Өтейікші арымызды ардақтап
23.12.2023
646
0

Кешегі Жазушылар Одағының думанды ортасында қуатты шығармашылығымен өз биігінен көрініп келген, бүгінгі таңда қатарлары сиреп қалған ақсақалдарымыздың бірі, көрнекті ақынымыз Сейфолла Оспан ағамыз да 85-тің асуына келіп қалыпты. Сейфолла Міркемелұлының балаларға арналған «Қалақай», «Балақойған», «Жалбыз» жинақтарымен бірге үлкендерге «Жазғы жауын», «Бақытқа хат», «Құндыздым, менің жұлдыздым», «Ар мен ән», «Жанарымда жан сырым», «Көңіл сәулесі», «Самала» атты бірнеше жинақтарымен қоса «Қанағат», «Алдымнан атқан ақ таңым» атты таңдамалылары және «Сырдария кітапханасы» сериясымен «Қанағат», «Тағзым», «Жалбыз» атты үш томдығы жарық көрген. Сонымен бірге аты әлемге әйгілі «Мың бір түн» шығармасының қара сөзін Қалтай Мұхамеджан ағамыз, ал ішіндегі 12 мың жолдық бәйіттерін осы Сейфолла Оспан ағамыз қазақша сөйлеткен. Қаламгер Шығыстың ұлы ақындары Әбдірахман Жәми, Фердауси, Руми, Рудаки, Хұсырау, Насими жырларын да өз қазынамызға қосқан. Әдебиеттегі жанкешті еңбегі дер кезінде еленіп, ескеріліп, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен марапатталған. Ақын Сейфолла Оспан өз туған жері Қызылорда облысының «Жалағаш», «Сырдария» аудандарының Құрметті азаматы және біздің Одақтың да Құрметті ақсақалы.

 Сейфолла ОСПАН

УА, ЖАРЫҚ ДҮНИЕ!

Уа, Жарық дүние!
Менің жырым сенің дархан базарың,
Жұмсақ мимен ауыр ойдың
Қатпар-қатпар қабаттарын қазамын.
Мың шыймайлы әр күнімнің
Тарау-тарау томдарын,
Екі аяқпен жер төсіне
күні бойы жазамын.
Көп екен ғой қалың елің
көрмей жүрген ғажабың,
Сілкіп тастап жүріп келем
Ұлы өмірдің
ұсақ-түйек мазағын.
Сен де бірақ ырысыңды
таусылардай қызғанба,
Өзің жайлы жырлап өтсем,
таусылмайды жазарым.

ТАБЫНАМЫН

Табынамын Қара жерге,
Тәңірім ол жаратқан.
Табынамын Су мен терге
Бойыма қан таратқан.

Табынамын Көкте Күнге,
Сәулесіне шомылып.
Келтіреді Ауа тілге,
Тіршілік ол.
Оны да ұқ!

Жел – сәйгүлік, шабыт тұнған,
Жеткізбейтін қиялым.
Ел – мәңгілік аңыз тұрған
Кімге оны қиямын.

Айналатын жақтасыма
Ақиқатым дару-бақ.
Бас иемін От басыма
Қолдайтұғын аруақ.

Менің басқа тәңірім жоқ,
Тәңірім тек – осылар.
Жолым – шындық.
Жүрегім – от.
Тобым да осы қосылар!

БІР СӨЗ БОЛСА…

Бір сөз болса сыймайтұғын ақылға,
Көкіректік жараспайды ақынға.
Ақын – халық.
Халық – тұнған даналық,
Ал даналық жібермейді насырға.

Халық – Анаң, сөз анасы, өз анаң,
Өз анаңда сан мінез бар төз оған.
Көкіректік – күш көрсету,
Таста оны.
Тізеңді бүк,
Қос қолыңды соз оған.

Халық – Әкең, арқа тұтар асқарың,
Асқарыңды көзге елемей таспағын.
Сонда жатыр
Сенің бүкіл қуатың,
Ойлан ақын,
Бола алмас ол бас қамың.

Халық – Әжең, кемсеңдеген иегі,
Сүйретіліп келе жатқан сүйегі.
Бар тілегін төккен ұрпақ жолына,
Өміріңе өзек берген тиегің.
Халық – Атаң, сақалы бар салалы,
Бүкіл тарих сөз боп содан тарады.
Ол – қасиет,
Көтермейтін қылжаңды,
Бір-ақ соғар сен сияқты баланы.

Халық – Ару, көрсең көзің тоймаған,
Не мықтыны бас идірмей қоймаған.
Көкіректік көңіл сүймес жел ғана,
Орнын білер,
Есті ақындар ойлаған.

Ақын – халық,
Халық – тұнған даналық,
Даналықта болмайды еш алалық.
Ал даралық – дарақылық, топастық,
Сабыр сақта, алып ұшпай тоба ғып.

Ей, ақыным, сен – халықсың, абайла,
Халық жүгі, тым ауыр жүк, қалайда.
Оған төзу…
Әй білмеймін…
Айта алман.
…Ақындардан аңыз бекер тарай ма?!.

Сәл еркелік жарасады ақынға,
Еркін сөйлер халық тілі хақында.
Оны жоққа шығаруға болмайды,
Түсінеді жақының да, жатың да.

Ақын – Халық, осы отырған өздерің,
Ақын бала қанат берген сөздерің.
Сөздеріңнен қыран болсын ақының,
Шалып түсер ақиқаттың көздерін.

ЖЫР – АНА

Үндерді де естиміз біз қуанған,
Үндерді де естиміз біз жылаған,
Бейнелердің небір ғажап тұлғасын
Қарап тұрсаң, жасағандай Жыр-Анам.

Жанарынан жырдың сан сыр ұғамыз,
Болмаса оқып тап өзінен сұраңыз.
Кей сәттерде масаттанып, марқайып,
Арқаланып, Ар шыңынан шығамыз.

Сылап-сипап айтары бар оның да,
Қаруы бар қобалжытпас қолында,
Сырын оның адалдықпен ашпасаң,
Дәтің шыдап, тұра алмассың жолында.

Аруаққа сыйынсаң да атап бар,
Бөлекше оның мінезі де тәкаппар.
Бірде соғып, бірде сипап маңдайдан,
Шығарады не қиғылық шатақтар.

Түсіне алсаң құлағы бар еститін,
Жарамсақ пен жағымпазды кешпейтін.
Ойшылдарды ол да қатты ұнатар,
Сабырлы да салауатты бөспейтін.

Пасық пенен жасықтарың жоламас,
Ой мен сезім жемісі ғой ол – алмас.
Адалдарды баурап алар өзіне,
Бола алмайды мықтыларға қол ағаш.

Небір жанның ішкі нәзік сырларын,
Шертіп ойнап, танытады қырларын,
Тазартады, тезге салып бір сәтте ол,
Өңез басып, оңашарып тұрғанын.

Көрінетін небір ғажап жүзінен, –
дейді жырым бет моншақ боп үзілем.
Не ғаламат сиқыр күшпен еріксіз
Оқырманның сезіміне тізілем…

Үндерді де естиміз біз қуанған,
Үндерді де естиміз біз жылаған,
Бар әлемді тал бойына сыйғызып,
Масаттанып тұрады әркез Жыр-Анам.

ҚАСЫМ ЖЫР

Жақсы жырға жөргек етіп жүрегін,
Тыныс алған бергендей-ақ тілегін.
Сезімнің де мөлдір шығын себелеп,
Тал бойына жан жүгірткен жүрегін.

Әрбір сөзін жеке-жеке көрнектеп,
Санасының сәулесімен өрнектеп,
Жан дүниесін жалын сөзбен шегелеп,
Салып кеткен көз тіріде өр мектеп.

Күн нұрымен жарқылдайтын түн өтін,
Заманында жылайтын да күлетін,
Күңіреніп, көкіректен күрсініп,
Жүрегінен қалың жұрты білетін.

Күрмеу ойдан қаламсабы майысып,
Халық үшін қабырғасы қайысып.
Үрген сөздің қапырығынан қаймықпай,
Шыққан жан ең найзаласып, сайысып.

Өркеш-өркеш ойдың көшін омырып,
Жуасытып мінездерді томырық.
Жамау болып жаралының жанына,
Әлдилеген жырыменен торығып.

Тілім-тілім тілін әсем төгілтіп,
Жан біткенді сырласуға сөгілтіп.
Өтті өмірден ұлағатты бір ақын,
Қалың елдің есін алып егіліп.

Жарық жұлдыз – Қасым еді ол ақын,
Жан тұлғасы жырмен ғана толатын.
Ақындардың Сырбай, Ғафу бастаған,
Табынатын Тәңірісі де болатын.
Жақсы жырға жөргек етіп жүрегін,
Тыныс алған бергендей-ақ тілегін.
Сезімнің де мөлдір шығын себелеп,
Тал бойына жан жүгірткен жүрегін

ЖЫРҒА БІТКЕН АЛТЫН ҚАЗЫҚ
(Мұқағалиға)

Жан едің сен жаның нәзік,
Жүрсең-дағы көңілің азып.
Адалдықтан бір танбадың,
Жырға біткен алтын қазық.

Не жазсаң да жоқ қой жазық,
Құлашыңды еркін жазып.
Кейінгі өскен ұрпақтарға,
Болдың тағы алтын қазық.

Бүлінбедің жүрек сазып,
Жатпадың сен тарих қазып.
Жасадың сен өз ұлтыңа,
Жырдан мәңгі өлмес азық.

Сәби болып ғұмыр кештің,
Тылсым жалған сырын шештің.
Көкірегіңнен ғажап жырды,
Туындатып желдей естің.

Арнасы кең аңқау болдың,
Қу жақтарға арқау болдың.
Жолдан шықпас төбелдерге,
Қарағанда дархан болдың.

Небір тосын қылықтарың,
Аңыз болған қызықтарың.
Сол заматта жырға айналып,
Ел алдында ұлықталдың.

Өң мен түстей ұшып жүрдің,
Жыр сусынын ішіп жүрдің.
Аруақ қысып арқаланып,
Дозақ отқа түсіп жүрдің.
Қайғырсаң да, қуансаң да,
Жыр бәйгеден ту алсаңда,
Тасымадың, жасымадың,
Жарым сөзге уансаңда.

Абай болып ойға шомдың,
Мағжан болып мұңға тоңдың.
Қасымдайын от-дауыл боп,
Бірде тасып, бірде солдың.

«Грозныйдай» Әбділда ақын,
Бауырына тартып жақын:
«Құдірет деп кие қонған!» –
Айқай салды сөйлеп батыл.

Түспедің сен сол биіктен,
У жұтсаңда мол күйіктен.
Қазағыңның жас-кәрісін,
Жан болдың сен жырға иіткен.

Жаратқан соң тағдыр жазып,
Жыр жаздың сен жанға азық.
Міне, бүгін тойлап жатыр,
Орындалып ерке назың.
Жырға біткен Алтын қазық!

ЕЛ ҚОРҒАҒАН ЕРДІҢ МОНОЛОГІ

Аңыз ғып айтар мақтаным
Елімнен жұмақ таппадым;
Сол үшін өзім күрестім
Намыстың қайрап ақпанын.
Жібермей сәтті қас-қағым,
Жарық қып сана шақпағын
Қастерлеп әркез сақтадым,
Тұруы үшін мәңгілік,
Жарқырап ашық аспаным.

Жол бермей мылжың дырдуға,
Бөленбей қайғы, мұң-жырға,
Берсем де жанды шылбырға,
Түспеді еңсем, үнжұрғам.
Маталып жатып шынжырға
Нажағай етіп жүректі
Аттым мен тұман бұдырға.

Өттім мен тоқсан тоғаннан,
Бақытты іздеп жоғалған.
Алқызыл отқа орандым,
Жол табам деп орамнан,
Дауылдан небір бораннан.
Қаймықпай салдым қасқа жол
Сілкініп құрсау қоғамнан.

Түршігіп жаным шырылдан,
Ширықты қанша шыбын жан.
Қайралған кектер жиылған
Пір болды бізге сиынған.
Жазықсыздан жазықсыз,
Желкелер қанша қиылған.
Сонда да жалған айтпадым,
Шырқыраса да шыбын жан.

Сұр жебедей зыр қағып,
Жүзімді қайсар мұз қарып,
Беретін жауап сызданып,
Жүретін зорға ырғалып,
Ішіме кірген ұрланып.
Жымысқы жауды жастадым,
Сәттерде бір кез қас-қағым.

Талайын жойдық біз жұттың,
Тірегі болып тірліктің,
Іргесін қалап бірліктің,
Қанжардай қатып сірніктім.
Бауын шешіп түңліктің,
Бауырдың тойын жасадым,
Мендей-ақ болар бір мықтың.
Туған соң өзім ұл болып,
Қадамым әркез сын болып.
Алаулап жандым түнді орып,
Жатсам да қазір күл болып
Жайраңдап өндім гүл болып,
Төгілдім әсем жыр болып,
Сәттерім әрбір сыр болып.
Қақ төрінде Отанның
Жанып тұрмын мінеки,
Мәңгі өшпейтін күн болып.

ЖАНЫМДЫ ОТҚА ҚАҚТАДЫМ

Күбір-күбір өсек шықса көкке бір,
Қадалғандай қара жерге көк темір.
Көрінгенді қаралап сен сөкпе құр,
Оныменен шайылмайды өкпе-кір.
Орны өңез өзі түсер өтпе сыр,
Бұйыртқандай тағдыры адам көк тәңір!

Тоғысатын шоғырындай көп тамыр,
Айқұш-ұйқыш арпалысқан жоқ дамыл,
Жалған дүние аңсағандай оққа бір,
Аймалайды аптап болып от қабыр.
Кейбіреулер сырттай мәз боп босқа жүр,
Бірде жасқап төгетіндей досқа нұр.

Сезіміңе селкеу күйді сеппегір,
Сепкенменен таза арға жетпегір.
Есі жоқты есалаң ғып ептегір,
Көңілін жайлап күншілдердің кетпегір,
Жақсылықтың нұрын әсте төкпегір,
Шипа болсын дананы алар дертке бір.

Шындықтардың үні өктем, өшпегір,
Туындатпай жанды өртеп өкпе жыр,
Тезге салсын даналығы тас темір
Түсетіндей есуастар еске кіл.
Ары таза азаматтар көктегір
Тұрғандай-ақ сүйеніші көкте пір!

Құдіретің көкірекке төксе нұр,
Күмбір-күмбір жер әлемің көк сеңгір.
Күңіреніп көңіл күйде ойнаса,
Құшаққа алып бар әлемді өпсем бір.
Ес жиғызбас жұпарымен ексем гүл,
Тұздығына балдай тәтті сепсем жыр!

ҰЛЫЛЫҚ

Тұрған кезде табиғатым дым бүркіп,
Ұлы деген сөздің көркі тым сұрғылт.
Осы сөзге үйір болып барамыз,
Еңсемізді басып-жаншып бір сұр бұлт.

Тастатпайтын көздің жасын бір іркіп,
Барып тұрған сайтан екен бұл кірпік.
Ашып жатыр жолын жанар жалпылдап,
Сынап алмай жан алқымнан бір сілкіп.

Ұлы десе бедірейіп бүлк етпей,
Қабылдаймыз ұят-арды бүркетпей.
Есіреміз еркіндейміз содан соң,
Қоя ма ел бұл қылықты күлкі етпей.

Ұлы деген сөздің парқы тым ауыр,
Сөзге айналды бүгіндері бұл жауыр.
Бұл атақты халқың берсе бір сәрі,
Сұрап алу масқара ғой – траур.

Бұрынғылар бұған үйір болмайтын,
Бұл құбылыс Аллам өзі қолдайтын.
Қонса басқа бейне бақыт құсындай,
Ол құдірет ел басына орнайтын.

Ойыншыққа айналдырдық соны біз,
Сөздің парқын білмегендік сорымыз.
Туғандаймыз шетімізден ұлы боп,
Ештеңеге жетпей жатып қолымыз.
Жел кептірген көңіл хошын аз күндік,
Көтере алмай айналаны мәз қылдық.
Сөйтіп жүріп, шамамызға қарамай,
Аллам берген тіршілікті жазғырдық.

Бүгіндері талай-талай бел астық,
Жалықпастан жақсы істерге жол аштық.
Бірақ, бірақ ұлылыққа құмарту.
Уа, ағайын барып тұрған оғаштық.

ӨТЕЙІКШІ АРЫМЫЗДЫ АРДАҚТАП

Ар деген бір құдірет бар адамда,
Туын тіккен жарқыратып адалға.
Кей жандарға қанағатсыз жол сілтеп,
Уын төккен қақыратып арамға.

Көтермейді артық істі ол әсте,
Жөнсіз қылық елге әбес емес пе?
Қайғы-мұңсыз масайратып, еліртіп,
Айналдырар көз алдыңды елеске.

«Елес» деген – ұстатпайтын қиялың,
Бар ма, жоқ па, сен білмейсің зиялым.
Ойда-жоқта опындырып құлатар,
Көрсоқыр ғып сездірместен зиянын.

Оны жеңер жалғыз ем бар – шүкірлік,
Шүкірлікке тұсау салар күпірлік.
Күпірлігін – көлеңке ғой, бір сәттік,
Алданба оған.
Дей сал оған түкірдік.

Әзәзілі аппақ ардың – арамдық,
Бұл антұрған шыңға шыққан ғаламдық.
Арды көмді, ақша-құмдар алтындай,
Содан бәлкім, барша әлемде салқындық.

Арсыздықтан таза әлемің жоғалды,
Дәмі де өзге, әні де өзге, тоналды.
Етек алып дүниелер жасанды,
Тоздырды әбден ит жегендей қоғамды.

Адам-шыбын қоқысқа тек алданған,
Жұрнағы жоқ бір кездегі арманның.
Достық деген қандай ғажап қасиет.
Жолбике боп қалды ол да жалданған.

Бәрі осының кеткендіктен ар аттап,
Содан болар қалдық біздер зар қақсап.
Есті жинап, адамдыққа бой ұрып,
Өтейікші арымызды ардақтап.

СҮҢГІ ҮСТІМЕН…

Сүңгі үстімен суық тамшы сүмектеп,
Жалған өмір еріп жатыр шүмектеп.
Бір қария алқынып кеп тоқтады,
«Әй, антұрған, қайран осы жүрек», – деп.

Кәрілікті қиын беру суреттеп,
Кешегі жас маужырап тұр жүдеп кеп.
Арыны жоқ арқыратып басатын,
Жер ойылып кетердей-ақ жүр ептеп.

Қара жерге ақ таяғы тірек боп,
Ептеп-септеп, әйтеуір, тек күнелтпек,
Бір кездегі найзағайдай жанары,
Елестейді бұлдыраған түнек боп.

Жастық шағы кеудесінде сайрайды,
Буындарын дәрменсіздік байлайды.
Немересін былдырлатып ес көріп,
Әжептәуір жігерленіп, жайнайды.

Кіп-кішкене немересі қолғанат,
Соныменен отырады жол қарап.
Осы бір аз өміріне тәубе етіп,
Жер үстімен жүргеніне жорғалап.

Небір мықты құрдастарын нар қабақ
Елестетіп. Өз өмірін жалғап ап,
Мәз болады кей сәттерде шаттанып,
Қырандайын көк жүзіне самғап ап.

Көп ұзамай жел соғады бір өкпек,
Сүмбі үстімен суық тамшы сүмектеп,
Шаршап келіп, жантайғандай болады
«Әй, анатұрған, қайран осы жүрек», – деп.

ШАЙТАН ҚАЙДА?

«Шайтан қайда? Шайтан қайда?» –
деп безектеп іздейміз.
Қалмай қағыс аспан, Ай да,
Жеті қат Жер, ен теңіз.

«Шайтан қайда, шайтан қайда?» –
деп безектеп іздейміз.
Табамыз деп біз қалайда
Күн-түн күдер үзбейміз.

Құр далақтап көңіліміз тоқ,
Шарқ ұрамыз, іздейміз.
Сол шайтанның өзіміз боп,
Кеткенін де сезбейміз.

О, Шайтан-ай,
О, Сайтан-ай,
Сені жоям деп жүріп,
Тұзағыңа біз байқамай
Түсіп қаппыз телміріп.

Ар-намысты сақтайтұғын,
Қайда бүгін қаталдық.
Жылмаңдарды жақтайтұғын
Сайтан адам атандық!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір