Хама!
Өз сүрлеуін салып, үлкен жолдың бастауында тұрған Хамит Есаман – өзі көп алға түсе бермейтін, жиі өзін-өзі көрсете қоймайтын жастардың бірі. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің «Жас қалам» қосымшасында еліміздегі бір топ жаспен қатар Хамиттің де өлеңдері жарияланды. Өлеңдері сол кезде тасқындап, арындап тұрмаса да, жастыққа тән ойы болды. Сол кездерде қисыны келіңкіремесе де көптеген жас ақынның өлеңдерінде тағдырмен тайталасу, беймәлім мұң кешу, қиял қуу сияқты дүниелер ұшырасатын.
Ақындардың аңызға бергісіз өмірлері, жүріп өткен бұралаң жолдары бұларға да әсер еткен болуы керек. Бұлардың бәрі де сол кезде еліктеуден естілікке қарай бара жатқан жастар болатын. Күңгірт ой, көмескі мұң сияқты нәрселер Хамиттің өлеңдерінде де бар еді. Біз өзімізден кейінгі буындағы жастарға өзінің басынан өтпеген тағдырды өлеңге тықпалау, қолдан тағдыр жасау, оны өлеңге апарып қосақтау сияқты нәрселердің көп ешкімге өте бермейтінін шамамыздың жеткенінше айтып жүрдік. Уақыт өте келе өз буынымен қатар Хамит Есаман да әдебиетте өзінің өлеңдерімен көріне бастады. Алматыдағы аламаннан алыс жүрсе де, болашағы бар ақын ретінде танылды. Мархабат Байғұт, Несіпбек Дәутайұлы, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай сияқты аға буын да Хамит туралы жылы, жақсы пікірлер айтып жүрді. Замандастары да Хамиттің шығармашылығын жақсы қабылдады. Хамиттің ағаларына да қадірі бар. Классик ақын Ұлықбек Есдәулеттің өзі еркелетіп: «Хама!» –дейді, біз де: «Хама!» – дейміз!
Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы бағдарламасы бойынша біраз қаламгерлермен қоса Хамит Есаманның да «Фәни-Құбылыс» өлеңдер жинағы жарық көрді. Әрине, бұл – мемлекеттің қолына қалам ұстаған қауымды қолдауы. Бұл кітабында ақын адам, қоғам, заман туралы ойларын айтады. Азаматтық лирикамен қоса, махаббат, балалық шақ тақырыптарына да қалам тартады. Осы жақсы жаңалықты ести салысымен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Хамитті қабылдауына шақырып, қолдауы ретінде жыр кешін өткізіп беретінін айтыпты. Бұл да әкімнің ақынға деген құрметі. Кейде Хамит туралы «бұл бала не жазып жүр екен» деп ойлайтынымыз да бар еді. Бұл сауал көптің де көкейінде болса керек. Себебі әр жерден бір көріне бермейтін адам туралы сондай ойдың болатыны заңдылық. Ақынның өзіне кезек берейік.
Фәни жалған, жанарынан жас тамған,
Құдіреттің қалауымен басталған.
Қара жерден бір жұмбақ күй естіліп,
Тылсым әуен төгіледі аспаннан.
Бұл тіршілік – тірілердің сынағы,
Адамзаттың көкейде көп сұрағы.
Құдайдың әр құбылысы жаныңның
Өмір бойы өшпейтұғын шырағы.
Ай тұтылып, ғарышта күй боздады,
Жұлдыз ағып, жан дертімді қозғады.
Тағдыр дейтін Тәңір жазған бір кітап,
Әр пенденің өз соры бар, өз бағы…
Жалғасуда бұл жалғанның көші мың,
Бірде – ашып, бірде – жапқан есігін.
Жұлдыз ақты… Құдіреттің бұйрығы,
Біз білмейтін шығарды бір шешімін.
Құдай ісі адам үшін заңдылық,
Жүрегімнің іші тола жаңғырық.
Тамырдағы тылсым күйдің әуені,
Пенделерді жұбатады мәңгілік.
Қара жерден, адамзаттан алыста,
Мың уақиға болып жатыр ғарышта.
Пенде түгіл, пайғамбарға ол белгісіз,
Діл жетпейді, ар жағына барыспа…
Таусылғанша тіршіліктің таланы,
Рух тірі, кеудемізде жан әлі…
Хақ кітапқа бәрін жазған аспани,
Аршыдағы Құдіреттің қаламы, – дейді «Ғарыш» атты өлеңінде. Құдай мен ақынның байланысы ежелден ұлы ақындардың өлеңдерінде көрініс тапқан. Хамит Есаман да сол ойды негізге алып, тіршіліктің ой салатын тұстарын өлеңімен өрнектейді. Ғарыш – Құдайдың дәргейіндегі адам санасы жете бермейтін бір тылсым құбылыс. Ал оған ақын санасы өз дүниетанымы тұрғысында барлау жасайды. Он сегіз мың ғаламның тылсым халі, жұмбақ күйі, рухтың мәңгілігі, Құдайдың құбылысы деген дүниелер – өмір бойы ақын жанына дауа бермей келе жатқан сауал. Мұны ақын «Ғарыш» өлеңінде хал-қадірінше жырлайды.
Фәни дүние, дидарыңа көз салдым,
Өткен күндер өлі сәт боп байқалмай.
Бозаң қырда бұйығады боз шалғын,
Адамдарға әлденені айта алмай.
Шексіздікте күн өртеніп барады,
Ай жанады…Бұл жүректі шалған мұң.
Жер бетінде жапырақтар жаралы,
Тұрған өксіп жанарында жалғанның.
Уақыттан да жүйрік жұлдыз ағады,
Көз жасымнан тыныш бірақ ол менің.
Шерге толса қызыл гүлдің сағағы,
Ал мен оның шуағына шөлдедім.
Құбылыстан Құдайды іздеп,
шарқ ұрдым,
Көз жетпейтін
шексіздік пен шыңырау.
Жүрегіме жиналыпты бар кірбің,
Сен не деген беймаза едің ғұмыр-ау?..
Сен не деген құпия едің құбылыс?
Бәлкім, сенің толқыныңда өлгенмін.
Маған бәрін көрсетеді ұлы күш,
Бірақ оны түсіне алмай сенделдім.
Талай іздеп тылсым ойдың бұлағын,
Жан дейтін бұл – жанып түскен жапырақ.
Еңіреп кеп, етегіңе құладым,
Жайлы мекен – жалғыз уыс топырақ.
(Құбылыс).
Ақын өмір бойы мәңгілік сауалдарға жауап іздейді. Фәни дүние мен бақи дүние арасында тағдыр кешіп теңселген ақынның басты мұраты да осы болса керек. Сондай мәңгілік сауалдарға жауап іздеуге талпынған Хамит Есаманның бұл өлеңінде де шайыр жанында шырқыраған шындық бар деуге болады. Әр қаламгердің өз шындығы мен тағдыры бар. Кім қай құбылысты қалай көреді, оны қалай жеткізе алады, ол да өзіне байланысты. Хамит Есаманның өлеңдегі бүгінгі беталысы қолдауға тұрарлық.
Біз тоқсаныншы жылдары өлара кезеңде әдебиетке келдік. Алматыға келгенше Жамбылда жалғыз жүрдім. Бүгінде Әулиеата топырағында әдеби орта қалыптасқан. Оның бел ортасында Хамит те жүр. Ағалы-інілі қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Абай «ақырын жүріп, анық бас» дейді ғой. Түрлі бұралаң жолдарда түзу жүру керегін біз де үнемі айтып келеміз. Хамиттің өзі де шалқайып жүрмейтін, астамсып сөйлемейтін азаматтың бірі. «Қалам» атты өлеңінде:
Жапырақтар үзіледі бұтақтан,
Тылсым ойда тебірентіп ғаламды.
Әсем өлең жоғалады кітаптан,
Күнәһар қып ақын менен қаламды.
Заманалар салқынымен өше ме,
Ақ қағазға берген серті қаламның.
Естелік боп елес қалды көшеде,
Жалқы күйі секілденіп даламның.
Жаздың жұпар жаңбыры ылғи жауады,
Тамшысында тіршіліктің тәтті әні.
Ақ өлеңге тиеді оның сауабы,
Қырмызы гүл бүр ашқандай бақтағы.
Ұмытылып бір кездегі әдемі ән,
Кеңістікке тұрар көркін сүйгізіп.
Естелікпен сырласады және адам,
Ғасырларды кеудесіне сыйғызып.
Өткен күндер өксиді ылғи өлеңде,
Өңіріне мұңнан тұмар тағынып.
Мен де жалғыз жүрмін енді әлемде,
Өзім білмейтін нәрсені сағынып… – дейді. Құранда да қаламға серт берілгені жазылады. Ақын да қаламға серт береді. Тіршіліктің бәрі де Құдайдың құдіретті қаламымен жазылған. Ақынның қаламы да фәни-тірліктің өзі білген, көрген, түйсінген дүниелерін жазады.
Бұрын Несағаң барда Таразға Несіпбек ағаны іздеп барушы едік, бүгінде жас та болса Хамитқа маңдай тірейміз. Ағасының орнында шырақшыдай болып отырған Хамаңа құрметім ерекше!
Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ,
ақын, Қазақстанның
Еңбек сіңірген қайраткері,
Жамбыл облысының
Құрметті азаматы