ЖЫРАУЛАРЫМЫЗДЫ «ЖЫН ИЕКТЕПТІ…»
23.10.2023
320
0

«Менің көзім жетті: біз, әйтеуір, аштан өлмейді екенбіз. Бізге келетін тажалдың аты басқа екен. Қазақтың жаны үшін күрес жүріп жатыр!». Көзі ашық оқырманға таныстырып жатудың өзі артық ететін жазушы-сыншы Тұрсынжан Шапайдың «Қазақтың жаны» мақаласы осылай басталатын-ды. Біз де шағын мақаламызды осы сөзбен бастауға мәжбүр болып отырмыз.

Әсіреқызыл сөздерді жиып-теріп, уақы­тыңызды рәсуа қылғым жоқ, қолға қалам алуға түрткі болған жайтқа төте көшейін.
Біз тәуелсізбіз деп күллі жұртқа жар салғанда достыққа ашқан құшағымызға дұшпан пиғылмен құлап, қойнымызға кірген қара жыланды байқамай қалдық. Ең өкініштісі, ол қара жылан жалғыз, қауқарсыз емес еді. Тұс-тұстан мәдениет пен діннің терісін жамылып келген. Содан бері қазаққа қарсы қимылын тоқтатқан жоқ. Ата-бабаңды адасқан деп санап, ұлттық аспаптарыңды сайтанның сапалағына балап, дәстүріңді арам деп, киелі ұғымдарыңа шырт түкіріп тайраңдап жүрді. Бұларға белгілі бір деңгейде тоқтау салғандай болдық. Бірақ…
Жә, созбаққа салмалық. Кейінгі жарты жылдың мұғдарында қоғам қызу талқылаған мәселелердің бірі – дін. Дұрысы, жат діни ағымдардың залым насихаты. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы мұндай сөздерді тек теріс ағымдар айтатынына сендіргендей болды. Дегенмен кейінгі кезде ҚМДБ бекіткен имамдар мен уағызшылардың жоғарыдағыдай уағыз айтып келгенін әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бейнежазбалар дәлелдеп берді.
Мәселен, бір айдай бұрын Қабылбек Әліпбайұлы деген уағызшы «шеше» сөзін «көкек-ана» ұғымына теліп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап, әбден талқыланған соң, Бас мүфти мұның жеке адамның ойы екенін және ҚМДБ-ның пікірі емес екенін мәлімдеді. Әрине, жалғыз адамның пікірі тұтас ұйымның сөзі бола алмайды деп келісуге болар еді. Алайда үшбу сөзді Арыстанбек Оспанов деген уағызшы да қайталады. Ол: «Бір адам арақ ішіп жүр ме, оны тоғыз ай көтерген кісіні шеше деп айтады» деді…
Жақында тағы бір бейнежазба әлеуметтік желіні қайта шулатты. Көргенім мен естігенімді айтайын. Бейнежазбада Арман Қуанышбаевтың мешітте уағыз айтып тұрғаны көрінеді. «Жындар біздің өмірге көп араласқан, бауырлар. Солардың біреуі – ақындар, – деп бастайды ол сөзін. – Қазақта Базар жырау, Қашаған жырау деген жыраулар өткен, иә? Мысалы, Базар жыраудың әңгімесін айтайын. Базар жырау 15-16 жасына дейін қой бағады. Бір орыстың қойын бағып жатқан кезінде, көпес бір орыстың қойын бағып жатқанда, түнде үлкен бір қара кісі келді дейді. Иығымнан жұлқып тұрғызып алды да, «Сенің наның таяқтан болады, тұр да, сөйле» деп айтып, кетіп қалды дейді». Арман Қуанышбаев қызды-қыздымен: «Құранда мұны не дейді? Ақындардың соңынан Ғаум деген жын еріп жүреді екен дейді. Бұл – сығандарға ұқсаған жынның бір түрі… Сол кісінің бірі – қазақтағы Базар жырау. Ол кісі ауру шығар, бірақ халықтың мұңын айтты… …Екі үлкен шартты бұзған жоқ: оның бірі – сенімді бұзған жоқ…», – дейді соңында (Ескерту! Біз уағызшының «насихатын» сөзбе-сөз бердік; ал Базар жырау бұзбаған екінші шартты айтып жатқан жерінен бейнежазба кесіліп қалған – А.Қ.).
Ауыздан-ауызға тарап, бүгінге жеткен аңыздардың бірнеше нұсқасы болады ғой, молданыкі де дұрыс шығар, алайда бізге жеткен аңыз мынадай: Бала Базар қозы бағып жүріп, түнде ұйықтап қалыпты. Ақ киімді, ақ сақалды, ақ таяқты бір кісі балаға келіп: «Маңдайыңа берейін бе, таңдайыңа берейін бе?» – деп сұраған екен. Қарны ашып, шөлдеп отырған бала: «Таңдайыма бер, ата», – деп жауап қатқан екен. Сөйткен бала Базар таңда өлең айтып ояныпты деседі.
Молда Қашаған ақынның атын атағанымен, ақын сөзінен дәйек келтірмеді. Ендеше, жырдан үзінді берейік:
«…Бір күні ұйықтап жатқанда
Қара кісі келіп: «Тұр, – деді, –
Мойныңды маған бұр», – деді.
Сол кісі және сөйледі:
«Қашаған, балам, көзіңді аш,
Өнер бердім – жұртқа шаш.
Таяғыңды тастап, қойдан қаш,
Барың болса, пайдаға ас.
Жырдан болар кәсібің,
Елден болар нәсібің.
Ұлықсат етіп сыйладым
Халықтың төр мен есігін!»
Батасын берді қол жайып,
Екі қолын мол жайып.
Ұлықсат содан болған соң,
Жөнелдім сөзге мен байып…» (Бастапқы сөз жырынан үзінді); [Ақтан. Аралбай. Қашаған. Құрастырушы
Айтуар Өтегенов – Алматы: ҚАЗақпарат, 2013–216 б. (Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы)].
Жоғарыдағы уағызшының «жын иектеу» мысалына қазақ, шүкір, бай. Мысалы, Абыл ақын, Мұрат ақын, Оңғар жырау, Бақтыбай ақын, Құлыншақ ақын, Мұса жырау… тізімді әлі біраз жалғауға болады.
Біз осы жайтты алға тартып фоль­клортанушы, эпик жыршы Берік Жүсіптің бұған қатысты не ойлайтынын сұраған едік.

Жыраулардың өзін де, сөзін де заңмен қорғауымыз керек

«Таразының мұндай түріне тартсаң, жын соқпаған адам қалмайды. Шынын айтсам, «қазаннан қақпақ, иттен ұят кеткен» кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Тап осылай боларын, қақпақсыз қазан «ит» атаулыны ұяттан бездіретінін бұрынғылар әулиедей болжап, айтып кеткен. Қазір тек соның куәсі болып отырмыз. Бастысы, бұл үдеріс кеше, бүгін басталған жоқ. Қай күні Ресей империясының құшағынан сытылып шығып, өз алдымызға егемен ел атандық, сол күннен бастап жолға қойылған жоспарлы саясаттың уытын, міне, енді сезіне бастадық. Бұдан былай мұны қымтап, жасырудың қажеті шамалы. Өйткені, халықты тым сауатсыз деп ойлаудың өзі сауаттылық емес. Демократия деген кеңбалақ ұғымның бір жақсы жері – осы. Сондықтан да мұның қай-қайсы болсын елдігімізге, руханиятқа, ұлттық мұра, таным, түсінік, құндылық атаулыға кері әсерін тигізері анық.
Адам пенде, мейлі ол кім, қандай дә­режеде болса да, алдымен құлақтан азады. Басқаны айтпағанда, дін таратушылар тарапынан айтылған әрбір уыз немесе улы уағыз, түптің түбінде өз жемісін беріп, діттеген мақсатына жетпей қоймайды. Міне, осыдан отыз жыл бұрын, қазақ қоғамындағы бос діни кеңістікті оңтайлы пайдалана отырып егілген улы дәнек жемісінің дәмін енді тата бастадық. Келешекте мұның салдарымен күресу тіпті қиын болады. Сондықтан да, уақыт алдырмай мұндайларға «аюға намаз үйреткен — таяқ» тәсілін қолдану керек. Онсыз, қазақ барынан айырылып тынады. Әзәзіл саясаттың уысында тұншығып өлген халық аз емес. Біз ұлт ретінде солардан артық емеспіз, соны жіті түсінетін кез келді. Өкінішке қарай, бардың бағасына жете алмай, асылын мансұқтаумен келе жатқан жұртпыз. Әсіресе, дінге байланысты танытып отырған жалпақшешейлік саяси қателік болды. Естеріңізде болса, кешегі Кеңес Одағы тұсында «Дін – апиын!» деген түрпідей анықтама болатын. Иә, дінді сауатты, парасатты, ақылдылар тұтынса, сөз жоқ, рухани байлық, бейақыл тобыр тұтынса апиынға айналып шыға келуі бір демде.
Ал енді пікірі тілге тиек болып отырған молдекеңнің әрекеті – сауаттан да, сауап­тан да тысқарылау нәрсе. Біріншіден, осы уағызшы атаулы алқаға түсіп жөн айтар алдында ақын, жырау, шайырлардың сөздерін қолданбаса іштері түйней ме екен? Екіншіден, бұлар халық ауыз әдебиеті өкілдері шығармашылығында ислами жын ұғымынан тыс, басқа да табиғи тылсым күштермен байланысты, күллі жан иесі – адамзат баласына тән, барлық шығармашылық үдеріс атаулымен байланысты, психотехникалық, психофизиологиялық ерек­шеліктерге жүгінбесе, жалаң дінмен, теология теориясымен түсіндіруге келмейтін һәм болмайтын құбылыстар бар екенінен хабарлары бар ма? Үшіншіден, бұлардың берісі қазақ, әрісі әлем әдебиеті мен фольклорының теориясы мен тарихынан, тұлғаның өзіне һәм шығармашылығына қатысты түрлі әдеби, фольклорлық заңдылық атаулыдан жалпы түсінігі бар ма? Төртіншіден, дін тарихы мен кез келген діни мифология арасындағы нәзік тінді ғылыми сауат негізінде ажыратып алмай тұрып уағыз айту түрлі кемшіліктерді былай қойғанда, қауіпті көзқарастар дүмпуіне келіп тірелуі мүмкін екенін дін иелері шынымен де білмейтін болғаны ма? Бесіншіден, осы діндар қауым біздің дала жұрты исламды мәдениет ретінде қабылдап, өмір салтына сіңіріп, тұтына бастаған берідегі VII-VIII ғасырлардың арғы жағында бүгінгі қазақ ру-тайпаларының ата-бабалары дін, дәстүр, мәдениет, тіл, өркениет атау­лыдан мақұрым болып, шошқа тағалап жүрді деп ойлай ма екен?
Жалпы, өмірдегі қай нәрсенің болсын ара-жігін «арам-адал» ұғымындағы шартты шектеулермен шеше алмаймыз. Ал молдекеңнің осыдан сегіз, мейлі сексен жыл бұрын айтылсын, Базар мен Қашағанға қатысты пікіріне қайырылып, жауап бермей-ақ қойса да болар еді. Өйткені жындар әлемі жайында көп сөз еткен жанның жынға бейімі болады ғой. Бірақ бұл жердегі гәптің үлкені тек Базекең мен Қашекеңе ғана қатысты емес, күллі сөз ұстаған қауым – ақындар шығармашылығына байланысты тылсым қасиетті жындар әлемімен байланыстыруда болып тұр ғой. Қасиетті Құран Кәрімді куәлікке тартып сөйлеген уағызшының «шайыр, ақын адамдардың соңынан «ғауым» деген сығандарға ұқсаған жынның бір түрі еріп жүреді. Соның бірі – қазақтағы Базар жырау. Ол кісі ауру шығар, бірақ халықтың мұңын айтты, сырын айт­ты…» деген қисындағы, «адасқан» деген мағынадағы қисынсыз сөзі ғой, былайғы жұртқа шаптүрткі болып отырған. Десе де, Базекең шариғат шарттарын бұзбапты, оны да сол молдекеңнің өзі айтып отыр. Жалпы, Құранда шайыр мен ақындарға қатысты осындай нақтылық бары рас болса, онда кім-кімге де мықтап ойлану керек шығар? Өйткені бұл ілкі мәдени бастаудағы қайшылық сипаты болуы бек мүмкін. Ол кезде таңдау жасау керек болады. Жалпы, бұл жерде әлгі «ғұлама» тек Қашаған мен Базар, қазақтың ақын, шайырлары ғана емес, күллі әлемдегі ақын-шайырларды түгел «сипап» өтіп, «адасқандар» қатарына тоғытып жіберіп отыр. Мен өз басым мұның астарынан теріс саясат іздеп, елді дүрліктіргім келмейді. Бәлкім, үңіліп іздей түссең ол да табылмай қалмас. Мұның тоқетері: аңдамай сөйлеген ауырмай өледі! Олай болса, дүнияуи сауаттың кемшіндігінен, бәлкім, діни ұстанымына жығыламын деп тілінен тапқандарды жерлей беріп қайтеміз? Одан гөрі жырау, жыршылардың өзін де, уәлі сөзін де заңмен қорғап, ерекше мәртебе беру жолын қарастырған мақұл шығар», – дейді фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов.

* * *

Сөзімізді қайта жалғайық. Жыраулар туралы әлгіндей сөз айтқан уағызшының бейнежазбасы осыдан сегіз жыл бұрын жарияланған екен. Ендеше, бізге ескі жараның көзін қайта тырнап не көрінді? Жақында Арман Қуанышбаевтың ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесіне мүше болғаны туралы ақпарат жарқ ете қалды. Ол бұған дейін ҚМДБ жанындағы РАНТ-ға (Республикалық ақпараттық насихат тобы) мүше болған. Жалпы, біз атын атап, түсін түстеген кісілердің бәрі – кезінде мешіттерде имам болған (мүмкін қазір де солай шығар, мұны өз басым нақты білмеймін – әйтеуір олардың уағыз айтуына ҚМДБ рұқсат беріп отыр), кейбірі РАНТ мүшелігіндегі адамдар.
Сөз реті келгенде айтайын, Жарқын Мырзатай деген уағызшы да имам болған кісі. Оның да бейнежазбасы әлем желіні дүр сілкіндірді. Ол бейнежазбада «Ясауи­дің басына барып бала тілесең, туған балаң қожа болады» деген-тін. Жарқын мырза тым құрығанда «Алпамыс батыр» жырын оқыса, бұлай дер ме еді?! Ол жақында бейнежазбаның екі жарым жыл бұрын жарияланғанын және жоғарыдағы сөзді эмоциямен айтқанын айтып ақталыпты.
Қандай күйде тұрсаң да, ұлттың ұлы тұлғаларына, қасиетті ұғымдарына қарсы сөз айтуға бола ма? Қала берді, мұн­дай кісілерді мешіттің мінберіне шығаруға бола ма?
Бұдан бірнеше ай бұрын маса туралы қызық мәлімет оқығаным бар еді. Ақпарат жер жүзінде болған соғыс құрбандарының санынан масаның кесірінен өлім құшқан адамдардың саны көп екенін айтады. Маса ұшып-қонып жүріп қаншама ауруды тасиды екен. Содан қайт­қан кісі қарасы – әлгіндегідей. Вирусқа қарсы вакцинаның ойлап табылғаны күні кеше ғана екенін ескерсек, бұл – әбден сенуге тұрарлық ақпарат.
Ұлттық құндылықтарымызға қара күйе жағатын уағыздар да сол маса секілді. Қышыған жерді қасып жай табамыз деп, жайбарақат жатуға болмайды. Тыр-тыр қасып жай жатудың өтемі өлшеусіз болуы мүмкін. Сондықтан ұлттық құндылықтарымызды қорғайтын ЗАҢ шығаруға тиіспіз. Әйтпесе, қазақтың жаны үшін жүріп жатқан күресте жеңіліп қалуымыз әбден мүмкін…

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір