«Дядя Ваня»
05.10.2023
2373
0

Менің достарымның көбі дядя Ваняны жақсы таниды. Өйткені ол кісі екеуміз есікпе-есік көрші болдық. Сонау студент кезден бері үйіме қонақ болып келген әрбір адам дядя Ваняны көзбе-көз көрді деуге болады. Оның себебі сол, ол кісі таң атқаннан кеш батқанға дейін көшедегі сәкіде отыратын. Мен дядя Ваняны алғаш осыдан жиырма бес жыл бұрын көргенмін. Ол кезде он екі, он үш жаста едім.
Тоқсаныншы жылдардың ортасында әкем мен шешем Алматының шыға берісіндегі «татарка» аталып кеткен шағын ауданнан үй сатып алды. Аяқ-жағы тұйық­талып бітетін көшеде кілең ескі үйлер орналасқан. Алпысыншы жылдары әркімге арман болған жатаған тамдар көнеріп-ақ қалған. Жаңалықтың лебі есе қоймаған ескі Алматының нақ өзі. Тұрғындары да әртүрлі ұлттың өкілдері. Анау үй аузынан шемішкесі түспейтін Рафик атты татар шалдікі. Арғы үйде баб Клава дейтін монша жағатын орыс кемпір тұрады. Мына үйді бес биенің сабасындай беденді түрік әйелі
Титруза мекен етеді. Титрузаның аты Титруза емес, Роза екен. Елдердің «тетя Роза» дегені маған «Титруза» болып естіліп жүріпті. Шын атының кім екенін кейіннен білдім. Роза үйінде сауда жасайтын. Есігі жабық кезде елдің бәрі «Титруза» деп айқайлап тұратын. Әдемі әйелін қызыл жигулиіне отырғызып алып ары-бері жүре беретін Дильшат атты ұйғыр жігіт те осы көшенің тұрғыны. Бұлардың бәрімен кейіннен бірте-бірте таныстық, табыстық. Ең бірінші болып араласқан адамым – есіміне «дядя» сөзі қосарлана айтылатын осы бір Иван Григорьевич атты грек шал болды. Ауылдан келген бетте өруге жақындап қалған шашымды қидыру үшін әкем мені дядя Ваняға жетелеп апарды. Дядя Ваня отыз жыл бойы қолынан қайшысы түспеген, Алматыға аты әйгілі шаштараз екен. Зейнет жасына дейін «Саяхат» автобекетіндегі шаш қидыру салонында жұмыс істепті. Зейнетке шыққаннан кейін де үйреніп қалған адамдары тыным бермей, үйіне іздеп келіп, шаш алдырып жүретін көрінеді. Соларға ыңғайлы болсын деп, үйінің жанынан кішігірім үйшік салып қойған. Мен де дядя Ваняға шаш алдырушылардың қатарына қосылдым. Алғаш барғанымда:
– Қандай сән үлгісімен алып берейін, – деді орысшалап.
Мен иығымды қиқаң еткіздім. Иығымды қиқаң еткізгенім – «білмеймін» деген ишара ғана емес, «маған бәрібір» дегенді де білдіретін. Шындығында бұған дейін нақты бір шаш үлгісімен алдырып көрмеген адам не деуі мүмкін? Ауылда шашты әркімге алдыра береміз. Әркім алған шаш әртүрлі алынады. Оған мән бермейміз де.
Дядя Ваня шашымды әдемі қылып қиып берді. Ол кісінің жасап берген сән үлгісінен кейін мүлде басқа бала болып шыға келдім. Айнаға қайта-қайта қарай беремін. Дәл қазір ауылға кетіп қалып, достарыма көрсеткім келеді. Ауылға қайтарда тағы да осы кісіге алдырсам деп ойладым. Бірінші қыркүйекте мектепке бәрінен ерекшеленіп кіріп барғым келді.
– Қалай, ұнады ма? – деп сұрады дядя Ваня. Әрине, орыс тілінде. Мен басымды изедім. Изегенде де бет-жүзім біртүрлі алау­лап тұрды. «Ұнағанда қандай» дегенім ғой.
Сол күннен бері дядя Ваня екеуміз дос болып кеттік. Ол қазақша жөнді білмейді, мен орысшадан мақұрыммын. Бірақ екеуміз бір-бірімізді ыммен-ақ жақсы түсінетін едік. Үйдегі үлкендердің барлығы жұмысқа кеткендіктен мен күнұзаққа жалғыз қалатынмын. Дядя Ваня – жалғызілікті адам. Не кемпірі, не баласы жоқ. «Олар қайда, неге жалғыз тұрасыз?» деген сұрақты қойғым-ақ келеді, бірақ оған тіл жетпейді. Әйтеуір таңертең алғаш көріскенімізде «здрастуите» деймін. Ол кісі:
– Кал жаксы ма? – дейді. Мен еркінсіп: «Жақсымын», – деймін.
Кейде мені үйіне ертіп кіреді. Үйі жұпынылау екі бөлме. Оймақтай терезелерінен құйылған күн сәулесі болмашы жарық береді. Арғы бөлмеде жалғыз төсек пен көнелеу теледидар тұр. Бергі бөлмеде ас ішетін үстел, ыдыс-аяқ қоятын шкаф пен газ плитасы ғана. Дядя Ваня дастархан жаяды. Дастархан жайғанда сол шағын үстеліне бөлке нан мен сары май қояды. Ауласында өсіп тұрған қияр мен қызанақты турап, тіске басар жасайды. Ауылдан келген мен үшін бұл – нағыз керемет дастархан. Қалауымша жеймін. Бірақ әнебір сырты қызыл бұрышқа тұнған ақсары майға ғана қол созбаймын. Ол шошқаның майы екен. Шошқаның салосы түгілі, жылқының, қойдың майын аузыма салып көрмеген баламын.
Дядя Ваняның ауласында біздің үйдің қоршауына жақын жерде алма ағашы бар. Алмалары төгіліп тұрғанда көздің жауын алады. Бірақ әлі пісіп үлгермеген. Мен сонда да жегім келеді. Дядя Ванядан жейінші деп сұрай алмаймын. Орысша білмегендіктен емес, орынсыз өтініш сияқты көрінеді. Бірақ балалық аңсарым мазамды қашырып-ақ бітті. Бір күні шыдамай кетіп, қоршаудан қарғып түсіп, төрт-бес талын қалтама салып алып, үйге келіп армансыз жедім. Піскен алма тәтті-ақ болатын шығар, бірақ мына көк алманың қышқылтым дәмі айызымды қандырады. Бір жаманы жеген үстіне жей бергім келеді. Сөйтіп, шаш алғыш атайдың күн жарығында шәйін ішіп, түн қараңғысында алмасын жеп жүріп жаттым. Бірте-бірте жеп жүргендіктен өзіме білінбегенімен, бірер күнде алма ағашының біздің үй жақ беті кәдімгідей ойсырап-ақ қалыпты. Оны өзім сезбегенмін. Өйткені мен ол алма ағашына түнде ғана жақындаймын. Күндіз ауласына кіргенде ол жаққа қарамауға, тіпті көз қиығын салмауға тырысамын. Қарасам, ұрлығым ашылып қалардай қысыламын. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде дядя Ваня керемет ескерту жасады. Кезекті бір адамның шашын алып болғаннан кейін маған «отыр» деді. Мен отыра қалдым. Дядя Ваня менің шашымның жартысын, яғни бастағы шашымның өзіміздің үй жаққа қараған бөлігін ғана алды да, жартысына қайшы тигізбей қоя салды. Мен түсінбей бетіне қарадым.
Грекше де емес, қазақша да емес, орыс тілінде:
– Анау алма ағашына қарашы, сенің шашың соған ұқсап қалды, –деді.
Менің бетімнен отым шықты. Бұрын ұрлық істеп көрмеген, ұрлығы ашылып көрмеген бала емеспін бе, мына жағдай тығырыққа тіреп тастады. Не істерімді білмей біраз тұрдым да, алжапқышты шешіп тастап, үйге қарай жүгіре жөнелдім. Үйге кірген бетте төсегіме екпеттей жатып, өксіп жыладым. Қайдан ғана алмасына жолай қойып едім деп өкірдім. Бір шетінен ғана жей бермей, жан-жағынан алып жегенімде білінбей қалар ма еді деп қыстығып жыладым. Бәрін қойшы, болар іс болды, енді қайтіп көшеге шығамын, шәйін, тамағын беріп жүрген дядя Ваняға қалай көрінемін деп тығылып жыладым. Ұят өртеп барады. Сөйтіп жатқан кезімде сыртқы есік ашылып: – Арман,–деген дауыс естілді. Менің атымды атап тұр. Дядя Ваняның даусы. Үндемей жата бердім. Үйге кіріп, қолымнан жетелеп алып шықты. Жағдайымды жеңілдеткісі келгені көрініп тұр, күле сөйлейді.
«Дұрыс, ұялған жақсы. Ұятың бар екен. Мына шашыңмен көшеге қалай шықпақсың, ұяттың көкесі сонда болады» дегенді түсіндірді. Отырғызып қойып, шашымды қиюды жалғастырды. Қолы қолына жұқпай жылдам қимылдайды. Қолымен қатар аузы қимылдап тұр. Сонша айтқанынан «ұрлық түбі қорлық» дегенді ұқтым. Айтпаса да ендігәрі ұрлық жасамауға ант беріп үлгергенмін.
Көлік көп жүрмейтіндіктен көшеміз тыныш болатын. Таң бозынан сүт сататын әйелдің: «айран, молоко» деген даусынан оянамын. Артынша жер сыпырған сыпыртқының бірқалыпты даусы естіледі. Бұл – дядя Ваня! Әдеттегідей көшені сыпырып жүр. Күндегі әдеті. Таң атар-атпастан тұрып, осылай көшені сыпырады. Өзінің үйінің тұсын ғана емес, арғы көршісіне тиесілі жерді де, бергі біздің үйдің тұсын да сыпырып шығады. Соның арқасында көшемізде қылпық жатпайды. Ары-бері өтетін жүргіншілер босаған бөтелке, темекінің қорабын немесе жеген балмұздағының сыртын тастап кете береді емес пе, соларға қатты ашуланады. Сырттарынан сыбап жүреді. Ауыл баласы болғандықтан еркінмін ғой, кейде тұрған жерімде түкіре саламын. Ондайда дядя Ваня қатаң ескерту жасайды. «Нельзя» дейді. Ауылда айналаңда көріп тұрған ешкім болмаса, шаптыра салатынымызды қайдан білсін бұл кісі. Несін айтасыз қоқыс тастамауды, тұрған жеріңде түкірмеуді алғаш үйреткен осы – дядя Ваня болды.
«Сен қазақсың ғой. Мынау сенің мемлекетің, сенің қалаң. Бұл жерге ең әуелі сенің жаның ашуы керек. Басқаларға осы жерді қадірлеуді, сыйлауды, құрметтеуді сен үйретуге тиіссің. Өзгелер сенен үлгі алсын. Егер сен бағаламасаң, кім бағалай қоймақ. Қай-қайдағы грек менің өзім осы жерді сүйемін. Отаныңа қызмет аулаңды, көшеңді тазалаудан, таза ұстаудан басталады» дегенді ұқтырды.
Бұрын орысша сөйлеуге ұялатынмын. Дядя Ванямен сөйлескенде ұялмаймын. Әбден өзімсініп алғанмын. Және ол кісінің қазақша сөйлегенін қызықтаймын. Ә, ғ, қ, ң деген әріптерге тілі келмейді демесеңіз қазақша сөздерді біршама біледі. Кейде кәдімгідей сөйлем құрайтыны бар. «Давай, нан же, май же» дейді. Кей сөздердің қазақшасы қалай деп сұрап алады. Мен айтып беремін. Мен айтқан сөзді іштей қайталап, жаттап тұрғанын сеземін.
Жазғы демалысым біткенде ауылыма қайттым. Кетерімде дядя Ваня шашымды әдемілеп қыйып беріп, қолыма бір сөмке алма ұстатты. Баяғы мен шикідей ұрлап жейтін алмасы ғой. Бұл кезде кереметтей болып піскен.
– Давай, жол болсын! Картошка акел, – деді.
Үш ай жазда мен дядя Ваняға аз-кем қазақша үйреттім, ол кісі маған болмашы орысша үйретті. Ауылда жүргенде ара-тұра дядя Ваняны ойлап қоямын. Қарап отырсам, ол кісі менің досым болған екен. Дядя Ваня – менің ғана емес, сол аумақта тұратын бәрінің досы. Жоғарыда айтқанымдай, көшені сыпырып, асын ішіп болғаннан кейінгі уақытын көшеде өткізеді. Жұрттың бәрін солай танып алған. Өзін де елдің бәрі таниды. Кейбірі сәлем беріп өте шықса, асығыс емес енді бірі аз-кем әңгімелесіп тұрады. Жаңалық сұрасады. Әсіресе кешкі уақытта жұмыстан қайтқандарды тоқтатып алып орталықта не болып жатқанын сұрайды. Ауылда жүргенде дядя Ваня менің ойымнан бір шықпады. Жазғы каникул басталысымен әкем мені автобусқа салып жіберді. Қолымда үлкен сөмке тола картоп бар. Дядя Ваняға деп салдырып алғанмын. Дядя Ваня қуана қарсы алды. Мен де жүгіріп барып, оның құшағына кіре кеттім, тақ бір нағашы атамды жаңа көргендей.
– Сагындын ба? – деді. Мен басымды изедім. Қалын сұрадым.
– Ой, по стариковский, я же древный, – деді.
Үйінде жалғыз емес екен. Жасы отыздар шамасындағы ұзын бойлы жас жігіт жүр.
– Дядя Ваня, это кто? – дедім.
– Он мой ориялман, – деп күлді.
«Ориялманы несі?» деймін. Сөйтсем, «оралман» дегені екен. Андрей атты ұлы болып шықты. Бірер жыл бұрын атамекені Грекияға кетіпті. Енді қайтадан біржола қоныс аударыпты. Сол үшін де оралман деп отыр. Ол сөзді кімнен жаттап алғанын білмедім.
«Рас, Грекия – біздің атамекеніміз. Бірақ ол жақта ешкіміміз жоқ. Ұлты, діні бір отандастарым бар шығар, бірақ туыстарымыздың бәрі осында. Мынау көршілердің бәрі менің туысқаным. Сен де туысқанымсың. Ол жаққа барып сіңіп кетемін деу қиын. Және күтіп тұрған да ешкімім жоқ. Ендігі қалған өмірімді осында өткіземін. Өлсем, осында жерленемін. Балама да «сенің отаның – Қазақстан», осы елге қызмет ет, осы жерден наныңды тап дедім» дейді.
Дядя Ваня да өзге тағдырластары сынды сонау жылдары бес жасар бала болып келген екен. Алғашқыда Қарағанды қаласында тұрған. Сол жерде өсіп-өнген. Шахтаға түсіп, кен қазған да кезі бар екен. Кейіннен осы Алматыға келіп, шаштараздың оқуын оқып, жұмысқа тұрып, біржола сіңісіп кетіпті. Мынау үйде де сол жылдардан бері тұрады. Осы көшенің отыз жылдық тарихының тірі куәгері. «Бұл қалада мен ұстамаған бас, мен алмаған шаш жоқ» деп күлетіні бар. Және «Қазақстанға жан қалауымен келмесек те, қуаласаң да кетпейтіндей бауыр басып қалдық» дейді.
Мен дядя Ванямен солай достасып кеттім. Бұрын әр жыл сайын жазғы демалыста көріп жүрсем, енді түпкілікті көрші болдым. Мектепті бітіріп, студент атандым. Одан кейінгі жылдарда үйлендім. Әр баламды бөбек кездерінен көшеге алып шығып ойнатамын. Олар да дядя Ваняны көріп өсті. Күнде көріп жүргеннен кейін туысқаны сияқты болып кетеді екен. Көшеге шыға қалса жүгіріп барып амандасады. Олар да осынау грек шалды «дядя Ваня» атап кетті. Ол кісі біз үшін дядя Ваня, сендер ата деңдер деймін. Жоқ, ол мүмкін емес екен. Немересі құрлы болса да дядя Ваня дегендерін қоймайды.
Дядя Ваня екеуміздің менің бала кезімдегі достығымыз ештеңе емес, кейіннен жігіт болған шағымда тереңдей түсті. Кейде «шалықтайтыны» бар. Ондайда қолына ескі гармонын алып, қиқылдатып, шиқылдатып тартып, ән айтады дейсің. Кейде көңілді нотадағы әндерді айтса, енді бірде зар тұнған мұңлы әнге салады. Әлденені аңсайтынын, әлдекімді сағынатынын байқаймын. Ке­йінгі жылдары кәрілігіне байланысты шаш алуды доғарған. Бұрынғы келімді-кетімді кісілер сап тиылған. Сол баяғы көршілермен қалды.
Күндердің күнінде мен қаланың басқа жағына көшпек болдым. Бұл жаңалықты естігенде дядя Ваняның көңілі түсіп кетті. Жүкті тиеп болып, енді жүргелі жатқанымызда шыны ыдысқа салынған тұздалған қияр мен орамжапырақ әкеліп берді.
– Маған сенің көшіп бара жатқаның ауыр тиді. Жалғыз қалатындай сезініп тұрмын, – деді.
– Қойыңыз, айналаңыздың бәрі әлімсақтан келе жатқан көршілеріңіз ғой, – дедім, көңілін аулап.
– Сенің жөнің бөлек қой, сен маған адам деп қараушы едің, – деп әлсіз күрсінді. – Өлсем, қоштасуға кел, – деді.
– Қой, олай жаман сөз айтпаңыз, сіз әлі көп жасайсыз, – дедім.
Ол болса сәл жымиған түр жасап: – Сталин тоже хотел долго жить, но не получилось, – деді.
Көлік қозғалып бара жатқанда дядя Ваня көшенің жиегіндегі сәкісіне барып отырды. Ол кісі менің көз алдымда сол қалпында қалып қойды. Әлікүнге есіме түссе көшенің бойындағы сәкісінде отырғандай елестейді. Қазағы, түрігі, ұйғыры, орысы бар көшеден өткен-кеткеннің қал сұрасып жүрген шығар.

Бейбіт Сарыбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір