. Міне, тың тақырыптың көкесі – осы! Тез өлеңге қосу керек, тез! Құлшынып тұрған «ақынға» өлең деген сөз болып па? Әп-сәт­те-ақ бір «туынды» дүниеге келді. Доқаңның сондағы өлеңі мынау еді:
Қыт-қыт етесің,
Өзің бір пәле екенсің.
Күнде жүкті боласың
Күнде тұқым туасың.
Біздің Доқтырхан бұл «тамаша» өлеңін сол күні-ақ Алматыға жолдап үлгерді. Ол көп ұзамай редакциядан хат алып, асығыс оқи бастады.
«Құрмет­ті Доқтырхан! «Тауық» деген өлеңіңді алдық. Мұндай ұятсыз өлең жазуға болмайды, поэзия кім көрінгеннің ойыншығы емес.
Сәлеммен, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Рза Қунақова», – деген сөздерді оқығанда тауықтың «классигі» басына біреу балғамен соққандай есеңгіреп отырып қалды…
«Тама берген тамшы тасты да жарып жібереді» деген рас екен. «Қазақ­стан пионері» газетіне екі-үш өлеңі жарияланып, Доқаңның аты мектепте дүркіреп шыға келді. Бұрын мұрындарын шүйріп, қармай жүрген класстас қыздар: «Дос болайық», – деп хат жазатынды шығарды.


Бірақ тауықтың «классигінің» қуа­нышты ғұмыры ұзаққа бармады. «Бектұрсын ағаң бастық болса да жетіп жатыр. Сен қой бағасың!» – деп әкесі ойламаған жерден көзін бозартып қой бақтырып қойды. Қой болғанда колхоздың емес, ауылдың ең үлкен көшесінің ұсақ малы.
Бала кезінде сәл сотқарлығы бар еді, таяқ жеген жүгірмектер: «Доқтырхан пастух, Доқтырхан пастух», – деп келеке, мазақ қылады. Сөйтіп, ол бір жыл қой бақты. Келесі жылы мектепке қайта бармақшы болып еді, әкесі көнбеді. Қиналған сәт­те «Қазақ­стан пионері» газетіне хабар-ошар жазғанын есіне түсірген қойшы бала: «Әкем мені қой бақтырып қойды, ертеңімді ойламайды», – деп сол кез­де 300 000 данамен шығатын «Лениншіл жас» газетіне «Менің оқығым келеді» деген мақала жазып, елді бір шулат­ты. Кішкентай ауыл бұлай дүрлікпеген болар, комиссия біткен қара қытайша қаптап кет­ті. Көп ұзамай-ақ Доқаң мектеп табалдырығын қайта ат­тады. Сол кез­де үлкен басылымның Бас редакторы, көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза болыпты. Тұз-дәм айдап, 1993 жылдары Доқтырхан Шерағамен Қазақ теледидарында бірге қызмет атқарды.
– Доқтырхан – Жуалының Павлик Морозовы. Бала кезінде «мені оқытпай қойды» деп туған әкесінің үстінен арыз жазған бұл батыр, – деп әзілдеуші еді жарықтық.
Доқаң балалық шағын есіне алып, бізге майын тамызып айтып беріп, өзі кеңкілдеп күліп алып: «Лениншіл жасқа» рахмет! Шер-ағаға рахмет! Сол шатпағым шықпаса, осы күнге дейін қой соңында салпақтап жүруім ғажап емес еді», – деп қалың мұртын бір сипап қояды.
Әріптесімді «ДТ-75» тракторына теңеуім бекерден-бекер емес. Ол кез­де оқуға түсу оңай емес, КазГУ-дің талапкері мақсатына жете алмай, талай сүрінді. Бірақ тау шағылмады. Мал бақты, құрылысшы да болды, әскерге барып қайт­ты, аудандық газет­те тілші қызметін атқарды. Шынжыр табанды трактор құсап, алған бетінен қайтпай, талай қамалды бұзды, ақыры арманына жетіп, КазГУ-дің журналистика факультетінің студенті атанды.
Оқу бітіріп, қолына диплом алған соң «ДТ-75»-тен «ДТ-700»-ге айналып, Қазақ теледидарында – редактор, Бас редактор, Бас директордың бірінші орынбасары, «Қазақтелефильмнің» Бас директоры болып, талай биік белесті бағындырды. Бір қолынан – қаламын, екінші қолынан кинокамерасын тастамай, қыруар іс тындырды.
«ДТ-75» қуатына қуат қосып, жазушы ретінде жиырмаға жуық сатиралық, прозалық және деректі кітап жазыпты. Қаламгер досым әсіресе өзін сатирик ретінде көрсете біліп, «Түбі түскен шелек және сыпыртқы», «О дүниеден келген өкіл», «Сталиннің мүштегі», «Қалила қожаның хикаялары», «Екі килә алма және сникерс» туындылары жарық көріп, оқырмандардың ыстық ілтипатына бөленді. Жазушының көп кейіпкері – өзімен бірге жүрген достары. Әңгімелері көркем, әсерлі келеді. Көбінесе өмірде болған жағдайды жазады.
Анау-мынауға мойын бұра бермейтін қазақ сатирасының сарбазы Ғаббас Қабышұлы Доқаңның шығармашылығы туралы «Аяғы бар күлкі» ат­ты мақала жазып, үлкен баға берді. Оспанхан Әубәкіровтің шәкірті, орақ ауызды сатирик Көпен Әмірбеков: «Сатираға қырық жасында келген Доқтырхан Тұрлыбектің қарқыны күшті. Трактор сияқты тоқтайтын түрі жоқ: алаяқтарды, жылпостарды, парақорларды, бәлеқорларды шынжыр табанының астына аямай таптап жатыр», – деп қалам тербеді.
Досымның режиссер ретінде бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Түркия, Ресей, Америка, Италия, Жапон, Франция, Ұлыбритания елдеріне талай сапар шегіп, тұшымды дүниелер түсірді. Ізденістің нәтижесінде 35 деректі фильм­нің авторы әрі режиссері атанды.
Доқтырхан Тұрлыбектің «Қаңлы», «Бекет ата жолымен», «Тереңнен тартқан тектілік», «Әйтеке бидің ақ жолы», «Әкеге тағзым», «Кенен ақын», «Шотан батыр», «Мәшһүр Жүсіп», «Алаштың қос арысы», «Бүркітші», «Атбегі» және басқа да деректі фильмдерін ерекше атауға болады. Ол автор әрі режиссер ретінде қай шығармасы болсын нақты деректерге сүйене отырып, болған оқиғаны және кейіпкерін жан-жақты аша біледі. Бұл көп жылғы тәжірибенің, ізденістің, шеберліктің жемісі болса керек.
Режиссер ұлтымыздың салт-дәстүріне, этнографиясына, қолөнеріне, атбегілік және саятшылық сияқты киелі өнеріне ғылыми-танымдық тұрғыдан үңіліп, олардың сән-салтанатын, сыры мен қырын жан-жақты ашуға тырысады. Қазақ халқының баға жетпес осы асыл мұрасын дамытудың өзекті жайларын тілге тиек етеді.
Қазақ руханияты үшін шынжырлы трактор болып ауыр жүкті сүйреген жазушы, журналист, режиссер Доқтырхан Тұрлыбекке осы күнге дейін бірде-бір мемлекет­тік марапат бұйырмапты. Көңілімді жұбататыны, шығармашылық жолында жеткен жетістіктері мен табыстары ешкімнен кем емес. Замандасымның деректі фильмдері 2009 жылы Стамбұлда өткен Халықаралық кинофестивальде айырықша аталып өт­ті. 2015 жылы Түркияның Сафран қаласында өткен түркітілдес халықтардың дүниежүзілік «Алтын сафран» кинофестивалінде жүлдегер атанды.
Доқаң психологиялық иірімдерге толы шығармалары үшін қазақ қаламгерлерінің арасында бірінші болып, Санкт-Петербург Халықаралық психология Ғылым академиясының «Құрмет­ті академигі» атанып, мерейі асты.
Доқтырхан Тұрлыбек «О дүниеден келген өкіл» ат­ты сатиралық шығармасы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. Белгілі қаламгер, Қазақ­стан Журналистер одағының лауреаты, Қазақ журналистикасының қайраткері, қоғамдық негізде «Ұлт қайраткері» медалімен марапат­талды. «Жуалы ауданының Құрмет­ті азаматы».
Әрқашанда «ДТ-75» болып, ұлт руханиятын алға сүйрей бер, қадірлі дос!

Қазыхан ӘШЕ,
жазушы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір