НЕМКЕТТІЛІК
20.02.2024
134
0

Мектеп шәкірті шағымызда, жаздыкүні, ауыл ортасының о тұсы мен бұ тұсындағы көгалда 3-4-тен мәжіліс құрып отырған ақсақалды жағалап, әңгімелерін тыңдайтынбыз. Батырлар, хандар, билер, Қожанасыр, Алдаркөсе туралы.

Сондайда бір күні Дәулетбек қарт:
– Оның бәрі жөн ғой, ал осы біздің қаратаяқтар кеше малымызды қырған Кәлөшөкін (Голощекин) «халық жауы» деген жаламен азаматтарымызды қырған Мырзаян (Мирзоян) деген сұрқиялар туралы шындықты неге айтпайды, неге жазбайды? Азаматтарымыздың құнын төлеттіру керек қой Мырзаянға! Ол қанқұмар қазір қайда екен?! – деді.
Мектепті тәмамдап, облыстық «Коммунизім туы» газетінің редакциясына (Шығыс Қазақстан) жұмысқа орналасқанда әкем: «Балам, қалам қызметіңді бастадың. Батыл бол, әділ бол. Құрманбай атаңнан бастап, осындағы қайран қазақтарды қаматып, аттырып есалаңдаған Мырзаян деген бірінші басшы болған. Оның бүкіл Қазақстанды қанға бояғанын естіп жүрміз. Егер дәтің болса, сол зәлім туралы жазатын бол. Заман түзеліп, ондайларды әшкерелеу басталды ғой», – деді.
1964 жылы Алтайдан қоныс аударып, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына жұмысқа алынып, әңгімеміз жарасқан жазушы ағаларымыздың үшеуімен тіл табыстым. Олар: «Ең дұрысы – Одақтық, республикалық партархиивтерге ресми хат жазып, Мирзоян туралы құжаттардан көшірме сұра», – десті. Солай істедім.
Бір күні «Егемен Қазақстан» газетінде Назарбаевтың Левон Мирзоянның ұлын қабылдағаны, Қазақстанды «өркендеткен» марқұм әкесіне бүкіл халқымыз риза екені, көшелерге аты берілгені, енді Астанада ескерткіш орнататындары туралы айтқаны хабарланды. Өйдә-ә-ә!..
Президент Н.Назарбаевқа, Астананың сол кездегі әкімі И.Тасмағамбетовке әлгі масқаралыққа қарсылық хат жазып, қолымдағы ресми құжаттардан көшірмелерді қоса жібердім. Апта өте бере қандықолдың Астанадағы көшесі – академик Қаныш Сәтбаев көшесі, Алматыдағысы академик Шафих Шөкин көшесі болып түзетілді. Бірақ немкеттілік жайлай бастаған қоғамымыздан: «Мирзоян қазақты қашан, қалай жарылқап еді?!» – деген дауыс естілмеді.
Немкеттілік…
Енді сөзім «Қазақ әдебиеті» газетінде 1994 жылы шыққан «Бір «қызық» деген мақалама қатысты. Ол «Жазушы» баспасынан 1993 жылы шыққан «Абылай хан» атты жинақты оқығында «алған әсерім» туралы. Жинақтағы мақалалардың «деректерін» қысқа қайырайын:
«Абылай атанғанға дейінгі Сабалақ Тәшкеннің бір шайханасында су тасып, отын жарып жүрген; Әбілмәмбет төренің түйесін баққан; Төле бидің түйешісі болған; Жасы жігіттікке жете бере басқыншы қалмақтарға қарсы жорыққа қатысып, ғажап ерлік жасаған; Үш жүзге белгілі батыр Олжабай Абылайдың ең сенімді серігі болып, ала туын ұстап жүрген; Үш жүздің бас биі Төле бидің айтуымен, Қазыбек би мен Әйтеке бидің қостаумен Абылай ақ киізе отырғызылып, қазақтың ханы болып сайланған».
Жә делік, Абылайдың туы ақ болған, Олжабай Абылайдың «ең сенімді серігі, ту ұстаушысы» делінбеген. Ал Абылайдың хан сайлануы жөнінде Сүйінбай да, Шәді төре де жалғандыққа ұрынған.
Сүйінбай Аронұлының «Үш жүзге би Төле еді» деп аталған қысқа толғауында:
Үш жүзге би Төле еді,
Заманында сол Төле
Тәшкенге бір күн келеді.
Сенің атаң Абылайды,
Әбілмәнсұр атанып,
От жағып жүрген жерінде
Шайханадан көреді.
Сол құлдықтан құтқарып,
«Сабалақ» деген ат қойып,
Төле би алып кеп еді.
Ел түйесін бақтырып,
Қызметін көпке жақтырып,
Кірме екенін айтқызбай,
Хан қойған бабам сол еді.
«Хан қойған» мен «қойдырысқандар» туралы ресми дерек:
Төле би Әлібекұлы – 1663-1756 жылдары;
Қазыбек би Келдібекұлы – 1667-1764 жылдары;
Әйтеке би Байбекұлы 1644-1700 жылдары өмір сүрген, яғни Абылайдың 1771 жылы күзде хан сайлануынан:
Төле би – 15 жыл бұрын;
Қазыбек би – 7 жыл бұрын;
Әйтеке би 71 жыл бұрын бақилық болыпты!
Сонда Абылайды ақ киізге отыр­ғызған жұртшылық арасында үш биіміздің үшеуі де болмаса, Шәді төре мен Сүйінбай ақын нені, кімді жырлады?
Абылайды сайлауды көкшетаулық Қанай би ұйымдастырыпты. Ол Абылайдың Бас биі екен. Парасатымен абыройлы Қанай би – ақын Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанындағы бір кейіпкер.
Жоғарыда аталған мақалама: «Таришыларымызға құлаққағыс», – деп қосымша тақырып қойғанмын, бірақ бір «құлақ» көрінбеді.
Жинақты құрастырғандар да, кітап етіп шығарғандар да көпе-көрінеу кереғарлықтарға, жалғандықтарға көңіл бөлмеген. «Е, ештеңке етпес…». Баяғы қазақы «азбас, тозбас» НЕМКЕТТІЛІК. Соның салдарынан тарихымыздың қай саласында да нақты ақиқат түйін жасалмаған мәселе әлі де баршылық.
Мен атаған оқиға-жайттардың бәрі ортақ мүдде үшін кезінде газет-журналдарымызда жарияланды, алайда зиялы қауымдағы дос-жолдастарымның, құрдас-інілерімнің ешқайсысы не «дұрыс екен», не «бұрыс екен» деген жоқ. Немкеттілігіміздің ең бір «ғажабы» бұдан 5-6 жыл бұрын 70-ке жуық кісіге «академик» атағын бірден берілгені болды ғой Ол не? Ол – ғылымды «майлық-сулыққа» айналдырғандық! Ол жолы да: «Бұлары несі?» – деген сұрақ естілмеді.
Жазушы Әнуар Әлімжанов айтқандай, бабамыз әл-Фарабиден ұрпақтарына мына бір сөз де қалыпты: «Сен досыңнан сезіктенбе, қатты болса – сатып кетер. Сен жауыңнан именбе, қатты болса – атып кетер. Сен немкеттіліктен сақтан, түбіңе сол жетер». 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір