«ШОЛПАННЫҢ» СІҢЛІЛЕРІ
23.02.2024
1207
0

– Сіз менің бұл қадамға қалай барғанымды білмейсіз ғой, – деді дауысы құмығып. Қараңғы бөлмеде кереует үстінде жүгініп отырған келіншектің сұлбасы кішірейіп қусырыла түскендей. Қыстығып жылағаны естілді.
– «Енді не істесем екен» деп аласұрғанда тапқан айлам осы болды. Ол екеуміз ұзақ жүргеніміз жоқ. Бірақ оны мен құлай сүйдім. Мойнына асылсам, аяғым жерге тиместей тұлғалы, ұзын жігіт еді. Аппақ, кең маңдайы, қара көзі жарқырап өзгеден ерекше болып көрінетін. Онымен құрбымның туған күніне келгенде өзге қыздардың оған қызығып, менен қызғанып қарағанын көрдім. Кеудемді мақтаныш сезімі биледі. Сол түні ол үйіне шақырды.
– Үйде ешкім жоқ. Мамам қала сыртына кеткен. Бізге қона сал, жатақханаң алыс қой. Ертең сонша жерден келіп жүресің бе?! – деді. Ол шақырса, жер түбіне кетуге де даяр едім. Қонып қалдым. Сол түні ол дегеніне жет­ті. Қарсылық қылар менде дәрмен де, ынта да жоқ еді. Өмірімді одан бөліп қараған емеспін. «Біз қосыламыз» деген сенімім зор еді. Содан былай бірге болуымыз жиілей түсті. Көп ұзамай екеуміз оның шешесіне тұтылдық. Ол шешесінен қат­ты састы, не айтып, не қойғанын білмей абдырады. Ал шешесі болса: «Уходи немедленно, шалава», – деп мені қуып шықты. Маған оның қорлау сөздері қат­ты соққы болды. Өз-өзіме әрең келдім. Қайткенде бір амал қылуым керек қой. Шешесіне барып бір-бірімізді сүйетінімізді айтып, барынша жалбарындым. Еркек мінезді кесек әйел екен. Түксиіп, жүдә, түсін жылытпады. Көз жасымды да елемеді. «Нам таких непутевых не надо, уходи!» – деді. Келіншектің солқылдап жылағаны естілді. Үнсіз тыңдағаным болмаса, не айтып жұбату керегін білмедім. «Құдай-ау, мұның бәрін маған неге айтып отыр?» – деп ойладым.
Қалалық инфекция бөліміне кеше түнде түскен болатынмын. Екі кештің арасында әбігерге түсе қалдым. Перзентханадан шығып келгеніме бір ай да толмаған еді. Алакеугімде ыңырси жылаған нәрестемнің дауысынан секем алып бесіктен шешіп алғанымда, демінен ыстық ұрып тұр екен. Қызуын өлшеместен дереу телефонға жармастым.
Сөйтіп, бірінші қабат­тағы балалар бөлімінің уақытша «тұрғыны» болып шыға келдік. Бөлме іші қараңғы. Тек дәлізден түскен жарықпен ғана бөлме ішін байқастадым. Есіктің оң жағындағы төсекке жайғастық. Бір жастықтың көлеміндей ғана темірден құрсап жасалған бала төсегі де кереует­тің жанына қойылыпты. Бір палатада төрт-бес бала жатқан сияқты. Сол жақ терезенің алдында мен сияқты баласымен жатқан әйелді байқадым. Содан ем-шара бөлмесіне біраз сабылып, екпе салып келіп тыныштанғандай болдық.
Санитардың палата ішіндегі тықырынан ояндым. Таң да атып қалыпты. Бөлме іші айқындала бастады. Дәрі-дәрмек салынған арбасын сүйреп медбике де жет­ті. Балама түнде салынған дәрі әсер ет­ті ме, тыншып ұйықтап қалыпты. Енді аңғардым, бөлмедегі кішкентай бала саны – үшеу. Үшінші кереует­те жатқан сәбидің біз сияқты қосшысы жоқ. Оянған күйі өзімен-өзі уілдеп кереует басындағы темірмен ойнап жатыр. Сәбидің ересек жандай байсалды қалпына таңырқап жанына жақындадым. Маған көз тоқтата қарап, езу тарт­ты. Қандай сүйкімді?! Көзі қап-қара, мойылдай, өңі аппақ, монтаны кейпі адамды еріксіз баурайды. Қол-аяғы ғана тым әлсіз көрінді.
– Тастанды балалардың жаны сірі. Көрдіңіз бе, жыламайды да.
Палаталас келіншектің жаныма келгенін аңғармаппын. Ортадан кіші, бәкене бо­йлы, талдырмаш келген ақсары келіншек екен. Дөңгелек жүзі, қазақ қыздарына тән дөңгелей біткен кішкентай мұрны, қой көзі жұмсақ қарасты, жылы көрінді.
– Кеше қат­ты қызумен түскен. Балалар үйінде бұларға кім қарайды дейсіз?! Бұнда да жылап жат­ты. Кешеден бері көтерген адам болмады. Санитарлар тамақ беріп жүрген. Мен де баламмен әуре болып отырып жанына келмеппін, енді көріп тұрмын, – деді.
Бір бөлмеде ересек екеуміз болғаннан ба, келіншекпен тез тіл табысып кет­тік. Өзі сөзуар екен. Сөйлегенде кішкене мұрны пүштиіп, ішкі сезім-күйі бет құбылысына шығады да, тыңдаушысын әңгімесімен еліте түсетіндей. Сөзді де шапшаңдау айтып, соңын созыңқырай түседі. Балзия есімді бұл келіншектің Балқия есімді егіз сыңары бар көрінеді. Бөлмеде бір өзі болған соң іші пысып қалған болуы керек, ана-мынаны айтып, кешке дейін талай әңгіменің басын қайыр­ды. Баламның сырқатының беті қайтып көңілім жайланған соң әңгімеге мен де кетәрі емес едім. Енді, міне, әңгіменің жеткізген жері. Түн жарымында қараңғы бөлмеде екеуміз де төсектерімізде суырлар сияқты шоқиып отырмыз. Ол әңгімесін жалғады.
– Жігітім шешесінен аса алмайды екен. Содан қайтып ол маған төбесін көрсетпеді. Ең сорақысы – одан құрсақ көтергенім. Бір айға толмаса да әйел адам сезеді ғой. Сол күндері қалай жүріп-тұрғаным есімде жоқ. Көшені кезіп, сенделіп бөлмеге келсем, құрбым отыр. Әбден жайғасып алған, менің опа-далабым мен духиымды жаққан. Иісі мүңкіп тұр. Біреудің өз затыма тиіскенін жеккөремін. Ұнатпадым, бірақ сыр бермей, шай қойдым. Мені қыдыруға шақыра келіпті. Құрбымның әлдебір кластасы бар болатын. Алдында бір таныстырғанда оған аса ыңғай бермегенмін. Содан мен жоқта бір рет келіп кеткенін естідім. Құрбыма шай беріп отырып әңгіме ауанында оны ауызға алдым. Аты Айдын болатын.
– Ой, Балзия, айтпақшы, білесің бе? Бүгін Қанат­тармен бірге Айдын да алаңға келеді ғой, – деді.
Олармен алаң ортасында жолықтық. Дәл осы кез­десуді ұзақ күткендей менімен сонша ықыластана амандасты.
– Қалыңыз қалай? Содан бері мені бір іздемедіңіз ғой, – дедім өкпелеген сыңаймен. Не дерін білмей тосылып қалды. Алаңға қыдыруға бет алғанда да өзгелерден озып алдыңғы жаққа кетіп қалдым. Құрбым қатарласып келіп:
– Айдынды қинай бермесеңші. Қипақтап, саған қалай жақындарын білмей жүр, – деді.
– Қинала түссін, жүдә, жаны шықпайды, – деп күлдім.
Келесі күні Айдын мені киноға шақырды. Кино басталғанда маған оның көз алмай қарап отырғанын сездім. Шынтақ қойғышқа сүйенген болып оған қарай бейімделіп отырдым. Осыны жақсылыққа жорыды ма, ол еңкейіп сүймек болды. Бірден бетімді бұрып әкет­тім. Кинодан шыққан соң ол өз қылығы үшін кешірім сұрады. «Айдын, сен мені түсін, мен бұндайға аса жауапты қараймын. Рас, бүгін танысып отырғанымыз жоқ. Бір-бірімізді біраздан білеміз. Күн өткізбекке бекер салпылдап жүретін қыздардың да қатарынан емеспін. Тек барлығы босаға ат­таған соң болғанын қалаймын», – дедім. Содан көп ұзамай, «отбасын құрайық» дегенді айт­ты-ау! Біздің жақтың жігіті еді. Үйіне келін қылып түсіретін болды. Сөйтіп, апалаң-топалаңмен күйеуге тиетін болдым.
Сол күні шарқ ұрып дәрігер іздедім. Бұл сырымды ешкім білмейтін. Құрбым да бейхабар болатын. Сіңліме айтуға тура келді. Ол ауруханада медбике еді. Қаладағы дәрігерлердің көбін таниды. Сіңліммен ақылдасып, дәрігерге бардым. Оның да белгілі бір уақыты болады екен. Егер сол күні онымен бірге болмасам, тіктірген перденің де еш пайдасы болмағаны.
Қуғыншылармен сіңлім де келді артымнан. Келгеннен екі көзі менде. Екеуміз көпшіліктен сытылып әрең дегенде оңашаландық.
– Қалай болды?
– Ух, аман өт­тім, – деп жылап жібердім. Сіңлім де естігелі жанын шүберекке түйіп жүр екен. Екеуміз ағыл-тегіл болдық. Иә, апай, менің басымнан осындай күй өт­ті ғой. Қазір ойлап қарасам, менің емес, әлдекімнің басынан өткендей. Біздің жақта мұндайға қат­ты қарайды. Әке-шешем менен безіп кетер еді, жүдә. Солай зар жылап қалар едім. Мен неге жылап өмір сүруім керек? Менің де бақыт­ты болуға қақым бар…
Мұқағали бір өлеңінде:
«Адамға ең оңайы – ойнап-күлу,
Ең қиыны – адамның сырын білу», – деген екен. Міне, алдымда бар сырын ақтара салған жас келіншекке не айтарымды білмей үнсіз қалдым.
Біздің палатамыз бірінші қабат­та еді. Терезесі шағын паркке қараған. Үйден келгендер терезеден әкелгендерін беріп, сөйлесіп қайтатын. Келесі күні Балзияның күйеуі келді. Орта бо­йлы, дөңгелек жүзді, сары жігіт көрінеді. Балажан екен. Әкелген ойыншықтарын терезеден беріп, балаға емініп біраз айналды. Балзия баласына:
– Әне, папаң сені сағынып қалыпты, – деп жадырай түсті. Күйеуіне еркіндігі көрініп тұр. Ана-мынаны айтып, тапсырма беріп жатыр.
Кешкі шайда Балзия түндегі әңгімеге қайта оралды.
– «Бұл неге барлық сырын ақтарды» деп отырған шығарсыз.
– Түсінемін. Мен – бейтарап адаммын. Енді мені қайтып көрмеуің де мүмкін. Сосын айт­тың ғой, иә?!
– Шынымды айтсам, ішіме сыймай кет­ті, – деді.
– Баяғыда өзіңдей бір әйел сырын айтар жан таппай ауыл сыртындағы құдыққа барып айғайлап әңгімесін айтады екен. Содан құдық желмен жаңғырығып шөпке жеткізеді, шөп малға жеткізеді, мал адамға жеткізеді екен дейтін тәмсіл бар.
– Қалай түсінсем болады? Сырыңды жаямын дегеніңіз бе?
– Жоқ, оған алаң болма.
– Негізі өзің нағыз Шолпанның сіңлісі екенсің, – дедім.
– Ол кім?
– Мағжан ақынның Шолпан деген кейіпкері болған. Шолпан жұлдызындай суық. Атын да әдейі солай қойған ғой. Ол да сендей бақыт іздеген. Өзі ғана бақыт­ты болуды көксеп, бар әрекет­ті аянбай жасаған.
– Әрине, кім де болса бақыт­ты болғысы келеді ғой.
– Иә, барлығымыз – адамбыз, пендеміз. Қателесетін кез­деріміз де болады. Әркім әр жолды таңдайды, түрлі әрекетке барады. Тек сол әрекет­теріміз өзгенің тағдырын тарамыстай тартып, қусырып жататынын ойлай бермейміз ғой.
– Мүмкін! Сонымен, әйел бақыт­ты болып па?
– Жоқ. Соның қисыны келмепті.
– Неге?
Ең негізгі дүниені жоғалтып алыпты. Қазақ әйеліне тән болмыстан ада өзгеше мінез танытыпты. Ата-ана, кейуаналардан қалған сара жол, алтын өзек болған. Қазақ әйелі өз бақытын ғана көксемеген ғой.
– Ой, апай, ол – жай сөз ғой, жүдә. Ұзатылған қыздарға «Жаңа жұртыңа бақыт­ты боламын деп барма, бақыт­ты қыламын деп бар», – деп жатады. Осы сөзден құсқым келеді. Нағыз өтірік қой.
– Мүмкін, оның рас та шығар. Қазір айта-айта талай сөзді жауыр қылғанбыз. Дегенмен бақыт дегенді қате түсініп жүрміз-ау осы. Менің енемнің айтатын бір сөзі бар: «Ит екеш ит­тің де көлеңкесі болады. Біреуге пайдасын тигізеді. Ит құрлы жоқ па екен?!» – дейтін. Бәрі де өзімшілдіктен туындап жатады ғой.
Балзия үнсіз қалды.
– Ата-енең бар ма? – деп сұрадым.
– Иә, бар.
– Қиын екен.
– Нені айтасыз?
Олар балаңды «өз тұқымымыз», ал күйеуің «өз балам» деп жүр ғой.
Енді осымен қарап қалмаспыз. Алла қаласа, тағы да бала болады ғой.
– Иә, Тәңір бергенінен жаңылмасын!
– Апай, мені бір безбүйрек деп ойлайтын шығарсыз, жүдә. Бірақ қараңызшы, мендей қыздар аз ба?! Әне, бір дәлелі… Көз алдыңызда жатыр ғой тастанды бала. Оның шешесінен менің айлам асқан шығар. Осы күні талай қыз жүр орамалға оранып. Түнімен «тик-тоқта« аузына келгенін құсып отырғандар да бар. Желіде сәт­ті некеге тұрғысы келетін «иманды» қыздардың жарнамасы толып жүр. Оларда қайдағы иман?! Бар мақсаты – ақ-адал болып көрініп күйеу­ге тию. Біздің ауылда бір қыз болатын. Әбден бұзылғанын бәрі білетін. Сол қалаға келгеннен хиджап киіп, бір діндарға күйеуге тиіп алыпты деп естідім.
– Орамал салғанның бәріне күйе жағуға болмас, шын иман келтірген адал жандар да бар ғой.
– Иә, апай, мүмкін ниеті дұрыстары да бар шығар. Бірақ қараңызшы, қазір кім көп?! Хиджаб киетіндер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келеді. Тіпті кейбірі қара жамылып алады. Біздің бір құрбымыз: «Маған қара жарасады. Қара кисем, бетім аппақ, өзім арық көрінемін», – дейтін. Сол сияқты онысын сән көріп жүретіндер де бар. Так что, апай, өз бақытым үшін істеген ісімді қате демеймін, – деді.
Тағы да үнсіз қалдым. Айтарым жоқтығынан емес, айт­қаныммен пайдасы жоғын білдім. Иә, қазақ әйелін бақыт­ты қыламыз деген ұранмен келіп, ұлт­тық болмысымызды өзгерткен, ал бүгінде: «Өзіңді ойла! Өзің үшін өмір сүр», – дейтін насихат қан-ділімізге әбден сіңіп кеткен соң, бірдеңе деу қиын.
Палата бұрышындағы сәби кереуетіне жақындап, тастанды баланың бетіне үңілдім. Жата-жата басы да жалпая түскендей. Маған қарап күліп қояды тағы. Қандай сүйкімді бала! Қара көзі, момақан жүзі жүректі елжіретеді. «Ендігі тағдырың не болар?! Байғұс-ай, сенің шешең неден жазып, неден жаңылды екен?! Қазіргі күні қандай екен?! Бірақ сенің анаң әлдеқайда адал болар, аярлыққа жетпеген шығар» деген ой келді.

 

Береке ЖҰМАҚАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір