Дауыстар
29.02.2024
1066
0

 

Байғыздың сұңқылдаған үні. Шалғай ауылдардан естіліп жатқан, иттердің үрген дауысы. Жерге көмілген миналардың айлалы үнсіздігімен араласа соққан самал желдің дауысы. Қараңғы аспанда жымыңдаған жұлдыздар. Оқтын-оқтын аққан жұлдыздар. Жерге белгі жіберетін жолаушы ұшақтары, ұшқышсыз барлау ұшу аппараттары. Ішіне жау жасырынуға ыңғайлы ағаш бұталары. Жаныма жақындап келген тықыр естілді: «Тоқта, бұл кім»?! Құпия сұрақтар, құпия жауаптар. Металға соқтығысқан бәтеңкенің дыбысы.
Жалаңаш жартастар. Cірә! Жабайы аңдардың, ешкілердің тұяғынан және ешкі бақташыларының кебісі мен бәтеңкесінен өзге, мың жыл бойы ешбір тіршілік иесінің аяғы тимеген бұл жерде үлкенді-кішілі тас қиыршықтары жатыр. Жерден біреуін алып, жай ғана қалтама салдым. Өзіне мекен болған бір жартастың бүйірінен түсіп, домалап, жаншылып, ұсақталып, тапжылмай, менің назарым түскенін мың жыл күткен тәрізді. Бәлкім, бұл да табиғаттың маған берген ғажайып сыйы болар… Сықырлаған дыбыстар!
Көзімді аштым. Қараңғы түнекте алыс-жақынды барлап, ары-бері көз жүгіртіп, қарама-қарсы беттегі орманды шолып шықтым. Қауіпсіз жағдайда екенбіз. Бұл үлкен тас шынымен жартас па? Әлде… Әуелі ол есектің кескініне ұқсап көрінді көзіме, сосын есекті арқалап алған қайратты адамға… Иығындағы зымыранды бізге қарай бағыттап тұрған лаңкес тұрғандай болды, бір сәт. Мен Жәлелді ояттым. Ол ұйқылы-ояу кейіпте күліп жіберді. Қараңғыда аппақ тістері жарқырап көрініп тұрды.
«Бір жерге қадалып көз тікпе, қараңғылық алдамшы болады», – деді.
Кезекті операциядан келген соң, босаңсып қалады да, ұйқыға кетеді. Әрине, ол ұйықтамағанда, кім ұйықтайды? Иә, оныкі әбден дұрыс-ақ. «Үйреніп кетесің, уайымдама», – деді, қайта ұйықтап бара жатып. Жаңадан шақырылған әскер болғандықтан, «тәжірибе жинап, жұмысты үйренуім үшін» соның жанына қосты. Ол өте епті, мейірімді, батыл, қай істе де жұрттың құрметіне бөленген азамат болатын. Батальондағы кез келгенінен сұрасаң, жаттап алғандай осы сөздерді айтатын:
«Ол қандай адам?»
«Биксижи Жәлел ме? Ол – нағыз еркек».
Мұрныма анда-санда жабайы шөптің жұпар иісі келеді. Тау етегіне құлай ағып жатқан кішкентай өзеннің адамның жан дүниесін тыныштандырып, рахатқа бөлейтін мөлдір судың сылдыры тағы бар.
Мелек әжем. Ол қазір не істеп жатыр екен? Біраздан кейін таң намазына тұратын шығар. Жо-жоқ, қазір емес. Мұнда бір сағат ерте қараңғы түседі, бір сағат ерте таң атады. Мұнда бәрі ерте! Тіпті өлім де. Жәлел оның сөздерін қайталағанымды естігендей, ұйқыда жатып күлімдеді. Тістері тағы да көрінді. Мелек әжемді есіме алдым бір сәт! Тап қазір мені естіп тұр ма екен, әлде оны ойлап тұрғанымды сезе ме екен?
Осы секілді түндерде оның құбыжықтар жайлы айтқан әңгімелері есіме түсті. Баяу дауыспен, көзі бақырайып… Жаңағы пері сол сәтте үстімнен секіретіндей болатын, әжемнің үлкен қара көздерінен көзімді алмай қарайтынмын. Әңгімесін егжей-тегжейлі ұзақ баяндап, тереңдеген сайын мен де жақындай түсіп үңіле беретін едім. Бала кезімде құбыжықтан қорқатынмын, қазір білмеймін, сенімді емеспін.
«Құбыжық, өзінің алып бейнесімен, ұзын сақалымен және аса таяғымен түнде пайда болады. Ол ешкім жүрмейтін оңаша жерлерде жасырынады. Тоба, тоба, аяғы теріс болады екен. Күндіз бейітке кіріп, түнде тентіреп жүреді. Жаны шыққыр малғұн, жолға шыққандардың өміріне қауіп төндіреді. Көзіне іліккен құрбанын не өлтіріп тынады, не жанын тартып алады, не өзіне құл етеді, не болмаса ақылынан адастырады».
Мылтығымды тексеріп қойдым. Оқ сауыты сайланып, қауіпсіздік тетігі бекітулі тұрды. Оның ұңғысы қара болатын. Қараңғы түнекте қайтадан алыс-жақынға алысқа көз жүгірттім. Еш қауіп жоқ. Лаңкестер көбінесе дәл осы уақытта, таң атпай өтіп кетуге тырысады екен. Иттердің үрген дауысына, сонау жерден шақырған әтеш үні араласа бастады. Алыстан естілген дауыс имамның азан шақырған дауысы ма екен?
Енді бәтеңке мен шұлықтан құтылып, аяғыңды суық суға маласың, балықтар үстінен өтіп жатады. Осындай кезде бір темекі тарттың ба бітті, рахатқа батасың… Үнсіздік, тағы да үнсіздік. Осы сәтте үнсіздікті байғыздың сұңқылы бұзды.
«Жерге батып кеткірге тоқта деп айтудың өзі оңай деп ойлама, қозым. Пышақ салсаң кеспейтін, терісі оқ өткізбейтін, іші жұмсақ, күреске бір иығын беріп тұратыны бар өзінің. Күресте жеңіске жетсең – ұтқаның, ал егер де құбыжық жеңетін болса, онда жағдайың өте нашар… Әттең!»
Кенет ішімнен ән айтуға деген құлшынысым оянып кетті. Адам, ішінен де ән айта алады екен-ау. Кейде ән айту үшін ауызды жабуға мәжбүр боласың.
Құпия ғашықтар секілді күнде Коз Тепедегі кәрі жаңғақ ағашына баратынбыз, Мелек әжеммен әрине. Жол бойы жақ ашпайтын едік. Ара-тұра кідіріп, мұрнының астынан бірдеңелер күбірлеп, күнге күйген қолдарын шөптің сабағына малып, әрбір жұлған сабақтың артынан дұға оқып, қолындағы шөпті екінші қолымен бүктеп, етегіне лық толтырып алатын.
Сыбдыр қайта естілді. Қараңғыда алыс-жақынға әрмен-бермен көз жүгірттім. Сол жартас тұрған жерде ірі денелі сақалды адам бар секілді ме өзі, қалай? Жәлелді оятсам ба екен? Ол тағы мазақ етіп, ашуланып қалар. Назар аударма енді. Басыңды бұрып, қайта қара. Тас орнында тұр ма? Тұр. Онда қауіпсізбіз.
Бала кезімнен, жазғы демалысымның әр күнінде дерлік, жаңағы жаңғақ ағашының түбіне мен – алда, әжем белін ұстаған күйде – соңымда, сосын алдымда – әжем, мен – артта, жаяулатып тартатынбыз. Әжем кейбір шөпті жұлып, түбін қопсытады, мен қолымдағы таяқты оңды-солды сермеймін, осылай шалғынды кешіп жететінбіз. Ауылға апаратын қара жолды бетке алып, сонау тау бөктерінен Йозгатқа дейін созылып жатқан кең даламен Коз Тепеге аяңдайтынбыз.
Әжем келген заматта бірінші кезекте жайнамазын ағаштың тасасына жайып, сол аяғын бүгіп, оң аяғын алға қарай созып, ағашқа сүйкенеді де, мені жанына шақырып алып, жолды бақылап отыратын. Солай отырып нені әңгіме етер едік? Ештеңені! Ұзақ уақыт бойы тіл қатпастан жолға қарап отыра беретін едік. Мен бірде– ұйықтап, бірде – оянып, әжемнің саусақтарымен шашымды сипағынына еркелеп, салған әнін тыңдап, жата беретінмін. Сонда әжемнің көзіне қарап, оның көздерінен тым ұзақ, боп-бос жолды көретінмін. Кейде сол жолдан бізге жақындап келе жатқан әскери киім киген адамды көргендей боламын. Қиялдап жатып, тағы да әжемнің әніне елжіреп кететінмін:
Бұл жер Муш екен,
жолы төбе белес екен,
Кеткен келмейтін, бұл не іс екен…».
Ана бақыт екен, гүлі зира екен.
Кеткен қайтпайтын бұл не іс екен
Бұл жер Муш екен,
жолы төбе белес екен,
Кеткен келмейтін…
Кімді күтетінін білетін едім. Әкесін… Менің үлкен атам 93 жылғы соғыста орыстарға тұтқынға түседі. Хабарды жеткізген офицер: «Мемлекетіміз өз әскерін Мәскеуде қалдырмайды, уайымдамаңыз, түбі бір келеді» деген екен. Сол кезде 7 жаста болған Мелек әжем офицерге сенеді. Анасы, нағашылары, аға-әпкелері бірте-бірте үлкен атамнан үміт үзеді, тек әжем ғана әкесінің ауылға келуін күнде сол жерде, Коз Тепе басындағы жаңғақ ағашының түбінде жолға қарап, алысқа көз тастап күтеді екен. Не деген шегі жоқ, соңы жоқ, бітпейтін жол тосу десеңізші.
Мелек әжем әкесін күтетін, мен әжемнің шашымды сипауын, сипап отырып бетіме түсетін бір тамшы жасын күтетін едім. Мен өзімді күнде оның кірпігінен таматын бір тамшы жасынан өсіп тұрған гүлдей елестететінмін. Жәлелге айтсам күледі-ау. Мазақ етері анық. «Ай жігітім, сен де өзгешесің ғой, иә, мен кеткенде мына тозақта не істейді екенсің?» – деп. Кезекті операциядан оралғанда Жәлелдің көңіл күйі жақсы болды. Ол өзін күтіп отырған қызы туралы, еліне қайтқан соң бұрын өзі көмекші болған қожайынынан дүкенді сатып алатыны туралы әңгімеледі. Мойнынан асыра асынып алған тері сөмкеден баланың қолы сызылған қағазды алып: «Жеңгең жіберді, біздің қыздың қолы ғой», – деп көзіне күлкі үйіреді. Қағаздағы кішкене қыздың қолына қолын қояды да, ойға шомып кетеді. Естімесін, әрине, мен кейде Жәлелді оралмаған үлкен атама ұқсатамын. Оның үміті, оның от болып жануы, қызына деген махаббаты ерекше. «Балмұздақ, уаллахи деймін, сен басқашасың, жігітім! Біздің ағалығымызды дұрыс түсінбедің!». Естісе, дәл солай айтады, күледі.
Мелек әжемнің кішкентай қолдары да, әкесін алыста кездестірді ме екен?
Коз Тепеден қайтып келе жатқанда, екеуіміз де біртүрлі көңілді болып, үндемей болса да шер тарқатып, қайғымызды жаңғақ түбіне қалдырып, әр қайтқанда зарыға тосқан адамымызға сәл жақындағандай сезімде үйге сергіп қайтатынбыз.
Есік алдында саусақтарымен шашымды тарап, алақанымен бетімді сипап: «Қызыр жолдасың болсын, қозым, періштелер сырласың болсын, ботам», – деп дұға-тілегін жаудыратын әжем. Әскерге шығарып салып тұрғанда да солай деген еді. Әжімді ернімен бетім мен алқымымнан сүйіп… Құлағымды ерніне жақындатып:
«Сені тосамыз, шырағым, алайда оралмай қалушы болма, жарқыным», – деді. Неге екені белгісіз, осы кезде Коз Тепеге бара жатқанда қолымдағы таяқпен қаққан бақбақтары есіме түсті. Мен аяңдап, тосылып қалдым, Мелек әжемнің жүзіне қайта қарай алмадым… Айналамдағыларға көрсетпей бетімді сүрттім де, әкем берген туды алып, иығыма жапқан күйде автобусқа барып отырдым.
Тағы да, сыбдыр! Жартасқа қарап түйілдім. Жақындай түскен бе? «Жәлел! Жәлелді оятсам ба екен? Алдындағы – әлгі сақалды, үлкен, алып адам. Қызыл көздері жарқырап тұр. Жақындап қалған ба? Мүмкін емес? Шамасы жылдамдатқан! Сол-ақ екен, қолымның икемі келмей, мылтығымды ұстай алмай қалдым! «Жәлел! Аға!». Дауысым шықпай қалды. Тіпті қимылдай алар емеспін. Бір уақытта келді. Беті бетіме тиіп тұр, демі өлекседей сасық. Оның қисық тістері, үлкен жартастың жылдар бойы мені күткен тас қиыршықтары сияқты ақсиып тұрды. Сөйлеп жатыр ма өзі? Не айтып, не деп тұрғаны түсініксіз! «Құлаушы болма!» Менің дауысым? Сөйлей алмаймын. Ол мені астына түсіруге тырысып жатыр. Мен болсам жерге тамырын жайған ағаш секілдімін. Құдды, жаңғақ ағашы. Бар күшіммен тұруға тырысамын. Құбыжық ұзын сақалының арасынан балтасын суырып алды. «Жәлел! Аға!». Көзі, көзіне қара. Жалындап жанып тұр. Бұтақтарымды өртеп жібере ме деп қорқамын. Ішінде қара алау бар. Түнеріп кетті бірден. Бір жерге қадалып қалма. Берілме. Басқа жерге қара. Балта маған қарай келе жатыр, тағы да сыбдыр! Бұл дыбыс менің бұтақтарымнан шығып жатыр ма? Мен қимылдай алмаймын. «Құлаушы болма!» – дейді. Қырылдаған үні арта түсті, балта, тағы да балта… Тағы да сыбдыр! Кеудем қуыс. Жарақат. Бір жағынан, қарқылдап күліп, бір жағынан, денемді балтамен шабуын жалғастырып жатыр.
Денем қатып қалды. Бисм… Қырыл… Бисмиллаһ… Қул аузу бираббил фәлақ… Қул аузу бираббил фәлақ мин шәрри… Денемде жарақаттар ашылып жатыр. Балта соққысы жиілей түсті. Қарнымда ауырсыну сезіле бастады. Мелек әжем, әскерден орала алмаған әкесі, Жәлел – барлығының бейнесі бір-біріне қабысып, бір бейнеге айналып жатыр. Құлап қалсам құбыжық қанымды ішіп алады-ау. Бар күшіммен дұғамды аяқтауға тырысып мен жатырмын.
Сыбдыр, тағысын тағы! Ентігіп ояндым. Жартас сол баяғы кейпінде тұр. Қараңғыда, алыстап жақындап, ары-бері… Нақ сол кезде көрдім. Бізге қарай жорғалап келе жатыр… Кейінгісі түсімнен де бетер шиеленісе түскен. Сасқалақтап жүріп, Жәлелді ояттым. Бұл жолы қателеспегенімді ол қайдан білді екен? Тура мені түсінде бақылап, оятуымды күтіп тұрғандай болып, лезде көзін ашқан бойда мылтығына қол созды. Лаңкесті көрген бағытыма қарай мылтығын кезеп, тетікті баса берді.
«Тақ-тақ!»
«Тақ-тақ-тақ!»
«Тақтақ-тақ- тақтақ!»
Айнала у-шу, атылған оқтың дауыстары. Бір жағынан, нысанаға алып, бір жағынан, тетікті басып жатыр: «Келіңдер малғұндар, келіңдер!» – деп күбірлеп қояды.
Не болғанын аңғара алмай жатқанымда, басымның жанына бірдеңе… Тас па? Жәлелдің көздері бақырайып кетті. Бір нәрсенің жерге соғылған дыбысы естілді. Жәлел мені бір қимылмен шетке итеріп жіберді де, граната құлаған жерге барып, бүкіл денесімен сұлай кетті… Жарылыс дүмпуін естідім.
Айнала у-шу, дүмпулер. Жәлелдің жарылыстан кейінгі кесек-кесек болып, жан-жаққа шашылып жатқан денесі. Қан, гильза, топырақ… Ұңғыдан шыққан оқ дауысы. Оған қоса шалғай ауылдардан үрген иттердің дауысы естіледі. Менің өз дауысым Жәлелдің дауысындай болып кеткен секілді: «Кәне келіңдер, малғұндар, келіңдер!» – деген күйі айғайлап жатырмын. Желке тұсымнан ұшқан оқ дауыстары естіледі. Дүмпулер. Бұйрықты дауыстар. Жерге түскен гильза дыбысы. Денеге тиіп жатқан оқтың дауысы. Аспанда жымыңдаған жұлдыздар. Аққан жұлдыздар. «Әй, сен де басқашасың!» – деп қоштаса алмай қалған Жәлелдің дауысы. Әжемнің дауысы:
«Айналып қана кетейін, қарағым! Шүкір, шүкір! Құбыжық күн көзін көрді ме, бітті? Бірден бейітіне жөнелді. Жөнелтілсе де, халық бір шешімін табады. Әй, анау арам қатқыр, тамыры үзілгір! Қарнына қазық қағылғыр, жүрегін шығарып жарылғыр! Аты өшкір!»
Атқан таңның, күнді қарсы алған құстар үні. Алыстан үрген иттер. Ыңырсып жатқан адамдардың дауысы. Тікұшақтың гүрілі. Жерді басып жатқан бәтеңкелер дыбысы. Көкке көтерілген рухтар дауысы. Зембілдің жалаң етке тиген дыбысы. Қақтығыста тайқыған оқтар мен жарылған зымырандардың әсерінен денесінен үзіліп, жан-жаққа шашырап кеткен тас қиыршықтарын жоқтап жатқан ірі жартастың зары.
Мелек әжемнің дауысы:
«Бұл жер Муш екен,
жолы төбе белес екен,
Кеткен келмейтін, бұл не іс екен…».
Ана бақыт екен, гүлі зира екен,
Кеткен қайтпайтын бұл не іс екен?
Бұл жер Муш екен,
жолы төбе белес екен,
Кеткен келмейтін…»
Әжемнің дауысына, жартастың жоқтауына, тікұшақтың гүріліне, ыңырсуларға, шапқылауларға, иттердің үргеніне, құбыжық қарқылының құлағымдағы жаңғырығына араласып, барлық дыбысты тұншықтырып, жүрегімді күйдіріп, жарамды қанатып тұрған қолын хатқа сызып түсірген кішкентай қыздың дауысы еді.

Айқұт ЕРТҰҒРЫЛ,
Түркия
Аударған
Динара ҚОЖАБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір