МАҚАЛ-МӘТЕЛДІҢ «МАРШАЛЫ»
08.11.2023
2081
1

2005 жылы Қазақстан Жазушылар одағының жанынан шығатын «Әдебиет айдыны» газетіне жұмысқа келдім. Бас редакторы жазушы-драматург Талаптан Ахметжан болатын. Мені жұмысқа алды. Алғашында жауапты хатшы, онан кейін редактордың орынбасары болдым. Газет 2005 жылдан 2009 жылға дейін шығып тұрды.

 

«Жолың болсын, балам, елің болсын панаң»

Редакцияға жан-жақтан хаттар келетін, телефон қоңыраулары толассыз түсіп жататын. Одаққа келіп-кетуі қиын ақсақалдар тек телефон арқылы бұйымтай шаруаларын айтатын, өзімсініп жұмыс тапсыратын, міндет жүктеп бұйыратын. Сол күндердің бірінде жасы сексеннен асқан Мұзафар Әлімбаевтың соққан қоңырауына жауап бердім. Ағамыз жазған афоризмдерін, мақаласын, аудармасын, өзге де материалдарын беріп жіберетін еді. Біздер ретіне қарай тұрақты түрде шығарып отырдық. Ол кісі «Әдебиет айдыны» газетінің белсенді авторларының біріне айналды. Бірде Мұзағам: «Әй, Дәулетбек, осы сен ақын шығарсың?.. Сенің дауысыңнан ақын екеніңді сезіп жүрмін. Кітабың шығып па еді?» – деп сұрады. «Өлең жазамын, бірақ кітабым шыққан жоқ», –  деп жауап бердім. Ол кісі: «Ендеше, өлеңдеріңді жинақтап, кітабыңның қолжазбасын дайында!» – деді, бұйрық раймен. Біз Отанға келген 1994 жылы Жазушылар одағының сол кездегі Төрағасы Қалдарбек Найманбаев шетелден келген бір топ азаматтарды ақын Нүкеш Бәдиғұл, сатирик-жазушы Ғаббас Қабыш ағалардың ықпалымен Қазақстан Жазушылар одағына мүше етіп қабылдаған болатын. Дегенмен әлі кітабым шыға қоймаған кез еді.

Ал енді Мұзағам төтесінен: «Жинағыңды дайында», – деп бұйрық беріп отыр. Ойланып қалдым, бір жөні болар дедім де жиырманың ар жақ, бер жағында жазған балауса жырларымнан сол күнге дейінгі өлеңдерімді сұрыптап, тергізе бастадым. Шамасы, жарты жыл өтіп кетті. Бір күні Мұзафар аға: «Әй, Дәулетбек, қолжазба дайын болды ма?» – деді сұрау сала кәдуілгі әдетімен. «Болып қалдым, аға», – деп жауап бердім. Онан ары кітаптың жұмысын тіпті де тездете бастадым. Жазушы, көркемдеуші, дизайнер Қойшыбек Мүбәрак «Күнәсіз мекенді» әдемілеп түптеп, қолдан бір дана жасап берді. Мұзағамның келесі бұйрығын естіген күні кітабымды көтеріп, тізгін ұшымен ақсақалдың үйіне жеттім. Ес білгелі атын естіп, шығармасын оқып келе жатқан аңызға айналған қаламгерді алғаш рет бетпе-бет көруім.

Мұзафар Әлімбаевтың атын ең әуелі өткен ғасырдың сексенінші жылдары радиодан естіп едім. Бізге Қазақстаннан шыққан кітап, газет-журнал жетпейді. Бар ермегіміз, аңдып тыңдайтынымыз – «Қазақ радиосы» мен «Шалқар». Ән мен күй берілген кезде «Маралдым», «Ақ маңдайлым», «Ақсұңқарым» деген әндердің сөзін жазған ақын Мұзафар Әлімбаев екенін білдік.

Қыз Қорлан – қор қызындай тамсандырған,

Естайға әлемде жоқ ән салдырған.

Маралды! Маралды – төр, Маралды – көл,

Самалдай ән еседі қарсы алдыңнан!..

 

О, Маралдым, Маралдым,

Сенің үшін жаралдым,

Топырағыңнан нәр алдым,

Көзіндейсің сен маған,

Атам менен анамның! – деп шырқалатын, онан ары қарай тағы да көрнекті композиторлардың әніне арқау болған сұлу сөз, тамылжыған жыр төгілетін…

Айналдым, Ақ маңдайлым,

Ақылдым, бал таңдайлым.

Жалынды жас дәуренде,

Ұялма: «Жан сәулем» де!

Жақсылықтың жоқ, сәулем, ерте-кеші,

Жадырашы, назданшы, еркелеші, – деп құйқылжитын. Иә, біз осылайша Мұзағаның атын радиодан естідік. Елге келгелі атамыз жиын-тойлардан көрінбейді, одақтың құрылтайларынан кезіктірген емеспін. Оның себебін кейін білдім, сөйтсем, ол кісінің аяғы ауырып, жүріп-тұруға икемсіз болғандықтан, үйден ұзап шықпайды екен. Бірнеше жылдан бері тек телефонда ғана сөйлесіп келемін, суреттерінен танимын, теледидардан көремін, бірақ тікелей жолықпаған едім.

Апамыз екеуі Сәбит Мұқанов көшесі мен Жамбыл көшелерінің қиылысындағы төрт бөлмелі үйде тұрады екен. Аман-сәлемнен соң менің қайда туып, қайда оқығанымды, қашан келгенімді егжей-тегжейлі сұрап білді. Алып барған қолжазбамды алып қалды. Мен бір жағы қуанып, бір жағы қобалжып жұмысқа қайттым. Қуанатыным – осындай  аты әйгілі, танымал тұлғаның кітабымды сұрап оқуға алғаны. Қобалжығаным, «оқыған соң не айтар екен?» деп мазасыздандым.

Үш күннен кейін Мұзағам телефон соқты. «Әй, Дәулетбек, үйге кел!» – деді бұйыра сөйлеп. Жазған құлда шаршау жоқ, асығып жеттім. Мені күтіп отыр екен.

– Кітабыңды оқып шықтым, айтар пікір, бар сөзім мынау мақаланың ішінде. Редакцияға апарып тергізіп әкел, қол қойып беремін, – деді.

Сол кезде 84 жастағы ақсақал (2007 ж.) үш күннің ішінде 17 баспа табақ кітапты оқып, оған қоса мақала жазып қойыпты. Редакцияға келе сала Мұзағамның жазғанын оқып шықтым. Енді қуанышымда шек жоқ, бір-ақ күнде ақын болып кеткендей керемет күй кештім. Мақаланың тақырыбы – «Жолың болсын!»,  соңы – «Жолың болсын, балам, елің болсын панаң!» – деп қорытындыланыпты. Ертесі терілген мақаланы алып Мұзағама бардым. Басынан аяғына дейін мұқият оқып шықты. «Қатесіз дұрыс терген екенсіңдер», – деп қолын қойып берді де:

– Ал, енді осы мақаланы алған бойда «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбайға апарып бер, – деді.

Шыға сала бағытымды «Алматы ақшамына» бұрдым. Ол кезде газет бірінші Алматыдағы вокзал маңында болатын. Автобустарға ауысып жүріп жеттім. Қали аға өзінде отыр екен, рұқсат алып, ішке кірдім. Сәлемімді алған Бас редактор:

– Мұзафар аға жіберді ме? – деді,

– Иә, – дедім.

Артық сөз айтқан жоқ, кезекті жаңадан шыққан бір кітабына автограф жазып, сыйлады да, мақаланы алып қалды. Сонымен менің шығармашылығым туралы алғашқы мақала келесі аптадағы «Алматы ақшамы» газетінің бетінде жарияланды. Кейін сол «Күнәсіз мекен» деген бірінші кітабым Мұзағаның алғысөзімен басылып шықты. Мен туралы қазақтың даңқты қаламгері Мұзафар Әлімбаевтың мақаласы оқырман қолына жетті. Сол күндердегі жүрек толқынысым мен көңіл шаттығымда шек болған жоқ…

 

«191-беттегі екі өлеңді алып таста»

Әлқисса. Мен мақалаға қол қойғызып алып, есіктен шығып бара жатқанда Мұзағам дауыстап:

– Әй, Дәулетбек, – деді. Мен кілт тоқтап артыма бұрылып едім, – Жинақтың 191-бетіндегі екі өлеңді алып таста, – деді.

– Жарайды, – десем де ол бетте қандай өлеңімнің тұрғанын есіме түсіре алмадым. Былай шыға сала қарап едім, ол жердегі екі өлеңнің жәйін түсінгендей болдым. Бірақ бірден алып тастамадым, екіұдай күй кешіп үш күнді өткіздім. Жұмыста отыр едім телефон шыр ете түсті, дереу көтердім.

– Әй, Дәулетбек, 191-беттегі екі өлеңді әлі алмай жүрсің ғой! – деді, төбемнен төніп, дүрбімен қарап тұрғандай. Қапелімде аузыма сөз түспей қалды. Менің күмілжіп қалғанымды сезген атам бірден, төтесінен тартып:

– Қазір маған кел!.. Айтатын сөзім бар! – деді. Сәбит Мұқанов көшесіне тізгінұшымен жеттім. Аман-сәлемнен соң, ештеңе айтпастан әңгіме бастады.

– Соғыс басталған 1941 жылы мен 18 жаста едім. Павлодар қаласындағы гимназияны бітірген кезім болатын. Әне-міне, жоғары оқуға түсуге немесе қызмет істеуге мүмкіндігім бар болатын. Сұрапыл соғыс басталды. Алғашқы шақырылғандардың легінде әскер қатарына алындым да, майданға жіберілдім. Жаңадан жасақталған батальон шұғыл соғыс дайындығына кірісті. Бірнеше ай әскери жаттығудан өттік. Одан ары күтіп жатуға уақыт жоқ, соғыс майданына жету үшін пойыз вагондарына тоғытылдық. Немістің арыны қатты, баса-көктеп, Мәскеуге өңмеңдеп келе жатқан болатын. Алайда біз қиян-кескі ұрысқа араласқан сәт немістің тұмсығына соққы тиіп, Мәскеу түбінде жүрісі тежеліп, шиеленіскен соғыс болып жатыр екен. «Ұрыста тұрыс жоқ» деп, қан майданға біз де араластық. Артынан неміс шегініп, біз шабуылға шығатын жағдайға да жеттік. Бірнеше ай өткенде мені командирім өзіне шақырытты. Әскери бұйрықты ала сала штаб орналасқан блиндажға жеттім. Бастығымыз жасы отызға жақындап қалған майор, қазақ азаматы болатын. Ол әскери тәртіп бойынша сәлемімді қабылдаған соң, маған тіке қарап:

– Енді екеуміз қазақша сөйлесеміз. Мені тыңдап ал, сонан соң жауап бер, – деді. Жарайды дегенімді білдіріп басымды изедім.  – Соғысқа не үшін келдің?

– Отанды қорғауға келдім!

– Өлу үшін бе? Өлтіру үшін бе?

– Жауды өлтіру үшін, керек болса, отанды қорғау жолында  құрбан болу үшін!

– Отан үшін дегенің – дұрыс. «Құрбан болу» дегенің – дұрыс емес! Жауынгер тірі қайту үшін соғысқа қатысады. Оны елі-жұрты күтіп отыр, ата-анасы күтіп отыр, үйленген болса, жары, бала-шағасы екі көздері төрт болып жолына қарап отыр! Өлуді ойлаған адам ажалынан бұрын оққа ұшады. Тірі қалуды көздеген адам жауын жеңеді!

– …

– Мен сені көптен бері байқап, бақылап келемін. Оқыған жігіт екенсің, майдан газетінен жазғандарыңды оқып жүрмін. Қаламыңның өнері үстем, айтар сөзі бар азаматсың. Қысқасы, бүгінгі күнге де, болашаққа да өте керек адамсың! Әсіресе, қазаққа қажетсің!..

– Рақмет, командир!

– Тыңда!.. Ал, сен болсаң, жауынгерлер «уралап» атакаға шыққанда бірінші болып қарғып тұрасың да, неміске қарай жанұшыра ұмтыласың!.. Тоқтаусыз жүгіресің. Бұл дұрыс емес.

Мына сөзді естіген соң ойланып қалдым. Жауынгерлік ерлігім үшін мақтау естимін бе десем, командирім: «Бұл дұрыс емес», – дейді. Сонда қалай болғаны? Ол сөзін жалғады.

– Жаңа ғана айттым ғой, сен қазаққа, туған еліңе керек адамсың. Сен секілді оқығандар, жазатындар бізде көп емес. Еліңе аман қайтуға тиіссің! Сондықтан мені тыңдап ал! Неміске жаппай шабуыл бұйрығы (сигналы) берілгенде солдаттар лек-легімен «уралап» алға ұмтылады. Сен окоптан бірден қарғып шықпа. Басыңнан бес-алты солдат аттап өтіп кеткенше тапжылмай дайындалып жата тұр. Сонан соң орныңнан қарғып тұрасың, қалтарыстар мен қалқаларды паналап алға ілгерілейсің. Артқа шегінбе, шегінсең, қорқақ, сатқын боласың. Үрейлену берекені қашырып, ажал шақырады. Қатарыңнан қалма. Бірақ алдыға андағайлап, атқалақтап озба, «Мойыны озғанды оқ табады». Өйткені сен бұл соғыстан тірі қайтуға тиіс адамсың!.. Міне, бұл – қазақша сөйлесуіміздің мәні!.. Мені түсіндің бе?!..

– Түсіндім, жолдас командир!..

– Ендеше, жадыңнан шығарма! Тірі қайту үшін соғыссаң, сөзсіз тірі қайтасың! Сақтансаң – сақталасың!..

Мен толқыған көңілмен дереу екі аяғымды жұптап сарт еткізіп, оң қолымды шекеме апарып честь бердім. Ол менің кетуіме рұқсат етті.

***

Мен Мұзафар ағаның аузына қарап отырмын. Ол кенет:

– Әй, Дәулетбек! Сенің анау 191-беттегі екі өлеңің де «немістен» кем емес. Жалаңтөс батырлық, батырлық емес, әңгүдік, алаңғасарлық дер едім. «Аң шадырын оқ табар» деген сөзді білесің бе? Сен – айтарың бар, жазарың бар жігіт екенсің, көбірек жазып, елге көбірек қызмет ету үшін, ақын кедергіге кездеспей, тірі жүру керек! Анау секілді өлеңдер – сенің өміріңе залал келтіретін нәрселер. Менің сөзімді түсіндің бе?

Мұзағам көзіме тура қадалып, жүзіме барлай қарады. Мен де орнымнан тұрып кеттім. Честь бермесем де, батылдана тіл қаттым.

– Мұз аға, түсіндім.

– Ондай болса 191-беттегі екі өлеңді алып таста.

– Иә, әрине, алып тастаймын.

– Онда жақсы, жолың болсын!

Солайша,  Мұзағамен өмірінің соңына дейін, яғни 94 жасқа келген 2017 жылға дейін, өмірден озғанша байланысымды үзген жоқпын.

Мұзағам жаңағы командирінің атын да айтып берген болатын. Ол туралы кезінде мақала да жазыпты. Мен бір аптадан бері күнделік бетінен командирдің есімін таба алмай жүрмін. Алайда  ол бір жерде бар. Ал әлгі екі өлең уағда бойынша жинаққа кірген жоқ. Бірақ күнделігімде тұр екен. Өткен 2022 жылғы «Қаралы қаңтар» оқиғасынан кейін ол өлеңімнің шындығына тіпті де көзім жетті.

«Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен»

Биыл ақын Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толды. Осы бір атаулы мерекенің орайына байланысты өзіміз шығарып жатқан балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының дәстүрлі эссе жазу байқауының 2023 жылғы тақырыбын Мұзафар Әлімбаевтың өмірі мен шығармашылығына арнадық. Міне, жыл бойы республиканың түкпір-түкпірінен эсселер келіп, түсіп жатыр. Мұзағаның өз сөзі «Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен» деген тақырыптағы байқау мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналады. Алдағы 16 желтоқсанның қарсаңында қорытындысын шығарамыз.

Эссе жазу дегенде еске түседі… Мұзағаның айналысқан жанры сан алуан. Соның ішінде бірінші болып тұрғаны «ақын» деген мәртебесі. Ол өте көп өлеңдер жазды, ересектерге және балаларға бағыттаған дастандары, жыр-толғаулары, шағын өлеңдері мол. Өзінің айтуы бойынша, сыншылардың берген бағасына қарасақ та оның «Естай-Қорлан» дастаны шығармашылғының биік шыңы. Онан ары «Менің Қазақстаным» дастаны, сол аттас кітабы да ақынның дәрежесін көтерген еңбегі. Поэзиялық еңбектерінің лирикалық бояуының қанықтығы, үндестігі мен ішкі музыкалық қасиеті композиторлардың назарын аударып, әнге айналып кетіпті. Өнер зерттеушілердің айтуына қарағанда ақынның 180-нен аса өлең-сөзіне ән жазылыпты. Көбі талантты әншілердің репертуарында бар, олардың орындауында алтын қорда сақталыпты. Жанрлық жағына келсек, поэзиялық шығармаларынан өзге, сын-зерттеу мақалалары, эсселері, мақал-мәтелдері, қысқа да нұсқа афоризмдері, аудармалары – жеке-жеке зерттеуді қажет ететін дүниелер.

Ақын композиторлармен қоян-қолтық жұмыс істеу барысында олардың қыр-сырына қанық болып, өмірлерін өзгеше өрнектеген жаңа жанр – эссені өмірге әкеліпті. Мұзафар Әлімбаевтың тың туындысы – эссе Қазақстандағы жаңа жанр ретінде пайда болып, дамып жоғары деңгейге жетіпті. Ол қазақтың он мыңнан аса мақал-мәтелін жинап, жүйелеп беріпті. Әлем халықтарының мақал-мәтелдерінен он мыңнан аса тұрақты сөз тіркестерін ұлттық сөз теңізіне қосыпты. Өзі жанынан шығарған афоризмдер мыңнан асып жығылады екен. Оның көбі халықтың нақылдарына айналып кетіпті. Бүгінде екінің бірі айтып жүрген «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген сөздердің дені – Мұзағаның айтқандары. Сондықтан Мұзафар Әлімбаевты «Мақал-мәтелдің маршалы» деп атайды.

Мұзафар мен Мұқағали

Халық жақсы білетін Мұзағаның ең көрнекті қыры – «Балалар әдебиетінің атасы» деген даңқты аты. Шынында, ол өзі 1958 жылы «Балдырғанның» бас редакторы болған күннен тартып 28 жыл бойы – 1986 жылға дейін балалар әдебиетінің бапкері, бас бағбаны болып жүздеген, мыңдаған шәкіртке әдебиет пен өнердің дәнін септі. Сол – кешегі бүлдіршін балалар бүгінгі арамыздағы қарымды қаламгерлерге айналды. Қалам ұстап жүрген ақын-жазушылардың Мұзағадан тікелей немесе жанамалай жақсылық көрмегені кем де кем. Мен өздерінің аузынан естіген, «Мұзағаның шарапатын көрдік, кеңесін тыңдадық, шығармашылғымызға дем беріп, бағасын беріп шабыттандырды», – деген кісілердің өзі ондап саналады. Солардың ішінен ақын Жұмаш Кенебайды, журналист-жазушы, «Егемен Қазақстанның» ардагері Жанат Елшібекті, жазушы-публист Қали Сәрсенбайды, ақын, академик Бауыржан Жақыпты, ақын Баян Бекетованы айтар едім.

Бос сөзді қоспай санатқа,

Тіршілік бізге ой салар.

Қол ұшын ұсын талантқа,

Дарынсыз өзі-ақ жол табар, – деп жазғанындай, бойында жылт етері бар, тасадан талант көрсе, «бұлақ көрсең – көзін аш» деп, қол ұшын беріп, қолтығынан демеген екен. Анау жылдары Мұз-аға әңгіме арасында ақындар – Тыныштықбек Әбдікәкімді, Ғалым Жайлыбайды, Гүлнар Салықбайды жоғары бағалап, үлкен баға беріп отырғанын естіп едім. Әне сол Мұзағаң баға берген қаламгерлер бүгінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып, көрнекті әдебиетшілерге айналды. Атаның сыншылығы, төбеден дөп түсер көрегендігі мүлт кетпейтін еді. Ол кісінің аузынан біреуді жамандағанын, кемшілігін термелеп отырғанын естіген жоқпын. Қашан барсам, жақсының жаршысы болып тамсанып отыратын. Мен секілді шетелден келген белгісіз бір талапкерді талпындырып, қатарға тартып, ықылас-сүйіспеншілігімен алға бағыттады. Мұзафар Әлімбаевтың 70-ке жуық кітабы жарық көріпті. Балалар әдебиеті жанры бойынша «Аспандағы әпке» деген кітабы үшін 1982 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық алыпты. Сондай маған берген кітаптарының бірі, 1996 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Көңіл күнделігі» деген кітабына: «Айналайын, бауырым Дәулетбекке! Шертілмей сыр қалмасын, Қаламың – қанат самғасын! Мұзафар ата, 20.05.2010 ж.», – деп жазып беріп еді.

Ата-бабамыздың ақ батасы теріс кетпеген, Мұзағам да маған бата берді, белімді буып, белеске шығарды. Бір қызығы, мен бұл күнде балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы болып істеп жүрмін. Сондайда балалар ақыны, шәкірттердің бағбаны – Мұзағамның ықыласы мені де балалар журналына алып келген жоқ па деп ойлаймын. Қайткен күнде де осының бәрі жақсының шарапатынан болып жатыр.

Кезінде Мұзағамның себеп болуымен, тікелей өтінішімен жазылған көп дүние, уақыт өте келе кітап болып шыққан екен. Бірде Нұрқасым Қазыбекұлына: «Әй, сен қаймағы бұзылмаған қара орман елден келдің ғой, мен саған «Балдырғаннан» «Дала өрнектері» деген айдар ашып беремін. Сен соған мақала жазып отырасың», – депті. Сонымен ұлы дала туралы танымдық тақырыптағы «тау», «жота», «қырқа», «сай», «көл», «өзен», «адыр»… сияқты жүздеген атау туралы жазылған сериалы мақалалар «Балдырғанға» шыға бастайды. Кейін сол еңбектердің басы бірігіп «Дала өрнектері» деген атпен балаларға арналаған таптырмайтын кітап болып жарық көрді.

Сол сияқты Мұқағали Мақатаевқа да тапсырмалар беріп жүреді екен. Алайда уәде орындалмай кешіге беріпті. Бір күні ақын Мұқағали редакцияға келе қалыпты. Аман-сәлемнен соң: «Әй, Мұқағали, сен неге тапсырманы орындамай жүрсің? Кел мұнда!» – деп қасына отырғызып, алдына бір парақ қағаз бен қаламды қойыпты. Оған: «Сен – менің тұтқынымсың, тапсырманы орындасаң ғана босатамын», – депті қабағын түйіп. Мұзағаның өтінішін орындамай жүргені есіне түскен Мұқағали еш қарсылық танытпай, қаламды қолына алып, қағазға бір нәрселер жаза бастайды.

Әліппе

Бар кітапқа бас болған,

Әліппе – ғылым ағасы.

Әліппеден басталған,

Даналықтың данасы.

 Мектебің, мынау – класың,

Осында он жыл тұрасың.

Тарыдай болып кіресің,

Таудай болып шығасың, – деген маржандай тізілген екі шумақты көреді. Риза болған Мұзаға Мұқағалиға алғысын білдіріп: «Енді боссың», – деп қолын қысыпты. Сол өлең сол айдағы нөмірге шығып, артынан күллі қазақ баласының сүйіп оқитын «Әліппенің» маңдайына жазылып келеді. Мұқаң жазған әйгілі өлең осылайша өмірге келіпті. Мінеки, бұл айтқандарымыз – Мұзафар атаның өміріндегі халыққа жасаған қайырымды жұмыстарының бірер үзігі ғана. Мен ол кісінің жасы сексеннен асқан шағында жолықтым. Жас кезінде де жайлы мінезді, жағымды жарылқаушы жан болғанына шүбәм жоқ. Қазақта «Жаман кісі қартайса, қазымыр болады, жақсы кісі қартайса, қазы болады» деген даналық бар. Мұзағаның – Муза-ағаның көпке өнегесін көрсеткен, өмірге шуақ шашқан қазыналы ақсақал, абыз ата болғанына куәмін.

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі,

Ақпарат саласының үздігі

ПІКІРЛЕР1
Аноним 18.12.2023 | 00:02

Жаңағы екі өлеңді қоспадыңыз ба?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір