БОЛАШАҒЫМ ӨЗІҢМЕН…
Адамзаттың гүлзар бағынан Адам Ата мен Хауа Ана жер бетіне ұрпақ жаю үшін жіберілсе керек. Сол кезде әлемге ортақ бір туған жер болды ма, әлде көп пе, кім білсін?!
Менің білетінім – тәй-тәй басқанымнан, былдырап тілім шыққанынан ата-анам мен тәрбиеші апайлардың айтуымен менің Отаным – Қазақстан. Иә, жұдырықтай жүрегім Қазақстаным деп лүпілдеп, тынысым Отаным деп соғады. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде Отан тақырыбында шығарма жазғаным есімде. Бірақ, ол кезде дәл осындай сезінбегенім анық. Себебі, бастауыш сыныпта Отанның ең алдымен туған ауылыңнан басталатынын білмеген едім. Бүлдіршін шағымда өзім ойнаған құм төбенің өзі тау секілді, жүгіріп, балалармен жарысатын көшемді шексіз ұзын деп түсінетінмін. Алайда, сол балғын шағымды көз алдымда елестетсем, Отан деген киелі ұғымның мәнін түсінгендей боламын.
Қазір 8-сыныпта оқимын. Енді ғана Отан деген ұғымның аясы кең екенін аңғарып келемін. Шынымды айтайын, осы жазбаны да керемет сөздермен бастағым келіп, ұзақ ойландым. Бірақ, кестелі сөздердің менің жүрегімнің түбінен шыққан қарапайым ой ойлар сияқты емес жасанды шығарын түсіндім. Сондықтан өз ойыма келген сөз тізбектерін жазбаққа бел будым. Қарапайым болса да таза өз ойымды, Отаныма деген балауса, пәк, кіршіксіз сезімдерімді ақ қағазға түсіруді жөн көрдім.
Ең бастысы, мен бақыттымын! Өйткені, Қазақстандай тәуелсіз Отаным бар, ұлан-байтақ жерім бар, ынтымағы мен бірлігі жарасқан елім бар, бәрінен бұрын білім нәрімен сусындатар киелі мектебім бар, сол мектепке бірге баратын өз достарым бар. Қарапайым ауылымның табиғаты тамаша, жұпар ауасы үлкендер айтқандай, «жанға шипа, дертке дауа». Меніңше, Отан деген сөздің қадірі осы кішкентай ауылға деген сүйіспеншіліктен, оның табиғатын аялаудан басталады.
Арайлым АЙДОСҚЫЗЫ,
Алматы облысы,
Пенжім орта мектебі.