КӨШБАСШЫ
Өз заманындағы кейбір тарихи-әлеуметтік құбылыстар мен қарсылықтарға Әлихан қосқан үннің жай-жапсарына үңілуден бұрын жалаң деректерді тізбелей жөнелетін бір мінезіміз байқалады. «Ұлтын қандай жағдайда да аман алып қалудың қамын ойлаған Қыр баласының түпкі мақсаты не еді?» деген сауалды қаламгер Болат МҮРСӘЛІМГЕ қойған едік…
– Болшевиктердің ықпалды күшке айналарын Әлихан түсінді. Алайда, олардың ешкімді аямайтынын болжай алмаған сияқты. Мемлекет үшін күресін шетелдерде жалғастырудан Әлихан саналы түрде бас тартты ма?
– Кеңес өкіметінің тоталитарлық жүйе болып орнайтынын, оның бірте-бірте ешкімді аямайтынын Әлихан әу бастан сезді. Ол студент кезінен патшалы ресейлік ортада үлкен сәнге айналған, елдің бәрі жаппай оқи бастаған Марксті оқып, марксист те болған. Маркстің бүкіл теорияларын оқығаннан кейін Әлихан одан бас тартқан. Себебі, бұл идеяның түптің-түбінде қайда апарып соғатынын сезген еді. 1905 жылы, революциядан он екі жыл уақыт бұрын Әлиханның Омбыда жүріп жазған «Диктатура туралы» деген мақаласы бар. Сол мақалада большевиктер партиясының диктаторлық ұстанымда болатынын, адамның құқын таптайтынын кез келген әрекетке мәжбүрлейтінін, адамды өз мақсатын орындау жолында құрбан етіп жіберетінін айтқан еді. Ленин келген бетте Әлихан: «Ульянов-Ленин, Халық Комиссарлары Төрағасы Николай патша сияқты жеке-дара билеуге көшті…
…Шаруалар, жұмысшылар мен солдаттар, есте сақтаңдар, большевиктің бетінен революционердің қызыл маскасы сыпырылып түсіп, оның қара жүзді табиғаты ашылды», – деп үндеу таратқан болатын. Ол үндеу сол кездегі Ресейдің бірнеше басылымында жарияланған. Яғни Әлихан большевиктер партиясының ешкімді аямайтынын, тоталитарлық режим адам қанын суша төгетін машина екенін білмей қалды деуге келмейді. Екіншіден, 1937 жылдары Әлекең жетпіс жастан асып кеткен кезі. Оның үстіне 1922 жылдан Мәскеуде үйқамақта отырып, 1927 жылдан Мәскеуден мүлдем шығуға, тіптен Қазақстанға келуге тыйым салынған. Әлихан неге шетелге кетпеді дегенде осындай қосымша факторларды ескеру керек.
Рас, сол уақытта ақ эмиграцияға кету үлкен тенденцияға айналды, алайда, ол саяси күрестің биік белесі емес, бір тәсілі ғана. Мысалы, Әлихан 1917 жылға дейін патшалық өкіметті құлату күресіне белсене араласты. Патша тақтан құлады. Әлихан кеңестік билік жағдайында да, астыртын болса да күресті сол жерде отырып жүргізу қажет деп санады. Оның бірден-бір дәлелі – «Алқа» ұйымы. Бұл ұйым, негізінен халықтың санасын ояту арқылы, ішкі астыртын күрес арқылы билікті құлатамыз деп есептеді. Ақ эмиграцияның мақсаты – сыртта жүріп, саяси күресті жалғастыру еді. Сол уақытта бүкіл орыс эмиграциясының өзі саяси тұрғыдан белгілі нәтижеге жете алған жоқ. Сондықтан Әлиханның эмиграцияға кетпей қалуын кемшілік деп есептемейміз.
– «Тұтқын анкетасында» мамандығы деген тұсқа Әлихан өзін саясаткер деп емес, журналист, аудармашы деп көрсетеді. Мұның себебі не?
– Әлихан «Тұтқын анкетасында» мамандығын дұрыс көрсеткен. Шындығында, 1937 жылы ол саясаткер емес еді, журналистикамен және аудармамен айналысып жүрген. Мәскеуде «Шығыс баспасы» деген баспа болған, өмірінің соңғы жылдарында Әлихан сол жерде ғылыми, шығармашылық жұмыспен, аудармамен айналысқан. Сондықтан ол өз мамандығын кейінгі қызметіне байланысты көрсеткен ғой. 1922 жылы ол өзінің саясаттан кететінін де мәлімдеген болатын.
Алайда, ары қарайғы жауабында Алашордаға байланысты бүкіл жауапкершілікті Әлихан өз мойнына алған. Алашорданы құрған мен, бүкіл қазақ халқын Кеңес билігіне қарсы көтердім, мені буржуазиялық қазақ интеллигенциясы ұлт көсемі деп таныды деп, саясаткер ретінде жасаған күллі қызметін ашық айтқан.
– 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске деген Әлиханның көзқарасы қандай болды?
– Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Әлихан ұлтының бір күндігін емес, болашағын да көре алатын азамат ретінде өзін танытты. Ол ресейлік билікті сыртынан ғана емес, ішінен де білетін саясаткер ретінде атқа мініп, шоқпар ұстап, қайқы қылышпен патшаның мұздай қаруланған жазалаушы отрядына қарсыласуды дұрыс көрмеді. Қан төгілетінін және сұраусыз, жазықсыз қанның судай ағатынын алдын ала білді. Екінші, Әлихан әу бастан қазақ әскерге алынса екен деген мақсатты алға қойған азаматтың бірі. Бірінші дүниежүзілік соғыс болып жатқан кезде қазақтан әскер алса, қазақ әскер өнеріне үйренсе (ол кезде қазақ «сыбаға тиіп» деп сөйлейтін), ұлтқа да бір сыбаға тисе, әскеріміз бар біз ұлттық мүддемізді іске асыра аламыз деп есептеді. Алайда, Сібір, Орта Азия халықтарын патшалы Ресей бұратана деп есептеп, оларды тек қара жұмысқа алған. Әлихан мұны әскер болудың алғашқы сатысы деп түсінді.
Шынында да Әлихан болжағанындай көтеріліске қайқы қылышпен шыққан халықтың көтерілісшісі де, көтеріліске қатысы жоғы да баудай қырылды. Десе де, халықтың ішкі сезімдерін қате болды деп айтуға біздің хақымыз жоқ. Сол кездегі халықтың таңдауы, шешімі – көтеріліс болды. Халық Ұлт-азаттық көтерілісті бастауға бір ауыздан келісті. Бұл көтеріліс стиқиалы түрде жүрді, бірте-бірте патшалы Ресей билігіне қарсы ұранды ту етті. Сол себептен біз оны Ұлт-азаттық көтеріліс деп есептейміз. Көтерілісшілердің түпкі мақсаты маусым жарлығына ғана қарсылық емес, сол кездегі патша билігіне деген қазақ халқының ішкі қарсылығы еді.
Әлихан бұл қантөгісті бейбіт түрде, саяси тәсілдермен, тактикамен шешу үшін барын салды. Маусымда жарлық шықты, «біз дайын емеспіз, дайындалып алайық, күз келсін» деген сияқты белгілі тактикалық әдістерді қолданғысы келді. Сол кездегі ұйымдастыру жұмыстары бар, жер арасының шалғайлығы бар – соларды екшей келгенде көп нәрсеге қол жеткізіп үлгермеді. Ол тылдағы қазақ жастарының жағдайын, жатын орнын, тамағын, киімін, т.б. мәселелерді шешу үшін Бұратана бөлімін ашқан.
Сөйте жүріп, саясаткер достарына, Думаның депутаттарына қазақ жерінде, Түркістан өлкесінде қырылып қалған халықтың жағдайын айтып, патшалық биліктің жергілікті жерде халықты басып-жаншып жатқанын тілге тиек етіп, түрлі министрліктерге хат жазып, мәселе көтеріп, жан-жаққа жеделхаттар жолдап, халықты қырғыннан сақтап қалу үшін жанталасты.
– Біз кейде Әлиханды әбден танитын сияқтымыз да, кейде ол туралы ештеңе білмейтіндейміз. Біз Әлиханның қай қырына көбірек көңіл бөліп, қай қырын ұмытып кеттік?
– Бізде әлихантанушылардың өзі аз ғой. Өзіміз де Қыр баласының бүкіл өмір жолын толық зерттеп, жазған дүниелерін толық оқып шыққан жоқпыз. Толық оқып шығу бар да, түсініп оқу – бөлек. Мысалы, абайтануға жүз жылдан асып кетті. Әлихантану ары кеткенде соңғы жиырма бес жылдың ішінде ғана қолға алынды. Осының өзі әлихантанудың әлі кенжелеп тұрғанын білдіреді. Бізде Әлиханның биохроникасы жоқ.
Рас, Әлихан аудармамен, мақала жазумен айналысты, Думада депутат болды, түрлі экспедицияларға қатысты, экономист-ғалым болды, Банкте бағалаушы болып жұмыс істеді.
Оның негізгі қызметі – саясаткер ретінде қазақтың тәуелсіздікке жеткізу жолындағы көшбасшылық еді ғой.
Мұстафа Шоқай: «Бізде сенім дефициті болды», – дейді. «Тәуелсіздік аламыз деген сенім аз болды, екіншіден тәуелсіздік алады деген сенім болып, сол сенім жолында күрессек те, Ресейдің бізге дербестік бере қоюы да неғайбыл еді», – дейді. Осы екі оттың ортасында жүріп бұл тұлғалар қазақ тәуелсіздігі жолындағы ұстанымынан еш айнымады.
Сондықтан да Әлиханның саясаткерлік тұлғасын тереңірек тануға ұмтылуымыз керек. Өйткені, аударманы Әлиханнан да асырып жасаған азаматтар бар. Оның жазғандарын да зерделеу керек.
Әлихан сияқты саясаткер ілуде бір, ғасырда бір туады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қ.Серікқызы.