Жақаңның ауылын жандандырайық
27.02.2024
146
0

Келер жылы қазақ үшін қадірлі тұлға Жақаңның – Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толмақ. Біздіңше, осы шараға дайындықты қазірден бастағанымыз абзал шығар. Рас, бұл мерейтой ЮНЕСКО бойынша атап өтілмейді. Бірақ ЮНЕСКО тойламайды екен деп қол қусырып отыруға болмас. Арысымыздың атаулы жылын жақсы жобалармен, игі істермен, шарапаты мол шаралармен атап өтуімізге кім кедергі?

 Қисынды сұрақ туындайды: ол қандай игі істер, нендей жақсы жобалар мен шаралар?
Уақыт өткен сайын тарихымыздың қиын-қыстау кезеңдерін, тар жол, тайғақ кешу тұстарын, сол бір сыры толық ашылмай жатқан көлеңкелі кезеңдерде қазақ үшін кімнің не істегенін енді-енді біліп келе жатқанымыз жасырын емес. Осы әңгіме Міржақып Дулатұлына да тікелей қатысты. Осындай игі шараның бірі – Міржақыптың аты берілген мектептерде Алаш арысының өмірі мен шығармашылығын терең оқып-үйрену үрдісі жүріп жатыр. Жуырда ғана экранға шыққан «Оян, қазақ» фильмінен кейін Жақаңның жүріп өткен жолы мен қазақ үшін тындырған еңбектеріне деген қызығушылықтың арта түскенін фильмді көргендердің толғана жазған пікірлерінен білуге болады. Мұның сыртында М.Дулатұлы – сүйегі табылған бірден-бір Алаш арысы.
Қазіргі кез­де Жақаңның басына барып тағзым жасауға ынталылардың саны көбейіп келеді. Жекелеген қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылар мен тарихшылардың (олардың ішінде шетел ғалымдары да бар), мәдениет саласы қызметкерлері мен үкімет адамдарының, Алаш тақырыбынан, Міржақып шығармашылығынан дипломдық, магистрлік жұмыстар жазып жүрген студент­тер мен магистрант­тардың сыртында, біртуар қайраткердің жатқан жеріне барып тәу етуге туристер мен мектеп оқушылары да қызығушылық танытуда. Бұл үрдіс уақыт өткен сайын арта түсетініне күмән жоқ. Бірақ осы жақсы бастаманың жылдам ілгерілеуіне үлкен кедергілер бар. Біріншіден, ол – жол мәселесі. «Арқалық-Торғай» тасжолынан Қызбелге дейін – 49, ары қарай Бидайыққа дейін тағы 41 шақырымдай. Сонда «Тоқанай-Бидайық» – 90 шақырым. Мұны толық асфальт­тау қомақты қаржыны қажет ететіні белгілі. Дегенмен Міржақыптың қазақ үшін жасап кеткен еңбегін ескерсек, ерте ме кеш пе, бұл жолды жасау керек екені туындайды. Осыған орай, алдымызда келе жатқан 140 жылдық мерейтой қарсаңында осы үлкен істің қыруар бөлігі жасалып қалса игі еді.
Енді жоғарыда айтып кеткен, алдымызда тұрған мәселеге турасынан көшсек, біздіңше, М.Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына орай Қызбел ауылын абат­тандыру жұмыстарын жоспарлы түрде қолға алу керек. Мұндай келелі жұмыстың қысқамерзімді де, ұзақмерзімді де мәні бар. Қысқамерзімді мағынасына келетін болсақ, аталмыш мерейтойдың Қызбел ауылында өту ықтималдығы өте жоғары, себебі Алаш арысының кесенесі осы ауыл маңында тұр. Тіпті тойлау шаралары бұл ауылда емес, аудан орталығында өтеді дегеннің өзінде осы шараға арнайы келген қонақтардың Жақаңның басына барып тағзым жасап, Құран бағыштамай кетпейтіні сөзсіз. Бұған дәлел ретінде осыған дейін жол қиыншылығына қарамастан топ-топ делегация болып та, екі-үш адамдық шағын топ болып бірігіп те, жекелеген адамдар да алыс-жақын шетелдерден (Венгрия, Жапон елі, Ресей), қала берді Қазақ­станның түпкір-түпкірінен келгенін келтіруге болады. Келешекте бұл үрдіс күшеймесе азаймасы сөзсіз. Демек, қонақ қабылдайтын екі ауылдың да сырт келбеті мен ішкі мазмұны атына сай болуы шарт-ау… Осы орайда мына бір жағдайды айтпай кетуге болмас. Өткен жылдың күзінде Қызбелге, одан әрі Бидайыққа облыс әкімінің орынбасары Мұхаметқали Ринат Зәкиұлы бастаған лаузымды тұлғалар барып қайт­ты. Негізгі әңгіме тетігі осы 140 жылдыққа байланысты болды. Егер мерейтой облыс деңгейінде өткізілетін болса, оның негізгі шаралары Қызбелде болатындықтан ауыл көшелеріне асфальт төселіп, мектеп, клуб сияқты оқу, мәдени ошақтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізелетіні турасында айтылды. Мұның бәрі – өте құптарлық дүние. Дегенмен осы елдің тумасы және ауыл жанашыры ретінде аз-кем ойлармен бөлісе кетудің артықшылығы жоқ шығар деп, мынай жайт­тарға назар аударылса деген таза ниет бар.

Міржақып мазарына қарама-қарсы орналасқан мұражай үй

Жоғарыда айтылғандардың сыртында ұзақмерзімді жоспарда:
1). Ауылға келешекте келетін қонақтардың (туристердің) саны көп болатыны себепті заманауи талаптағы қонақүй салынса; Мұның сыртында 2-3 бөлмелі тұрғын үйлерді бүгінгі күннің талабымен жабдықтап, шағын отельдер де ұйымдастыруға болады. Жазда ауылда ас беру, сыныптастардың бас қосуы, тойлар мен түрлі жиындарға келетіндердің саны аз болмайды. Осындай жағдайда мұндай қонақжайлар жалға беріліп, ең құрығанда, өз шығындарын өтеп тұрар еді. Сөз ретімен айта кету керек, ауылда дастарқан жайып, кез келген шараны өткізуге арналған заманауи стильдегі шатхана бар;
2). Сауда нүктелері мен қымызхана, монша, салауат­ты өмір салтын насихат­тайтын спорт ойындар өткізуге және жыл сайын елде болып тұратын үлкенді-кішілі шараларды тамашалайтын шағындау болса да, тәуір
стадион салынса; Демалыс орындарын ұйымдастыру, заманауи дәретхана салу да – елеулі мәселе. Бір қарағанда, біреу болмаса біреу: «Бәрі жарылқанып, енді дәретхана салу қалып еді», – деп ойлауы да мүмкін-ау… Бірақ бұл – адамның табиғи қажет­тігіндегі бірінші орындағы дүниенің бірі.
«Театр киім ілгіштен басталады» демекші, келген қонақтар өздерін емін-еркін, өркениет­ті елге келгендей сезінуі үшін бұл үлкен қаражат­ты талап етпейтін, бірақ барынша қажет­ті дүние;
3). Көгалдандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жолға қойып, жасыл желектердің санын жылма-жыл арт­тырып отыруды күн тәртібінен түсірмеген абзал;
4). Ауылдан әріректе, шамамен 2-3 шақырымдай жердегі өзен жағасынан шомылатын орын әзірленсе. Жазда ауылға осы жерде туып-өскен азамат­тар көптеп келеді. Әсіресе үлкен жиындар кезінде. Сондағы елдің демалыс уағындағы ең көп жиналатын жері – Қоңыраулы өзенінің жағасы. Ауылдан бір шақырымдай жердегі бір кез­дегі болыс Қаржаудың Оспаны қыстауының маңы. Ауылдың суы лайланбауы үшін, біздіңше, жағажайды одан да әрірек орынға ауыстыру керек, бұл – біріншіден, сосын ең бастысы, қауіпсіздік шаралары мен шомылауға барынша ыңғайлы жағдай жасау. Айт­қандай, мұнда да қайықпен серуендеу, қармақпен балық аулап жарысу сияқты демалыс түрлерін ұйымдастыруға әбден болады. Осы жерде этноауыл элемент­терін қолданып, киіз үй, палаткалар тігіп, онда отырып тамақтануға, дем алуға мүмкіндіктер жасаса тіпті тамаша;

Міржақып мазары

5). Ауылдан бес шақымдай жерде мемлекет қорғауындағы «Алтын дала» резерватының құрамына кіретін «Сарықопа» шағын қорығы бар екенін ескерсек, келешекте этнотуризм, экотуризм және тарихи туризмді біріктіре отырып үлкен бір істі қолға алса, Арқалық пен Қостанайдан тұрақты түрде автобустар қатынап, туристерді жаз айларында бұл өлкеге әкеліп тұруға болады. Бастапқыда аптасына – бір рет, кейін жиірек. Тарихи туризмнің негізін қалауға Қызбелден 130 шақырым жердегі аудан орталығы Торғайда бес бірдей тарихи музей бар: тархан Шақшақ Жәнібек бабамыздың, Ақаң мен Жақаңның, іргетасы бұдан бір жарым ғасырдан астам бұрын қаланған Ы.Алтынсарин мектебінің орнына салынған Ыбырай музейі, т.с.с. Ал тасжолдан солға бұрылсаңыз, Ақаңның туған ауылы қол бұлғайды… Туристердің қалауы бойынша бір күндік, екі немесе үш күндік турларды ойластыруға болады. Айтылған істерді жүзеге асыру барысында қосымша жұмыс орындары ашылып, елді тұрақтандырудың оңтайлы бір әдісіне айналар еді.
Қызбел жері – малға барынша қолайлы алқап. Кеңес дәуірі кезінде мұнда төлімен қоса есептегенде бір жылда 17 мыңға жуық қара мал болған (Қазақ­станда мүйізді іріқараның саны бойынша – екінші орын). Демек, келешекте бұл жерде мал өнімін (ет, сүт, қымыз, сүт тағамдары, сүйек, тері, қойдың жүні, т.с.с) өңдейтін шағын цехтар ашуға да мүмкіндік бар.
Бір кез­дері жеті жүзге тарта бала оқыған ауыл мектебінде қазір бас-аяғы 140 шамасында ғана оқушы қалды. Бұл – жұмыс, жағдай болмағандықтан ауыл жастарының тұрақтамауынан туындап отырған тіршілік. Егер жоғарыдағы істер жүзеге асса, тұрғылықты халық санын көбейтуге, ауылды өркениет­ті орталыққа айналдыруға болар еді.
Жоғарыда облыс әкімдігі тарапынан жасалатын ізгі істерге тоқталып кет­тік. Бірақ бәрін үкімет­тен күтіп қарап отырмай, өзіміз болып тіршілік қылуымызды жалғастыра беру керек. Ел ішіндегі, елден жырақ кеткен осы жердің тумалары, жалпы Қызбел азамат­тары жоғарыдағы айтылған істерге бастама көтеріп, мұрындық болып, үлкенді-кішілі жобаларын даярлап, маркетинг зерт­теулеріне сүйеніп іске кіріссе, туған ауылдың тіршілігін түзеу, бүгінгі егемен елдігіміз үшін жанын пида еткен Алаш арыстарының, оның ішінде Міржақып атамыздың аруағы алдындағы ұрпақтық борышымызды өтеуге деген бастама болары еді. Мұндай ізгі істерді тындыру – өсіп келе жатқан бүгінгі бүлдіршіндер, жасөспірімдер мен жастар үшін елін-жерін, ұлтын сүйе білудің керемет үлгісі болары анық.

Әбутәліп ӘМІР,
Қазақ­стан Жазушылары
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір