ҚИЯЛДЫҢ ҚОЮ СИЯСЫ
26.02.2016
893
0

IMG-20160128-WA0018Жамбыл ӘМІРЕБЕКОВ

 

ҰЙҚЫДАҒЫ АЙ

Ұйықтап жатыр Ай,

Көрпесі қалған ашылып.

Көктегі өлең оқылмай,

Жұлдыздар қалған шашылып.

 

Былғаныш сезіп ойымды,

Періштем басты беттерін.

Бір жалын өртеп бойымды,

Үркіттім түннің кептерін.

 

Ызалы түн тұр сазарып,

Саусақтың түртіп ұшымен.

Бір кезде қатты бозарып,

Күбірлеп кетті ішінен.

 

Жалаңаш айды көргім кеп,

Естімей қаппын тықырды.

Мас ойға неге ердің деп,

Бетіме бұлттар түкірді.

 

Ұйқыда өмір, мен ояу,

Жасыма тұрмын жуынып.

Аяғын басып тым баяу,

Түн кетті белін буынып.

 

Керіліп кербез оянды,

Былғаныш таза ойдан қыз.

Нұрына күннің боянып,

Менімен қалды Ай жалғыз.

 

ШЫҚ  ҒҰМЫРЫ

Естимін жүрек дүрсілін,

Кішкентай шықтың тұп-тұнық.

Шиырып қиял ұршығын,

Шымырлығын тұр ұқтырып.

 

Тозаңға былғап кірпігін,

Самалмен әлек тазалап.

Құйрықпен қаққан түлкі мұң,

Шықты да жатыр мазалап.

 

Қас-қағым ғана ғұмырын,

Көтермек көкке ұмтылып.

Тартқылап өмір бұрымын,

Күлімдеп қарап тұр күліп.

 

Ойнаған өмір меңімен,

Шіркін-ай, неткен құштарлық!

Сырласпақ болған менімен,

Шықта жоқ екен іштарлық.

 

Тағдырмен қайтпай алысып,

Тартады мөлдір тегіне.

Күн шығып еді сәл ысып,

Бу болып кетті көгіне.

 

ҚҰЙЫН

Жұлқынып жетті бір құйын,

Тастақ жер шаңын үйіріп.

Түйіліп түскен қырғидың

Екпіні кетті қиылып.

 

Қайырып еді шаштарын,

Мәжнүн тал қалды қысылып.

Желінін сипап қасқаның,

Тартады жалын ышқынып.

 

Мәуелеп өскен шыбықтың,

Белінен құшты бұралып.

Білегін қысты құрықтың,

Асауға салған бұғалық.

 

Торғайды аңдып отырған,

Үкінің алды үрейін.

Тұзды тер сіңген тоқымнан,

Үркетін емес дүлейің.

 

Желдікті үрлеп қабысқан,

Сілкіді қайыс жүгенді.

Тізгініменен алысқан,

Қайырды бәйге күреңді.

 

Қабағы тастай түйілген,

Құлатты-дағы кетпенді.

Шөмейлі шөпке үйілген

Сіңді де кетті шеттегі.

 

Ерттеулі мінер қасқамды,

Құйыным тентек қайдасың.

Сіркіреп жаңбыр басталды,

Асырып желден айласын.

 

Басылды күн де қайнаған,

Су болып қалған балағы.

Тағдырымменен ойнаған,

Жастығым ба екем жаңағы.

 

ЖАСЫМА ЖУЫНҒАН МҰҢ

Жұлдыздар теріс қарап,

Өкпелі жатыр маған.

Шашып ем уыстап ап,

Ешкім жоқ мақұлдаған.

 

Жалғыздық жанымды жеп,

Жатырмын бұлт бүркеніп.

Кетіпті өмір жүдеп,

Тұр менен тітіркеніп.

 

Кірпігі дір етпейді,

Құдайға тұрмын қарап.

Әзірге күйзелтпейді

Ащылау құрғыр шарап.

 

Кетсінші суынғанмын,

Періште сезімінен.

Жасыма жуынған мұң,

Масайып көзін ілген.

 

Сынайтын дұшпан таппай,

Сенделем бұлт ішінде.

Кетейін құстар, қайтпай,

Қаталдау жұрт ішіне.

 

КӨШПЕНДІНІҢ ЖЫРЫ

Бір түбін алып жусанның,

Қиялды алғам қайнатып.

Қыңсылап кетпей қусам мұң,

Оны да жүрмін ойнатып.

 

Бұлттардың таппай ұясын,

Бармаған жерім қалмады.

Қиялдың қою сиясын,

Жырыма құйдым алдағы.

 

Бөрінің сауып қаншығын,

Азуын қақтым арланның.

Жанардан шыққан тамшының,

Аулына іздеп барғам мың.

 

Із кезіп жортып құс жолын,

Тас жарған көзді қадағам.

Жер қазған талай күс қолым,

Ай қыздың шашын тарағам.

 

Адасқан соқыр бағымды,

Сұраймын ыммен елімнен.

Баяғы аңғал шағымды,

Кетіппін тастап тебінген.

 

Бүлкілдеп құрғыр көкейім,

Кетер ем тауды ышқынып.

Шаршадым, мініп кетейін,

Шақырып желді ысқырып.

 

ҚАЙЫҢҒА АЙТЫЛҒАН СЫР

Мұңайған мені көргенде,

Жібиді көзі аспанның.

Пейілі шексіз кең кеуде,

Жұлдызын талай шашқанмын.

 

Сол үшін кеткен періштем,

Көкпенен жүр деп сырласып.

Жынданып сосын көп ішкем,

Түсіре алмай жырға шық.

 

Бір жұлдыз ағып түскенде,

Жүрегім бүрін жаратын.

Түтінге толы ыс кеуде,

Қағатын сонда қанатын.

 

Ал, жырым мұң мен жасыма,

Перзентім өскен жуынып.

Үмітімді орап басына,

Жүреді гүлден сыр ұғып.

 

Тек осы ғана байлығым,

Жоқтығым оны былғама.

Тек уын жұтып қайғының,

Жиғаным менің жыр ғана.

 

Сұрамай аштым барлығын,

Шерімді кеттім ақтарып.

Дүниенің ұғып тарлығын,

Жасымнан жүрмін от жағып.

 

Мен бар да жаурап жырларым,

Жүргенін көріп сенделем.

Қайыңға айтқан сырларым,

Өлең боп келер желменен.

 

СОНАРДА

Қар жауып жатыр қылаулап,

Қабағы тастай түйілген.

Жазықта түлкі жүр аунап,

Үрінді қарға үйілген.

 

Жоталар болса қымтанып,

Бүркеніп алған бастарын.

Сүңгіден кетті жыр тамып,

Сонардың көктеп астарын.

 

Жемтігін тінтіп ақ қардан,

Қалқиды қыран көгінде.

Соқпағын іздеп тапталған,

Ұлиды Айға бөрің де.

 

Етекте қалың шеңгелдің,

Қояны әккі шықпаған.

Қыраннан бұрын мен көрдім,

Ши түбін киік ықтаған.

 

Бусанған жүйрік пысқырып,

Омбылап қарды шабады.

Шымшылап аяз ысқырып,

Тамсанып бозға қарады.

 

Қыран да көктен шүйіліп,

Киікке түсті құлдырап.

Боз боран қарды үйіріп,

Тұрса да атым тың бірақ.

 

Боздатып бозды келемін,

Үйіріп басын қамшыны.

Көбігі аунап өлеңім,

Қашады алып аңшыны.

 

Шүйіліп келіп қыран да,

Көгіне қайта атылды.

Толғатып жатқан бұл аңға,

Кез қылды Құдай ақынды.

 

Бозымның буы бұрқырап,

Тізгінге әрең тоқтады.

Сүйегі жырдың сырқырап,

Атуға дәті батпады.

 

Қанжыға бауы түйілмей,

Келемін қайтып ізіммен.

Тағдырға кеттім иілмей,

Сонар да қалды үзілген.

ПІКІР ҚОСУ