ШЫМШЫМАЛАР
13.10.2023
280
0

Бұрын «Б.Ұ.Т» еді,
Білім – құт еді.
Бүгіндері «Ұ.Б.Т» болды.
Оқыған-тоқыған ұмыт болды.
***
«Ешқашан көнермейді.
Темекі шегу –
Мәдениет – өнер» дейді.
***
Барымтаға толтырып ап «Камаз»-ды,
Қаза етпейді намазды.
***
Дұғаларды қиыстырып құрайды,
«Жасаудың» кұнын сұрайды.
***
Меңгерсе де терең білім,
Түсінбейді туған тілін.
***
Түйені түгімен асап жүр,
«Қайырымдылық» жасап жүр.
***
Кемпірі:
– Туамын! – деді.
Шалы:
– Немерелеріме
«жуамын» деді.
***
Болмаса да көлеңкелер дарағы.
Дайын тұрар арағы.
***
Қала сайын коттедж салдырып жүр,
«Атын» Абу-Дабиге шалдырып жүр.
***
Атанды да халықтың қалаулысы,
«Көкелерге» ұнау болды қалаулы ісі.
***
Бір перзент ұлт мұрасын жаңғыртып жүр,
Бір перзент атасын қаңғыртып жүр.
***
«Бұл адам болмайды», – десті,
Ұрпақ жолын кесті.
***
Біреу жылтыраған түймесіне мәз,
Біреу көрмедей күймесіне мәз.
***
«Кеншімін» десе сенерсің,
«Емшімін» десе не дерсің?
***
– Не болады дертті жан дер кезінде
дәрігерге қаралмаса?
– Емнің қонуы қиын болады!
– Не болады шенеунік апта сайын пара алмаса?
– Санағаны сағат сайын тиын болады.
***
Әдебиеттен гөрі әдемі бетті ұнататындар көп.
***
Кітаптың бетін ашпайтын жан,
Досын сатудан қашпайтын жан.
***
Бір адам иманын түзетіп отыр,
Бір адам әзәзілді күзетіп отыр.
***
Қыз-қырқынға бұғалақты салып жүр,
Қолын күнәға малып жүр.
***
Жоғары жаққа жақын болды,
Пара беріп, әкім болды.
***
Елдің қалтасын қағып жүр,
Балаларын «бағып» жүр.
***
Өзі «озып» барады,
Ауылы тозып барады.
***
Әкесін асыраудан қашып отыр,
Әйеліне есепшот ашып отыр.
Қолында «ала таяғы»,
Әдеті бәз-баяғы.
***
Табым табу мән болды,
«Әнші» болу сән болды.
***
Біреу арын ойлап жүр,
Біреу «барын» ойлап жүр.

КЕЛІН МЕН ЕНЕ КҮРЕСІ

Шаршы алаңға
Күресу үшін,
Мүдде жолында тіресу үшін,
Кесірлі мінезімен әйгілі боп,
Ауылға сыймай жүрген,
Мұнысына тіпті айылын жимай жүрген
Көкбет келін мен
Әдептен аспаған,
Жөнсіз іске аяқ баспаған
Есті ене шықты.
(әр қайсысы өзіне сене шықты!)
Ә дегеннен көкбет келін:
– Әй, осы сен енемісің?
Немесе қансорғыш кенемісің?
Қауқарына қарамай,
Мына мені шынымен жеңемісің?
Кімің бар қане қолдайтын?
Жоқ әлде сөлбірейген ұлыңа сенемісің? –
деп көкіп еді,
Сабырын сақтап,
Сөзін нықтап,
Былай деді кейуана:
– Иә, мен енемін!
Ұлыма емес,
Ата-дәстүрге сенемін.
Бетімен кеткен мына сені,
Әп-сәтте-ақ жеңемін.
Біліп қойғын,
«Аюға намаз үйреткен таяқ».
Кім үлкенді сыйламаса,
Аспаннан келер аяқ!
Әз-ананың бұл сөзі
Санасына сіңбеді ме,
Мойынсынуым мін деді ме:
– Көрсетші, қане күшіңді? –
Көкбет келін енесіне тап берді.
Долдана-шаптығып,
Белінен шап берді.
Егделерді осал деуге болар ма, әсілі?
Ененің де бар екен біраз тәсілі,
Айлаға қарай бұрды.
Көтеріп ап көкбет келінді,
Жерге бір-ақ бұрды.
Керауыздың үні өшті,
Жеңіс ененің қолына көшті.

ҚАМҚОР ӘКЕ

«Бала-шағасын адалынан асырауға тырысып жүрген жан Алла жолында күресушімен тең»
Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа (с.ғ.с.) айтқан хадистен

Аузын ашып жайындай,
Ештеңеден тайынбай,
Дүниені молынан асап жүр,
Қалағанын жасап жүр.
Тұрып жатқан үйі де жақсы,
Тұрмыс-күйі де жақсы.
Балалары ел көрмегенді ішіп-жеп,
Ел көрмегенді киеді.
Кіші дәрет қыстаса,
Алтын унитазға сиеді.
Бұл немең,
Балаларын осылайша «бағып» жүр.
Мұнысы перзенттерінің көңілдеріне жағып жүр.
Алайда тап осылай,
Сәбилерін күнәға ортақ еткені,
Мына біздің миымызды шағып жүр.

КӨРЕГЕН

«Мектепті тауысқалы,
Мына өмірге ауысқалы.
Кітап деген осы немеге,
Назарымды да салған емеспін.
Қолыма да алған емеспін,
Сол себепті көзім қараңғыда да анық көреді.
Кім екеніңді бірден танып береді», –
деп бір «мықты» бөсті,
Кеудесі аяққаптай боп өсті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір