ҚОНАЕВ – ЕЛ ЕСІНДЕ
26.02.2016
2553
0

IMG_2772Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының Үлкен залында Д.А.Қонаев атындағы мұражай қызметкер­лерінің ұйымдас­тыруымен көр­нек­ті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған арнайы іс-шара өтті.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 1994 жыл­дың 24-ші ақпанда шыққан қаулысы бойынша мұндай іс-шара жыл сайын ата­лып өтілетін еді. Биылғы жылғы басқосу Дін­мұхамед Ахметұлының азаматтық ұстанымы мен ел-жұрты алдындағы асқақ абы­ройы төңірегінде өрбіді. Белгілі қа­лам­герлер – жур­налист  Ғазизбек Тәшім­бай, ақын, Шешенстан Мемлекеттік сый­­лы­ғының лауреаты Рафаэль Ниязбек,  «Түр­кістан» газетінің қызметкері Көлбай Адырбекұлы, журналист, қонаевтанушы Ораз Қауғабай сөз алып, студенттерге Қо­наев туралы жан-жақты әңгімелеп бер­ді. Ғазизбек Тәшімбай Қонаевты Қазақ­стан халқының барлық азаматтары, ұл­ты­на, сеніміне қарамастан түгелдей ерек­ше ықыласпен құрметтегені туралы әң­гімеледі. Қонаев өмірінің бір кезеңінен сыр шертіп, Дінмұхамед Ахметұлы зей­нет­­керлікке шыққан уақытта «Қапал-Ара­сан» шипажайына демалысқа барған сә­тінен естелік айтты: «Қонаев «Қапал-Ара­сан» шипажайына бара жатқан жолда әскери киімін киген, аттылы казак әскер­лері сән-сал­танатпен қарсы алған екен. Қо­наев машинадан түсіп: «Қыран­дарым, қай­да барасыңдар?», – десе, казактар: «Сіз­­ді күтіп алуға келдік», – депті. Сон­да Қонаев: «Мені бұлай қарсы алудың қа­жеті қанша, мен зейнеткермін ғой», – десе, казактар: «Сіз олай демеңіз, сіз – Қонаев­сыз», – деген екен. Міне, көп еш­кім­ге мойынсұна бермейтін казак­тардың өзі Қонаев ақсақалды ерекше қадірлеген еді», – деген  Ғ.Тәшімбай Қонаев өмірінің әр кезеңінен қызғылықты естеліктерді әң­гімелеп берді. Д.А.Қонаевтың туғанына 100-ге толу мерейтойы қарсаңында, яғни 2012 жылы Қонаевқа  арналған жыр кіта­бын шығарған белгілі ақын Рафаэль Нияз­бек студенттер қауымына біртуар тұл­ға туралы жырларын, «Кемеңгер жайлы тол­ғаныс» өлеңін оқып берсе, Көл­бай Адыр­бекұлы Қонаевтың ел мен жер тұтас­тығы үшін күресі мен қазақ  қалам­гер­леріне жасаған қамқорлығын кеңінен әңгімелеп берді. Бұдан кейін сөз  алған Ораз Қауғабай Қонаевтың 12 қасиетіне тоқталды.

Мәдени іс-шараның модераторы, Ал­маты Мұражайлар бірлестігі дирек­то­ры­ның орынбасары Тимур Жексенбекұлы Д.Қонаев өмірін зерттеу мен тұлғаның көзін көргендердің естеліктерін қаттап, жинау мәселесін қозғап, Димаш Ахмет­ұлының қазақ халық әндерінің тарихын да жақсы білетіні жайлы деректермен бөлісті.

Кеш соңында Т.Жүргенов атындағы Қа­зақ Ұлттық Өнер академиясының про­рек­торы Естай Қағазұлы мағыналы әң­гіме айтқан қаламгер қауым мен музей қыз­меткерлеріне алғысын айтып, гүл шоқ­тарын ұсынды. Мерекелік шара Өнер академиясының «Дәстүрлі ән» кафедрасы  студенттерінің концерттік қойы­лымымен аяқталды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір