ФОЛКНЕРДЕН СОҢ
16.02.2024
38
0

(Заманауи АҚШ прозасы туралы)

Бұл жинақ – бұдан үш жыл бұрын жарық көрген, тоғыз әңгімеден тұратын шағын топтама негізі, 2020 жылы АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының қолдауы арқасында жүзеге асқан жоба. Шығармалар­дың дені – іріктелген, сұрыпталған, енді жазылған көркем дүниелер.

Әңгімелер атмосферасынан модерн лебі білінеді. Ықшам формасында автор алақанының ыстық табы жатқандай. Қаламы қанша қарымды болса да, автор оқырман сұраныстарына тәуелді.
Ер көңілдің толғаны­сын, сүйіспеншіліктің қияметін кейіптейтін қаламгер жоқтың қасы. Әрине, шабыт бақыт тілейді, жан тыныштығын аңсайды. Алайда жұрт шытырман оқиғаны, бұлғақ, заманауи, шымыр сюжетті жақсы көреді.
АҚШ қана емес, әлем әдебиеті жеңіл жолмен кетті. Сөз өнерінің мұраты мінсіз мәтін емес пе?
Жабық текст – жабық есік, үлкен ойларға жетелейді, жаңа бастауларға шақырады. Ашық мәтін – көпшіліктің қалауынша қызмет жасайтын жол. Жұмбақтап несі бар, онсыз да бәрі түсінікті.
Жалпы, жазу мәнері тұрғысынан алғанда тоғыз туынды түгел бір-біріне ұқсас: америкалық модернистік әдіс-тәсіл үлгілеріне сүйенеді.
Бесенеден белгілі, модернизм әлем әдебиетін байытты, құнарландырды, жаңа метод қалыптастырды, жаңалыққа жол ашты, сөйтіп, метафора көбейді, жазу үлгісі түрленді.
Жас ағым қомақты табыстарға қол жеткізді, жеткендері рухани айналымға енді, көркем шешімдердің әсері күшейе түсті, лингвистикалық абстракциялар азайды. Көпсөзділіктен құтылды. Жазу мәнері кемелденді, оқырман мен автор арасына жаңа көпір салынды, атмосфера орнатты, кітап мәтіндері жаңа формаға көшті. Сенім, сезім тереңдеді.
Ірі планда орналасқан, көрсетілген детальдар кеңістікте асқан дәлдікпен бейнеленді. Ол – өз алдына, оқиғаны өзің кешкендей күйге бөлейді. Автормен бірге қатысып отырып жазғандай әсер береді.
АҚШ-тың үлкен модернизмі Хемингуэй мен Фолкнер жазбаларынан көрінді.
Модернизм – ұштаған құбылыс еді: авангардизм, Пруст, Джойс, Кафка бағыты және сана ағыны мен абсурд мәселесін көтерушілер тобы, кейін басқа да модернистер қосылды.
Авангардизм құрамына дадаизм, экспрессонизм, футуризм енеді. Кейде экзистенциализм де модернизм қатарынан табылады. Бірақ ол – әдеби емес, философиялық ағым.
Модернизм табыстары әлем әдебиетінің ортақ қазынасына айналды. Жетістіктерін дүниежүзі қаламгерлері қолданды, пайдаланды.
Модернистер үшін микродеңгей (тіл, сөз) әлдеқайда маңызды, макродеңгей (жанр, түр) аса көп өзгеріске ұшырай қоймайды. Мысалы, Джойс, Пруст, Кафка шығармаларының жазылу мәнері «біртүрлі», бірақ роман күйінде, роман мәртебесінде қалды.
Сөз нақты, сөйлем ықшам, әрекет анық көрсетілді. Сөйтіп, америкалық және еуропалық (демек, әлемдік) жазу үрдісі рационализм мен модернизмге мойынсынды.
Топтамаға енген шығармалардың жанрлары әртүрлі. Бірі – қала, бірі – дала өмірін жырлайды. Бейбіт заманын да, соғыс (Вьетнам) уақытын да көрсетеді. Сөз саптасы – немқұрайды, байсалды, көрнекті.
Бесенеден белгілі – неғұрлым ұстамды қалам, соғұрлым әсерлі. Жағырафиясы маңызды емес, мәнері маңызды. Бір күні, бір жерде, бір адам: әмбебап үлгі, кез келген елді мекенде бастан кешуі мүмкін, кез келген адам…
Демек, АҚШ прозасы модернистік тәжірибені ұмытқан жоқ. Үздік үлгілердің бәрі – қолданыста, ойда, есте.
Маған топтамада келтірілген тоғыз әңгіменің үшеуі қатты ұнады. (Энтони Букоски), «Анамның Мехикосы» (Анна Кастальо), «Қыстағы Шопен» (Стюарт Дыбек).
Келесі үш хикаяты орта деңгейдегі шығармалар, кейінгі үшеуі (соңғылары) ортадан сәл төмен деңгейде. Жалпы, «Анамның Мехикосы» атты туынды көп танылды, формасы сом шығарма жинағы, күллі Латын Америкасы атынан сөйлеп тұрғандай көрінеді.
Кітапта үш нәсілдің кейіпкерлері. Үшеуі де бар – ақ, қара, сары. Қай өнер туындысы болсын нәсілдік теңдік ескерілуі тиіс.
Бірақ жылымық жоқ, бөтен персонаж, өгей прототип, алайда тез оқылады, қызықты оқылады. Себебі сауатты жазылған, оқырман көңілі бөлінбесі үшін күллі жайтты қарастырған, ескере отырып қалам тартқан.
Несін айтасыз, АҚШ сантименттерге сенбейді, мойынсынбайды, назар аудармайды, тек алға жүре береді.
Тас-талқан финалдың өзі – happy end. Болашақтан үміті бар, аңсаған арманы да келешекке жетелеп келе жатыр. Күреп ақша табуға, тапқан байлығының қызығын көруге ешкім кедергі емес.
Кітапта тіпті гендерлік мәселе де көрініс тапқан. Бір жынысты неке еркіндігі де айтылған. Әңгімелер қилы режиссерлік кезеңге азып-тозып жеткен киносценарий тәрізді.
Монологтар қысқа, ұзақ. Ой кешу жоқ. Қаһармандар әрі қайшылықта өмір сүреді.
Жаулығы да, жанашырлығы да айқын, әрекеті – ашық. Солғын образдар емес, сюжетті дамытатын, дамытып келе жатқан қайратты, белсенді, кесек-кесек бейнелер.
Композициялық құрылым мығым, логика қатаң, оңайлықпен бұра да, бұза да алмайсыз. Жалпы, нашар туынды жоқ. Финалға асығады, фабуласы кең, жақсы, сюжеттік желі үдерістің өзінен рахат табады.
Тәуір дүние болса, оқырман көңілі қызықсыз қалмайды.

Дидар АМАНТАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір