Ұстасыз «ұстахана»
19.02.2024
104
0

Ағалығын, азаматтығын, турашылдығын, тура сөйлеп, тура жүретінін бек құрметтеймін. Әдебиет сыншысы, әдебиет мәселесінде ақсарағат ағама деген құрметімнен әлі де танбаспын. Бірақ сол ағам өткенде қазақ әдебиетінің сыншысынан гөрі нәумездеу оқырманға тән мінез көрсеткені…

Алдымен біз пақырдан бір әңгіме оқығанын, әлгі әңгіменің өзіне ұнағанын риза көңілмен баян етіп отырған. Ағаның адамға жағайымсып жағасына май жұқтырғанын көрген де, естіген де емеспін. Сондықтан: «Әңгімем жайында пікір айтса, риясыз көңілімен айтты ғой», – деп, суырмамда жамбастап жатқан кітабымды ұсына қойдым. Ұсынғаным бар болсын, алақанына мен шоқ салып жібергендей сыншы ағамның шоршып түскені: «Әй, інім, сені бекер мақтаппын. Мен кітап оқымаймын ғой. Қазір атаққа шыққан «пәленбай» деген жазушының кітабын түгіленбай жылдан кейін оқып: «Өй, сен өзі тәп-тәуір жазады екенсің ғой», – деп, таяуда ғана лепес білдірдім. Сенің кітабыңды да оқысам, кейін оқырмын, інім. Қап, бекер мақтаған екенмін…».
Сыншы ағама мен шіркін кітабымды мақтату мақсатында емес, толық оқып шығып толайым пікір айтсын, тіпті сынасын деген оймен берген едім. Ойымды айтып үлгермедім, үнемі асығыс жүретін ағатайым: «Қап, сені бекер мақтаған екенмін», – деп күйіп-пысып кете барды. Сол кезде мен де ішімнен: «Қап!» – деппін. «Қап, білікті, білімді, кемел сыншылар бүгінгі ақын-жазушылардың шығармаларын оқымаса, оқып төрелік айтпаса, қазақ әдебиетінің не болғаны?».
Кітап оқылуы керек. Оқылмаған кітап – жетім. Ал сыншы оқымайтын кітаптың соры жетімнен де әрі шығар… Сын – әдебиеттің ұстаханасы. Жасырып қайтеміз, қазақ әдебиетіндегі ұстасыз ұстахананың ұсқыны кетіп-ақ тұр. Жақсысы мен жасығы бар, шатты-бұтты шырма-шату шығармалары және жетіп-артылатын бүгінгі қазақ әдебиеті сын көрмей, ұстахананың көрігінде қақталмай өзінше өмір сүруде.
…Пассионарлық рухта, авангардтық ойлардың жетегінде жүретін сыншы апайым мені көрген сайын көзінің қарашығы көзәйнегінің ар жағынан тесіліп: «Қазақ әдебиеті» газетінде сынды күшейту керек қой», – дейді. Мен сонда сынға да, сыншыға да зәру екенімізді айтып зарлай жөнелемін. Апайым өмірінде сын жазып көрмегендей немесе әдеби апталықтың сыншыға зәру болып отырғаны өзіне қатыссыз жайттай тесіле қараған көзінің қарашығына жылт жүгіртіп басқа әңгімеге ауысады. Мұнысы несі, мені мұқатқаны ма, әлде «қазақ әдебиетіндегі сынның дәуірі бізбен аяқталды, енді сыншы іздеп әуре болма» дегені ме?
…Тағы бір кезекте әдебиетке қатысты «ұлы жіңгір» жиын өтіп жатқан. Мінберге алқын-жұлқын атып шыққан әдебиет сыншысы: «Бізге тез арада әдебиеттану мен сынның аражігін ашып алу керек», – дегені. Сонда мен:
– Не айтып кеттіңіз, көке? Сын – әдебиеттанудың төл баласы емес пе? Әдебиеттану дегеніміз – әдебиеттің тарихы, әдебиеттің теориясы, әдебиеттің сыны ғой? – деуім керек еді, дей алмадым, өйткені сөз кезегі дөйдалаға лағып сөйлейтін көкала қыртқа тиген еді.
Әрине, бүгінгі қазақ әдебиеті – сынсыз, сын сыншыларсыз қалған жоқ. Қазақ әдеби сынының жас оғыландары: Біржан Ахмер, Арман Әділбек, Ерлан Жүніс, Әсия Бақдәулетова, Айнұр Ахметова, Әлібек Байбол, Абзал Сүлеймен, Дүйсенәлі Әлімақын, Арай Жүндібаева, Ақерке Асан, Тілеубек Батыс, Тілек Ырысбек, Жансая Тұрмағамбет қатарлы интеллектуал сыншылардың беталысы бізді ерекше қуантады. Олардың өресі – бөлек, өрісі – кең. Олар жайындағы әңгімеміз де – бөлек. Әзірге айтарымыз, қаламы бұрынғы сынға төселген, аға буын сыншылар қауымы, «сын жоқ» деп бізді сынай бергенше, жазыңыздар! Жаза алмасаңыздар – сіздерге, жариялай алмасақ, бізге сын болсын!

Дәурен ҚУАТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір