Содыр бураның сорасы
21.12.2023
2037
0

Бурада Әзірейіл періштенің бір түгі бар. Жазда өледі, қыста тіріледі. Көзге көрінбейді. Оны көрген адамның көзақысы – өз өмірі ғана. Сондықтан да жараған бураны көлденең көздің ешқайсысы көргісі келмейді.

Діни әпсана

Қарашаның қары бірде қырбақтап, бірде сырғақтап сан құбылып тұрған. Өткен түні қалың қар жауды. Мынау түз-дала мен анау асқақ таудың бергі бөктерінен бастап, биік шыңдарына дейін бәрі әп­пақ. Осы бір көз қарықтырып, көңіл қобалжытар шетсіз-шексіз шаңқан да шалқар әлемнен жүгірген аң мен ұшқан құс та безіп кеткендей. Жансыз кеңістік, мүлгіген тыныштық.
Жоқ! Қимылдаған жан иесі бар екен. Міне, артына жап-жалпақ жүрек таңбалы іздерін қалдырып, асықпай ат­тап, біресе жүріп, біресе тоқтап, зор жаратылған түйе баласы келе жатыр. Егіз шыңдай екі өркеші енді-енді болмаса бірімен-бірі бірігіп кететіндей. Өркештен төменіректегі тып-тығыз, көтеріңкі қомдығы қабырғасымен қапталдасып кетіпті. Аяғын ат­тап басқан сайын екі өркеші дір-дір етеді. Жануар семірудей-ақ семірген екен!
Кекілдігінен мойнағына дейін, алқымынан кеудесіне дейін тұтасып өскен қалың да ұзын шудасы тізесіне ұласқан үйлесімділігіне қарамастан, үрейлі де қаһарлы сұс танытатындай. Сірә, кеше түнде жауған қарашаның қары осы шуданың қылшықтарына байланып қап, түскі шуаққа еріп барып, кешке қарай қайта қатқан болса керек, күн көзімен шағылысып, жалт-жұлт етеді. 
Алпауыт түйе аз тоқтап тұрды да, басын кекжитіп, тісін қайрады. Шықырлаған дыбыс тап-таза шыңылтыр ауаны тілгілеп өтіп, өткірлігімен бар маңайды қалтыратып жібергендей. Соны сезіп, тіпті шошыта түсейін дегендей, кекжиген басының желке тұсын алдыңғы өркешінің төменгі тұсына үйкелеп-үйкелеп жіберді. Талтайып отыра қалып шабына бастағанда ұшы шашақталған қос қарыс білеудей құйрығын бұтына тақап, соған зәрін сеуіп-сеуіп жіберген соң, оны апарып өркешінің артына соқты. Бірнеше қайталады. Мойны ұзара сорайып, қып-қызыл көздері аспанға қарайды. Аузынан бұрқырап шыққан ақ көбіктен алуан түрлі кішкентай шарлар ұшып жатыр.
Бір кез­де шабынудан шаршап қалғандай болып аз тұрды да, көз ұшында қараңдап тұрған топ шеңгелге қарай тұра жөнелді. Мойнын созып, құстай ұшқан жануар жете салысымен топ шеңгелді есесі кеткендей бытырлата сындырып, аунай бастаған. Осыдан кейін-ақ бойы жеңілдеп, көзі ашылғандай болды ма, жерді тарпып-тарпып жіберіп, басын төмен салып, желіп кет­ті. Төрт аяғын соза тастағанда, бұрқырай ұшқан бозаң қар шаңытып барып басылады.
Бұл түйе – осы аймақтың бәріне танымал атақты Көкбура!
Мамыр айының аяғында күзелгеннен кейін, өзімен-өзі болып, жаз айларын жалғыздықпен өткізу – оның қашаннан бергі әдеті. Баратын жері де, басатын тауы да өзіне белгілі. Негізгі мекендері – Қарғыба, Базар, Боғас деп аталатын үш өзеннің өңірлері. Қарғыбаны жағаласа – Қызылқорадан, Базарды жағаласа – Шүрек пен Айғаннан, Боғасты жағаласа – Қарашеңгелден ұзамайды. Көкбура тау жаққа онша құмар емес. Сонау бір жас кез­дерінде Тарбағатайдың бергі қара тауына ғана барып қайтып жүретін. Онда да көп аялдамай, бес-алты күн жүріп, ойға қайта түсетін. Сірә, өзінің туып-өскен тұмса табиғатын, кең көсілген жерін, сорлары мен ащы, тікенекті шөптерін сағынатын болар. Иә! Кекіресі мен алаботасына, көкпегі мен жусанына, шеңгелі мен қарағанына не жетсін!
Міне, биыл да мұны алты жігіт алып соғып күзеп тастағаннан кейін жылдағыдай жалғыз өзі жыраққа қарай жылжып кеткен. Жаздың үш айын үш өзеннің жағасында өткізген соң, Төртобаның төңірегін біраз мекендеп, қарашаның қары жауып, аяз түсісімен қайтып келе жатқан беті – осы.
Төртобада жүрген кезінің өзінде-ақ ешбір шөпке зауқы соқпай қалған. Шөп жегені анда-санда басын төмен салып, жер иіскегендей ғана. Күн салқындай бастаған соң, шөл де қыспайды. Базар өзеніне бес-алты күнде бір барып жүрді. Ас-ауқат­тан тартынған соң қампайған қарны да тартылды, кеудесі де кеңейді, құймышақ тұсы арыстандікіндей болып шөмиіп кет­ті. Тура былтырғыдай. Былтыр ғана емес, одан бұрынғы жылдарда да осылай. Он бес жасқа келген Көкбураның өз қонысына оныншы рет оралып келе жатқан сәті осы шығар.
Буралардың көбі көктем шыға арып-ашып, сүмірейіп қалған соң, басы ауған жаққа қаңғып кетеді ғой. Ал Көкбура тым алысқа ұзамайды. Өзінің жылда жүретін жерлерін ғана жайлап, жаз айларын сол аймақтарда өткізетін. Жапан түзде жалғыз жүретін осы бураны ұры да алмайды, бөрі де жемейді. Бөрі демекші, он жасқа толған кезінде қыс қат­ты болып, бүкіл өңірді жұт жайлаған. Сол жұт­та аш қасқырлар ауылға кіріп, мал қораларға да түсіп жүрді. Түйеші қожайын түйені қалың қамыстың ығына иіріп, сонда түнететін. Бірде осы қамыс ығындағы түйелерді қасқыр үйірі қамаған. Бүкіл інгендер жас тайлақтарды ортаға алып, өздері қасқырларға қаһар төгіп, алқақотан тұрып алды. Келені шырқ айналып, қасқырларды жолатпай жүрген Көкбура сол түні бір қасқырды тарпып, таптап тастаса, тағы бірін қауып, шайнап өлтірді.
Түйеші таңертең келені қарағанға жабайын деп барғанда, долырып тұрған інгендер мен шудасына қанды көбік қатқан Көкбураны, анандай жерде азулары ырсиған бойы қатып қалған қасқырларды көрген…
Осындай оқиғаны бастан кешсе де, Көкбураға қасқырдан да адам қауіптірек сияқты. Өзіне емес, өркештері баладай інгендеріне, өсіп келе жатқан ұрпақтарына. Оның себебі, адамдар соңғы үш жылдан бері қара күздің аяғына қарай он бес-жиырма түйені әлдеқайда әкете беретін. Әкеткенде де жай әкетпейді, қораға қамаған түйелерді не атып жығады, не құрықталғандарын мал тиейтін үлкен мәшинеге трактормен сүйреп кіргізеді.
Осының бәрін көріп жүрген Көкбураның адамға деген ашу-ызасы өршіп кет­ті ме, кім білсін, әйтеуір соңғы жылдары ат­ты адамдар мен жеңіл көліктерге шабатынды шығарды. Сөйтсе де, зардап шектірмейді. Шабынып-шабынып қайтып кетеді.
Былтыр қыста мал аралап жүрген бас зоотехниктің мәшинесіне шауып, көлікті алға бастырмай бір сағат бойы тұрып алыпты. Орындарынан не оңға, не солға қозғалайын десе, бура тапап тастай ма деп қорыққан бас зоотехник пен шопыр екеуінің зәресі әбден ұшыпты. Абырой болғанда, сүйреткен тіркемесі бар бір «Беларусь» келе қалып, Көкбураны тықсырып тастапты.
Бұл оқиғаның соңы үлкен шуға ұласып, түйеші ауданға шақырылған, бурасын бұғауламағаны үшін қатаң сөгіс естіген. Осыдан кейін-ақ Көкбура қора шетіне шынжырмен байланып, көктем шығып, жас боталар далаға шыққанға дейін тұтқындалып тұрды. Байлауда тұрып боздады, күйіті қанын қыздырып, күркіреді. Содан көк шыға бастағанда ғана шынжыры алынып, бостандыққа шыққан. Бұл кез­де егіз шыңдай екі өркешінен тамтық та қалмады – бір жағына жапырая жантайып, босап қалған қаптай боп, құр терісі ғана қалып еді. Оның үстіне шынжыр кеміріп етін сыдырған, сүйкеле-сүйкеле сүйегіне жеткен оң шақ жіліншігі де сырқырап ауырып, көпке дейін жазылмай қойып еді. Жанға батып сырқырағаны жаз ортасында ғана басылып, жарақат­тың орнына ақ қылшықтар өсіп шықты, мұндай ақ қылшықтар сол жақ санының бұлшық етіндегі терең тыртықтың үстінде де бар. Ол да бір ұмытылмас жарақат еді.
Осыдан төрт жыл бұрынғы қыстың ақпан айы болатын. Сақылдаған сары аяз қайтпай тұрған. Бұл кез­де Көкбура таза жарауына жетіп, бүкіл шудасын әп­пақ көбік көмкеріп, артқы өркешінің бұйра шудасына байланған жұдырықтай-жұдырықтай сап-сары мұз диуананың асасына таққан теңгелердей боп сылдырлап жүрген. Бұл добал мұздар – құйрығымен өз өркешіне соққан өз зәрінің жиынтығы.
Қаһарлы Көкбура енді ғана бес жасқа толып, буралыққа талпынып жүрген буыршындарды бірінен кейін бірін қуып, әбден шаршап жүр еді. Қумаса тағы болмайды. Сәл кеңшілік жасаса, әлгі буыршындар інгендер мен бүлдіршіндердің артын иіскелеп, көңіл райын білдіргеннен бір танбайды. Міне, Көкбура біреуін қуып кетіп еді, екіншісі келіп алды. Мына жақта үшіншісі аңдып тұр. Осы үш буыршын-ақ Көкбураның бойындағы бар жынын одан сайын қоздырып біт­ті. «Бура келеге түссе, буыршын бойын бағады» деуші еді, тып-тыныш жүрмей ме, оңбағандар!
Көкбураны шаршатып біткен тағы бір шаруасы – енді ғана інген болуға жараңқырап тұрған бүлдіршіндерді көндіру. Олар таудай бураның тасырайған түрінен, зіркілдеген үнінен қорқа ма, бұл жақындаса болды, тұра қашады. Жарауы келіскен бура қойсын ба, тұра қуып, жеткен жерінде тірсегінен бас салады. Бүлдіршін бақырып барып, шөге кетеді. Бура содан кейін ғана өзінің аңсарлы шаруасына кіріседі. Аспай-саспай жарты сағат бойы бүлдіршінге асылып, шоңқайып отырғаны.
Ал енді осы бүлдіршіндердің бурадан гөрі буыршындарды тәуір көретіні рас. Буыршын келеге еніп кетсе болды, бәрінің соған үйіріле қалатынын айтсаңшы! Әлгі бір «бүлдіршін көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді» деген сөз содан қалған-ау!..
Көкбура тағы бір буыршынды қуып тастап, алқынысын басып тұра қалып еді, осылай қарай ұшып келе жатқан бір бураға көзі түсті. Ақ көбікке оранған үлкен басын жерге салып бар пәрменімен құйғытып келеді. Көкбура да шабынып-шабынып алған соң, аузындағы бүкіл көбігін бұрқыратып, шайқалақтап, қойқалақтап әлгі бураға қарсы жүрді. Жақындап келіп тоқтай қалған бөтен бура да шабына бастады. Көп ұзамай-ақ бір-біріне бетпе-бет келген екеуі ұлы айқастарын бастап кет­ті. Олар екі тәулік бойы күндіз демей, түн демей айқасып, ешқайсысы жеңіске жете алмап еді, тек үшінші күні ғана бөтен бура Көкбураның сан етінің бір бөлшегін жұлып алды. Көкбура қат­ты ауырсынса да, сыр бермей, айқасты жалғастыра берді. Абырой болғанда, түйеші келіп қап, өз бурасының жағдайын көрген соң, бүкіл келені қораға айдап апарып қамады да, қайта шығарғанда, бөтен бураны қағып, алып қалды.
Сол бура сол қалғаннан мол қалып, көктем шыққанша тұтқында болды. Түйеші бұл бураның кімдікі екенін білгісі келіп, қайта-қайта сұрау салдырып еді, ақырында, осыдан екі жыл бұрын жоғалып кеткен таудағы бір шопанның бес жыл бұрын осы түйенің ішінен алған көшкөлігі екені анықталды.
Таудағы шопандардың әрқайсысына көшіп-қону үшін, отын-су тасу үшін бір-бір атан берілетін. Міне, сондай атан үлестіру кезінде бұл бура атан есебінде кетіп қалған. Түйешінің өзі де байқамапты. Ал бұған иелік еткен шопан алдыңғы жылғы желтоқсанда аузынан көбігі бұрқырап, шабына бастағанда ғана бұның бура екенін біліп, «пәлесінен аулақ» деп, жөніне жіберіпті. Содан бері бұл бураның қайда жүргенін ешкім білмейді. Демек, «таутайлақ» болып кеткен. Қазақтар тағыланып, безіп кеткен түйелерді «таутайлақ» дейді ғой.
Алғашқы күндері байлауда тұрған бура қат­ты долданып, арқан шыдатпай үзе берген соң, оны содыр бураларды байлайтын шынжырмен бекіт­ті. Бураның ірілігі мен күштілігіне қызыққан түйеші өзіне алып қалғысы келіп еді, таудағы шопан көктемде алып кететінін айтып, хабар жіберіпті. Ол айт­қанында тұрып, сәуір айының аяғында өркеші жығылған, мойны жіңішкеріп, көздері боталаған, оң аяғының жіліншігінен қып-қызыл боп сүйегі көрініп тұрған, ақсап басатын бурасын алып кет­ті. Шопан өз қонысына бара салып, әлгі бураны тарт­тырып, сыт­тырып, атан етіп жіберген көрінеді…
Көкбураның көзіне тым алыстан бұлдырап көрінген түйелердің қарасы шалынды. Бұл түйелер өз келесі екенін сезген болу керек терең дем алып, онсыз да жарау ішін тарт­ты. Көмекейі аузынан шығып, боздағаннан гөрі сыңсығанға ұқсайтын бір әуенге салды. Аз бөгеліп тұрған соң, желкесін өркештігіне үйкелеп қойып, маңғаз аяңға басты. Бағанағы долылығы байсалдылыққа ауысып, өрекпіген көңілі де жайланған сияқты. Солай болар жөні бар. Міне, биылғы жазды да, күзді де аман-есен өткізді ғой. Ешқандай ес кетірер қиыншылық пен кесір-кесапат та көрген жоқ. Амандық болса, келер қыста да інгендерін қайытып, болашақ боталарын да көрер. Олардың бәрін өзінің әлі жеткенше күйзелтпей, ұрыға алдырмай, бөріге жегізбей өсірер. Әзірше қайраты қайтып, әлеуеті әлсіреп тұрған жоқ қой!
Анау бір жылғы ақпан айының орта тұсында түйеші қожайын Көкбураның келесін қораға айдап келген. Ондағы ойы – күні жетіңкіреп тұрған буаз інгендерді іріктеп алып алу. Қамаған түйелерін қақпадан бір-бірлеп шығарып тұрып, буаздарын шығармай алып қалды. Қорадан шыққан түйелер өріс жаққа енді бет­тей бергенде, көрші ауылдың құлағы тікірейген көк иті шет жақта кетіп бара жатқан қара тайлаққа шабалана үріп, бір кез­де айдалаға қуа жөнелді. Бүкіл түйелердің шұнтиған құлақтары тікірейіп, танаулары желбіреп, көздері шатынап кетіпті. Осы кез­де Көкбура ит пен тайлақтың соңынан қуа жөнелді. Жараған бураның жүйрік болатыны белгілі, қуғанын құтқармас.
Өңмендеп жетіп келген қорқынышты бурадан шошып кеткен ит­тің есі шығып, олай бұлтарып, бұлай бұлтарып жүріп, әйтеуір, қалың шидің ішінде Көкбураны адастырып кеткен болатын. Осы қуғыннан кейін әлгі ит түйеге үрмек түгілі, қарасын көрсе қашатын болыпты. Көкбура да ит­терге өшігіп, біреуін көре қалса болды, таптап тастағысы келіп, тұра қуатын.
Көкбураның ат­ты кісілерге жүгіретіні де бекер емес. Бір қызығы, тек қылаң жылқы мінгендерге ғана өш. Неге олай? Оның себебі, түйелерді етке әкетуге келетіндер, атып алатындар немесе трактормен сүйреп тиейтіндердің басшы-қосшыларының бәрі ақбоз, көкбоз ат­тарға мінеді екен. Солар мінген ат­тарға ұқсайтын жылқы көрсе болды жыны ұстап кететінін түйеші қарт­тың өзі анық байқап, бастықтарға: «Біздің жаққа келсеңдер, ат­тарыңды ауыстырып мініңдер. Ақбоз ат­тарыңды алшаңдатып келіп, Көкбураның көзіне түссеңдер, опай-топайларыңды шығарады», – деп ескерткен екен, әлгі атқамінерлер бұл сөзге бас игендей болып, қыстыгүні түйелі ауылдың төңірегіне баран ат­тарын мініп келетін болыпты.
Түйелі ауылмен көршілес жаман қой бағатын ЛСП деген баз бар еді. Сол ЛСП-ның мал дәрігерінің ақбоз аты болды. Өте жүрдек, сұлу жылқы. Ол бұл атын жанындай жақсы көріп, әздектеп күтетін. Соған арнап дәл үйінің жанынан бір ат қана сиятын ап-аласа, төбесі ашық қорасымақ салып қойған. Бүйткен себебі – ақбоз атына көршілердің тауықтары жем жегізбейді, қозы-лақтары шөп жегізбейтін көрінеді. Үйінің жанында қора да жоқ. Ал Көкбураның көзі осы мал дәрігерінің ақбозатына көптен бері түсіп, реті келгенде шайнап тастауды ойластырып жүрсе керек. Бір қыста түйелер ЛСП-ның тұсынан өтіп бара жатқанда, аласа қорасымақтың ішінде тұрған ақбоз ат­ты көре қалып, дереу жетіп барған. Бара салып құйрық түбіне ауыз салғанда, ақбозат­тың шыңғырған дауысы сол маңайдағы барлық жұртқа естіліп, төбе шаштарын тік тұрғызыпты. Түйеші шауып келіп, бураны сойылдап-сойылдап айдап кеткен.
Көп ұзамай-ақ мал дәрігері өзінің сүйікті ақбозатын қайдағы бір қартайып қалған қара жорғаға айырбастап жіберіп, жаны тыныш тапқан көрінеді.
Түйеші қарт сол ақбозат­ты кейіннен көргенде, қисық құйрық боп қалғанын байқаған екен…
Көкбура маң-маң басып, өзінің келесіне жақындап қалғанда, бір бура бері қарай бөлектеніп шығып, шабына бастады. Көкбура бұның өткен қыста өзі қуалап, келеге жолатпай жүретін буыршындарының бірі екенін бірден танып, оның айбат шегіп, кеуде көрсеткеніне көңіл де бөлмеді. Тек қана желкесін өркешіне үйкелеп-үйкелеп қойып, алға қарай аяңдай берген. Көкбураның бұл маңғаздығын менсінбеушілікке жорығанынан ба, жас бура қарт бураға қарай тұра жүгірді. Екпіні өте қат­ты. Тау құлатардай. Бұны байқаған Көкбура да бойын тез жиып, қамданып, мойнын төмен салып, тісін сақылдатып, зіркілдей бастады. Сөйтсе де, аяқ астынан көбігі де бұрқырамай, жыны да қозбай қалғандай. Тіпті тірсегіне діріл жүгіргендей ме, жүрегіне үрейге ұқсас бір пәле кіре бастағандай ма?
Қос бура қарама-қарсы тұра қалды.
Көкбура тіресейін деп икемделе беріп еді, жас бура көз ілеспес жылдамдықпен тұмсығынан қауып түсті. Басы айналып, көзі қарауытып кеткен Көкбура өзін жас бурадан аулақтатып үлгірмей, басын жоғары көтеріп тұрып қалғанда, осы сәт­ті пайдаланған қарсыласы қара санынан айырылмастай боп қапқанын сезінді. Бұта шайнар буыршын азудың қап-қалың бұлшық етіне тереңдеп енгені соншалық Көкбура тұңғыш рет бақырып, жаны шығып кете жаздаған соң, қалай шөге қалғанын өзі де сезбей қалған. Азуын босатқан жас бура Көкбураның өркешін шайнай бастады. Одан жалыққандай құймышағын кемірді.
Біраздан соң мойнын созып, сұлқ қалған, өне бойы қанға боялған Көкбура мынау ап­пақ түздегі қарайған бір жалғыз ноқат боп қала берді.
Жас бура өзінің ұлы жеңісінен кейін ендігі жердегі нағыз көсем екенін білдіріп, бүкіл келені алдына салып айдап кеткен.

* * *
Көкбура жас бурадан жеңіліп, жатып қалған күннің ертеңінде түйеші қарт шөгіп жатқан жалғыз түйені алыстан көріп, шошынып қалды. Түйе өліп қалған сияқты. Мойнын созып жатыр. «Ауру-сырқау түйе жоқ секілді еді, мынау қайсысы?!» – деп шаба жөнелді. Келіп қараса, Көкбура!
Түйеші қарт Көкбураның қанжоса болған кейпінен-ақ болған жағдайдың мәнісін бірден түсінді. «О, жарықтық Көкбурам! Жеткен жерің осы болыпты!» – деді ол ат­тан түсіп жатып. Бураның қайтып оралатын уақыты жеткенін өзі де болжалдап жүр еді. Тіпті сағына бастаған. Кеше ғана көмекшісіне: «Жардай болып жететін шығар, ертең. Анау жас бура да келені иектеп барады. Тезірек келсе екен!» – деп еді. Келуін келіпті-ау, бірақ дәл осылай болатыны үш ұйықтаса түсіне де кіріп пе?! Сонда… Сонда, бұл бураның да қайраты қайтып, бағы таятын уақытының жетіп қалғаны ма?!
«Иә, иә, он бес жас! Оңай емес! – деп түйеші қарт сәл ойланып тұрып қалды, – Он бес жас – бураның жасы. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар».
Түйеші бураның басынан әуектеп ұстап, жоғары көтерейін деп еді, мойны сол күйінде қатып қалыпты. Басына анықтап қарап еді, ең бірінші көргені жұмылмай қалған үлкен көздерінің астыңғы кірпіктеріне бірнеше мұз моншақтары тізіле қалыпты. «О, содырым-ау, сораң ағыпты ғой! – деп күбірледі түйеші қарт, – Он жыл бойы бүкіл түйеге бас болдың. Өзіңнен қанша ұрпақ қалды, өсіп-өнді. Құдайға шүкір, ауырып-сырқап, құлап-сұлап өлген жоқсың, айқаста өлдің, алысып өлдің! Арманың жоқ! Арманың жоқ, Көкбурам!.. Қансырап жатып, түңгі аязда қатып қалдың ғой. Қатып қалдың, Көкбурам!..».
Өлген бураның ашық көзіне қарап осы сөздерді айтып отырғанда, түйеші қарт­тың әлдебір өксігі мен өкініші кеудесінен көтеріліп, тамағына кептеліп қалғандай болды.
Ойлап отырса, осы отыз жылдан астам уақыт­та Ойсыл Қара жарықтықтың қай сырына қанықпады, қай азабын тартпады. Рас, қуандырған, шат­тандырған сәт­тері де көп қой. Мінеки, мына шөгіп жатқан… шөгіп емес, өліп жатқан Көкбураның қалай туып, қалай өскені де бүгінгідей көз алдында. Осы Көкбура қақаған аязда, иен түзде тумай жатып, туа шөге жаздады емес пе?! Бәрі есінде.
Ішіндегі ботасын кеудесіне сақтайтын және желінінің алақан жая бастағанын да білдірмейтін інгендер болады. Көкбураның енесі де сондай. Тұмса болатын. Түйеші қарт буаз екенін байқамай, қораға алып қалмапты.
Бір күні таңертең түйе түгендеп жүрсе, соңғы кез­де кейіндеп жүретін жап-жас көк інген жоқ. Дереу кешеден бері түйе шиырлаған маңайдан дара шыққан түйенің ізін кесті. Ақыры тапты. Ауылға тез жетіп, түйешанаға Шолақінгенді жегіп, ортаншы ұлымен бірге үміт пен күдік аралас сапарға шыққан.
Бұлар ізді қуалап екі сағат­тай жүрді.
Бошалаған інген тым шығандап кеткен екен. Дора деген жердің қалың шиіне жетіп, сонда боталапты. Өмірге жаңа келген ботақанын шудасының астына бүркей жауып, шөгіп жатыр екен. Бұлар жетіп барғанда аузынан көбігін бұрқыратып, үдірейе түрегелді. Алдыңғы екі аяғымен жерді нұқып, тепсініп тұр.
Боталаған інгендердің мұндай қылықтарын сан көрген әкелі-балалы түк сасқан жоқ. Тез арада шана үстіндегі киізді ыңғайлап төсеп қойды да, жеткіншек бала қолындағы жұп-жұмыр келтек сойылмен інгенді танауынан қағып, шет­тетіп тұрды. Түйеші қарт ботаны қолтықтай көтеріп, шанаға салды да, мол киізбен орап тастады. Ботаның танауы ғана көрінеді. Жас інген түйешананы шырқ айналып, бұрқылдап, күркілдеп жүр. Екі көзі от­тай жанады. Мұндай тұмса інгендер – тым қызғаншақ. Ішінара, туа салып, ботасын тастай қашатындар да бар. Ондайларды тезірек етке өткізіп, құтылған дұрыс.
Ботақанды жайғастырып болып, әкелі-балалы атқа мінуге бет­тегенде, жас інген түйешанаға төніп түсті. Шананы аяғымен тарпып-тарпып жіберді. Оның тарпығанына жалпиып жатқан мықты шана мыңқ етсін бе?!.
Ой үстіндегі түйеші қарт Көкбураның әкесін де көз алдына елестетіп отыр.
Иә, мұның әкесі – Ақбас бура. Ол, тіпті он бес жасқа толмай-ақ, он екі, он үш жасында өзінен-өзі бір-ақ түнде өле салды.
Қыстың қысқа күні қызарып енді бата бастағанда, өзінің келесін тастап, буаз інгендер қамалған түйе қораға өзі келіп еді, жарықтық! Батар күннің сәулесімен бозаң басы қызғылт­тана көрініп, өркешінің артындағы сәусілдек мұздары мен аузынан ұшқан көбігі жанған от­тай лапылдап тұрды-ау, сонда! Күркіреген үні мен тісінің шықыры кешкі ауамен одан сайын зорайып, мал мен жанның баршасын бейрахат тыныштыққа батырған.
Ақбас бура ауыл ұйқыға батқанша түйеқораны айналудан бір тынбады. «Бұл шіркіннің бұнысы несі?!» деп қайран қалған түйеші таң ата салысымен түйеқораға барса… Ақбас бура бітеу қораның есігін бүкіл қомдығымен басқан күйінде, мойнын созып шөгіп жатыр. «Әй, найсап, мұның не?!» – деп, түйеші қарт қамшысымен сауырынан салып қалды. Мыңқ етпейді. Қараса… өліп қалыпты.
Сол сәт­те де түйеші қат­ты қамығып еді. «Буаз інгендердің арасына неге кіргізіп жібермедім?!» – деп. Бірақ «Кіргізе алмаймын ғой. Туғалы тұрған інгендердің арасына құтырған бураны енгізу, бұл дегенің – ақымақтық!» – деп, өзін-өзі іле-шала ақтап та алған.
Түйеші Ақбас бураның құпия ажалы туралы содан кейін де көп ойланған… бірақ бұл құпияны шеше алмаған…
Түйе бағып келе жатқан отыз жылдың ішінде қанша бураны көрмеді, қанша бурамен алыспады! Бәрі-бәрі бүгінгідей көз алдында. Ойлап отырса, солардың бойлары мен сойлары ұқсағанмен, мінездері әртүрлі екен ғой. Алысқа ұзамай-ақ қойсын, мысалы, мына жатқан Көкбура басқа бураларға мүлде ұқсаған жоқ. Осы түйеші қарт­тың өзіне де, тіпті көмекші түйешіге де ешқандай артық мінез көрсетпепті. Ашуланып, долданып тұрған сәтінде де айдай жөнелсе, алдыға түсіп желе жөнелетін. Ал мұның әкесі – Ақбас бура қат­ты ақырып, сойыл батырмасаң, олай қиқаңдап, бұлай қиқаңдап, әуреге салатын. Кей сәт­те иесіне қарай шалт бұрылатын шатағы да бар еді. Бірде өзіне қарай шалт бұрылғанда, түйеші қарт басынан қамшымен тартып кеп жіберген. Бура шыркөбелек айналып, бір орнында тұрып қалды. Көзінен төмен қан сорғалай жөнелді. «Көзі ағып түсті-ау!» деп ойлады қарт. Ертеңінде қараса, олай болмапты, тек сілтеген қамшының өрімі көзінің астын тіліп түскен екен…
Түйеші Көкбураның аяз сорып бозара түскен жансыз жанарын аялай сипады. Төменгі кірпіктеріне қатып қалған жас моншақтарын үзіп алып, еріп кеткенше алақанында ұстап отырды. «Бұл – менің содыр бурамның сорасы ғой! – деп күбірледі өзіне-өзі, – Көзінен аққан ең алғашқы және ең соңғы сорасы!».

 

Әбубәкір ҚАЙРАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір