ӘБУ АТА ТӘЛІМІ
22.02.2016
1353
0

image1977 жылы болуы керек, жазғы каникул кезінде әкем мені Алматыға әкелді. Екеуміз бір үйге келдік. Қо­ңы­рауды басқан соң есіктің ар жағынан шаштары ақша бұлттай егде кісі есікті ашты. Бұл – қазақтың та­нымал ақыны Әбу Сәрсенбаев еді…

Арада біраз жыл өтті, күйші болуды мақ­сат етіп Алматыдағы П.И. Чайковский атындағы музыкалық училищеге түстім. Ауылдан сегізінші сыныпты бітіріп келген бозбалаға қала тірлігіне көндігіп, бой үй­рету қиын еді. Жатақханада жатудың да ма­шақаты көп, осыны сезген анам Қанипа Бұ­ғыбаева мені өзінің өкіл әкесі Әбу Сәр­сенбаевтың үйіне тұрғызды.

Бұл үйде тұру маған академияда оқы­ған­дай әсер қалдырды десем, артық айтпа­ған болар едім. Алғашқы күндерден-ақ Әбу атаның сыншыл да талапшыл назарына іліктім. Бірде ол кісі: «Сен өзі кітап оқымайтын надан екенсің», – деп төтесінен айтты. Негізінде мен ауылда жүргенде мек­­теп пен аудандық кітапхананың кітап­тарын тауысқан бала едім. Әбекеңнің үйін­де жүргенде кітап оқудан гөрі музы­калық сабақтарды үйренуге ден қойып ем. Моцарт пен Чайковскийдің симфонияларын талдап, музыка теориясы мен соль­фед­­жиодан берілген тапсырмаларды орын­дау қиын тиіп жүрген. Бірде Әбу ата бөлмесінен шығып: Талап, мына кітапты оқып, ертең ма­ған мазмұнын айтып бере­сің, деп, өзі­нің «Морские напевы» деген шығармасын қолыма ұстатып, бөлмесіне қайта кіріп кетті. Сөйтіп, мен Әбекеңнен әдебиет саба­ғын түбегейлі қайта ала бастадым.

Тағы бір жолы шанағы мен қақпағы үл­кен сары домбыраны алып шығып, маған күй тартқызды. Менің тартысым жаққан болу керек, күнде түскі астан кейін домбыра тартуды әдетке айналдырдым. Әбу ата, әсіресе, Құрманғазының «Серпер», «Кіш­кентай» атты күйлерін сүйсініп тыңдайтын. Тыңдап отырып, «Кіш­кен­тай­ды» Жұмекен де тартушы еді, деп тол­ғанысын жасырмай терең ойға берілетін. Кейде он шақты күй­дің басын қайыр­ға­нымда мүлгіп кететін, сол сәтте тынығып алу үшін тартысымды бәсеңдей қалсам, селт етіп оянып, әрі қарай жалға деуші еді…

Қазір өткен күндерге көз жүгіртсем, Әбу атаның үйінде өткен уақытым, өмір са­бақтарын үйреткен ең қадірлі ұстаздың ал­дындағы күндерім екен.

Талап ҚАРАШ,
күйші.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір