ЖАМБЫЛДЫҢ ЗАМАНЫ
Жамбыл – сонау Сыпыра жырау, Асанқайғыдан басталып, ұстазы Сүйінбай ақынға, сол тұстас өзге сөз зергерлеріне дейін үзілмей келген жүздеген жүйріктердің мәйекті сөзі мен дәйекті пікірін бойына жиған құймақұлақ дарын. Оған күңіренген елді жұбатып, күйікті ерді атқа мінгізердей жыраулық пен қаһарлының айбынына пысқырмай әділдігін сөйлер абыздық қасиет қандай тән болса, қоңырқай тірлік кешіп жатқан құбатөбел қауымның санасына найза сұққандай етіп, есіне талай нәрселерді түсіріп, ұзақ уақыт бойы ойға шомдыртар күйшілік пен жыршылық қасиет те сондай тән болатын. Сондықтан да оның лебізі тарих керуеніне арпалыспен ілесіп, өмір кешіп келе жатқан қазақ атты қауымның XIX ғасырдың ақырында көзін көріп, сөзін тыңдаған тұстастарын қалай тебірентсе, бүгінгі XXІ ғасырдың басындағы ұрпақтарын да солайша тебірентпек.
Ақын жырларында өз халқының өмірбаяны жатыр. Ал өксікке толы, өжеттікпен суарылған өмірбаян, ол сол елдің өзін ғана емес, елдікті сыйлайтын, ерлікті бағалайтын адам атаулыны әманда селқос қалдырмаған. Тегінде ауызша үрдісте өмір кешкен, ақындықтың ақ ордасын XX ғасырдың сахнасына тіге отырып, тек қазақтың ғана емес, күллі дүниежүзінің сөз зерделейтін миллиондаған қауымын өзіне тәнті еткен Жамбыл жырларының қадір-қасиетінің күні бүгінге дейін кемімей келе жатқандығының басты себебі осында.
Ұстазы Сүйінбай ақын бала Жамбылға батасын беретін алғашқы жолы-ақ: «Өлеңің бүкіл халықтың сүйсініп тыңдайтын өлеңі болсын, көмекейің емес, жүрегің сөйлейтін болсын. Шындықты айт, әділдікті жырла… төңірегіңде не болып жатыр, соны аңғар», – деген ақыл айтады. Осы сөзді ол бала Жамбылдан, дана Жамбылға дейін өсу жолының барлық тұсында да есінде қатты ұстады.
Әрине, Жәкеңнің бірден елін аузына қаратқан, аузымен құс тістеген ұлылыққа жетпегені баршаға аян. Шығармашылық жолдың қиындығы да осында. Әуелгі кезде Жәкең Айкүміспен, Бөлектің қызымен, Шыбылдың шалымен, Бөлтірікпен, Сарымен айтысады. Олардың қай-қайсысында да жеңіс Жәкең жағында болады. Келе-келе арынды ақын Құлмамбетпен, Досмағамбет, Шашубай, Сарыбастармен айтысады. Бұл ақындар сол замандағы атақ-даңқы дәуірлеп тұрған, ел мойындаған айтыстың ақтангерлері болатын.
Құлмамбеттің кекесін сөздеріне Жәкең: «Жақсылық-жамандықты тексереді, кім жүйрік, кім шабаны екшеледі. Елімнің ерлігімен мақтанамын, сырт дұшпан көрген бізді сескенеді. Жалғыз-ақ сен болмасаң таз Құлмамбет, қай ақынға бұл Жамбыл дес береді? Сұраншы, Саурықпен жаудан өлген, Халық үшін шәйіт болып жанын берген. Елді қорғап өлгеннің арманы не, қалың қазақ құрметтеп соңына ерген», – деп, Қоқан хандығынан Жетісу, Түркістан, Әулие-ата, Созақ, Ташкент, Қырғыз елдерінің атыраптарын орыс әскерлеріне қосылып азат еткен, 1860-1866 жылдардағы қазақтардың жорық жолындағы ерліктерін айтып жеңеді. Сондай-ақ, барынша діни білімі мол, молда ақын Доспамбетті де: «Молда емессің, соқырсың, зікір айтып зарлаған… Кедей өлсе үйіне күңіреніп бармаған. Аттана шауып бай өлсе, қирағаттап құранды, күні-түні сарнаған», – дей келіп, өліні алалайтын құлқын құмар молдалар қылығын айту арқылы жерге қаратады. Замандасы Сарыбас ақынмен айтысқанда, ұлы Мұхтар Әуезов сөзімен айтқанда, «Жамбыл екінші бір зор сапаға ауысады… Домалақ, Сұраншы, Саурық үшеуі туралы үш тамаша дастан жырлап шығады». Сарыбастың өзі жеңілгенін мойындайды.
Ұлы жыраудың Абылай, Кенесары мен Наурызбай, Сыздық, Исатай, Аманкелді, Бекболат сияқты қазақ жұртының елдік тарихында елеулі орны бар өз қаһармандарын ғана емес, кейінгі Кеңестік дәуірдің де ерлерін барынша айқын бояулармен жеріне жеткізе жырлағаны белгілі. Бұл турасында оның, әсіресе, Ленин мен Сталин, бір мақсаттағы олардың мүдделес серіктері – Ворошилов, Молотов, т.б. туралы жырларына бүгінгі оқырмандар бұлар қалай дегендей үрке қарайды. Ал енді осы дұрыс па? Мәселен, ақын 1941 жылы 22 маусымда Германия совет еліне шабуыл жасағанда – бұл оқиғаны бүкіл ел басына түскен алапат деп ұғып:
– Асқар таудай еліме,
Байтақ жатқан жеріме,
Шапты фашист дегенде…
Ашуменен аралас
Жырда келді көмейге, –
деп халқына ұран тастайды.
1941 жылдың күзінде «Правда» газетінің редакторының өтінішімен қоршауда қалған ленинградтықтарға арнап атақты «Ленинградтық өрендерім» жырын толғайды. Бұл туындының кезінде ленинградтық қаһармандарға қалай әсер еткенін, аспаннан жау самолеттері шүйіліп бомба тастап жүргенде көшедегі плакат болып ілінген сол өлеңді оқып, көздерінен жастары сорғалаған халықтың арасында өздері де жүргенін осы оқиғаның куәсі болған Н.Тихонов, В.Вишневский сынды орыс халқының атышулы қаламгерлері тебірене жазды. Бұл шығармалар сол уақыттағы Советтер Одағындағы ең бір белгілі туындылардың қатарында болды. Жамбыл есімі де солай. Ал ана шығармалары ше? Оларға да, әсіресе, Ленин мен Сталин туралы туындыларға да барша жұрттың ілтипатпен қарағандығында дау жоқ. Ал бүгінде «Ленинградтық өрендеріме» баяғыдай ілтипат болмағанмен, көпшіліктің бір кездегі ел көсемдеріне арналған туындыларды еске алысып, елеуресіп қалатындары аз емес. Тіптен керек десеңіз, осы шығармалармен байланыстырып Жамбыл туралы қара сөзбен толғау толғап кететіндер де табылып калады. Пікірлерінің ішінде әрпіл-тәрпілдері де бар. Сонда бұл қалай болғаны?
Бұл − заманның өзгергенінің белгісі. Бірақ әр заманның өзіндік тынысы бар, жыры бар. Кез келген дәуірдің жыры, әуені барлық уақытқа бірдей ерекше асқақ қалыппен қызмет көрсете беруі шарт емес. Оған солай болмадың деп жыршыны кінәлау, әсіресе, өз заманында бүкіл халқының көкейіндегі ойын тап басып айта білген ақынды ғайбаттау артық. Осы тұрғыдан келгенде, Жамбыл жырлаған заманға бір сәтке көз жүгіртіп өтуге тура келеді.
Ақынның «Ленин мавзолейінде» деп аталатын «Күнсіздерге күн болған, жер жүзіне нұр болған, Ақылдың кені данышпан» дейтін сөздермен басталатын белгілі толғауы мен Сталинді мадақтайтын атышулы «Туған елім» жыры 1936 жылы дүниеге келгені белгілі. Бұл тұста қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеу қаласында онкүндігі өтті. Советтер елі өзінің атақты Конституциясын қабылдау қарсаңында тұрды. Оның алдында елдің басшысы И.В.Сталин 1933 жылдың 7 қаңтарында бірінші бесжылдық жоспардың төрт жыл үш айда аяқталып, елдің ауыр өнеркәсіпті, қара металлургиялы, трактор, автомобиль, ауыл шаруашылық машиналарын, кеме, самолет шығаратын, электр өнімдерін, мұнай, көмір өңдіруден ең арттағы елден алға шыққан мемлекетке айналғанын мәлімдеп, Орталық комитеттің пленумында баяндама жасады. Арада төрт күн өткенде «Деревняның жағдайы туралы» орталық комитет пленумында сөз сөйлеп, сол жылдың 19 ақпан күні екпінді колхозшылардың бүкілодақтық бірінші съезінде кішігірім баяндаманың көлемінде сөз сөйледі. Мұнда күллі шаруалар қауымының күй жағдайының жақсарып, ауқаттыларға айналатындығы, әйелдердің ерлермен тең құқықта еңбек ету дәрежесіне қолдарының жеткендігі, орта шаруалардың колхозшылармен, жұмысшылармен одақтастығы мәселелері қозғалды. Ал 1934 жылдың 26 қаңтарында ВКП(б) Орталық комитетінің жұмысы туралы партияның XVII съезінде есепті баяндама жасай отырып, ел басшысы дүние жүзілік капитализмнің тоқырауға түсіп, ал КСРО-ның жыл өткен сайын жетістіктерге жетіп отырғанын нақтылы мәліметтермен баян етті.
Міне, осы кездерде И.Сталиннің сөздерінен кейін халық жер жаңғырықтыра қол соғып, «Сталин жасасын! Біздің көсеміміз Сталин жасасын! Ура!» деп елдің басшысын мінберден жібермей қоятын болған. Әсіресе, бұл бүкіл елдің өкілдері жиналған колхозшылар Съезі мен XVII съездің тұсында айрықша болған. Демек, сәтті аяқталған бірінші бесжылдықтың авторы Сталиннің бұл кездегі беделінде кемдік жоқ. Елі жақсы көреді. Ал ел ақыны сол жақсы көргендердің сапында, халқының қолын игіліктерге жеткізіп отырған, келешекте одан әрмен табыстармен табыстыратын көсемін жырлап баққан.
Соның бірі − Сүлеймен Стальский. Соның бірі − Жамбыл. Бұлар сол заманның белгілі жыршылары. Ал автономия, облыс, аудан көлемінен әріге үні жетпейтін қаншама жыршы болған? Сол кезде белгілі болғанмен, бұл тұста шығармасы ұмытылған қанша қаламгер бар? Оның барлығын есептеп шығу мүмкін емес те шығар, керек те болмас. Ал бірақ бір халықтың ғана мақтанышы емес, А.Толстой сөзімен айтқанда, «Совет поэзиясының ақсақалы» болған, Азамат соғысының батыры, Совет одағының маршалы С.Буденный тілімен айтқанда, «Халық поэзиясының генералиссимусы» атанған алып ақын Жамбыл мұрасын зерделегенде ол өмір сүрген дәуір рухына назар аудармай болмайды. Тіпті, кімнің шығармасын бағамдасаңыз да, қандай мәселеге баға берсеңіз де, оның солай болуына белгілі мөлшерде ықпал етпей тұра алмайтын жайларға көңіл бөлмеу көрегендіктің де, әділдіктің де өлшемі емес.
Ұлы Жамбылдың ұлылығын замандастары, дәуірі өз орнымен дұрыс бағалай білді. Ақынның 1936 жылы Еңбек Қызыл Ту, 1938 жылы Ленин, 1939 жылы «Құрмет белгісі» ордендерімен мадақталып, 1941 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болуы, Республика Жоғарғы Советінің депутаты болып сайлануы да осыған куәлік етеді. Оған жүздеген ақын жыр арнаған. Әлемнің Рабиндранат Тагор, Нексе, Н.Тихонов, т.т. небір алып ойшылдары, қастерлі қалам иелері ақын талантына тәнті болған. Халықта «Ел болса ер туғызбай тұра алмайды» деп айтылады. Жәкең де сондай дүниеге сирек келетін, алып тұлға, шығармашылық ұлы құбылыс. Елі ұлы Жамбылды, Жәкеңді ұзақ толғатып өмірге әкелді. Ақын сол халқына, еліне қаяусыз еңбек етті. Ақын аты, оның айбынды асқақ жырлары, оны өмірге әкелген халық бар жерде мәңгі жасай бермек.
Жұмат ТІЛЕПОВ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор.