БАУЫР
Ататаудың күнгейі іркес-тіркес бір-біріне еміне итініп жота-жондар қыр-қыратқа, одан барып бел-белестер мидай жазыққа ұласып кете береді екен. Сиыр бүйрегіндей буылтық-буылтық тағы ауылдар үйме-жүйме болып, кішігірім жарқабақтар желкесіне үркесоқтап шүпірлепті. Ұлы дарияны сағынып солай қарай кернейлетіп тартатын бұлақтар, жылғалар, өзеншелер жер құрсағын тепсініп теуіп шығып, еңісте жуасып, жалбыздар жұпар шашып, дала мен күн исін бұрқыратып жататын. Түздің өмір жыры мәңгілік шертілетін еді. Үйдің іргесіне дейін алабота, есекмия, кәріқыз, итсигек, жолжелкен, жоңышқа, жантақ, жөргем қыр тіршілігінен хабар бергендей қалың өсіп көз қуантатын біртүрлі.
Бір ұрпақ жасындай уақытта Шаян, Арыстанды, Қарабас өзендері бойындағы сыңсыған сәнді талдар, қорқынышты қорыстар, қағілез құлағын қайшылаған нар қамыстар мен сусылдаған құрақтар жылан жалағандай тып-типыл ада болғандай. Қазір олардың жұрнағы да жоқ. Қанша қашқанмен қара аспандай Қаратаудан құтылмасын білгендей Жетімтау да жұтаң жадағай күн кешіп жатты. Ол менің де, Болатханның да отбасынан басталатын кішкентай Отаным – Жетімтау!
«Көп жұрттың ұғымында: Айға аттаған
Мен жүрген жаны қайрақ, қайратты адам.
Ал, өзім «жетім» деген сөзді естісем,
Сол бойда құздан құлап, жайрап қалам.
Сан ғасыр шыр айналып жұмыр жерім,
Таппады жетімдіктің бүгін де емін.
Жан-жағы – тұлдыр дала тауға қарап:
«Жетімтау, Жетімтау…», –
деп күбірледім.
Бір сапар әсерінің ізімен жазған қазақтың қалам қайраткер қызы Фариза Оңғарсынованың да сүйіп жырлаған Жетімтауы бұл. Ол мамыр аяғында таудан соққан майда желге маңдайын тосып, жер қызуын табаны және жүрегімен сезіне тұрып, бұлақтарды кешіп жүріп не ойлады екен?
Бұл дертті жоқ менің де емдер дәрім,
Жанға, рас, жаны жүдеу дем берді әнім.
Таңдандым таулар да шын тата ма деп
Жердегі жетімдіктің кермек дәмін.
Маңайда естілмейді жыр да, шу да,
Сонда да көңіл соқпас құр жасуға.
Жанында Жетімтаудың таулар түгіл,
Төбе жоқ сырласуға, мұңдасуға.
Айнала – қиыры жоқ сырлы далам,
Жетімтау асқақ қарап тұрды маған.
Тас жарып сайға қарай жарысады,
Қос бұлақ құлыншақтай құлдыраған.
Мен тұрдым ойлар сүйреп, мұңға кетіп,
Жетімтау шыныққандай сынға бекіп.
Күлкілі, күбірлі орта қызықтарын
Тұр асқақ жалғыздыққа құрбан етіп!».
Ақын жүрегі Жетімтауды осылай сезді. Оның шаңдағына аунап, жалғыз тал шыбығын ат қылып мініп шапқылаған Болат Мақатұлы бүкіл болмысымен оған кіндігімен байланып өскендей. Кішкентай ауылдың кешегісі де, бүгінгісі де көз алдында өтті. Табиғатқа тек тұтынушылық пиғылмен қарау орны толмас қасірет әкелетінін білді. Кездейсоқ жұлынған жапыраққа, үзілген гүлге жаны ашыды. Оны алысқа жетелеген осы асқақ та ұялшақ арман еді. Ауыл сыртындағы шеңгелді тоғайда жапатармағай қалың біткен жуаны жусатып жатқанда бұл аңырайып көкжиекке қарап тұратын. Көктемде күн күркірегеннен кейін Жетімтау аңғарына бітетін тәтті жамбас жуаға тұрғыластары тырмысып жүргенде де Болатхан қалыс қалатын еді. Маусым айының ортасында Жетімтаудың Әулиетас күнгейіндегі таудың боданадай-боданадай болып пісетін тау шиесі-ай, шіркін! Сондай туған топырақты қиып, ат жалын тартып мінгеннен кейін Алматыға аттанды. Бірақ қозы-лақтың жамырап у-шу маңырағаны, құлыншақтың шіңгір-шіңгір кісінегені мен ботаның тәтті боздағаны есінен кете ме? Жүрек қалауымен зооветке келіп түсті. Мәртебелі мамандық алғанда ұстаздары мен достары оның бұған бейімдігін байқап, ғылым жолын қууды қуаттады. Ата-бабалары білім алуды «инемен құдық қазғандай» деп бекерден-бекер айтпайды екен. Таңды таңға ұрған ұйқысыз түндер, кітапханаға шапқылаған күлкісіз күндер өтті. Кандидаттық диссертация қорғалды. Сонан соң докторлық дәрежеге жетті. Балалар ержетті. Болатханның көп жұмысының ішінен Сарыарқа асыл тұқымды қойды сұрыптап шығарудағы ұжымдық еңбегі еленіп, ғылыми ортада аса жоғары бағаланды. Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті академигі атанды.
Бұл Қазақияда аузы дуалы дала даналығын бойына дарытқан серкесөздің небір сайыпқырандарын кездестірмеді ме? Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шығады?» дегенді неге айтты екен? Әлде, елі үшін еңіреген ерлердің ерен еңбегі ескерусіз қала берген соң ба? Неде болса абыз айтқыш болып шықты… Бәйдібек ұрпақтары шаруасын күйттеп, түгін тартса майы шығатын өлкеде беймарал тұрып жатты.
XVIII ғасырдың ортасына таман Қоқан хандығы (1710–1876 ж.ж.) отаршылдық езгісін одан сайын күшейтіп, тізесін батыра түсті. Сыр бойын Аралға дейін, Қаратаудың о жағы мен бұ жағын, Жетісуды Ұзынағашқа дейін күштеп зорлықпен қарамағына қаратқан олар салық түрін көбейтті. Түндік басы 6 қой, 24 қап көмір, 4 өгіз арба сексеуіл, 100 бау қамыс тапсыруға міндетті болды. Күнгей қазақтары құлдық бұғауында бұлқынып, ұлт-азаттық көтеріліске қаншама шыққанмен кек қылышы тасқа шабылып майрылғандай еді. Шыдамның де шегі бар емес пе? Отаршылардың ызасы әбден өтіп, сүйекке жеткенде Сапақ датқа, Мұсабек батыр, Мәделіқожа және бірнешеу еті тірілер бірігіп, 1858 жылы хандықтың Шымшаһардағы итаршысы Мырзабиді өлтіріп, азаматтар атқа қонды. («Өлтіріп Мырзабидің өтін алып, қолымның ет асадым қаныменен» сол жолы туды). Болатханның бабасы Балғабай датқа құдай қосқан туған құдасымен ниеттес болып, қолдау көрсетті. Қалың бұқара халық қаһарынан қаймығып, ушыққан оқыс оқиға құн төлеумен ғана мәмлеге келді. Әжесі айтып отыратын қаһармандық хикаясының Болатханның есінде қалған бір парасы бұл.
…Адам зердесінен ерлік іздері, сірә, оңайлықпен өше ме? Ол достарымен қызғалдақ, бәйшешек пен сарымсақ теруге шыққанда Жетімтау, Қаратас беткейлеріндегі ескі тас қорымдар, обалар мен қарауыл төбелерге ұшырасқанда ол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тақсыретін тартқандай күй кешетін. Туған жердің бағзы замандардағы шежіресі сыр шерткендей еді. Бұл өмір әліппесі Болатхан Махат жүрегінде ешқашан өшпестей болып жатталып қалыпты.
Бірде өзі де бүкіл жаратылысымен көшпелі зерек халықтың туған баласындай болып кеткен «неміс ішіндегі қазақ Герольд Карлұлы Бельгер заман күрделеніп, адам азып бара жатқанына назаланып, толғанған болатын маған:
«Ізгілік», «мейірімділік» ұғымдарына пысқырып, айылын жимайтын адамдар ұрпағы өсіп келеді. Олар үшін бұлар түк емес.
Жомарт жақсы кісі – қазір осал адам, олақ, жылаңқы, парықсыз, былжыр, жайбасар…
Ізгілікке, мейірімге, сақылыққа ауылда мұрынбоқ біздерді қаршадайдан үйрететін. Әр кішкентайдың өзінің бәсіре сүйкімді, үріп ауызға салатындай қошақаны, құлыншағы, күшігі болатын. Жануарларға, айнала қоршаған ортаға: жылғаға, алаңқайға, тал-дараққа, өзендерге, құдықтарға деген сүйіспеншілік игілікке, мейірбандыққа, жанашырлыққа тәрбиеледі.
Ауыл әулиехана, жасыл жағажай, өнегелік тірегі, түпқазық, мектеп еді».
Асыл аға аңсаған киелі сезімдер ұшқындарын мен Болатханның болмысынан көргендей боламын. Табиғат оған өмірді ғашықтай сүйетін жомарт жүрек сыйлапты. Ол жүріп өткен азамат жолы ұзақ. Сонау Қаратау қойнауынан басталып, Алатау аясында жалғасып жатыр.
Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН.
Суретте (солдан оңға қарай): Б.Мақатұлы, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымның докторы, академик Ә.Дербісәлі және ақын А.Нысаналин.