КӨЗҚАРАШЫҚ
17.01.2024
216
0

жазушы Төрехан Майбастың «Керат» әңгімесінен туған ой

Осы шығарманы алғаш көңіл толқытып, көмейге өксік тығылғандай, біртүрлі тықырши отырып оқығаным есімде. Әсілі, «ата-бабаның мұң-шері де ұрпағына текпен дариды» деген бекер сөз емес; газет бетіндегі шағын дүние тұла бойда сыздаған сол жарақатты түртіп жібергендей әсерлендіріпті. Шынында, алмағайып заманаларда қазақ шеккен азап аз ба, осынау мөлтек туындыда бас кейіпкер Керат арқылы бүкіл халық тағдыры айшықталғандай еді.

 Рас, ә дегенде әңгіме идея­сы сәл түсініксіздеу көрініп қалуы мүмкін. Әйткенмен, бізге ұғынықты-тын. Өйткені көбіміз шахтерлердің баласымыз. Бәлкім, шығарманың көзге жас әкелердей тез қобалжытып, жан тебіренткені содан да шығар.
Иә, әуелде штректерде кен тиелген темір арба тізбегін аттар сүйрепті. Үлкендеріміз анда-санда осынау жылқылардың жайын аңыз қылып айтып отырушы еді. Міне, Керат – бәлкім, кер бесті болар, әлде алты-жеті жастағы кертөбел ме, сол жануарлардың бірі…
Шыңыраудағы атқора – көлік-тасымалдау учаскесінің ең маңызды бөлігі болып саналған. Өндіріс жетекшілігі ондағы аттардың жем-шөбіне, ем-домына, өзге де күтіміне айрықша мән берген.
Жаратылысынан сергек
жануар біртіндеп шахта жұмысына төселіп, иесінің «оңға жылжы», «солға түс», «аялда», «айнал» дегендей бұйрығын бұлжытпай орындайды. Әр ат әрқайсы бір жарым тоннадан келетін сегіз вагонетка тарта алады екен. Әлбетте, бұл – өте ауыр жүк. Ал кейбір парықсыз атшы осыған да қосымша қорап жалғайды. Сезгір мал мұндай зорлықты шынжыр ілгектің немесе дөңгелектің дыбысынан-ақ аңдап, артық арбаны ағытып тастағанша жүруден бас тартады. Сол секілді күнделікті ауысымға белгіленген сегіз сағат біткен сәтте ылғалдан шіри бастаған шпал мен шегесі бос рельс бойында қалт тоқтап, бишіктің астына алып шықпыртып жатсаңыз да тырп етпей тұрып алатын көрінеді.
Керат та тағдыр теперішіне бас игенімен, әділетсіздікке төзбейді, шектен тыс озбырлыққа шыдамайды. Өте шамшыл. Мұндайда намысқой еліңіз еске түсер. Әңгімеде: «Шекесі дың ете қалды. – Осып өтті-ау. Қамшы жаңа көріп жүрген құқайы емес. Бірақ бастан салғызып көрмеген-ді. Суылын да естіп үлгермепті. Жанын кейде жегідей жеп жүретін оң жамбасы неге тызылдап тұр. Тыртықтан ұрған ғой…» деген жолдар бар.
Арасында бір-екі түйір қант, яки тәтті нан кесегін беріп, сауырдан сипап, жалынан тарап мәпелесеңіз, азапты жұмыстан әбден титықтаған жануар да қайырымды түйсініп, ыңғайы­ңызға бейімделіп тұрмақшы. Алайда ат айдаушылардың мінезі әралуан, жылқының болдырған сықпыты мен мұңды жанарына қарап жаны ашитын мейірімділерінен гөрі көзіне лезде қан толып, онсыз да зорға жүрген байғұсты айқайлап боқтап, аяусыз соққылай жөнелетін қатыгезі жиірек. Ондайлардың қиянатына екі-үш мәрте көнген ат төртіншіде кешпеуі кәдік; жәбірлеушіні теуіп жіберіп немесе тас іргеге жаншып, үнемі шылпылдап, айран-ботқасы шығып жататын лайсаң табанға таптап, майып қылған жағдайлар да кездесіпті.
Кейде қатты тулап, қамыт пен пәлекті жалғаған сырма қайысты алапат күшпен жұлқи үзіп, қараңғыда үйреншікті сорап арқылы қашқан бойы, түкпірдегі қорасын адаспай тауып барады.
Енді шығарма ауанын жітірек сезіну үшін аз-маз үзінді келтірсек:
«Шақ-шұқ…
Шақ-шұқ…
Тыр-тыр-ыр…
Қылует өтіп жатқан бұрғышылар шапқысының шақылы мен кейінде ғана пайда болған қолбұрғылардың ащы, жіңішке тырылы ілгерілеген сайын алыстағанның орнына өкшелеп қыр соңынан қалар емес. Бұлшық еттің түйіліп, байланып қалатын өрлеуіттен кібіртіктемей келе жатқанда осы шақ-шұқтан қашып келе жатыр.
Міне, квершлаг… Қитұрқы бұрылыстар… Жасырынбақ ойнап жүргендей бұрыш-бұрышқа тығылып алған еңіс пен өр…
Мұның бәрі Кератқа жақсы таныс. Қазір айдау жолда еңіске түседі, қораптар өздері жүйткиді.
Аяғын бос тастап келеді. Айдаушы балада үн жоқ. Қалғып-шұлғып келе жатқан шығар»…
Шығармадағы: «Левитан хабарлады, бүгін Керчь азат етілді» деген диалогтың бір жолы арқылы оқиғаның сонау сойқан соғыс тұсында өтіп жатқанын аңдайсыз.
Төрехан Майбастың Кераты болса ұзақ азаптанып қараңғы зынданда жүргендей кезінде жарық дүниені аңсағаны, көк­орай шалғынға, таң шуағына, күн көзіне, бір жұтым таза ауаға, жауын мен қар иісіне ынтыққаны түсінікті.
Әңгіме соңында жануар зарыға күткен азаттығына жетеді. Дегенмен оның еркіндігі де аса қымбатқа түскендей…

***

Шахтада озық техника көбейіп, өндіріс өркендеп, Кераттың күні туатын кезеңде жатаған тастақ жалдар қойнауындағы қысы қатал, жазы аптап өлкенің тұрғындары осынау далиған қалашықты мейлінше реттеп, гүлзар-бақ, жасыл желекке айналдырып үлгеріпті. Асфальт көшелерді жағалай, негізінен, жыпырлап, үшқабат­ты үй қатары көбейген. Жұрт түнде де самала шамдар нұрына малынған қалың тал-терек аясындағы автостанса маңында меймандарын шығарып салып немесе біреулерді күтіп алып күндізгідей шұбырып жүрер-ді.
Мұнда бау-бақша бітік өсетін. Ақшатау жерінің көкөнісін, сондай-ақ осындағы наубайхана мен кондитер цехынан шыққан өнімді көршілес Ақжал, Қарабұлақ, Ақадыр, тіпті Балқаш қаласының тұрғындары ықыластана сатып әкетіп жататын.
Кеніш бұ тұста «Московское обеспечение» деген айрықша қамқорлыққа алынған. Яғни өзге аймақтарда қолға түсе бермейтін азық-түлік, ыдыс-аяқ, киім-кешектің, сапалы жиһаз, музыка аспабының түр-түрін осы поселкеден табасыз. Мұндағы магазин, кафе-барларда лимонад, балмұздақ сияқты жеңсік дәм түрлері толып тұрады. Төрт мектеп, балабақша, аудандық деңгейдегі аурухана кешені, емхана, санаторий, қонақ үйі, жұмысшылар жатақханасы, үлкен монша, тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты… ауқымды ста­дион, бассейн, түн ортасына дейін істейтін мұз айдыны… бәрі бар. Жазғы бақта да, сәулетті Мәдениет үйінде де аптасына үш рет би кеші болады.
Ақшатаудағы айлық та салыстырмалы түрде біршама жоғары. Бурильщиктер мен проходкашылар, тіпті мың сомға дейін алады. О кезде совет жұмысшыларының түсіне кіре қоймайтын жалақы.
Сондықтан шығар қала типтес поселкеге іргелес мекендерді былай қойып, одақтас республикалардың түкпір-түкпірінен, әсіресе Ресейден көшіп келушілер легі көп.
Кейін анықтай түскенімізде, жиырмаға тарта ұлт өкілі шоғырланғанын білдік. Әмбе Ақшатау – атақты Қарлагтың бір шеті. Мұндағы біраз үйді ілгерде тағдыр теперішімен тап болған жапон тұтқындары салыпты. 1953 жылы СССР Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің комиссары Лаврентий Берия ұсталған соң оның сексен үш жастағы анасы Марта Джакели де айдаумен келіп, екі жылдан кейін осында мәңгілік сая тапқан екен. Сталиндік депортация бойынша жер ауып жеткен неміс пен кәріс ағайындар өз алдына…
Кеншілер поселкесі осылайша біртіндеп талай жұрттың Отанына айналған.
Баяғыда Бектембай деген атамыз небір қысталаң заманаларда көпшілікке пана болған қалашықтың қасиетіне бас игендігінен шығар: «Қойт мороз да қойт мороз, Ақшатауым аман болсын!» депті. Батыршалыс, аңғалдау ақсақалдың осы сөзі мәтелге айналып, ұрпақтан ұрпаққа жетті.
Негізі, өлкеде көп кездесетін түбі терең тас қандаққа қарап, Ақшатау кенішінің тарихы жазылып жүргеніндей, 1936-1940 жылдардан емес, тым әріден басталатынын пайымдау­шы едік. Яғни ол құдықтарды ұңғыған –француз бен ағылшын концессионерлері. Бұлар жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ тіміскілеп, кен орындарын көптеп тауып, сайын сахараны шұрқ-тесік қылыпты. Кәдімгі шахта. Бәрі де қолмен қазылған. Әрине, мұны келімсектер өздері тескен жоқ, мардымсыз тиын-тебенге жергілікті жұртты жалдайды. Бұған да ат-көлік пайдаланылады. Және ол бірер жылда аяқтала салған жұмыс емес еді.
Жасыратыны жоқ, Мәскеу­дің «Ұлы Октябрь революциясына дейін қазақ елінің бір ғана пайызы хат таныған» дейтін идеологиясының ықпалынан болар, Ақшатауға сырттан келуші ағайындар жергілікті жұрттың көңіл күйімен санаса қоймапты. Иә, олардың көпшілігі анау Ақтабан шұбырынды сергелдеңі мен аштық зобалаңынан, репрессия мен соғыс кесапатынан оңала алмай жатқан тұрғылықты қауымды місе тұтпай, іштей болсын, екінші сортқа балап, шөміштен қағып, өктемдік көрсеткені өтірік емес-ті. Солайша, өздерін құшақ жая қарсы алған меймандос халықты ақырындап тықсырып, майлы жіліктің басын иемдене беріпті.
Мұндай қатынас, әсіресе өркеуде жастар жағына ұнамайды. Сол себептен де Ақшатау көшелерінде түрлі қақтығыстар қайталанып тұратын. Қарап отырсақ, елдің түкпір-түкпіріндегі түрлі кикілжің қордалана-қордалана әйгілі Желтоқсан оқиғасына әкеле жатыпты.
Осындайда КПСС ОК-нің 1987 жылы шілде айындағы «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» деген қаулысы ойға оралады. Онда: «Республиканың басты органдары интернационализм идеяларының негізгі тұлғасы және жетекшісі – жұмысшы табының ұлттық кадрларын мақсатты түрде қалыптастырудан шеттеп қалды. Өнеркәсіпте, әсіресе көмір және металлургия салаларында жұмысшылардың арасында қазақтардың үлес салмағы қысқарды» делінген-ді.
Бұл – істегі солақайлық пен жасалған қысастықты
Колбиннің ғана емес, Кремльдің мойындағаны-тын…
Ал бір жылдан кейін ұлт
аралық қатынастар жөніндегі осы тұжырым Алматыда өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияда жан-жақты сараланып: «…біздің республикада өнеркәсіпте қазақ жұмысшыларының үлесі бүгін таңда 13-15 проценттен аспайды. Сонымен бірге шалғай мал шаруашылығында жұмыс істейтіндердің 90 процентке дейіні қазақтар» деп нақтылана түсті. («Социалистік Қазақстан» газеті. 14.05.1988).
Ал Төреханның кеудесіндегі «ереуіл» бұдан әлдеқайда ерте басталған екен. Мұны дарынды жігіттің 1974 жылы жиырма жасында жазған осы «Керат» әңгімесінен-ақ байқауға болар. Бір қарағанда, табиғаты сыпайы, қарапайым көрінетін кішігірім ғана дүние тереңнен буырқанған күш-жігерді, атойлаған ашу-ызаны аңдататындай. Керат бейнесінен қасиетті жануардың шырқыраған құлын даусын еститіндейміз. Мұның бәрі, сайып келгенде, ғасырлар бойы бебеулеп жан сыздатқан қазақтың зар-запыраны сияқтанады…
Автор осы әңгімесін көп ұзамай Оралхан Бөкейге көрсеткенінде, атақты жазушы ағасы шығарманы мұқият оқып, туынды төркінін жіті түсінгенін аңғартқаны болар: «Жарадың, бауырым! Бұдан кейін ештеңе жазбасаң да болады екен. Сенің атың қазақ тарихында қалды», – депті.
Негізі жас қаламгердің теңсіздікке, зәбір мен қиянат атаулыға қарсы көкейінде ұзақ қайнаған күрес ниеті бұл жағдайдан да үш жылдай бұрын Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтының есептегіш техникалар факультетіне түскен кезінен оянған секілді. Мұнда ол кей жолдастарынан алғаш Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан сынды ағаларының Ресейде жүріп құрған «Жас тұлпар» бірлестігі туралы естиді. Солардың елдік мүдде бағытындағы қимылы көңіліне дөп қонып, осынау идеямен «ауыра» бастап, ниеттес замандастарымен бірге қолдан келетіндей «минибағдарлама» жасауға әркеттенеді. Атап айт­қанда, бұлар Қарағандыны аздап болсын қазақыландыру, осы шаһардағы қоғамдық көлік маңдайшасындағы жазуды ана тілінде таңбалау, қанаттас Абай қаласындағы көзге қораш Абай ескерткішін жаңалау сияқты шаруаны діттейді. Сөйтіп, көздеген мақсатқа жетудің ең тиімді жолын қарастыру, іске қажетті қаржы-қаражат табу сияқты ойларын ортаға салып, тоқайласып жүреді. Алайда бір жыл шамасында қырағы мекеме өкілдері студент Төреханды «қауіпті ұйым» көшбасшысы деп танып, қыспаққа алыпты. Кәдімгі қылмыскерді ұстағандай әралуан сұрақ қойып, тергейді. Ақыры комсомол қатарынан шығарылады. Одан оқудан кетіреді.
Сол сәтте Төрехан ағамның нендей күйде болғанын біле бермеймін.

Итбегі бала – Төрехан

Балғын жас қатты аңтарылған шығар. Өзегі өртене күйінген шығар. Адамға ізгі ниеті үшін де қатаң шара қолдана ма?! Еліңнің қамын жегеніңе бола да жазаға тарта ма…Мұндайда Мұхтар Әуезовтің 1958 жылы Қытай өкіметінің қысымына байланысты оқуды тастап арғы бетке қайтуға мәжбүр болған Қабдеш Жұмаділовке: «Солай болады өзі… Мына, жазушы боламын деген кісінің алдынан неше қилы көлденеңдер жолығады. Біз де ондайды бастан кешкенбіз. Сонан кейін түбінде Жаратушы қайтадан бәрін орнына қоятыны болады. Жасымаңдар. Жассыңдар ғой сендер әлі… Талай-талай кедергі кезігеді. Соның бәрін жеңіп шығуға тырысыңдар. Түбі қайыр болғай!» – деп батасын бергені еске түседі. Осылайша Қабдештің төрт жылдай өмірі адам төзгісіз жағдайдағы кеніште өтіпті.Жазмыш, пешене деген де қым-қиғаш, қызық нәрсе ғой, Төреханға да Ақшатауға оралып, едәуір уақыт өзінің Кераты жұмыс істеген шахтада еңбектенуіне тура келеді.Дегенмен басқа түскен қиындық жігерлі жігітті мұқалта қоймапты. Қайта ширығып, тастай түйіліп, ширай түскендей. Репрессия кезінде жазықсыздан-жазықсыз қудаланып, атылып кеткен Дия қажы,
Баттал, Бағай сынды аталары туралы, сондай-ақ Қақпан, Төлеу­бек, Хасен, Жәкен, Тәшен, Маясар, Түсетай, Сәрінжіп, Оқа сынды халық ақындары көрген қиянат жайында жастайынан-ақ көп естігені анық; міне, осылардың өмірі сырын жан-жүрегінен өткізіп, алған беттен қайтпау­ға бекінгендей. Сөйтіп, ел мүддесі бағытындағы күресті қалам арқылы жалғастыруды ұйғарғандай.
Қарап отырсақ, Төрехан Майбастың қолынан бүгінге дейін жиырмадай прозалық жинақтан бөлек жетпіске тарта деректі-публицистикалық кітап туыпты. «Бір библиотека» дерліктей осынша мол дүниенің дені халықтың тасада қалған салт-дәстүріне қатысты зерт­теу еңбектер, этнографиялық мақалалар, бірнеше томдық шежіре-аңыз кітабы екен. Сондай-ақ Қаз дауысты Қазыбек, Қараменде, Жидебай билер мен Итқара, Тоқтар, өзінің тікелей бабасы Көкбөрі Жарылғап батырлардың ғұмырнамасы ерекше көзге түседі. Әсіресе шығармалары күні кешеге дейін тұмшаланып, архивтегі мұралары «халық жауы» ретінде қасақана жойылған анау Дия қажы бастаған шайырлардың өлеңін ел арасынан тірнектеп тауып, қалың-қалың жинақтар құрастыруы ересен еңбек екені даусыз. Алайда осынша жанкештілікпен атқарылған істің қасиетін сезіне бермейтініміз қынжылтады.
Сонау 2000 жылдардың басында арманда кеткен әлгі ақындардың бірінің ұрпағы, белгілі қаламгер әкеміздің туғанына тоқсан жыл толуына орай еске алу дастарханына жиналғанымыз бар. Алматының белгілі мейрамханасында дүркіреп өткен басқосуда ел жақтан келген жеңгеміз әлдебір лепірме сөз, бос уәдеге үйірлеу кәсіпкердің: «Мен мына іс-шара туралы кешірек естіп қалдым. Әйтпесе, барлық шығынды өзім көтерер едім. Есесіне, жиынды енді Қарағандыда өткіземіз, той-думан ағамыздың туған ауылында да жалғасын табатын болады» деген сөзіне қатты сүйсініп: «Әй, шіркін, әттең-ай! Біздің ағайын арасында осындай бір дархан ұл тумады ғой! Тумады!» – деп аһ ұра берді. Үстел басында қатар отырып қалыппыз. Ісі мен әрекеті қабыса қоймайтын дәлеку жігітті білетін жұрт мырсылдап күледі. Мен іштей: «Е-е, мұндайлардың оншақтысы асқақтамай-ақ жалғыз өзі қыруар іс тындырып, өшкенді жағып, өлгенді тірілтіп жүрген нағыз руханият
Геркулесі Төреханның тырнағына татыр ма еді… Айтпақшы, мына тойға ол өзі неге келмей қалды екен? Қолы тимеді-ау. Ал өмір мәнін даңғаза-дақпыртпен өлшеп дағдыланған түсінігі тар, елікпе жеңгей байғұс оның еңбегін қайдан бағаласын!» деп опынамын.
Қалам-қайратын туған елінің тарихы мен салт-дәстүріне арнаған Төкеңнің қазақтың ұмыт болған байырғы сөздерін қайта тауып, қолданысқа енгізуі арнайы тақырып жүгі шығар. Мысалы, ол қазақтың қасқырлар үйі­рін «әуек» деп атайтыны туралы жазды.
Төрехан Майбастың досы, белгілі қаламгер, «Үйірі жоқ көкжал» романының авторы марқұм Ғабиден Құлахмет: «Қап, мұны сәл ертерек білмеген екенмін!» деп өкініпті. Халық жазушысы Қалихан Ысқақтың да
Төреханға: «Өзіңе итбегі ұғымын кіргізгенің үшін-ақ дән ризамын!» дегенін білемін. Мұны оның «Итбегі» хикаятын оқыған соң айтса керек…
Жалпы, Төреханның Қалихан, Оралхан сынды ағаларға жуықтығына, өзара жарасымына қызығатынбыз. Бірде, тіпті өзіне:
– Ой, осы мынау, адамның атының ұйқас болғаны да жақсы екен ғой. Құдай ұрғанда, бізге жөні түзу есім де бұйырмапты! – деп қыжыртқаным бар-тын. Ішегі қатып күлді. Шынында, ол аталған жазушыларға есім сойымен ғана емес, затымен, бүкіл болмысымен жақын еді.

* * *

Жоғарыда кейіпкер Керат­тың еркіндікке жетуі оңайға соқпағанын айтып қалдық. Шахтаға электровоздар келіп, ұзақ жыл қапас шыңырауда діңкелеп тамтығы қалмаған жануарды жер бетіне шығарған сәтте оның… көзқарашығы ағып кетіпті: «Жарық дүниені бір көрсем дегені бекершілік екен. Жарқ етті де жоқ болды»…
Абайламаса, ақшаңқан нұр деген де аса қатерлі нәрсе екен ғой. Жасын отынан да, ұстара жүзінен де өткір сәуле мезетте тіліп түседі. Сол себепті, кеніштегі аттарды қырға ымырт­та немесе түн қараңғысымен көтерген жөн. Болмаса көзін мұқият таңып шығару қажет болады. Іске салақ қараған біреу­лер осы қағиданы ескермепті.
Бұл құбылыстан философиялық та мағына аңғарылар. Азаттықтың төбеден құя салғандай лақ ете түспей арпалыспен келуінде де заңдылық бар сияқтанады. Одан соң Төрехан Майбас әңгімесінің сұрапыл сыр, алапат астары қазір тіпті күшейе түскенін түйсінеміз – Ел Тәуелсіздігін көзқарашығындай сақтауды меңзейтіндей.
Медицинада көз жанарының зақымдануын «Кератит» деп атайтын көрінеді. Мұны білгенде:
– Ай, Төке, әлемнің бүкіл ғалымдары сіздің «Кератты» құмарта оқыған сияқты ғой. Шығарманы өте ұнатып, осыны халықаралық терминге айналдыруды ұйғарыпты! – деп әзілдемекші едім, есіме енді түсіп отыр.
Кейде: «Соғыс кезінде шахтада ат айдаушы болып жұмыс істеген анау бала кім болды екен? Прототипі бар ма? Сол осы Төкеңнің әкесі Әкімжан аға болып шықпасын! Автордан сұрап білу керек еді» деп ойлап қоямын…
Тоқсаныншы жылдар тұсында әлгі шахталар да жабылған. Сондықтан жұрт жан-жаққа ауа көшті. Бүгінде, негізінен Ресей мен Украинада, сондай-ақ Еуропа мемлекеттері мен Израильде… АҚШ, Канада, Австралия құрлығында тұратын жерлестер «Планета Акчатау» деп аталатын әлеуметтік желі арқылы үздіксіз хабарласып отырады, бір-біріне сағынышты сәлемін жолдайды. Фотосуреттерімен алмасады. Кейбірі Ақшатауда жерленген ата-анасының басына тәу ету үшін қысы-жазы ағылып келіп те жатады. Арасында
Төрехан бауырымызды білетіндері көп. Қатар оқығандар, кеніште қанаттаса еңбек еткендер, поселке көшелерінде жастық албырттықпен шарпысқан-қарпысқан құрдастары, би алаңдарының шаңын бірге шығарған құрбылары бар. Осылар жиырма жасында шахта туралы әңгіме жазып жүрген сол жігіт жетпіске келді десе сенер ме екен?!. Біздің де нанғымыз келмейтіндей, әйткенмен өмір осы, уақыт деген өте жылдам көрінеді.
Ел білетін жазушы Төрехан Майбас бұл белеске биік ұлттық рух, кір шалмас кісілік, мөлдіреген жан тазалығы, шалқар шабыт, адал еңбегі арқылы көтерілді. Әбу Хамид әл-Ғазали: «Адам баласы өз межесіне төгілген тер мен еселі еңбек, адал ұрпағы мен артына қалдырар айшықты ізімен шықса, ол адамның өзі – мәңгілік» депті. Ендеше, жасай беріңіз, Төке! Алар асу аласармасын!

Құлтөлеу МҰҚАШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір