Біз де бір дүбір салғанбыз
12.01.2024
221
0

«Қазақ әдебиеті» газетінде жүріп, қоғам қалыпқа салған тәртіптің адамы болу мүмкін емес. Ал енді бұл газетті қалыпқа салам дегендер қандай обал жасағанын өздері білетін шығар. Бірақ бас редакторлар ауысқан сайын газет қайта қалпына келіп отырды. Өз кезімізде біз де намысты қолдан берген жоқпыз. Қазіргі жұрттың айтып жүргеніне қарағанда, жаман газет шығармаған сияқтымыз.
Бас редактор болмай тұрып та осы газеттің жолында басымыз кетіп қала жаздаған. «Қайрат» қай республиканың командасы?» деген сын мақала жазам деп, жанымды Шерағаң алып қалған. Тоқтар Әубәкіров туралы «Батыр қазақ» деген мақала жазғаным үшін, орталық комитетке түсінік­теме жазғам. Сондағы таққан айыбы «бар қазақты батыр деп отырсың» деген жала еді. Тағы бір есімде қалғаны, Тәуелсіздік декларациясы жарияланған күні жазған «Ендігі қауіп орыстың өз ішінен» деген мақалам болатын. Сол мақала үшін менің орныма, орталық комитетке бас редактор Оралхан Бөкей жауап берген. Бұл бас редактор болғанға дейінгі жағдай, ал бас редактор болғаннан кейінгі жағдайды содан-ақ бағам­дай беріңіз.
Газетте бір күндік тақырыптар болады. Сондай тақырыптарды қаузап, өгіз аяңмен жүре берсең де ешкім ештеңе демейді. «Қобылан­ды келеді сайменен» деген сияқты материалдарға оқырман да үйреніп алады. Бірақ біз оған жіберген жоқпыз.
Шерхан Мұртазаның «Әр нәрсе­нің де обал-сауабы болады» деген сөзі бар еді. Түсінген адамға, бұл – сол ұлттың аманатын арқалаған газет. Сонымен бірге, әдебиетке ғана емес, өнерге де жауапты жал­ғыз басылым. Сондықтан біздің көтерген тақырыптарымыз әде­биеттің ғана емес, өнердің де ауласын шаңдатып жатты.
Менің кезімде газетте айтыс-тартыс көп болды. Бір үлкен жазу­шы мақала жазып келеді, екінші бір жазушы соған қарсы мақала әкеледі. Екеуін де беру керек, өйткені «Қазақ әдебиеті» – тыныш қана жүре алмайтындардың бәріне ортақ газет.
Содан «Қарсы мақала» деген айдар ашуға тура келді. Бір күні Алматы қаласы басшысының идеология жөніндегі орынбасары Ғалым Боқаш телефон соғады. «Аға, анау «Қарсы мақала» деген айдарыңыз жын шақырып тұрады екен. Соны өзгертсеңіз болмай ма?» – дейді. Мен: «Ғалым-ау, сенің бізге тілекші екеніңді білем. Бірақ бұл айдарды өзгертуге бол­майды», – дедім. Себебі қаптың аузы сөгіліп, шындық айтылуы керек. Егер пікірталас болмаса, қарсы мақала жазыл­маса, шындыққа қалай көзі­міз жетеді?
Содан опалаң-топалаң бас­талды да кетті. Сөйтсем, қалам­даста­рымыздың көбі шындықты айтып алып, өздері шыдамайды екен. Кешегі Мұхтар Мағауиннің елді шулатып жүргені бір-ақ сұхбат қой. Біздің кезімізде ондай мақалалар апта сайын шығып тұратын.
Мәселен, «Абылай хан жат пла­неталық­тармен қалай соғыс­ты?», «Ғасыр халтурщигі кім?», «Ясауи кесенесінің ішінде түрік­­тің тракторлары не істеп жүр?», «Шыңғыс хан Отырарды күйретуші ме, құтқарушы ма?», тағы да басқа толып жатыр. Мұхтар Мағауин мен Мұхтар Ша­ха­новтың дауы сол кезде бас­талды. Бірақ біз «Сіз қарсы мақала жазыңыз» деп ешкімнің алдына барғамыз жоқ.
Меніңше, мұнда тұрған еш­теңе жоқ. Тек ұлттық мәселе айтыл­ғанда, өз атына қабылдап қалғандар бар. Әйтпесе, Шыңғыс хан­нан бастап, бәрі де керек тақы­рып. Әлем қызыққан тақырыптан біз неге айналып өтуіміз керек?
Әрине, әдебиет, мәдениет, өнер тақырыптарын жазу тікелей міндетіміз болды. Мысалы, Талаптан Ахметжанды тұсаукесер сайын театрға жұмсайтын едік. «Мықты біреуді шақыр, қасына отыр, эмоциясын біл, пікірі өзгеріп кетпей тұрғанда жазып ал» дейтінбіз. Музыка, сурет өнері де шет қалмасын дейтін едік. Бәрін біз істедік деуден аулақпын, бірақ шама жеткенше осының бәрін жаздық. Оқырмандардың сол кезді сағынатынын байқаймын. Сол кезді біз өзіміз де сағынамыз.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір