Құлтемірдің құлдығы…
26.10.2023
275
0

Әйгілі Айзек Азимовтың әңгімелеріндегі роботтар бүгінде күнделікті өмірде қолданатын қарапайым тұрмыстық заттардың арасынан жиі кездесетін болды.

Әлемде робототехниканың (бұл терминді де жазушы Айзек Азимов енгізген) дамуы шексіз екені енді әркімге-ақ мәлім. Қарапайым шаңсорғыштың өзі жасанды интеллектпен жабдықталып, роботтардың алды Марсты зерттеп жүр, олар және Айдан топырақ сынамасын Жерге тасып әлек. Аталған ғажайыптардан алыс адам үшін бұл процесс көзден таса өткендей әсер қалдырады. Біз кітаптан оқып, қол жетпестей көрінген құбылыс күнделікті тіршілікте көрініс тапқанын байқамай да қалғандаймыз. Жасанды интеллект, гуманоид андроидтар жыл сайын жетіліп, шексіз даму алдында тұр. Әрине, бір жағынан адамзатты үрей билейді. Себебі адамзат тіршілік атаулыдан өзін биік қоятын, жалғанды жалпағынан басып, төрткүл дүниенің қожайыны сезінетін жан иесі ғой. Ал оның өзіне ұқсағанның бәрін дерлік бәсекелес көріп, бойын үрей билейтіні – табиғи құбылыс. Ғылыми фантастикалық романдар мен кино туындылар да отқа май құйғандай, жасанды интеллектің адамзатқа қарсы шыққанын көрсетіп, адамдарды әрі-сәрі қылуда. Бірақ бұрынырақ та бұл іс аса резонанс тудыра қоймады. Себебі ол кезде жасанды интеллектің ауылы алыс еді. Дегенмен бүгінде жасанды интеллектінің дәуірі басталды деуге болады. Сұраққа жауап беру, өз бетімен интернеттегі ақпараттарды игере алуы, өзін-өзі жетілдіруі, сурет салуы, өлең шығаруы, музыка жазуы, есептеу әдістерін толық меңгеруі – бәрі-бәрі шындыққа жанасып, демо нұсқаға ұқсағанмен, жарыққа шығып келеді. Бұл жерде де біз жазушы Айзек Азимовтың «Мен – роботпын» әңгімелер жинағындағы шығармасында жазған робототехниканың үш заңын еске аламыз. Біріншісі – робот адамға қауіп төндіре алмайды немесе өзінің салғырттығының салдарынан адамға қауіп төнуіне жол бере алмайды. Екіншісі – робот адамның бұйрығына бағынуы тиіс, бұйрық бірінші заңды бұзып тұрған жағдайда орындамау керек. Үшіншісі – робот бірінші және екінші заңдар бұзылмаған жағдайда өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Бұл заңдарды Айзек Азимов 1946 жылы көркем шығарма түрінде жазған. ХХІ ғасырда бұл заңдар маңызын жоғалтпады. Бұл тұрғыда адамдар нағыз жасанды интеллект пайда болғанда осы заңдарға бағынуы керек дегенге саяды.


Шағын жазбамызда біз қал-қадірімізше робототехниканың бүгінгі жағдайы туралы үстірт ақпарат беруге тырыстық. Себебі робототехника деген термин біздің елде жаппай тарала бастады. Бұрын тек белгілі бір кәсіби орталарда айтылатын әңгіме бүгін мектеп қабырғасында оқытылып жүр. Жуырда Қазақстан оқушылары Сингапурде өткен FIRST Global Challenge атты роботехника чемпионатында бірінші орын иеленді. Өткен жылы Женевада жеңіс тұғырынан көтерілген қазақстандықтар, биыл да бұл саланы жетік меңгергендерін көрсетті. Айтқандай, оқушылар жинаған ұпай саны бойынша әлемдік рекорд та орнатыпты. «Қазақстан бүгінде роботехника саласында әлемдік брендке айналып барады», – дейді USTEM Foundation қоғамдық қорының басшысы Асылбек Мурзахметов. Екі жыл қатарынан 190 елді шаңқаптыру – сәйкестік емес. Яғни бұл салада дұрыс бағыттамыз. Иә, бізге Жапонияның деңгейіне көтерілу қиын, силикон алқабына жақындай да алмаймыз, дегенмен осындай жетістігіміздің барына, осы салада қызмет етуге дайын мамандардың пайда болғанына қуанбасқа болмас.
Бірер жылдан кейін бұл сала Қазақстанда қарқынды дамитыны анық. Себебі біздің елге әлдебір жаңа дүние жақсы сіңеді. Төлем жасау, ақша аудару, сатып алудың бәрі дерлік цифрландырылуы, құжаттарды электронды дайындау секілді оңтайландырылған процестер бізде өте жылдам әрі оңай өтті. Енді робототехниканың да күнделікті тұрмысымызға жеңіл енетіні сөзсіз. Болашақта зауыттар, сервистік қызметтер, басқа да саланың бәрі дерлік роботтандырылғанда, робототехниканың дәурені жүреді. Ал оған дейін біздің бүгінде айды аспанға шығарып, бірінші орын алып жүрген оқушылар да өсіп, инженер атанады деген үлкен үміт бар.
Робот еркін араласқан қоғамда адам баласының жұмыстан қолы босайды. Робототехника бүгінде байдың ермегі емес, қажеттілік тудырып отырған сала. ХVІІІ ғасырдың басында бу қозғалтқыштары өндірісті түгелдей өзгертіп жібергені секілді, енді роботехниканың да дәуірі туды. Бұл дегеніміз –зауыттар толықтай автоматтандырылады (қазір де мұндай зауыттар бар), роботтардың қызметін адамдар тұрмыста да қолдана бастайды, сервистік қызметтерді де андроидтар көрсетеді (Жапонияда толықтай роботтар ғана жұмыс істейтін қонақүй бар), медицинада да қолданады, адам өміріне қауіпті жердің бәрінде роботтар жұмыс істейді. Бұл адам өміріне кәдімгідей жеңілдік әкелері сөзсіз. Енді адамзат ой қабілетін дамытып, шығармашылық бағытта дамиды деуге болатын шығар. Бұл тек өнерге қатысты емес, ғылымдағы шығармашылықтың өркендеуі де әбден мүмкін.
Робототехникаға адамзаттың жауы ретінде қарамау керек. Мұның адамзат өркениетінің жаңа деңгейі деп түсінген жөн. Біз өзімізге қауіпті жұмысты өзіміз құрастырған зат арқылы жасайтын дәрежеге жеттік. Тіпті өзге планетаға роботты жіберіп, өзіміз соның жинаған ақпаратын пайдалануды үйрендік. Аса дәлдікті талап ететін фармацевтиканы мүдірмей істейтін роботтарға тапсырдық, аса қиын ота жасағанда да «темірге» иек артамыз («Да Винчи» роботы), жеңіл және ауыр өндірістерде қолданамыз, әскери қызметте де роботтардың атқаратын рөлі зор (өзі ұшатын аппараттар, барлаушы роботтар, т.б). Біз мұны алыс-жақын шетелдердегі соғыстардан да байқап жүрміз.
Құлтемір адамзат пайдасына жұмыс істеп келеді, болашақта да солай болады дегенге сенеміз. Жер бетінде өзіне тең таппаған адамзат енді өзіне ұқсас роботтарды жасап, планетаралық кеңістікті бағындырып келеді. Біз де көш соңында қалмай, алдына жан салмайтын алпауыт елдерге ілесіп, адамзаттық қозғалысқа өз үлесімізді қосқанымыз жөн.

А.СҮЛЕЙМЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір