ЖЫР АЛЫБЫМЕН ЖҮЗДЕСКЕНДЕ…
26.02.2016
1855
0

Жамбыл+5…Сонау келмеске кеткен сұрапыл соғыс жылдары жетім қалдым. Анам Нұржәмиладан алты жасымда айрылып, Әкем Ахметкәрім Рәшев соғыс басталған күннің ертесіне-ақ қан майданға кетті. Туыстарым мені «Шекемедегі» балалар үйіне орналастырды. «Шекеме» дегені «Коммунистік жастар мектебі».

Қараған мен тобылғыны толтыра жақ­­қан темір пештер шымнан салын­ған аласа мектеп ішін пәлендей жылы­та алмайды. Сыныптағы көнетоз пар­та­лар­ға сығылыса, сыртқы киімімізді шеш­пей, сүмірейіп отырамыз. Тон атаулы қызыл қынаға боял­­ға­нымен, пұшпақтары майласып, жыл­ты­рап кеткен. Балалардың біразы келте тонда­рымен, енді біреулер, кие-кие тозығы жетуге таянған пальтоларымен келеді. Жүннен басылған пима ол кездің таптырмас аяқ киімі  еді.  Менің аяғымда тесілуге таян­ған табанына қатқан тулақты сірестіре тіккен көне пима. Үстімде армиядан бір ая­ғынан айрылып   келген Қомар нағашым сыйлаған фуфайка. «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» дегендей, қолпиған кеңдеу фуфайканың ішінде Рәбиға жеңгем (Қомардың жұбайы) қасқыр терісінің пұшпақтарынан құрамалай тігіп берген, жеңі жоқ кеудеше. Жағылған оттай денемді қыздыратын да сол.

 

* * *

Қырық үшіншінің жазында мен 7-сы­нып­ты тәмамдап, әдетімше «Алғабастағы» ағайындарымның ауылына барып демала­тын шығармын деп жүрген ем.

– Сені тыста біреу шақырып тұр! – де­ді менімен бір сыныпта оқып, балалар үйінде бірге тәрбиеленіп жүрген Әбіл Барманашев.

Сыртқа шықтым.

– Мыңбай деген бала сен бе? – деді ұзын бойлы, бұтында галифе шалбары, үстінде темекі түстес кителі, басында күн қағары бар кепкі киген, кішірек қара көзі қалың қабағының тасасына жасырына жылт-жылт еткен, өңі жылы бейтаныс біреу.

– Иә, менмін!

– Әкеңнің Житомирден жазған хатын алған шығарсың?

– Алдым.

– Ендеше сол әкең айтқан Дүйсежан деген ағаң мен боламын, – деп күлімсірей қарай бергенде, атын ойнақтатып  Әбдірәсіл келе қалды.

– Әй, Мыңбай жолың болатын болды, мынау туыс ағаң сені Алматыға бірге әкет­пек. Бүгін біздікінде қонақ болады да, ертең ертемен Текбай шопырдың мәшинесімен Аягөзге тартасыңдар, әрі қарай Алматыға пойызбен жетесіңдер, – деді.

 

* * *

Аягөзге бір тәулікке таяу жол жүріп шар­шап-шалдығып зорға жеттік. О кезде бүгін­гідей тас жол атымен жоқ. Ойдым-ой­дым тастақты, батпақты, сазды жерлер көп-ақ.  Қарабұлаққа таянғанда мәшиненің баллоны жарылып, екі-үш сағат аялдауға тура келді. Бұл күні бар болғаны 14 сағат ға­на жүретін пойыз ол кезде екі тәулік жүретін. Жолаушы пойыздарының өзі – товар таситын вагондары секілді күрең түсті. Алматыға да жеттік-ау, шамасы. Қазіргі Қапшағай тұрған тұстан көз жібер­ген едім. Түу-түу шалғайдан өркеш-өркеш тау қатпарларын көріп, қайран қалдым.

– Анау қай тау?

– Алатау деген сол болады.

– Е…  дей салдым бұрыннан білетіндей-ақ.

Бұл – қырық үшінші жыл. Соғыс сұрапыл жүріп жатқан кез. Қызыл армия естерін енді ғана жиып, қасақы жауға қирата соққы беруге мықтап кіріскен шақ. Дүйсежан ағаның баспанасы бұрынғы Абай, қазіргі Төлебаев көшесі, №80 үй болып шықты. Аласа там үй, бас-аяғы төрт сотык жерге орналасыпты. Дүйсежанды «ағатай» деп кеттім.

– Аға, қайда қызмет істейсің? деп едім.

– Обкомда, – деді.

– Қандай қызметте?

– Нұсқаушымын. Біздің бөлімді ұйымдастыру бөлімі деп атайды. Орысшасы – орготдел.

– М-м… деп қойдым.

– Өкінуші болма, күз келгенде оқуыңды онан әрі жалғастырасың. 18-санды қазақ орта мектебінің директорымен келісілді, – деді ағатайым.

…Бір күні кешкісін:

– Әй, сен Жамбыл кім екенін білесің бе? – деп сауал қойды.

– Е, білмей, ол дөкей ақын! – дедім.

– Дұрыс  айтасың, Жамбыл – жыр алыбы, шынында да дөкей, – деді ағатайым.

– Оны неге айттыңыз? – деп едім:

– Ә… жәй айтқаным ғой! – дей салды.

Арада бірнеше күн өткен соң ағатайым Жамбылды және еске түсіріп:

– Сені ақындар айтысына ертіп барам, орныңда тыныш отыра аласың ба? – деді.

– Е, о не дегеніңіз, тыныш отырам.

Екі күннің бірінде мұғалімдердің сабақ үстінде шошаңдамай тыныш отырыңдар дейтіні есіме түсті.

– Жарайды. Онда сабақтарыңды пысық­тап болған соң менімен бірге жүресің.

– Қайда барамыз?

– Опера театрына!

– Онда не болмақ?

– Республикалық ақындар айтысы өте­ді.

– Жамбылды көрем бе?

– Көргенде қандай! Сол айтыстың шымылдығын Жамбыл атаң ашады.

– Ой, рахмет ағатайым, – деп қуанған­нан құшақтай алдым.

…Қырық үшінші жылдың қараша айы болатын, суық желі суылдап қыс қаһарын сездіргенімен, жер бетінде әзірше қар көрінбейді. Театр маңдайшасындағы қызыл матаға:

Республикалық ақындар айтысына қатысушыларға ыстық сәлем! деген ірі жазу­лар жазылып ілінген екен.

Ағатайым мені амфитеатрдағы орын­дық­тардың біріне әкеп жайғастырды да:

– Тсс… оқыс қимылдап шошаңдаушы болма! – деп және ескертті.

Театр іші лық толған адам. Әлден кейін жылтыр басты біреу, ұзын бойлы, қара шашын тіке қайырған және біреу (кейін біл­дім. Алғашқысы Қазақстан орталық бәл­шебектер партиясының бірінші хат­шы­сы Жұмабай Шаяхметов те, екіншісі Жоғарғы Кеңес төрағасы Қазақбаев мырза, үшіншісі Комиссарлар кеңесінің төрағасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов екен) олардың қасындағылар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов… Тағысын-тағылар…

Сұрапыл соғыс жүріп жатқан кезде қанқұйлы жауға қарсы сес ретінде осындай шара керек болғаны хақында қысқаша айтылғаннан кейін алғашқы кезекті беру үшін басқарушы:

– Жыр алыбы Жамбылды сахнаға ша­қы­рамыз! – деді. Жұрт ду қол соғып жатыр.

Басына бөрік, үстіне шапан киген, оң қолында домбырасы бар атақты Жамбыл ақын сахна төріндегі кілемше жабылған биіктеу сәкіге шығып кірісіп кетті. Дауысы қарлығыңқырағанмен анық естіліп тұрды:

– А-ау, Алатаудан, Арқадан

Ақылдарым келіпсің… –

деп бастап, ақындарға арнаған жырын төкті.

Жыр алыбының бастап берген жыры жауға атылған алғашқы сөзден сомдалған сүйрік тұмсық снарядтай болды.

– Жаса, Жамбыл!

– Жыр алыбына мың алғыс! – деген сөз­дер театр ішін кернеп кетті. Артынша ақындар айтысы жұп-жұбымен сайысуды жалғастыра жөнелді. Сол айтыста мен Қошқарбаев Шашубайды, халық ақыны Қалқаны, Орынбай мен Кененді, Иса менен Нұрлыбекті, Нартай мен Маясарды, өзге де айтыскер жыр шеберлерін көріп тәнті болдым.

Үш күнге созылған жыр сайысында бірінші орынды Иса Байзақов жеңіп алды. Қалған орындарды өзге ақындар бөлісті.

Айтыс қорытындысында:

– Жыр алыбы Жамбылға түйе сыйлана­ды, қалған ақындарға жеңгендері бар, жеңіл­гендері бар, баршасына бір-бір жыл­қы беріледі, – деп жарияланды.

Жамбылдың ақындарға арнай айтқан толғауы да айтыскерлердің жер-жердің бір­лі­гі мен тірлігін, жемісі мен жеңісін паш еткен жыр шумақтары да жеңіс күнін жа­қындатуға арналған ересен күш, ерекше сес еді.

Мыңбай РӘШ.


 

  • ЖАҚСЫНЫҢ ЛЕБІЗІ

ЖАҚСЫ КҮНДЕР ЖОРАЛҒЫСЫ

Жәкең қазақты бүкіл әлемге танытып кетті. Қалыптасқан ұғымға, нанбас ұғымға қарап, заманындағы шындықты бұрмаламау керек. Қазақты, қазақтың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дүниежүзіне ең алдымен танытқан – Жамбыл болды. Әуезов емес, Абай емес. Біздің ұлы фольклорлық мұраларымыз емес. Жамбыл. Арыстар атылған, халық қырылған, елдің еңсесі түсіп, аруағы төмендеген ең бір қиын кезеңде Жамбылдың ұлт ұранындай көтеріліп, соншама атақ-даңққа жетуі – үміт сәулесі, болашақ жақсы күндер жоралғысы сияқты көрінді. Азаматқа күш берді, кейінгі ұрпаққа тыныс қосты. Міне, сол Жәкең – Алаштың ұлы перзенті, қазақтың даңқын шығарған ғажайып тұлға екендігіне ешқандай күмән тумауға тиіс. “Құдай жоқ болса, ойлап шығару керек” деген сөз бар. Жамбыл қолдан жасалған жоқ, сом болып қашалып туды, қазақтың ұлы жырауларының ең соңғы сарқыты болды, орта сақара дүлдүлін жиырмасыншы ғасырдағы империя төріне шығарды. Сол үшін де біз Жәкеңнің аруағына бас ұрып, барын бағалап, әрқашан да қастерлеуіміз қажет.

М.МАҒАУИН.


 

  • САҢҚЫЛДАҒАН САРАЙ

МЕН ӨЛМЕЙМІН, ӨЛМЕЙМІН!

Жамбылдың әзірге ең көлемді жинағы 2014 жылы – Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жанындағы Жамбылтану және халық ақындары институты шығарған 4 томдық жинағы. Оған  бұрынғы жинақтарына кірмеген 1 томнан астам жаңа мәтіндер қосылды. Жамбыл мұрасы туралы айтқанда біраз күдікті жайлар бар. ҚР  ҒА Ғылыми кітапханасының қолжазба қорында ақын айтыстарының араб, латын жазуындағы қолжазбалары тұр. Кейбірінің 3-4 нұсқалары бар. Жамбылдың Құлмамбетпен айтысын С.Сейфуллин 1931 жылы шыққан   «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағына кіргізсе, Ғылыми кітапханада Жамбылдың Сарбаспен айтысының 1927 жылы  Сабыр Шәріпов жазып алған нұсқасы тұр. Бұл нұсқа ақынның жинақтарына беріліп келген нұсқадан 3 есе көлемде. Алғаш «Жұлдыз» журналында жарияланған нұсқа ақынның 4 томдық жинағының 1-томында берілді.

1927 жылы Ұзынағашта «Қосышылар одағының» жиыны өтіп, Жамбыл сонда «Замана ағымы» толғауын айтқан. Жаңағы айтыс пен «Замана ағымы» бір бумада тұр, бір қолмен жазылған, датасы көрсетілген.

Айтыстардың қолжазбалары мол, бірнеше нұсқадан сақталса, өлең, жырларының қолжазбалары неге аз сақталған деген сұрақ туады. Жамбылдың әр жылдардағы жинақтарының түсініктемелерінде көптеген шығармаларының қайдан алынып берілгені жайында деректер бар. Сол адрестердің кейбірі бойынша қараған едік. Болмай шықты. Сол қолжазбалардың болуы мүмкін деген жерлер бар. Ұзақ қарау керек. Мұхтар Әуезов мұражайы 1997–2011 жылдары ұлы жазушының 50 томдық толық академиялық жинағын шығарды. 15 жылдай 5-6 адамдық ұжым табанды жұмыс істеді, талай қолжазба қорларын, архивтерді, кітапханаларды өткен ғасырдың басынан бергі мерзімді басылымдарды ақтарды. Осындай жұмыс Жамбылға да, басқа да шығармашылық тұлғаларға  қатысты атқарылса болар еді.

ҚР Мемлекеттік архивінде М.Әуезов шығармашылығына қатысты  материал іздеген жылдардың бірінде тізімнен «Подстрочники стихов Джамбула» деген бума кездесті. Бума ішінде подстрочниктермен бірге Жамбыл жырлаған «Көрұғлы» жырының екі нұсқасы (бірі 4-томдықта берілді), «Менің өмірім» шығармасы (кітапқа берілгенде біраз редакцияланыпты) және бірнеше өлең, толғау шықты. Солардың бірі алғаш рет баспа бетіне беріліп отыр.

Алқындырып тоқсанды

Келсемдағы қартайып

Тайған жоқпын тұғырдан

Жүлде алатын жүйрікпін

Қия шауып қыйырдан.

Шабамын әлі, талмаймын

Аласым көп ғұмырдан,

Жырдың асқар шыңына

Саламын құлаш қырандай

Екпіні құмды суырған.

Тосса да ауру тұс-тұстан

Мен өлмеймін, өлмеймін!

Өл дегенге көнбеймін.

Қарттыққа ерік бермеймін.

Белім бүгіп, сан тіреп,

Еңкейіп жерге төнбеймін.

Ақтөбенің қарындай

Ақ болса да сақал шаш

Желпіні күшті желдеймін.

Желдете құлаш сермеймін.

Сермеген сайын өрлеймін

Топтың алдын бермеймін

Сөз тиегін ағытсам.

Тәкаппар соққан желдеймін,

Жырыммен шықсам желпініп,

Асуы асқар өрдеймін.

Домбырамды қолға алсам,

Жаздай емген төлдеймін.

Қарт емеспін, жаспын мен,

Келсе де қаптап сан ауру,

Мен өлмеймін, өрлеймін.

Мен – тоқсанға жеткен шежіре

Қалған бір белгі көнеден

Сонда да қартпын демеген,

Маңдайымда сай-сай боп

Жатса да әжім саласы,

Білеуленіп қолымда

Тұрса да тамыр қарасы

Домбырамды жебегем,

Жыр дариясын шалқытқам

Қаумалап келсе қасыма

Немерем мен шөберем.

Жайнаған жасыл даламды,

Салтанатты қаламды,

Араладым сан рет

Көзімді салып көреген.

Жүрісім әлі жастардай,

Көремін әлі төбеден,

Қарт дерлік бір белгім жоқ

Сөйте тұра неге өлем.

 

Бір кезде мені қоршаған

Ұл мен қызым майданда

Жүр дұшпанмен алысып,

Қаһар соққан хайуанға

Қарсы тұрып қарысып.

«Асыл» тәнін немістің

Табанға басып жанышып,

Еңіреп жатқан еліне,

Өксіп жатқан жеріне

Қыйқулап шауып табысып,

Шыбын жанын шіркейдей

Шүберекке тағып ап,

Сол бір кеткен балалардың

Жеңіспен елге қайтқанын

Көрмейінше неге өлем?

Астанам, ордам, жүрегім,

Тарықсам таяу тірегім,

Сілтесем жауға білегім

Москвам, сенің тар күнде

Төніп келген дұшпаннан

Таймағаның, білемін.

Сол бір сынды сағатта,

Бір ғана сенің үстіңде

Болған еді тілегім.

Сарыарқада отырып

Тілегіңді сенің тіледім.

Жау серпілді шегіңнен,

Еркін соқты еліріп,

Қысылған сонда жүрегім

Енді сенің сәулетті

Салтанатың деп жыр

Ел – жүрегін бір көрмей,

Қартқа сәлем бір бермей

Айтшы осы мен неге өлемін?

Жеңістің таңы арайлап,

Атып келед нұрланып.

Ел үстінде түнеріп,

Төнген апат түнегі

Семіп барад сұрланып.

Жөңкіліп қашып барады

Еліме тиген жау қолы

Түн жамылып ұрланып.

Москвадан естісем

Жеңістің алып салютын

Отыра алмай ырғалып.

Тамырымда қан тасад

Жатсам дағы төсекте

Ауру болып қыйналып,

Сағат жақын жерімнен

Түнек кетер, күн алып,

Сол сағатта еліммен

Қуанбай бірге шаттанып,

Жыр дариясын ағызбай

Жүректе тұрған жатталып

Айтшы осы мен неге өлемін?

Естімей туған елімнің

Жеңісті әнге салғанын,

Бұлбұлдар қайтып, орманға

Оқ орнына құбылтып,

Шырқағанын  таңғы әнін,

Жігіттер қайтып аулына

Құшақтай кемпір, шалдарын.

Бауырыңа басып балаларын

Сүйгенін көрмей жан-жарын:

Сонда оларға бармағым,

Көрмей кәрі көзіммен,

Жеңісі ұлы сағаттың

Жерімді нұрға малғанын,

Мен өлмеймін, балаларым!

                                                   Р.ӘБДІҒҰЛОВ.

 


ӨЛЕҢ СӨЗДІҢ ҰҚСАҒАН ҚҰДІРЕТІНЕ

Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік Орталық музейінде «Алматының 1000 жылдығы» аясында халық ақыны  Жамбыл Жабаевтың  170 жылдығына арналған «Жыр алыбы Жамбыл» атты көрме ашылды. Көрмеге Жамбыл жыраудың халыққа аз танылған фотоқұжаттары, қызметкерлер мен мектеп оқушыларының ақынға жолдаған құттықтау хаттары, ақынның орыс тіліне аударылған өлеңдері, марапаттаулары, ақын туралы еңбектер, экспонаттар қойылды. Сондай-ақ, Жамбылға арнап салынған қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің «Жамбыл», атақты мүсінші Исаак Иткиндтің «Бала Жамбыл» мүсіндік портреті, сондай-ақ,  Л.Леонтьев, Н.Карповскийдің туындыларын кездестіруге болады.

Аталмыш көрмеде мұқабасы терімен қапталып,  күміс қалып кигізілген, қоңырау пішінді күміс салпыншағы бар тоқыма баудан жасалған бетбелгімен әшекейленген «Жамбыл шығармалары» атты қолжазба мен Жамбылдың 75 жылдық шығармашылық мерейтойына арнап шығарылған сурет альбом да халық назарына ұсынылды. Көрме сәуір айының аяғына дейін жалғаспақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір