Қозыбаевтың жазғанын Қозыбаев оқымаған ба?..
19.02.2024
1473
0

 

14 ақпан күні Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиет үйінде «Қазақ тарихына соны көзқарас, жаңа қадам» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тарихқа жаңа көзқарас принциптерін айқындау, жаңа дереккөздерін тәржімалау және ғылыми айналымға енгізу мәселесі бойынша пікір алмасуды, қазақ тарихына қатысты күмәнді деректерді сараптауды көздеген басқосуға тарихшылар, ғалымдар мен тарихқа қызығушылығы зор қала тұрғындары қатысты. Жоғарыдағы тақырыпты талқылауға себеп тудырған тағы бір дүние — қазақтың ұлы тұлғаларын өзгеге таңып, ұлт тарихын бұрмалауға көшкен бейнекөрініс болды. Көпшіліктің айтуы бойынша, бұл бейнекөріністегі өтірікке толы мәлімдемесін жариялап отырған – журналистика, тарих салаларында елеулі қызметтер атқарған ғалым, ұстаз Сағымбай Қозыбаев көрінеді. Түркіге ортақ бірқатар ғұламаларымызды еліміздің руханиятынан алшақтатып көрсеткен академик ойын: «Қазақтан бірде-бір айтарлықтай ірі тұлға шықпаған», – деп түйіндеген. Сөз ішінде оның ұлттық намысқа тиетін тіркесті қолданғаны да ешкімді бей-жай қалдырмады.
Жиынның кіріспе сөзін Одақ төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мереке Құлкенов бастап берді. Конференция тізгінін қолға алған Одақ төрағасының орынбасары Нұржан Қуан­тайұлы келесі сөз кезегін осы жиынның ұйымдастырылуына түрткі болған «Аманат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, өлкетанушы, зерттеуші Бақытжан Мергенбаевқа ұстатты.
Тарихи еңбектердің көбі қатеге толы екенін алға тартқан зерттеуші қазақ хандары жайлы мәліметтер толыққанды жазылмайтынын ашына сөз қылды. Жалған деректермен ұлт санасын улаудыңқаншалықты қауіп төндіретінін, кез келген көлденең көк атты ұлт тарихының мазмұнын мансұқтай бастағанын тілге тиек еткен ол: «Тарихшыларымыз не істеп жүр? Бейнекөріністегідей өтіріктерге, өтірікшілерге қалай тосқауыл жасаймыз?» – деген сауалды ортаға тастады.

Сөз кезегін алған Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Шәмек Баянұлы: «Тарих жазылмай жатыр, тарихшылар не істеп жүр?» – деп бір жақты айтуға негіз жоқ. Тарихшылар тарихымыздың терең қатпарына дендеп кірісті, қазақ тарихы жазылып жатыр. Әуесқой тарихшылар мен кәсіби тарихшыларды шатастыруға болмайды. Елімізде тарих ғылымы XX ғасырда қалыптасқан. Мықты-мықты тарихшыларымыз өткен. Ғылыми тарихты жазудың арнайы методологиясы бар. Біз сол жүйеге сүйенеміз. Бір тарихшы бүкіл тарихты білуге міндетті емес, ол мүмкін де емес. Әр кезеңнің өз тарихшысы бар. Жалпылай келгенде, қай саланың шаруасы болсын, сол саланың маманы айналысқаны дұрыс. Тарих «мен мынадай сенсация жасадым» деген құр желеуді көтермейді. Ғылыми негізі жоқ дүниелермен ұлтты адастырмауымыз қажет. Бейнекөріністегі кісінің айтқаны – жалған. Ол өзінің ағасы Манаш Қозыбаевтың ұлттық тарихқа қатысты керемет еңбектерін оқымаған сияқты. Неліктен мұндай мәліметтерді айтқаны да түсініксіз.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақ тарихының ежелгі дәуірден күні бүгінге дейінгі кезеңдерін қамтитын академиялық негіздегі 7 томдық даярланып жатыр», – дей келе қай томның қай институттар мен қандай ұжымдардың тарапынан әзірленгеніне де жеке тоқталды.
Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факуль­тетінің деканы, профессор Досбол Байғұнақов Сағымбай Қозыбаевтың бейнекөріністегі сөздерін мүлде қолдамайтынын, ғалымға сол қате тұжырымы үшін оқу орнынан да сөгіс жарияланғанын атап өтті. «Қоғамда дүрдараздық туғызатын пікірлер айтылғанда бір нәрсеге мән беру керек, мұндай олқылық сол дүрдараздыққа арқау болған кезеңнің мамандары жетіспейтінін де білдіреді», – деді ғалым талқылауға түсіп отырған профессордың зерттеу нысаны мүлде басқа бағытта екенін де қаперде ұстау қажеттігін жеткізіп.
Жиын барысында тарих ғылымдарының докторы, доцент Арман Жұмаділ де ешқандай шындыққа қабыспайтын мәліметке қарсылығын білдіріп, ел тарихы ұлт болып қорғайтын құндылық екенін ескертті. «Қазақ тарихында бұрмаланған дүниелер баршылық. Советтік империяның бұғауына қалай түстік, солай тарихымыз да бұрмаланып оқытылды. Отар елдің тарихы сүйкімсіз көрінеді, өйткені оны жазатын – отаршылар.
Бүгінде заман өзгерді. Отарсыздандыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар жоқ емес. Алайда советтік-тоталитарлық жүйенің өнімі, сарқыншағы әлі де қалмай келеді. Түбі ақиқат орнайды. Әлі талай деректер ашылады, дереккөздері жетеді.
Бізбен іргелес отырған елдің саясаткерлері тарихты білмейді дейсіз бе? Біледі. Біле тұра: «Қазақта мемлекет болмаған», «Қазақ – қолдан жасалған ұлт» деген жалған мәліметтерді таратып ел ішінде алауыздық туғызады. Тарих дегеніміз – идеология. Идео­логиялық майданда біз жеңілмеуіміз керек.
Бала санасы жоғары оқу орнына келгенше қалыптасып қояды. Ұлттық рухта жетілдіру де, теріс идеологияны сіңіру де мектеп қабырғасында басталады. Өзіміз сабақ беретін студенттердің арасында түрлі сенімдегі балалар кездеседі. Бәрінің іргетасы мектепте қаланған. Сол үшін мектеп бағдарламасындағы ұлттық негіздегі тарихты жақсылап оқытуымыз қажет әрі тарихтың қалай оқытылатынын қадағалаған жөн. Естиміз, тіпті кейбір жекеменшік мектептер Ресей оқулықтарымен оқытылатын көрінеді. Бұл – дұрыс емес.
Қазір тарихымызбен ғана емес, мәдениетімізбен де алысатындар шықты. «Қазақтың домбырасы – харам», – дейді текесақалдылар, шолақбалақтылар. Арабтың шертпе музыкалық аспаптары – халал да, біздікі харам болып шығады. Қисын қайда? Әр адастырушының артында теріс пиғылды саяси күштер тұр. Соның бәрі — идеологиялық шайқас, идеологиялық күрес. Осындай кер тартпалыққа бой алдырмау үшін жан-жақты жауапкершілікті күшейтуге тиіспіз. Ұлттық сананы, ұлттық болмысты қалыптастыратын екі пән бар, біреуі – әдебиет, екіншісі – тарих», – деді ол тарихқа, тарих пәніне қатысты мәселелерді тарқата сөйлеп.
Жиынның қорытынды сөзі Абылай хан, Әбілхайыр ханға қатысты, өзге де тарихи зерттеу еңбектерін, бірнеше томдықты өз қаржысына шығарып, тарих ғылымына айтарлықтай үлес қосып жүрген Болатбек Нәсеновке берілді. Зерттеуші хандар тарихынан деректер келтіріп, елдік мақсат тұрғысында жұмыла жұмыс істеуге, бірлікке үндеді.
Саралу кезінде көпшілік арасында әртүрлі пікіралмасулармен қатар, ой қайшылығы да туындады. Алайда алқалы басқосуға жиналғандардың барлығының дерлік көздегені ұлттық тарихты әйгілеп, ұлттық болмысты жандандыру екені аңғарылып тұрды.

P.S. Жиын барысында есім-сойы жиі аталған тарихшы, журналист Сағымбай Қозыбаев бұл талқылауға қатысқан жоқ, келген жоқ. Оның алдағы уақытта айтар уәжі, пікірі болса, газет бетінде жариялайтын боламыз. Дегенмен баршамыздың көкейімізде «белгілі тарихшы Манаш Қозыбаевтың еңбектерін інісі Сағымбай Қозыбаев расымен оқымаған ба?» деген жауабы беймәлім сұрақ қалды.

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір