Мәртебесіз қандастар…
11.12.2023
134
0

Қазақстан Республикасының азаматтығы былай тұрыпты, сырттан көшіп келіп жатқан ағайынға қазір «Қандас» дейтін уақытша мәртебе алудың өзі қиындап кетті. Қандастардың қамын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін Ауыт Мұқибектен естіген бір әңгімемізді айтайын. 

«Қытайдан отбасымен көшіп келген Күш Нұрдәулет деген жігіттің Алматы қаласына қоныстану үшін «Қандас мәртебесін» ала алмай сенделгеніне екі айдың жүзі болды, – дейді Әукең. – Этникалық қазақтар бұрын «Қандас мәртебесін» Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы үш жұмыс күні ішінде алатын.
Қазір «Құтты мекен» ақпараттық жүйесінің жанынан әзірленген мобильді қосымша арқылы тіркеліп, арнайы комиссияның қарауынан өтіп, 35 жұмыс күнінде алатын болыпты. Оның өзінде тек «Отбасымен бірігу үшін», «Жұмыс берушінің шақыруы бойынша», «ҚР Үкіметі айқындаған қандастардың қоныс аудару үшін» және «Бейімдеу бағдарламаларының шарттарына келісімі бойынша» келген этникалық қазақтарға ғана «Қандас мәртебесі» беріледі екен.
Ал өз бетімен көшіп келіп, Қазақстан Республикасының Конституциясына сай тұрғылықты мекенін қалауынша таңдап алушылар үшін «Құтты мекеннің» есігі тарс жабық көрінеді.
Алматыдан тауы шағылған ол Астанаға келіпті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ертіп барып, Көші-қон комитетінің орынбасары Ерлан Райғалиевпен кездестірдім. Өзім аталған министрліктің Бірінші вице-министрі Ахмади Сарбасовқа кіріп, болған оқиғаны баяндадым.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты тұлғалары бұл норманың (оның қандай норма екенін төменде тарқатып айтамыз. –Д.Қ.) этникалық қазақтардың Конституциялық құқығын шектейтінін, Қазақстан азаматтығын алуына тосқауыл болатынын біліп отыр. Бірақ дәрменсіз..
Соңында, Көші-қон комитетіндегі бір қызметкері Күш Нұрдәулетке «Қандас мәртебесін» алудың төте «жолын» ұсыныпты. Қандасына жаны ашығаны да…
Көші-қон комитетіндегі қызметкердің ақылы бойынша, Күш Нұрдәулет Алматыдағы бір ЖШС-ға жетпіс мың теңге төлеп, жұмысқа тұру келісім-шартын алыпты. Сол келісім-шарт арқылы «Құтты мекен» ақпараттық жүйесінің «Жұмыс берушінің шақыруы бойынша» дегенді сылтау қылып, «Қандас мәртебесін» алуға зорға тіркеліпті.
Айтпақшы, Нұрдәулеттен Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арнайы мамандық бойынша оқу бітіргені туралы диплом сұрапты. Дипломын апарса, «Мына дипломның бетінде қытай тілін біледі деген жазу болу керек», – деп және қиғалық салыпты…
Сөйтіп, Күш Нұрдәулеттің отбасы мүшелері «Құтты мекен» ақпараттық жүйесі арқылы «Қандас мәртебесін» алу үшін зорға дегенде өтініш жасаған екен. Әйтсе де ол өтініші орындалып, Нұрдәулеттің отбасына «Қандас мәртебесі» беріле ме, жоқ па, оны арнаулы комиссия 35-жұмыс күні ішінде шешеді».
Бұл – Ауыт Мұқибектің айтқаны. Қандастардың шаруасына бел шеше кірісіп жүрген ол Күш Нұрдәулет сияқты елге келіп алып кеңсе жағалап, азаматтық ала алмай, тіпті қазақ екенін дәлелдей алмай зығырданы қайнап жүргеннің талайын біледі. Сондықтан көші-қон жанашырының жоғарыдағы әңгімесіне біз еш шек келтірмей сендік.
Ал енді қандас мәртебесі мен азаматтық неге қиындап кетті – сол мәселеге келейік. Қандас пен азаматтық алудың қиындайтын себебі – қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңында жатыр. Аталған заңның 20-бабының 5) тармағына сай, қандастарды аумақтық-әкімшілік бірлікте қабылдаудың өңірлік квотасы болмаса, немесе этникалық қазақтарды қоныстандыру үшін ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен этникалық қазақтар бас тартса, онда оларға «Қандас мәртебесі» берілмейді.
Өңірлік квота солтүстіктегі облыстар мен еліміздің шығыс аймағын қамтиды. Сөз жоқ, дұрыс талап. Атажұртына түбегейлі қоныс аударған ағайын халқы тығыз орналасқан оңтүстіктен гөрі жұрты селдіреп қалған теріскейге ат басын бұрғаны абзал. СҚО-да, Қостанай облысында, мысалы, әлі күнге мемлекетті құрушы ұлттың қарасы аз, сондықтан қандастардың қара ормандай болып қазақтың жан саны кем облыстар мен аудандарға қарай бет түзегенін біз де құптаймыз. Бірақ осы арада мынандай бір кәкір шығып тұр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы үшінші тоқсандағы мәліметіне сүйенсек, 16 408 этникалық қазақ Қазақстанға көшіп келіпті. Ал қандастарды қабылдаудың 2023 жылға арналған өңірлік квотасының саны 1 925 адам. Демек, жоғарыдағы нормаға сай, 16 408 этникалық қазақтың 1 925-не ғана «Қандас мәртебесі» беріледі де, 14 483 адам бұл мәртебеден қағылады
«Қандас мәртебесі» болмаса, этникалық қазақтар жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмайды. Көрдіңіз бе, мәселе қайда?
Заң жобасы Парламентке келіп түскенде, жобаны талқылайтын депутаттардың жұмысшы тобын Магеррамов Магеррам Мамедович дейтін біреу басқарыпты. Әлгі Магеррамов Магеррам ата-бабасын Сталин Қапқаздан Қазақстанға қалай айдап жібергенін есіне ала отырып жобаға кіріссе керек, қандастардың құқығы мен еркін шектейтін норманы заңға ойланбай кіргізіп жіберген. Мейлі Магеррам Мамедовичке аталған норманы заңның ішіне бекіт деген тапсырма берілсін делік, ендеше өңірлік квотаны көбейту керек. 16 408 этникалық қазақтың 1 925-і ғана квотаға ілініп, алдымен қандас мәртебесін иеленіп, соңынан азаматтыққа қол жеткізсе, квотадан қағылған өзге қазақ қайтпек? Квотаның бөлінгенін күте ме, әлде келген ізімен кері көше ме?.. Ойлану керек, мырзалар! Тегінде бұл шешімі соншалықты күрделі мәселе емес, тек көші-қонға мемлекеттік тұрғыдан мән беріліп, өңірлік квотаның көлемін арттыру қажет. Сонда қандас мәртебесі де, азаматтық та қиындықсыз жөнін табар ма еді, қайтер еді…
Әзірге көңілде бір сұрақ көлденеңдейді: квотадан қағылған мәртебесіз қандас кім? Сұрақтың жауабын ықпалды Парламент пен еститін Үкіметтен күтеміз.

Дәурен ҚАСЕНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір