«КӨК БАЙРАҒЫМ, ЖЕЛБІРЕ»
26.02.2016
1878
0

сурет бБейбіт Дәлденбайдың есімі  халыққа  «Кездесейік»  әнімен жақсы таныс. Бұл ән  достардың девизі іспеттес десек,  артық айтпағанымыз болар.  Бейбіт Әбілұлының бұдан басқа да  кең тынысты үлкен шығармаларын елімізге танымал музыка мамандары мен кәсіби композиторлар жоғары бағалайды. Өз мамандығының шыңына жеткен композитор 4 наурыз күні «Көк байрағым, желбіре» атты концерт өткізеді. Осы кеш алдында  өнер иесімен аз-кем тілдескен едік…

– Жақында жеке шығармашылық концертіңізді өткізбек­ші екенсіз.   Әңгімені содан бастасақ…

– Бұл концерт  өзім қызмет жасап жүрген Қазақтың Құр­манғазы атындағы Ұлттық Консерваториясындағы   сту­дент­­тік «Ұлт аспаптар» және «Симфониялық» оркестрлердің  қатысуымен өтеді. Екі оркестр де дүниежүзілік сахналарда өнер көрсетіп жүр. Олардың орындау деңгейі өте жоғары.  Шәкірттерімнің арасында өте қабілетті балалар бар. Сол жастарды халыққа танытсам деймін. Менің шығармашы­лық­пен айналысқаныма да  біраз жыл болды. Осы уақыттарда көптеген дүниелер жазылды.  Бірқаншасы  үлкен сахналарда орындалып тұрады. Алдағы концертте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Желтоқсан толқуы» атты  жаңа  туындымның  тұсауын кесіп, жарыққа шығарсам деген ойым бар. Жалпы, мен бұл концерт арқылы халыққа есеп берсем деймін.

– Біршама көркем және анимациялық фильмнің, музыкалық  және драма  спектакльдердің  музыкасын жазғаныңызды білеміз.  Бүгінгі фильмдер мен мультфильмдердің музыкалық көркемделуіне көңіліңіз тола ма?

– Қазір бұрынғымен салыстырғанда, техниканың дамыған заманы.  Сондықтан жаман деп айтуға келмес. Дегенмен, көп жағдайда ұлттық бояу аз білінеді. Бір жағынан, ол режиссердің қойған талаптарына да байланысты болуы мүмкін. Себебі, композитор режиссермен бірігіп жұмыс жасағандықтан кө­біне солардың сұрауы бойынша жазылады.

– Шәкірт­теріңізге қандай талаптар қоясыз?

– Менің түсінігімде, әр адам өзі таңдаған мамандықтың кәсіби маманы болуы керек. Ал ол көп ең­бекпен ке­­ле­тін дүние. Сон­дықтан мен жас­тарға «Мүм­кін­дігінше  бесаспап болыңдар» деген талап қоямын. Себебі, композитор бар­лық аспапты мең­геруі қажет.  Оның тілін ұғып, сезіне біл­генде ғана ол ешкімге ұқсамайтын өзінше тың шығармалар жаза алады. Тіпті, кейбір аспапта ойнай алма­саң да, оның техникасын білу өте маңызды. Ком­позитор дүние­жүзін­де болып жатқан музыканың ағымына ілесіп отыруы керек.  Ешқашан тоқтап қалу­ға болмайды. Біз­дің елде компози­тор­лар­дың деңгейі жаман деп айта алмаймын.  Қазір дүниежүзінің музыканттары біздің  ұлттық музыкаға қарай бет бұрып келеді.  Себебі,  бізде ұлттық нақыш, өзімізге ғана тән бояу бар. Мәселен,  қазақтың  күйінің өзі әлі зерттелмеген  музыкалық құбылыс. Оны тереңінен зерттеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу  – біздің және жастардың  міндеті. Менің  Нұриддин Нұрасыл деген шәкіртім оқып жүрген кезінде-ақ   балет жазып, ол шығармасы Астанадағы «Опера және балет» театрында қойылды.  Одан басқа да жетістіктері жетерлік.  Ал үшінші ку­рс студентінің мұндай  дәрежеге жетуі  Алла берген талантының және еңбегінің  нәтижесі.  Қазір компьютерден қарап, бір-екі ән жазып алып,  соған мастанып жүргендер де жоқ емес. Мен жастарға сондай даңғазалықтан, жеңіл ойлылықтан сақтаныңдар дегім келеді.

– Сізге «ән жазып беріңізші» деп қолқа салушылар көп пе?

– Жоқ. Маған ондай ұсыныстар көп түспейді. Ол үшін барлық жұмысты ысырып тастап,  тек ән жазумен айналысу керек. Ал ол көп уақытыңды ұрлайды.

– Ерлан Бағаевтың сөзіне жазылған  «Кездесейік» атты  әніңіз мектеп түлектерінің кездесулерінде міндетті түрде орындалады. Халықтың бұл әнге деген ықыласы ерекше. Ал  қазіргі эстрадалық әндер туралы не айтар едіңіз?

– Иә қазір әндер  өте көп. Бірақ оның бәрі  жақсы,  болма­са жаман деп айтуға болмайды. Бірақ сапалысынан гөрі жеңіл әндер көбейіп кетті. Қалтасы қалың адамдар ақшасын төлеп ән жаздырып,  бейнебаян түсіріп алып,  сахнадан түспейді.  Әншілердің  арасында  өздері композитор, өздері продюсер болып жұмыс жасау сәнге айналған. Бір сөзбен айтқанда, әмбебап деуге болады. Кәсіби мамандардың көмегінсіз-ақ  жұлдыз болып жүргендерді өзіміз күнде эфирден көріп жүрміз. Сондай әндерді эфирге шығармас үшін телеарналар мен радиодағы редакторлардың талғамы жоғары болуы керек. Солай ғана сапалы әндерді іріктеп алуға болады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен  Г. СЫДЫҚОВА.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір