Колбинге бағынбағандар…
Колбиннің Қазақстанға келіп, сол замандағы үлкен лауазымға қол жеткізуі, содан соң іле-шала Желтоқсан көтерілісінің бұрқ ете қалуы – әлі күнге айтылып һәм жазылып келе жатқан тақырыптың бірі. Кезінде сол Колбин дегеннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалуына қарсы болып, оны КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы Михаил Горбачевке айтқандар да болыпты. Колбин тағайындалып алғаннан кейін барлық бюро мүшелері мен Орталық комитеті бөлім меңгерушілерінің іс-қағаздарын алдырып, онымен танысып шығады. Екі күннен кейін жаңа тағайындалған хатшы өз бөлмесіне Орталық комитет хатшылары мен бөлім меңгерушілерін жеке-жеке шақырып, оларды Дінмұхамед Қонаевқа қарсы айдап салып, алдағы өтетін пленумда Қонаевтың қателіктерін баса айтуға итермелейді. Айтқанына көнбейтіндерге, бірге жұмыс істей алмайтынын ашық ескертеді. Көнгендері жұмыстарын жалғастыра беруге мүмкіндік алады. Олардың арасында хатшының талабын орындамағандар да болады. Енді солардың сөздеріне құлақ түріп көрейік. 
«Мұндай сәтте ар-ұят пен жұмыстың бірін құрбан етуге тура келеді»
Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бұрынғы хатшысы, бюро мүшесі Александр Рыбников:
– 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін Орталық Комитетте аласапыран басталды. Колбиннің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сөйлеген сөзінен соң оның Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың қатарында А.Г.Статенинді, М.И.Акуевті, Д.А.Қонаевтың өзін ауызға алуы оларды қаралауға жол ашып берді. Кейін бұл айып Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Пленумында да айтылды. Сосын әлгі лас тірлікке Мәскеу қатты араласты. Тіпті ол ерекше шектен шығып кетті. Арандату, адамдар арасында от жағу әрекеттері мақсатты түрде жүргізілді. Біреулер бірінің үстінен бірі пәле іздеп, әуре-сарсаңға түсті. Ауыл шаруашылығы саласына жауапты хатшы ретінде маған Колбиннің «Республикамыздың Отанымызға миллиардтаған пұт астық беруі шындыққа жанаспайды, ол көрсеткіштер қолдан жасалған, ондай астықтың тапсырылуы өтірік, бәрі қосып жазумен болған құр мақтан» дегені қатты батты. Осының бәріне ол Д.А.Қонаевты кінәлады. Әрине, ол арсыздықпен айтылған жала болатын.
1986 жылы республикамыз мемлекеттік ресурсқа миллиард пұт астық тапсырды. Барлық жиналған астықтың әр келісі есепке алынып, сақтау қорына тапсырылған еді.
Осы жылы Мәскеудің нұсқауы бойынша республикамыздың астық өнімдері өнеркәсіп орындары РСФСР-ге – 312 258 мың тонна, Украинаға – 335 мың тонна, Белоруссияға – 305,2 мың тонна, Өзбекстанға – 3 337,8 мың тонна, Тәжікстанға – 913,9 мың тонна астық жөнелтті. Сондай-ақ Молдоваға, Эстония, Латвияға, Литваға, Әзербайжанға, Армения мен Грузияға да көп көлемде астық берілді. 122 мың тонна астық экспортқа шығарылды. Мұның өзі 10 миллион тоннадан жоғары еді. Демек, Одақтас республикаларда пісірілген әрбір бөлке нанның құрамында қазақстандық бидайдың болғандығын айта аламын.
Мұнан басқа 6 миллион тонна астық республикамыздың ішкі қажеттілігіне жұмсалды. Оның ішінде: 3 миллион тонна – халықтың ішіп-жеміне, 2 миллион тонна – мал азығы қорына босатылды. Сондай-ақ 600 мың тонна астық резервтік қорға, 800 мың тонна сақтандыру қорына тапсырылды. Сөйте тұра Колбин тырнақ астынан кір іздеп, тіміскілеу әрекеттерін жүргізе берді. Оған бір нәрседен ілік табу қажет болды. Алайда ол қанша тер төксе де, ешнәрсе таба алмады.
Таңғалмауға да болмас, дегенмен күні кеше республика басшысы болған Д.А.Қонаевтың алдында «тізесі бүгіліп» жүрген кейбір жекелеген облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары мен республикалық 8 ведомство жетекшісінің кешегі басшының алдында дауыстарын көтеріп, ар-ұяттарын тәрк еткенін көріп, өзімді қайда қоярымды білмедім. Әрине, бұл іске Колбин өзі бас болып, Димаш Ахметұлының бір кездегі қызметтес достарын арандату ісіне көптеп тартқанын да білемін.
Ол былай басталған еді. Бірде Колбин мені өзіне шақырып: «Біз сіздің Қонаевтың жақын досы екеніңізді білеміз. Мен сізден Қонаевтың ауыл шаруашылығына басшылық жасау стиліндегі жағымсыз іс-әрекеттері туралы Пленумда сөз сөйлеп, оны Орталық комитет басшыларына айтып беруіңізді сұраймын», – деді. Мен салған жерден өзімнің бұлай сөйлей алмайтынымды, ол кісі туралы өте жоғары пікірде екенімді айтып, кабинетінен шығып кеттім.
Колбинмен болған әңгімеден кейін араға 30 минут салып, маған Орталық комитеттің Жалпы бөлімінің меңгерушісі Борис Демин келіп: «Маған Орталық комитетте Сізден басқа ақылдасатын адам қалмады. Әлгінде ғана Колбин мені өзіне шақырып алып, алдағы Пленумда Димаш Ахметұлының адресіне қарата сыни көзқараста сөйлеуім қажеттігін тапсырды. Не істеуім қажет?» – деп ақыл сұрады. Мұндайда не дерсің, мені де шақырып, осындай тапсырма бергенін, бірақ оған өзімнің қарсылық білдіргенімді айттым.
– Егер оның тапсырмасын орындамасам, мені жұмыстан қуып жібереді ғой, – деді Борис Демин көңілі алабұртып.
– Борис Андреевич, – дедім мен оған, – өзіңіз біліңіз, мұндай сәтте ар-ұят пен жұмыстың біреуін құрбан етуге тура келеді, өзіңнің қарсылығыңды білдір.
Араға біршама уақыт салып, ол атқарып жүрген қызметінен босатылды. Демек, оның ар-ұяты қызметтен жоғары тұрған.
1987 жылы 27 шілдеде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің IX Пленумында мен де Орталық Комитеттің хатшысы және Бюро мүшесі қызметінен босатылдым. Димаш Ахметұлы сатқындықты өте жек көретін, бірақ дәл сол қиын кезде сатқындар өздерін-өздері әшкере етіп алды…
«Менің құзырымдағы әскер өз халқымен соғыспайды»

Ар-ұяты жоғары тұлғалар әскерилер арасында да болды. «Әскердің араласпайтын жері жоқ» деген пікір қалыптасқан. Бірақ ол сырттан болатын жауға қарсы ғана бас көтереді. Ал ішкі мәселе – полицияның міндеті.
Әлемнің бірде-бір елінде армия КСРО-дай саяси катаклизмнің құрбаны болып, орынсыз айыптаулардың соққысында қалып көрмепті. Ең қиын деген кездің өзінде де бірде-бір Бас қолбасшы өз армиясын қоғам алдында тәрк етіп, беделін түсірмеген. КСРО-ның алғашқы және соңғы президенті Михаил Горбачев Жоғарғы Бас қолбасшы бола тұрып: «…1989 жылғы Тбилисидегі төңкерісте де, 1990 жылғы Бакудегі қанды оқиғада да, 1991 жылғы Вильнюстегі әскери іс-қимылда да армияның не істеп, не қойғанын бақылай алмай қалдым, олардың кімнің бұйрығын орындағандарын да білмеймін» – деуі өзіне сеніп тапсырылған аса маңызды стратегиялық құрылымға немқұрайдылықпен қарағандығынан еді. Қолында ядролық қару құралы бар шамадан иесі неге мұншалықты жауапсыз болды? Әрине, бұл жерде үлкен саяси ойындар болғаны анық. Не керек, М.Горбачев 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі кезінде де оған көз жұмып қарады.
Желтоқсан көтерілісі кезінде Орталық Азия әскери округінің қолбасшысы, армия генералы Владимир Лобов орталықтан 170 шақырым қашықтықта орналасқан әскери гарнизонда болады. Ол тұста әскери округ құрамына Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан республикаларында орналасқан әскери құрылымдар кіретін. Уақиға енді өрши бастағанда әскери округ қолбасшысы Орталық комитеттің бірінші хатшысы Г.Колбиннің өтініші бойынша Алматыға шақырылады. Әрине округ қолбасшысы Бас қолбасшыға, яғни Мәскеуге ғана бағынатын. Екі аралықтағы 170 шақырымды сағатына 120 шақырым жылдамдықпен 1 сағат 20 минутта жүріп өткен қолбасшы қалаға келгенінде шаһар тас қараңғы түннің құшағында екен. Бұрын Д.Қонаевтың кезінде өзі бірнеше рет болған бірінші хатшының бөлмесінде округ қолбасшысын орталықтан келген эмиссарлар бірден ортаға алып, қысым көрсетеді. Олардың біреуі салған жерден қолбасшыдан алаңдағы тәртіпсіздікті жаншып басу үшін әскерді тез арада көтеруді талап етеді. Бұл талапты Колбин де құптай түседі. Мәселені бұдан әрі ушықтырмауды түсінген генерал Лобов бұл жағдаятқа әскерді араластырмауды жөн деп табады.
«Менің құзырымдағы әскер өз халқымен соғыспайды», деген генерал билікке қарсы шығады. Бұл генералдың алғашқы батылдығы еді. Башқұртстанда дүниеге келген генералдың қаршадайындағы барлық достары мұсылман балалары болыпты. Генерал өзінің екінші ерлігін Семей полигонында жүріп жасайды. Ол туралы кезінде Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған асыл азамат Кешірім Бозтаев «Семей полигоны» кітабында былай деп жазады:
«Семей облысынан сайланған КСРО халық депутаты, ол кезде Варшава Шарты Ұйымы біріккен Қарулы Күштер Бас штабының бас қолбасшысы, армия генералы В.Н.Лобов маған КСРО Президентінің Жарлығы бойынша Семей полигонындағы ядролық жарылысты жалғастыруға әрекет жасалып жатқанын құпия түрде хабарлады. Мен уақиғаның алдын алуға тағы бел байладым. Әскери-өнеркәсіп кешені енді КСРО Президентінің Жарлығымен Семей полигонында ядролық жарылысты жалғастырмақ ниетте екені маған мәлім болды. Егер шынында солай болып шықса, оның ақыры неге апарып соғарын болжау мүмкін емес еді. Сондықтан мен жедел түрде КСРО Президентіне хат жаздым. Ал М.Горбачев болса, менің хатымды әскерилерге қайта жіберіпті. В. Букатов: (полигон әскери басшысы) «Бозтаевқа бұл фактіні кім, қалай жеткізді?» деп аласұрыпты. Осы тұста «армия генералы В.Лобов облыстық партия комитетінің хатшысына Кремль құпиясын ашып берді, оның бұл қылығы өз ортасына жасаған опасыздығы емес пе?» деушілер де болды. Жоқ, олай емес! Генерал осылайша, билік басындағы топтың озбырлығын екінші рет әшкереледі. Бұл жолы да генерал емес, азамат сөйледі».
Бұл жолы да Колбин және отырғандардың бәрі жабылып, қолбасшыны өз айтқандарына көндіре алмасын біліп, отырған кабинеттен бірден Горбачевке телефон соғып, тұтқаны Лобовқа берген.
Бас хатшы М.Горбачевтің: «Сіздерде өзі не болып жатыр?» – деген сұрағына В.Лобов бірден: «Ауғанстан мен Қытай шекарасында жағдай бір қалыпты, сырттан күш көрсету жоқ, округ әскерлері кез келген жағдайға дайын тұр», – деп байыпты мәлімдеме жасайды. Округ қолбасшысы алаңға бір топ жастардың жиналғанын, алайда оған әскерилердің араласуына ешбір қажеттіліктің жоқтығын айта келіп, өзге ведомстволар тарапынан ешқандай іс-әрекет жасалмағанын айтуды да ұмытпайды. Әйтсе де, сақтық шаралары үшін қару-жарақ қоймалары мен техникалардың, әскери нысандар мен қалашықтардың қатаң бақылауға алынғанын баяндайды. М.Горбачевтің әскери округ қолбасшысының мәлімдемесінен соң: «Сізге сол жердегі оқиғаның бәрі белгілі, өзіңіз қадағалаңыз!» – деуге ғана ақылы жетеді.
Дау жоқ, Бас қолбасшының әскери күш қолдануға бұйрық беруге құқығы бар болатын. Бірақ ол қанқұйлы қолбасшы ретінде тарихта жаман атын қалдырғысы келмейді. Генерал В.Лобовтың ұстанған позициясына КСРО Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi төрағасының бірінші орынбасары, армия генералы Ф.Бобков та қолдау білдіреді.
Орталық комитеттегі осы оқиғадан кейін генерал В.Лобов алаңға барып, шеруге қатысушылармен ашық пікірталасқа араласады. Қолбасшы пікірталас барысында шеруге шыққандардың талаптарынан республика басшылығына «сырттан келген адамға» деген қарсылықтың күшті екенін, сондықтан бұл мәселеге аса байыппен қарау қажеттігін түсінеді.
Осы оқиғадан кейін ішкі қыжылы бар Г.Колбин бар күшін салып, М.Горбачевтан генерал-полковник В.Лобовты Орталық Азия әскери округінің қолбасшылығынан босатуды сұрайды. Бас қолбасшы генералдың жұмысынан ешқандай кінәрат таппайды. Сондықтан оны Мәскеуге шақырып, КСРО Қарулы Күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары қызметіне тағайындайды. В.Лобов осылайша ең қиын сәтте бейбіт халыққа қарсы әскер күшін пайдаланаудан бас тартады.
Армия генералы Владимир Лобовтың кейін атақ-абыройы асып, Бас штаб бастығына дейін көтеріледі. Жалпы, Қазақстан, қазақ халқы туралы оң пікірде болады. Оның қазақтарды құрмет тұтуына Башқұртстанда өмірге келгені, сондағы мұсылман халықтарымен достық сыйластықта болғаны әсер етеді. Бүгінде 88 жастағы Владимир Лобов – Қазақстан халқының арасында ғана емес, Ресей мен әлемнің әскери басшылары арасында да теңдесі жоқ тұлға.
Генерал өзінің бір әңгімесінде: «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққан жергілікті жастарды тыныштандыруыма тура келді. Олармен сөйлесуден тартынбадым. Осы тыңдаудан кейін Қазақстан партия ұйымының шешімін орындаудан бас тартып, бұл іске әскер араластыруға бұйрық бермедім. Менің сол кездегі шешімім коммунистік партияға бағынудан бас тарту болатын және ол әскери трибуналға сүйреп апаратын жол еді. Бірақ оған Бас қолбасшы (Горбачев) бұйрық беруден тайсалды. Республикада билік ауысқан кезде алаңда өз пікірлерін ашық айтқан жастар болды. Олардың ойынша, республиканы ұлты жағынан қазақ басқаруы тиіс. Содан кейін менің алдымда наразылық білдірушілермен мәселені бейбіт жолмен шешу міндеті тұрды. Әскери қақтығыстар мен төтенше жағдайлар орын алған өзге аймақтарда басшылар мәселені басқаша шешіп жатты. Бірақ бұл жағдайда менің мойынсынудан бас тартуыма байланысты ықтимал отставка туралы ойымда болмады. Мен үшін жанжалды қантөгіссіз шешу маңызды болды», – депті.
Әлиев Колбиннің Қазақстанға жіберілуіне қарсы шықты
Ақиқатты қадірлемеген қоғамның өмірі ұзаққа бармайды. Демек, ақиқатты айту – парыз. Сол бір күндері бірқатар республикаларда, соның ішінде Қазақстанда да асығыс тағайындаулардың салдарынан ұлттық қатынастар шиеленісіп кетті. Оларды байқаса да, кейбір бюро мүшелері үнсіз қалды. Сол үнсіздікті КОКП Саяси бюросының басшылығынан алғашқы болып КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Гейдар Әлиев бұзды. Ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін Горбачевті асығыс шешім қабылдамауға көндіруге тырысқан. Қазақстан басшылығынан зейнеткерлікке шыққан Қонаевтың орнына «импорт» басшыны қоюға болмайтынын, оның орнына жергілікті тұлғаны ұсыну қажеттігін алға тартқан. Алайда Горбачев оған құлақ аспады. Қалыптасқан жағдай халықтың ашу-ызасын тудырып, ашулы халық алаңдарға, көшелерге шығып, соңы қанды қақтығысқа ұласты.
Кейінірек Гейдар Әлиев ұлттық саясаттағы, атап айтқанда, Кавказдағы жанжалдарға қатысты Кремль басшылығын сынай бастады. Артынан Қарабақта соғыс оты тұтанды. Содан Саяси бюро өздеріне сын айтқан оны қатарларынан шығарып тынды. Гейдар Әлиевтің Саяси бюродан шығарылуына оның оппоненті Егор Лигачевтің ықпалы зор болды. Саяси бюрода Колбин мәселесі шешіліп жатқанда, Бюро мүшелерінің бәрі үнсіз қалған. Кездесуден кейін Әлиев Горбачевқа барады. Бұл әңгімені көзі тірісінде Гейдар Әлиев былай еске алады:
– Михаил Сергеевич, білесіз бе, мен ол жерде (бюрода) ешнәрсе айтқым келмеді, өйткені маған сөз сөйлеуіме қажетті жағдай болмады. Бірақ айтайын дегенім, мен адамдардың ұлттық психологиясын жақсы білемін. Сіз қателесіп отырсыз, Колбин жақсы адам шығар. Бірақ ол бар болғаны Ульяновск облысының бірінші хатшысы деген қызметті ғана атқарған, әрине, алаяқтықпен айналысса да, жақсы жұмыс істегені көрініп қалды. Мұны бәрі біледі. Айтайын дегенім, оны Ресейдегі ең үлкен партия ұйымына тағайындауға болады. Ол жұмыс істейді. Ал Қазақстан үшін Колбин жарамайды. Сіз қателесіп отырғаныңызды біліңіз, – дейді. Горбачев осы сөзден кейін оған ашу-ызамен, қарап: «Жарайды, көрейік», – дейді. Әлиев осылайша өз міндетін орындайды.
Міне, Гейдар Әлиев Саяси бюро «сахнасында» орын алған жағдайдың бар ақиқатын осылай ашып айтқан. Кейін Гейдар Әлиев тағы бір ақиқаттың сырын ашты. Бірақ біз оны зерттеп те көрген жоқпыз, сұраған да жоқпыз. Гейдар Әлиев Алматыға келген бір сапарында: «Мен Алматыда болған Желтоқсан көтерілісінің салдарын бір кісідей білетін адаммын. Бірақ қазақ жолдастар менен ол туралы бір рет те сұраған жоқ», – деген екен. Бұл мәселе әлі де зерттеуді қажет етеді.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ