АНЫҚТАМА
15.12.2023
229
0

Алматы қаласының бір ауданындағы ЦОН-да тұрмыз. Келушілер ығы-жығы. Тап-тар екі бөлмеде екі компьютерге кезекке тұрған адамдар анықтамаларын алуға тезірек жеткісі келіп, ентелеп алға жылжу үстінде. Тұрғандардың көбі асығыс. «Жұмыс орнымнан бір сағатқа сұранып шығып едім», – дейді жас келіншек компьютерге мойнын созып. Екінші егде тартқан әйел аузын арандай ашып, екі қолын екі жаққа созып, сәл шалқайып: «Үйімде кішкене балам қалып еді», – дейді.
– Сізге не керек еді? – деді менеджер жақындап барған жасы жетпісті алқым­дап қалған кісіден.
– Анықтама керек, – деді ол.
– Анықтама?
Менеджер әлгі кісіге ұза-ақ сүзіле қарады. Басындағы қоңыр малақайы тозған. Түрінен шаршағандық байқала­ды, үстіндегі киімі де кір. «Нағыз мәмбет екен…» – деп ішінен күбір ете қалды қазақ менеджер. «Сақал-мұрты да өсіп кеткен екен…». Менеджер оның «анықтама» дегеніне таңғалды.
– Сізге не керек еді? – деп қайталап сұрады. Оның «анықтама» деген сөзін естігісі келіп тұр. Ішінен: «анықтама, анықтама…» – деді күбірлеп.
– Анықтама, – деді әлгі кісі.
Менеджер қабағын тыржитты:
– Анықтама емес, справка!
– Қайдағы справка шырағым-ау, маған анықтама керек!
– Анықтама демеңізші, справка деңіз, – деді анықтама алу үшін тұрған ана бір келіншек. – Справка дейді, ал сіз жалғыз өзіңіз «анықтама» дейсіз. Ұят қой…
– Анықтама деген сөз неге ұят сөз? – дейді сақал-мұрты алынбаған кісі таңғалып. – «Сволоч» деген ұят сөз! «Ты собака» деген, «Ты свиня» деген ұят сөз. Қазақша – анықтама, орысша – справка. Мен есалаң емеспін!
– Қойыңызшы, – деді екінші келіншек менеджерге жағымпазданып. Мына кісіге тыржия қарады:
– Сіздікі ұят болды, осында тұрған­дардың барлығы «справка» деп жатыр. Ал Сіз «анықтама» дейсіз. Анықтама – қазақша сөз, яғни мәмбеттердің сөзі. Ал «справка» – ұлы орыстың сөзі…
– Сіз теріс түсіндірмедіңіз. Аға дұрыс айтады, «справка» емес, «анықтама», – деді ЦОН-да тұрған қазақтардың бәрі.
Менеджер жігіт ашуға мінді. «Мына мәмбет бәрін бүлдірді. Елдің бәрі «справка» дейді, мұның жалғыз өзі «анықтама» дейді! Өзін елдің бәрінен биік санайды. Қазақ болғысы келеді. Өзін білгішсініп тұр. Ал біз, мына мәмбеттің ойынша – осындағы барлық келушілер – топастар. Ол осылай ойлайды».
– Әй, шал! Анықтама емес, справка! Справка! Анықтама емес – справка! Қазір полиция шақырамын!
– Не деп шақырасың, полицияны! Анықтама емес, – справка деп шақырасың ба?
Әлгі шаршап-шалдыққан, анықтама керек кісі қаймығар емес.
– Сен сепаратиссің! Сен ұлтшылсың! Бүкіл қазақ справка деп тұрса, сенің жалғыз өзің «анықтама» деп тұрсың! Мына қоғамдық орында бүкіл қазақты қазаққа айдап салып, арандатушы болып тұрсың!
Менеджер жігіт әбден айқайға басты.
– Кім адамдарды арандатып жатқан?! Кім сепаратис?!
ЦОН-ның екі бөлмесіне полиция кіріп келді. Менеджер жігіт әлгі кісіні көрсетті:
– Мынау кісі – сепаратис! Елдің басын айналдырып тұр. Тек қазақ тілінде сөйлеңдер, қазақ тілі анамыздың сөйлеген тілі. Қазақ тілі мемлекеттік тіл, – деп миымызды қатырды…
Полиция «анықтама» алуға келген кісіні алдына салып алып кетті.
Сәлден соң ЦОН-ның бөлмесіне шашы сары, көздері көк, ұзын бойлы, күлімдеген кісі кіріп келді де:
– Кезектің соңы кім? – деп қазақша сөйледі.
– Я, я, жоқ, мен, мен, – деді шетте тұрған қазақ әйелі.
– Онда сізден кейін – мен, – деді әлгі ұзын бойлы сары кісі.
– Сізге не керек еді? – деп сұрады менеджер жігіт ұзын бойлының қазақша сөйлегенін ұнатпай.
– Маған анықтама керек.
– Анықтама?
Менеджер жігіттің түсі өзгеріп кетті. Ұзын бойлы сары кісіге:
– Неге справка демейсіз? Анықтама деген сөз біртүрлі естіледі.
– Анықтама – қазақша. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Менің ұлтым – неміс. Мен Қазақстанда қазақтармен қазақша сөйлесемін. Ресейге барсам, орыс тілінде, Германияға барсам неміс тілінде сөйлеймін, – деді ұзын бойлы неміс жігіт.
– Иә, иә, дұрыс айтады, – деді қазақтардың бәрі неміс жігітін қуаттап. – Справка емес, анықтама! Мұны қазақтар бірге, хормен айтты. Тек менеджер жігіт түрін тыржитты…

БАЛШЫҚ МАХАББАТ 

– Әй, Тыңқибек, қыз таптың ба? «Таңдаған тазға жолығады» деген атам қазақ. Ақыл-есі дұрыс болса, ата-анасының сөзі түзу болса, қызды таңдап жүре берме, үйлене сал, – деді Мыңқибек досына жанашырлықпен қарап.
– Табылса үйлене саламын, табылмай тұр ғой. Табылғанының сөзінен де, өзінен де қорқамын. Сөйлегенде төбе шашың тік тұрады. Баяғыдай «мөлдір махаббатты» іздеуді қойдық ғой. Абай атамыз айтқандай, «алыстап кетті ғой құрғырлар…».
– Ой-бууу… Ол заман енді қайтып келмейді. «Тәуекел» деп, қойлы ауылға бар. Ауылдың қыздары иманды, инабатты болады, – деді Мыңқибек. – Қыздың алдына, артына, аяғына, басына, шашына қарамай, көзді жұм да күлімдеп «тием» деп сыңай танытса алып кел, бізге де той тойлат.
Тыңқибек әрі ойланды, бері ойланды. Енді «Мөлдір махаббатты» ұялы телефоннан іздеуге кірісті. «Танысу» деп аталатын чатты тауып алды. Теріп, ашып кеп жіберіп еді, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, қап-қара шашы бар қауындай дөңгелек басы бар, мөлдіреген жанарынан бақыт нұры шашылып тұрған әдемі бойжеткен қыздың күлімдеген суреті шыға келді. «Сен іздеген бақыт алдыңда тұр, жаным» дегенде денені дірілдетіп, ойыңды тұншықтыратын бойжеткенді көргенде көзінен жас шығып кетті. «Атасына нәлет, Күшікгүлдің, атасына нәлет Бұзаугүлдің, анау бойы сидиған Сиыргүлді айтпайсың ба, «маған мәшина сатып алып берсең тием» деп мазамды алып еді. «Көрмегенім Сиыргүл болсын…» деп күбірледі ішінен.
Тыңқибек сұлу қызға телміріп отыр. Сөзді неден бастарын білмей біраз қиналды да: «Сен менің бақытым бола аласың ба?» – деп төтесінен тартты.. Айтып салды да жүрегі дүрсілдеп кетті. Іштей: «Дұрыс айттым ба, қате айттым ба?» деп кемсеңдеді. Кемсеңдегені «мұнан да айырылып қаламын ба?» дегені. Кенет қыздың жүректі елжіретіп, көңіліңе қуаныш сыйлайтын сөздері естілді: «Сәлеметсіз, жігітім, әрине, бақытың бола аламын. Сіз сияқты ақылды жігіттің маған қоңырау шалып тұрғанын өмірімде бірінші естуім. Әдемі жігіт екенсіз. Менімен танысқыңыз келе ме?».
– Иә, танысқым келеді, – деді Тыңқибек жұлып алғандай. Сонан соң: «Сен үшін жаудың тәнкісінің астына кіріп кетіп, шынжыр табанына бомба қоямын да өзім де сол тәнкімен бірге жоқ болам!..» – деді. Қыз сықылықтай күлді де: «Сен тәнкінің астына түсіп жоқ болсаң, менің құлағымның түбінен кім сүйеді?» деді. Тыңқибек сасып қалып:
– Қыздармен танысқан соң осылай деп айтасың деп үйреткен көксоққыр досым Мыңқибек қой, – деді.
– Менің есімім – Лақгүл, сіз жігіт болсаңыз («жігіт болсаңыз» деген сөздерді нығарлап айтты), менің бірнеше талаптарым бар. Соны орындайсыз…
– Орындаймын! – деді Тыңқибек жұлып алғандай. – Орындаймын!
– Орындасаңыз, сіз менің әдемі түр- түсімді көріп тұрсыз. Менің мың жігіттер таласқан суретімді көргенің үшін менің «каспии голдыма» бес мың теңге сал…
– Салайын, бес мың теңге мен үшін ақша емес, қағаз! «Каспии голдыңды» айтып жібер.
– Сегіз, үш жеті, төрт жүз…
– Кетті бес мың теңге…
– Рахмеееет…
– Енді менің өкшемді көргің келе ме?
– Иә, көргім келеді.
Тыңқибек өкше дегенді басқаша естіп, қарқылдап күліп жіберді. Күліп жіберді де: «Сұлу қызым естіп қойған жоқ па?» деп жан-жағына қарады.
– Он мың теңге сал…
– Салдым…
– Міне, өкшем. Ұнады ма?
Тыңқибек аузын ашып қалды: Аппақ екен! Мұндай …өкше Күшікгүлде де, Бұзаугүлде де, Сиыргүлде де жоқ…», – деді ішінен күбірлеп.
– Көрдің бе?
– Көрдім.
– Енді менің екі алмамды көргің келе ме?
– Екі алма? Үйімнің алдында он түп алма өсіп тұр, алма көп, – деді Тыңқибек.
– Сенің алмаларыңның дәмі жоқ, менің екі алмам тәтті. Жиырма мың теңге сал…
Тыңқибек жиырма мың теңгені салды.
Тыңқибек оның екі алмасын көріп, есінен танып қала жаздады. Екі алмасы «ракета» деп аталатын Шардараның қауынындай үлкен екен.
– Көрдім, екі алмаңды. Алмалар шабдалыдай кішкентай.
– Енді кіндігімді көргің келе ме?
– Иә, кіндігің қандай?
– Отыз мың теңге сал.
– Міне, мынадай.
Тыңқибек кіндікті көріп, көзінің алды бұлдырап кетті.
– Кіндігіңді иіскеуге бола ма?
– Иіске, бірақ келіп иіскемесең, телефоннан иіс бармайды.
– Тағы қай жерімді иіскегің келеді?
– Айтуға ұялып тұрмын.
– Ааа… Түсіндім, – деді сұлу қыз. – Ол қымбат – елу мың теңге жібересің.
– Елу мың?
Тыңқибек қалтасын қарап, ештеңе таба алмады.
– Қалтамда түк қалмапты, қарызға иіскейін, – деді.
– Айттым ғой, телефоннан иіс шықпайды деп. Келіп иіскесең жүз мың теңге… Қарызға иіскеу деген жоқ…
Тыңқибек мұны естігенде екі тізесі дір-дір етіп, ашуға басты:
– Сен менің мөлдір махаббатым емессің! Балшық махаббат екенсің, сендей махаббат керек емес!
Ашуға булыққан Тыңқибек телефонын жерге атып ұрды…

Меңдібай ӘБІЛОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір