БӨРІСЫРҒАҚ
БӨРІСЫРҒАҚ
ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Әуелі осы бөрімізді анықтап алайық. Әрине, ол – қасқыр. Әрине, ол – қасқырдың арланы. Әрине, ол – арлан болғанда жалы. Әрине, ол – жал болғанда бөрісі. «Жал» деп қасқырдың арланын айтамыз. Қаншығы – шулан.
Қасқырдың үйірін «әуек» дейміз. Осы әуекте шамамен жиырма-отыз қасқыр болады. Орманды һәм қасқырлы орыс жұрты әуекті «стая» дейді. Әуекті бастаушыны «вожак» дейді. Қалай екенін қайдам, біз осы «вожак» сөзінің калькасын жасап «көсем», «көшбасшы» деп жүрміз. Кешегі үлкендер оны «әуекбасы» деуші еді. Сондықтан алдағы уақытта осы сөзге назар аударсақ деймін. Осы жерде көзіқарақты оқырманның: «Сонда абаданымыз не?» – деуі әбден мүмкін. Абадан дегеніміз де – «әуекбасы» деген сөз. Алайда…
Аңға қасқырлар әуек болып шықпайды. Олардың да қартайғаны, түрлі жарақаттан мүгедек болып қалғандары, аң қағуға жарамайтын көксеректері болады. Сондықтан күш кемістігі білінгенде олар бірігеді. Әуектер күш біріктіреді. Бірнеше әуек топтасып, үлкен бір әуекті құрайды. Соны басқаратын әуекбасыны «абадан» дейді.
Көкейімізге келіп тірелген сауал «әуек қайтіп көбейеді» деген сауал болса керек. Шынымен, қайтіп? Жұптасып, әрине. Жұптасып деп текке айтып отырғанымыз жоқ. Қасқырлар бір-ақ рет жұп құрады және әуекте бір-ақ жұп болады! Міне, мәселе қайда? Жұпқа түсетін қасқырдың арланын «бөрі» дейді. Арланның «жал» екенін білеміз, қарап отырсақ, жалдың барлығы бірдей бөрі бола алмайды екен. Әуектегі қасқырлардың тұқым шашатыны біреу болады, сол біреуді «бөрі» дейді.
Тілімізде жиілігі жоғары «бөрікөз», «бөрімінез», басқа да бөрі сөзімен қатысты сөз тіркестері жеткілікті. Осы тіркестерден-ақ бөріде сакральдық қасиеттердің барлығы білінеді. Ол не қылған қасиеттер? Ол – ең алдымен әуектің иесі. Бүгін де! Ертең де! Ол әуекті құрайтын қасқырлардың аналығын таңдай білуі керек. Ол қаритын қаншығын жазбай тануы керек. Таңдау жеткілікті.Мың емес, жүз емес, алайда жеткілікті.
Таңдау жасалғанда оны «бөрте» дейді. Осы жерде естеріңізге ештеңе түспей ме? Бөрте деген түп апамыз бар емес пе еді? Ол апамыз жаһанды тітіреткен Темужиннің таңдауы емес пе еді? Кешегі – Абылай, кешегі Кенесарының мамасы емес пе еді? «Мама» сөзіне де шекеден қарап жүрген жайымыз бар.
Қазақ баласы әжеден кейінгі әжемізді «мама» деген. Салыстырыңыз, «мамабие», «мамақаз», «мамақазық». Үйші қауымдар жалпы ағаштың ұрғашысын «мама» деген. Содан барып ағаштың барша ұрғашысын «мамаағаш» дейді.
Бөрінің бөртені таңдауы өте маңызды. Өйткені әуектің одан әрмен өсіп-өнуі осы бөртеге байланысты. Әуектің ертеңін осы бөрте шешеді.
Қандай жағдайда болсын бөрте «қысыр» қалмайды. Бір жағдайда – тоғыз, енді бір жағдайда жалқы табуы мүмкін. Неге? Қасқырлар қоғамдасып өмір сүретін мақұлықат. Қоғам болған соң-ақ онда да кемістіктер болады. Кемел қоғам ешқашан да болған емес, болмайды да. Соның жарқын көрінісін осы әуектің мысалынан көруге болады.
Аңға топтасып шығады, түсірген олжаларын өзара бөліседі. Ол олжадан ешкім де сырт қалмайды. Әлі аңға жарамайтын қарақұлақтарын еш уақытта аш қалдырмайды. Әуек, ең алдымен, соларды қоректендіреді. Содан кейін аңға шығуға жарамайтындарды… Сол «аңға шығамын» деп жарақат алып, мүгедек болып қалғандардың кезегі қарақұлақтардан кейін тұрады. Осыдан кейін қасқырларды текті демей көріңіз!
Уау, сонда аңшылардың өздері қайда қалады? Олар өздерін де ұмытпайды. Соны бөрте шешеді. Айналадағы қорек жеткілікті болғанда тоғыз табады!
Қорек мардымсыз болғанда жалқы табады! Бірақ ешқашан да, жоғарыда айтқанымыздай, қысыр қалмайды! Қасқыр еш уақытта құтын босқа шашпайды! Сондықтан да бабаларымыз оны «тәңірқұт» деген. Әңгімемізге қайтып оралайық. Қасқырдың тектілігіне көзіңіз енді жетеді!
Бөрі мен бөрте мойнына алған шаруаларын басқа мақұлықаттар сынды ашық, кез келген жерде жасамайды. Олар бұл жауапкершіліктерін жасырын өткереді! Әуектен бөлініп, көзден таса жерде. Бір жаратушы ақпанның ақырған боранын осы бөрі мен бөрте үшін әдейі жіберген сынды көрінеді. Әуектің қалған көзінен жасырынуы үшін… Осы амалды бабаларымыз «бөрісырғақ» деген. Бұл амал ақпан айының 17-25 аралығында өтеді.
Қасқыр баласын 63 күн көтереді. Содан барып қарақұлақтарын сәуір айының аяғында әкеледі. «Қыс ішінде қасқыр (бөрте) күшіктеді» деген әңгімені естімедік.
БӨРІТОН
Тілімізде «бөрітон/ды» деген сөз бар. Мәшекең Жидебай батырды суреттегенде «бөрітонды» деп жазады. Осы сөзді де алғаусыз қолданатынымыз байқалады. Оны өзіміз аңғара бермейміз. Содан да барып қасқыр ішік мағынасында түсініп, сол мағынада қолданып жүрміз.
Шын мәнінде, бөрітон да – қазақтың тонына, оның ішінде сыртаңына (сырттон) жатады. «Бөрітон» деген сөз – «бөрі киім» деген сөз. Қасқыр ішік те – қазақ баласының сыртаңы. Қасқыр ішікті екінің бірі киді десек те, бөрітон жөнінде олай деп айта алмаймыз. Бөрітонды екінің бірі кимеген. Ондай мүмкіндік бола да бермеген. Өйткені қасқырдың бәрі бөрі емес.
Бөрі дегеніміз – жұпқа түсетін қасқырдың жалы. Ал қазақ аңшылары ешқашан да бөрі соқпаған.
Сонда қазақ баласы қайтіп бөрітон киіп жүр? Бір әуекте жалы бар, шуланы бар отызға тарта қасқыр болады. Соның біреуі ғана – бөрі. Жұпқа түсетіні.
«Қасқыр ішік» деп сөйлейтін қазақ баласы «қасқыртон» деп сөйлемейді және керісінше, «бөрітон» деп сөйлейтін бабаларымыз «бөрі ішік» деп айтпаған.
Демек, бұл жерде де бір кілтипанның болғаны.
Қасқыр ішік – ең алдымен, сыртаң, сырт киім. Оны үлкен де, кіші де кие береді. Бөрітонның жөні – басқа. Оны кез келген адам кие бермейді. Қазақ бөрітонды қырыққа дейінгі ер-азаматына кигізбеген. Қандай жағдайда болсын. Себеп біреу – еркек шауқатын жасытқан…
Бөрітонды азамат серігін суыққа алдырғанда, болмаса, боранды күнде жолда қалдырғанда оған кесікті құн белгілеген. Оның айбанасына толық құн төлеген.
БҰРАЛҚЫ
Жалдың барлығы да – бөріден үміткерлер. Сол жалдарың бөрі болуы мүмкін бе? Мүмкін болса ол қалай өтеді? Бөріден үміткер жал өзінің шешесімен (бөрте), қарындасымен (шулан), не апасымен (шулан) еш уақытта жұпқа түспейді. Қасқыр баласының тектілігін осыдан-ақ аңдауға болар. Олай болса, бөріден үміткер әуектен шығуға мәжбүр болады. «Бөріден үміткер» деген сөз – «өз алдына әуек құрушы» деген сөз. Әуек құру үшін бөрте керек. Оны қайдан алады? Басқа әуектен! Жалпы, тіршілік дүниесінде нәпсісін қанағаттандыруға келгенде еркегі ұрғашысына қарағанда осал келеді. Бұл адам баласына да қатысты. Бұл қасқыр баласына да қатысты. Содан барып әуектегі жалдың барлығы бірдей болмаса да, өз алдына әуек құруға ұмтылатындар ішінара болады. Мұндай жағдайда әуектің қатал заңы бойынша ол әуектен шығып қалады.
Неге бұралқы? Әуектен шығып қалған бұралқылар да бірігеді. Бірақ бұларға әуек заңы жүрмейді. Содан барып олардың бөріге ұмтылған ғұмыры ұзаққа бара бермейді. Әуектегі жалдар ешқашан да бірін-бірі тастап кетпейді. Ал бұралқыларға бұл заң жүрмейді. Сондықтан да олар қилы жайттарға ұшырап жатады. Қорек қамымен бас қосқан бұралқылар қауіп төнгенде өз бастарын сауғалайды. Осыдан барып олардың ғұмыры қиылып жатады.
Бөрітонымыздың шикізаты, тоны – осы бұралқылар, бөрі болам деп талпынған жалдар. «Бұралқыға бар өлім бөріге жоқ» деген сөз содан қалған.
ӘУЕК ЗАҢЫ
Ақыл… Көптің ақылы… Аздың ақылы… Жалғыздың ақылы… Мына әлем құламай тұрса, ақылға сүйеніп тұр! Қасқыр – ақылды жаратылыс. Ол жалғыз жүргенінде де, көптің ішінде жүргенінде де ақылынан ажырамайды, алжаспайды. Ол не нәрсені болсын ақылмен шешеді. Олар әуекті де ақылмен құрады. Ақылмен басқарады… Әуектегі әрбір ақылды қасқырдың ұраны –«Бірі бәрі үшін!»
Әуекті құру қиындықпен өтеді. Есесіне, оның ұйымшылдығы, топшылдығы кемел болады. Олар селбесіп өмір сүруді игереді. Оның ең бастысы – ауызбіршілігі. Әуектің өміршеңдігін жалғыздың да ақылы, көптің де ақылы шешеді. Олардың ұстанымы жаға ұстатады. Бәрі бірі үшін!
Бізге осы ұстаным жетпей жатыр-ау…
КІМ АБАДАН БОЛА АЛАДЫ?
Осы да сөз болып па? Әрине, ең азулысы, ең күштісі, ең сіңірлісі! Солайы солай-ау, алайда табиғатқа қарасаң бұл ойыңыздан қайтар едіңіз… Табиғи сұрыптау деген бар. Әуекті жалдың ең ақылдысы, ең айлалысы басқарады. Айла дегеніміз – ақылдың туындысы.
Әуектегі отыз қасқырдың қорегін тауып беру, оларды басқа әуектерден қорғауды ұйымдастыру, жер аумағына ие болу, ең бастысы, өздерін басқа әуектерге мойындату – оңай шаруа емес. Осының бәрінен аман шығу үшін, әрине, күш емес, ақыл керек, айла керек, амал керек.
ТӘҢІРҚҰТ
Ұлы табиғаттың жаратқаннан салып қойған инстинкт (түйсік) бар. Ол қандай жағдайда болсын – көбею! Табиғатта бәрі кездеседі. Аталығы болмай-ақ көбею бар…Аналығы болмай-ақ көбею бар… Сол жаратылыстың «средний род» болуы мүмкін емес! Біздің түсінігімізде. Жоқ, болады екен! Бөрісырғақта бөрі мен бөрте ғана өз табиғатынан аумайды! Қалғаны өз табиғатынан бас тартады. Мұның бәрі – көктен! Одан кейін де аяғына жетпеуі мүмкін. Қысыр қалуы мүмкін… Алайда қасқыр емес! Жалқы да болса әкеледі. Бөрте дүниеге өзі тектесті әкеледі! Бұл – көктің таңдауы! Мұны «тәңірқұт» дейді!
БҰЛ ЖАЗБАМЫЗДЫҢ ТҰЗДЫҒЫ
Қазір қасқыр аулауға бізде тыйым салынған. Соған орай қасқырдың етіне, ішек құрылысына, өтіне, тұяғына деген сұраныс аспандап тұр. Әлемде адам саудасы жүріп жатқанда, тәйірі, бұл сауда болып па?! Дегенмен бұл да – соған бара-бар сауда. Осыдан екі жыл бұрын қасқырдың ұшасы бір мың доллар тұрды. Қазір екі мыңға жеткен болар. Өйткені… Бұл есірткі саудасымен байланысты. Есірткіге пышақ ұшы қасқыр өтін қосып жіберсеңіз, із алғыш итіңіз, иіс алғыш итіңіз оған аяқ баспайды. Айналып өтеді…
Төрехан Майбас