«ЖҮРЕГІМДІ ТЫҢДА, ЖҮРЕГІҢДІ ТЫҢДА…»
Жүрек жайлы жыр жазбаған ақын кемде-кем ғой. Жүрек дәрігері мен ақынның ұқсастығы – екеуі де жүректі жазғысы келетінінде шығар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз С.Д.Асфендияров атындағы Алматы Мемлекеттік медициналық институтының түлегі, жоғары санатты кардиохирург-дәрігер, Алматы қалалық кардиологиялық орталығының директоры ҚОДАСБАЕВ Алмат Тұрысбекұлымен адамның ең аяулысы – жүрегі жайлы әңгімелестік. Сөз алдында дәрігерге ақын Ерлан Жүністің: «Жүрегіңді сақта, Жүрегімді сақта, бұл алағай шақта, бұл бұлағай шақта!.. Жүрегіңді қорға, Жүрегімді қорға, соғып жүр ол зорға, соғатындай сорға… Жүрегімді тыңда, Жүрегіңді тыңда, шақырмашы құзға, батырмашы мұңға…», – деп келетін өлең жолдарын оқып, дәрігер-мамандар жүректі қалай сақтап, қорғайтынын білгіміз келген еді…
– Жүректі қалай сақтаймыз?
– Жүректі денсаулықты күту арқылы сақтай аласыз. Темекі шегу, арақ ішу сияқты зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстаған жөн. Қазақ «Ауру – астан» деп бекер айтпаған. Майлы, ащы, қуырылған тағамдарды мөлшерімен жеп, есесіне, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтынуды әдетке айналдырған дұрыс. Таңғы жаттығу немесе серуендеу – өмірлік салтыңыз болуы керек. Уақытылы демалу, тынығуды да ұмытпаған абзал. Бүгінгі заманауи адам өзінің қан қысымын ұдайы бақылап, қалыпты қан қысымын білуі тиіс. Себебі, дәл осы қан қысымының көтеріліп, не төмендеуі – түрлі ауруға бастап апаратын төте жол деуге болады. Иә, біздің бүгінгі заманымыз сондай – адамдардың көпшілігі бір орнында тапжылмай отырып жұмыс істеуге мәжбүр. Алайда, бұл дене қозғалыстарын мүлдем жасамау керек дегенді білдірмейді. Жүрегіңіз өзіңізге керек болса, ара-тұра қимылдап, бойға қан жүгіртуді әдетке айналдырыңыз. Бүгінгі заманның адамы жүйкесін де сақтауы тиіс. Отбасында, жұмыста, көшеде, өз ортасында адам түрлі жағдайларға кезігеді, ол жағдайлар адамның жүйкесіне тиіп, ашулануы да мүмкін. Бірақ қандай жағдай болса да, адам эмоциясын бақылай алуды үйренсін. Себебі, жұқарған жүйке жүрекке ғана емес, күллі ағзаға кері әсерін тигізеді.
Ал жасы қырық-қырық бестен асқандар, мейлі, өзін жақсы сезінсе де ара-тұра дәрігерге қаралып тұрғаны жөн.
Байқасаңыз, орталықтың кіре берісіне, кітаптарды ақтарып отырып, әл-Фарабидің сөзін тауып, жазып қойдық. «Денің сау болмаса түзету керек, ал денің сау болса жақсарту керек» дейді ұлы ойшыл. Сондықтан тексерілу, емделу жақсы. Тіптен, ал ауруыңыз болмаса да, дәрігермен ақылдасып, ауырмаудың алдын алыңыз.
– Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстан ғана емес, дүниежүзінде жүрек ауруымен ауыратындардың саны жыл сайын артып келе жатқан көрінеді. Маман ретінде айтыңызшы, адамдардың жүрегі не үшін ауырады?
– Алматы қалалық кардиологиялық орталығы барлық денсаулық сақтау мекемелері сияқты, мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс істейді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының негізгі үш тармағы – жүрек-қан тамырлары ауруларының кесірінен болатын өлім-жітімді азайтуға бағытталған. Бізде жүрек ауруларының алдын алудан бастап, жүрек ауруларының барлық түрімен ауыратын науқастар емделеді. Тіптен, керек десеңіз, былтыр, жасы сексен бес жастағы кейуананың жүрегіне ота жасадық. Әдетте, бұндай үлкен жастағы адамдар өздеріне ота жасағанын қаламайды ғой. Алайда, жүрек – қай жаста да керек. Айтпағым, жүрек ауруын қандай жаста да емдеуге болады.
Қазір жүрек ауруларының алдын алу мақсатында да жұмыс істейміз. Яғни жүрек ауруына алып баратын аурудың өзге түрлерімен де дертті жандарды тіркеп, жүрек ауруын болдырмау үшін жұмыс істеп жатқан жағдайымыз бар.
– Қазақстанда жүрек ауруларының бар түрі емделе ме? Біздің кардиолог-дәрігерлердің, әзірге ала алмай жүрген асу қайсы?
– Бізде жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірлерінде кардиологиялық орталықтар ашылған. Түрлі тәжірибелерден өту үшін, ғылыми жиындарға қатысу үшін шетелдерге шығасың ғой, сонда әріптестеріме: «Қазақстанда бес жылдың ішінде жиырма бес мыңдай кардиологиялық орталық аштық», – десем: «Оны кім қаржыландырып отыр, кадр мәселесін қалай шештіңдер», – деп сұрайды. Адамдардың жүрек ауруларының барлығын емдеу үшін мемлекет арнайы орталықтар ашып жатыр, жастарды «Болашақ» бағдарламасымен арнайы оқытып жатыр. Сондықтан емделушілердің жазылуға деген ынтасы болса, алынбайтын асу жоқ.
– Бұл сұрақ сіздің көңіліңізге келер, сонда да, «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген ғой. Жүрек мәселесінде, жалпы басқа да күрделі ота жасатуда отандық дәрігерлерге сене алмайтын, сенсе де тегін ем-дом алу мүмкін емес деп білетіндердің көбеюі нені білдіреді?
– Қазақ халқының менталитетін білесіз. Халықтың медициналық сауатының төмендігінен де болар, емін алады да, кетеді. Одан әрі қарай күтіну, денсаулығын сақтау деген мәселемен бас ауыртқысы келмейді.
Иә, жүрек ауруының өте ауыр түрімен сырқат кейбір азаматтар шетел асып, шетелдік мамандардың көмегіне жүгінгісі келеді. Оған ешкім қарсылық көрсетпейді. Бірақ шетел істеген емді біз де істей алатынымызды айтқым келеді.
– Қазақстанда кең таралған жүрек ауруы қайсы? Олар бұл дертке неліктен тап болғанын зерттеп-зерделеу мүмкін бе?
– Қазақстанда кең таралған жүрек ауруы – жүректің ишемиялық аурулары дер едім. Одан өзге жүрек аритмиясы, жүректің ревматизмі, туабіткен жүрек ақаулары. Оған, әдетте, экология мен генді кінәлап жатамыз. Бізде тұқым қуалайтын, туабіткен жүрек ақаулары кеселімен ауыратындардың көрсеткіші – 10-15 пайыз ғана, аурудың осы түрімен ауыратын қалған емделушілер бұл дертке денсаулығын күтпегендіктен ұшыраған…
– Жүрек хирургі болған соң осы сұрақты айналып өте алмаймыз. Бүгінгі таңда жүрек трансплантациясын жасау туралы әңгімеге құлақ үйреніп келеді. Өткен ғасырда қазақтың ақиық ақыны Мұқағали дәрігеріне: «…Жоқ! Дәрігер! Орнатпа басқа жүрек! Басқа лүпіл жасама, басқа леп. Қалай айтам, бүлінген жүрегімді, Білдірмей доғдыр алып тастады деп?! Өңгеріп өгей жүрек қайда барам, Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам? Сыйыңа рахмет, қайран адам! Өзімнің жүрегімдей қайда маған? Алмастырам!? Дедің-ау, алмастырам!.. Сірә, менің жұлдызым жанбас бұдан. Өзімнің жүрегімді жерлеп келіп, Өзгенің өмірін қайтіп жалғастырам?», – дейді. Қазір адамдар жүрек алмастыру туралы не дейді? Дін тұрғысынан, медициналық тұрғыдан жүректі ауыстыруға болатын-болмайтынын адамдар түсінді ме?
– 2002-2013 жылдар аралығында А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығы, кардиохирургия бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері болып жұмыс істедім. Сол орталықта жүрек алмастыру тобына кірдім де, төрт жыл жүрек алмастыру мәселесімен айналыстық. Қазір ғой, Қазақстанның қалаларында жүрек ауыстырып жатыр екен деген хабарларды естіп, көпшіліктің құлағы үйреніп қалды. Ал біз жүрек алмастыру туралы алғаш зерттеу жұмыстарын жасап жатқан кезде, жүрек ауыстырамыз десек, елдің төбе шашы тік тұратын. Біз топта бірнеше адам – дәрігерлер, заңгерлер, психолог, т.б. мамандар жұмыс істедік. Жүрегі ауру, дімкәс адамдарды таптық. Олармен сұхбат жүргіздік. «Жүрегіңізді ауыстырсақ, рұқсат бересіз бе?», – десек, олар: «Бұрын жүрек ауыстырып па едіңіздер?», – деп сұрайды. Біз: «Жоқ», – дейміз. Олар, әрине, бірінші болып отаға келісім беруге қорқады. Біз сырқаттардың келетін маршруттарына дейін дайындаймыз. Өзіңіз білесіз, қазақтың жерлеу салты бойынша, қайтыс болған кісінің бір саусағы жоқ болса, сұрауы бар дейді. Ал сіз қайтқан кісінің жүрегін сұрасаңыз, мүлдем келіспейтіні анық. Жалпы, адамның жүрегін пайдалану үшін қайтқан кісінің миы өлуі керек те, жүрегі, ішкі органдары таза күйінде қалуы тиіс.Қайтқан кісіні тексеріп, тіркеп, басқа органдары сау, жүрегін медицинада пайдалануға жарайды деуін дейсің ғой, ең қиыны – өліктің туыстарының рұқсатын алу. Адамдардың осы салада сауатын ашу үшін теледидарда көп сөйледік, газеттерге де шықтық. Жүрегін ғана емес, «Қазақ бауырына бауырын беруге дайын» деген тақырыппен мақала да жаздым. Мұның діни жағын келісу үшін бірнеше дін өкілдерімен кездестік. Алматы қаласында қанша дін өкілдері бар – мұсылмандар, православтар, католиктер сөзіне ұйыйтын дін мамандарымен арнайы ақылдастық. Олардың көбінің айтатыны – адам өлсе де, біреуге жақсылық істеп кетсе, онысы құптарлық іс дегенге сайды. Ал өлген адамның жүрегін немесе бауырын өзге біреуге беруі халал не харам деген арнайы жазу жоқ дейді.
Жүрек ауыстыру тәжірбиесімен танысу үшін шетелдерде, әсіресе, сол уақытта ТМД елдері бойынша жүрек алмастыру оталарын көптеп жасап жатқан Белоруссияда көп болдық. Германия, Кореяға да бардық. Жүрек ауыстыру ғана емес, жүрекке жасалатын күрделі операциялардың барлығын білу үшін тәжірибе алмастық. Оқып, үйреніп келдік. Бүгінгі таңда жүрек алмастыру ғана емес, жүректің ең ауыр сырқатын емдеуге қатысты күрделі оталарды да отандық мамандар жасай алады деп ойлаймын.
Жүрегі ауыратынын білетін адамдар да көп. Олар ота жасатқысы келмейді, ота арқылы жүрегін одан әрі ауыртып аламын деп қорқақтайтындар да бар. Жүрекке ота жасататын жас қыздар да көп болады. Оларға кейіннен бала тууға болмайды деп қатаң ескертесің. Кейін олар күйеуге шығады, аналық сезімі оянады, бала көтереді. Ол баласын алдырмай, қайтсем де сәби сүйем деп тағы да алдыңа келіп тұрады. Қанша қиын болса да, шыдап, күтініп, күрделі отаға қайта келісім беретін, жүрегі ауырса да, бала сүйіп, сәбилі болатын келіншектер де кездеседі. Олардың жанын сақтап қалу үшін ең күрделі деген оталарды да сәтті жасайтын кардиохирургтар да бар бізде.
Жалпы, жүрекке ота жасауға келісім берген адамды – батыр дер едім. Себебі, жүректің күрделі отасын жасау барысында біз жүректі уақытша тоқтатамыз. Тоқтаған жүректі қолға ұстап, оған ота жасаймыз да, қайта іске қосамыз.
– Өзіңіз қанша адамның жүрегін қолыңызға ұстап көрдіңіз?
– Оны санайтын әдетім жоқ екен. Шамамен, бірнеше мыңнан асатын болар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.