ЕЛ мен ЕР
Қазіргідей еркіндік пен жариялықтың тізгіні жалпақ жұрттың қолына тиген кезеңде байыбына жетіп біліп те тисе терекке, тимесе бұтаққа бағыштап, далбасалап жүргендер де жетерлік. Әсіресе соңғысының билік басындағыларға әуестігі басымырақ. Алайда төрде төрелік жасап отырып, елім-жерім, ұлтым-ұрпағым деп бел шешпей еңбек етіп, мынау алмағайып дүниеде ат үстінен түспей жүрген азаматтар да аз емес. Солардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Асқарұлы Ноғаев та бар.
«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дегендей қоғамның ыстық-суығына қақталып, халқының қамын ойлап түсі қашып, түн ұйқысын төрт бөліп жүрген бірегей азаматтардың ортасынан әрдайым Нұрлан Асқарұлын көреміз.
Ат жалын тартып мінген шақтан бастап, шар болаттай қайралып, мемлекет басшысы сеніп тапсырған қай істі де тап-тұйнақтай етіп атқаратын майталман азаматтың атпал істері қалың қауымға онсыз да белгілі. Біз бүгін рухы биік, айбары асқақ жанның рухани саладағы айшықты қолтаңбаларына кеңірек тоқталсақ дейміз.
Осыдан он жыл бұрын облыс орталығындағы қазақ драма театрында шығармашылық кешім өтетін болды. Аудан екі бастан, облыстағы шығармашылық ұйымдар қолға алған соң кештің ойдағыдай өтеріне күмәнім болмады. Әйтсе де, имандай шыным, сонау Нарынның жиегінде жатқан ақын кешіне «облыстың бірінші басшысы қатысады» деген ұғым санама кіріп шыққан емес.
Арқалы ақындар А.Бақтыгереева, Қ.Жұмағалиев, сатирик ақын
К.Әмірбеков, дәулескер күйші Т.Шәмелов қатысқан сол шараны бүкіл нөкерлерін ертіп келген Нұрлан Асқарұлының өзі кеш иесінің өлеңін жатқа айтып ашқанда, ине шаншар орыны жоқ зал көрермендерінде риза болмаған жан қалмады. Бұл да «Ұлық болсаң – кішік болдың» бір шарапаты еді.
Даңқты дирижер, КСРО халық артисі Шамғон Қажығалиев өмірден озғанда: «Шамғон қазаққа ортақ тұлға ғой», – деп қазанаманы бірге көтеруге ниет білдірген атыраулық әріптестеріне: «Бір Шамғонды екіге бөліскеніміз келіспес», – деп ұлы дирижердің соңғы сапарына мәрттік көрсеткені де зиялы қауым жадында.
Көрнекті композитор, республика композиторлар Одағын ұзақ жылдар басқарған Базарбай Жұманиязовтың басы қараймай қалғаны құлағына тиісімен шұғыл кіріскен де Нұрлан Асқарұлы еді.
«Өнерін сыйлаған өрге шығады, дәстүрін сыйлаған төрге шығады», – деген қағиданы берік ұстанған Нұрлан Асқарұлына қазақтың Қадырының, Қазақстанның халық артисі, композитор Тұяқберді Шәмеловтің де рухы шат шығар.
Қайраткер азаматтың қара сөзден қаймақ қатыратындай шешендігі де шенділердің бойында бола бермейтін қасиет.
Батыс өңіріндегі Жаңақала жері – өмірге Құрманғазы, Дина, Қали, Оқап, Шамғон, Тұяқберді сынды алыптарды әкелген киелі мекен. Содан да болар аузы дуалы Әбіш Кекілбайұлы осы өлкеге жасаған сапарында жеті бірдей алыптардың кеуде мүсінін көріп, қасиетті өңірге: «Қазақ даласындағы күйдің астанасы – Жаңақала», – деп айдар тағып еді.
Осы сапарында халқымыздың ұлы перзенті күйші-композитор Мәмен Мұратұлына тұрғызылған кесененің лентасын қиды.
Кесененің ашылу салтанатындағы Нұрлан Асқарұлының сүлей сөзіне риза болған Әбекеңнің: «Нұрланнан кейін бірдеңе деудің өзі қиын», – деп жымиғаны әлі көз алдымызда.
Бірде өңір басшысы Астрахань, Бөкей Ордасы сапарынан Жаңақала аумағына қас қарая келді. Мезгілдің кеш болып қалғанына қарамастан, сексеннің сеңгіріне шыққан шежіреші Сайран Фатихұлы ақсақалмен шүйіркелесе әңгімелесіп, Жаңақазан ауылының арғы-бергі тарихымен етене танысты. Айта кетер бір жайт, Нұрлан Асқарұлы қариялардың жанында тапжылмастан отырып, әңгімелерін ұйып тыңдады. Расы керек, біз тәрбие тінінің қайдан бастау алатынына куә болдық.
Нұрлан Асқарұлы Батыс Қазақстан облысын басқарып тұрған жылдары қызмет бабымен өңірімізде әлденеше рет болды. Сонда байқағанымыз, Нұрекең айналасындағылардың апшысын қуырып, дегбірін алмай, оларды өзіне тартып, ахуалды баяндауға мүмкіндік береді екен. Тағы бір бойға біткен қасиеті – өзі болған жерлерден атүсті өте шықпай, сол аймақтан қандай белгілі тұлғалар шықты, мақтан етер кімдері бар, табиғат тынысы, адамдардың тұрмыс-тіршілігі, бәріне көңіл бөліп, мән береді екен. Әсіресе сол өңірдің ардагер-ақсақалдарымен дидарласып, оларды тыңдауды дағдыға айналдырған.
Нұрлан Асқарұлының Атырау облысын басқарған кезінде де рухани дүниелерге мейілінше көңіл бөлгенін білеміз. Өлкенің мәдениеті мен өнерін өркендетуге зор көңіл бөлді. Әбу, Хамит, Зейнолла, Фариза, Жұмекен, Рақымжан, Қаршыға, Мұрат Мөңкеұлы, Табылды сынды қайраткерлердің есімдерін ұлықтауда ұлағатты істер атқарды.
Қазір Нұрлан Асқарұлы мұнайлы Маңғыстау атырабында еңбек етуде. Өңір халқын тұщы сумен қамтамасыз ету, энергетика мәселесін жақсарту, Жаңаөзеннің түйінді проблемаларын шешу, Ақтауды заманауи қалаға айналдыру жолында талмай еңбек етуде.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев мемлекет пен халық ісіне шынайы берілген тұлғаның атқарып жатқан игі істеріне әрдайым оң баға беруде.
Осындай елім деп еміреніп, жерім деп тебіреніп жүрген марғасқа азаматқа аталы жұрттың басы, алтынды ердің қасы болғайсыз дейміз.
Закария СИСЕНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі,
Батыс Қазақстан облысы,
Жаңақала ауданы