ОЙ ТОЛҒАТҚАН «АҚТОЛҒАЙ»
03.10.2023
441
0

Әр адамның жақсы көретін әні болады. Оның сазы мен сөзі тыңдаушының ішкі дүниесімен үйлескенде, көңіл пернесін дөп басады. Ми түкпірінде жатқан ойды қопарып, қиял-күйдің тиегін ағытып, өткенді еске түсіруге ерік береді. Өнер сиқыры ерекше сезімге бөлейді. Әуелі жүректі баурайды, сонан соң сана-сезімді билеп алады.

«Ақтолғай» – біртуар жазушы
Мархабат Байғұт елітіп, сүйіп тыңдайтын халық әні еді. Қаламгер оны жан жүрегіне жақын екенін әркез айтып жүретін. Тіпті шығармаларында бұл туралы әдемі штрихтар да бар.
Мына қым-қуыт тіршілікте талай рет:
«Барайын десем жер шалғай,
Бармаймын десем ел қандай,
Әл-дәрменім кетіп тұр,
Туған жерді көп ойлай…», –
деп ән сарынын талай қайталаған да шығар, кім білсін?..

Әрбір жота-қыраты, сай-саласы, өзен-суы түгілі, бұтасы мен шөбі, аңы мен құсына дейін жазушы жадында сайрап тұрған кіп-кішкентай ауыл – Пістеліден ару қала Алматыға барып, таңдаған оқуына түскен бозбала сәт сайын осы бастау-тұмамен өзін жігерлендірген шығар.
Әрдайым көкейінде тұрған ауылына, оның қарапайым адамдарына деген сағынышын осы ән арқылы басқан болар. Әсіресе болашақ жазушының тым жырақ жерде – сонау Ібір-Сібір мен түркі дүние­сінің ізі қалған Байқалда кейінгі Ресейге қараған өңірлердегі әскери борышын өтеген үш жылы сағыздай созылғанға ұқсайды. Уақыт­тың зая кетіп жатқанын сезінуден артық тауқымет жоқ-ау. Ай мен күнді шотқа салып, санап жүргенде көңіліне медеу, қалам ұстауына себеп, нақ осы ән болуы кәдік.
Уақыт-шіркін құмдай сусылдап өте берген. Оны ізіне түскен адам ғана табады: санасындағы сурет күндіз ойынан, түнде түсінен кетпеген.
Әр адамның өмірбаяны, шағын шежіресі – жазылып бітпейтін дастан. Оның бастауы ұқсас болғанмен, пешенеге жазылған қилы тағдыр тереңіне өзінен басқа жан баласы бойлай алмайды.

Қайткенде де мұның бәрі жастай білім қуып, өнеге жиған таза да талапты Мархабат Байғұт­тың азамат­тық болмысын айқындап, бойына күш-жігер беріп, қайратын жани түскені шындық. Бұл болашақта замандастары «классик» деп мойындайтын қаламгер шығармаларының тууына себеп те болғаны сөзсіз. Жалпы, жас кез­дегі жайма-шуақ, тыныш өмірден гөрі, мойынға батпан жүк артылатын қиын кезеңдер, бел қайыс­тыратын күрделі шақтар суреткердің тақырып табуына, шабыт­тануына, оқырманына қайталанбас қызықты, сырлы, ойлы шығармалар сыйлауына ықпал еткені атқан таңдай ақиқат.
Жазушы жаны өзге кәсіп иелеріне қарағанда нәзік жаратылатындықтан өзгелер көре алмайтынды көреді, ести алмайтынды естиді, байқай алмайтынды байқайды. Сондықтан сұңғыла суреткер соның бәрін қағазға түсіріп, қоршаған ортадағы адамдар бейнесін, жан дүниесін ашып көрсетеді. Айтар ойын қорытады, кейіпкер жүйесі арқылы пікір білдірудің де жөнін табады. Бұл – әлемдік даналық жолы: үздіксіз таным артады, білім кеңейеді, мінез байиды. Осы орайда ғұлама әл-Фарабидің «Мінез – жанның айнасы» деген сөзі көп нәрсені аңғартса керек.
Мархабат Байғұт тұрмыс-тіршілігінде қандай шыншыл, адал болса, шығармашылығында да дәл сондай еді.

Мінезге бай Махаң өз стилінен жаңылмай өт­ті. Не жазса да жандүниесінің мөлдірлігі, кіршіксіз тазалығы айнадай жарқырап тұратын. Ал ұстамдылығының өлшемі – ауылда ғұмыр кешіп-ақ, үлкен әдебиет әлеміне еңбегімен танылуы. Ол көп жыл жергілікті басылымдарда, облыстық деңгейдегі мемлекет­тік қызмет­те мінсіз тер төкті. Оңай жол таңдаса, мемлекет­тік қызмет­тен ат-тонын алып қашатын еді. Ол Алаш қайраткерлерінің жолын, жөн-жосығын біліп қана қоймады, зиялы буынның орындалмай қалған арман-аңсарын алға жылжытуға бар күшін, талантын сарп ет­ті. Қаламгер «арба сындырғандай», «өрт сөндіргендей» айғайламай-ақ, «мен істедім!» деп кеудесін қақпай-ақ, үндемей жүріп, ұлт руханиятына алғаусыз еңбек сіңірді. Жалғыз ғана тіл тазалығы, мәтін, емле сауаты төңірегінде тірнектеп жүріп тындырғаны – бір институт­тың немесе тұтас құрылымның жұмысынан кем түспейтін.

Мысалы, «Атамның аты – ауылға, көкемнің аты – көшеге» деп көкіп жүргендерді мысымен басқан мақаласы елдегі ономастика проблемасына мемлекет­тік көзқарастың негізін қалады. Ол мұнымен шектеліп қалмады. Халық тілінің байлығын игеру мақсатында жер-жердің табиғи ерекшелігін елеп, ел-жер атауына қатысты ата-баба дәстүріне сай келетін, өркениет үрдісін ескеретін атаулардың үлгілері мен тізбесін түзді. Оны ғалымдар мен өлкетанушылардың сараптауынан өткізіп, ақпарат құралдарына жариялауы – жүйелі істің бастауы еді. Бұл ел тәуелсіздігінің алғашқы он жылдығын атап өткен тұста оңтүстік өңірге тоталитаризм атауларынан біржола құтылуға мүмкіндік берді.
Совет кезеңінде халық жадынан қасақана өшірілген аруақты хан-сұлтан, би-шешен, батырлар азат­тық алғаннан кейін ресми еске алынып, жиын-ас берілгені белгілі. Қазір оны сан-саққа жүгіртетін желөкпелер де бар. Әйтсе де, дәл сол кез­де өшкені жанып, өлгені тірілгендей күй кешкен еліміздің рухы оянып, еңсесі едәуір көтерілді. Кейін­нен жекелеген өңір басшылары сол қарқынды амалдап, өз беделін өсіруге пайдалана бастады. Өңірде қанат жа­йып келе жатқан жас талант­тарға мойын бұрып, оларға жағдай жасаудың орнына, көп жыл бойы орталықта тұрып жатқан, осыған дейін-ақ барша қазақтың мақтанышына айналған ақын-жазушыларды «меншіктеуге» кірісіп кет­ті. Уәдені үйіп-төгіп, үгіт жүргізіп, туған жеріне шақырып, үй-жай салып берді. Алайда оңтүстік жұрты шығармашыл адамдарға қамқорлық жасаудың өзге жолын таңдап, жүзеге асырды. Қазақтың көрнекті ақын-жазушыларын бөліп-жармай, қалың оқырман сұрауына сәйкес шығармашылық кез­десулерге шақырды. «Әр іс-әрекет­тің тууына түрткі болар себеп бар. Адамның әр харекетінен оның жан дүниесінің сыры аңғарылады» деген екен Бауыржан Момышұлы. Осы орайда қоғамды біріктіре түсетін «Ұлысымның ұйытқысы – оңтүстік» ат­ты акция дүниеге келді. Оның басы-қасында

Мархабат Байғұт жүрді. Аты шартарапқа кеткен зиялылармен, руханият майталмандарымен жүздесіп, сұхбат­тасудың тұрақты жүргізушісі, қазіргі тілмен айт­қанда модераторы да өзі болды. Ағынан жарылып, олардың ой-толғауына мүмкіндік беріп, халыққа жақындай түсуіне бар күшін салды. Тағылымы мол тарихи кештердің төрінде Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбайұлы, Қ.Мырза-­Әлі, Б.Атабаев, Ә.Тарази, Т.Әбдік, К.Сегізбайұлы, И.Сапарбай, Иран-­Ғайып, ­М.Шаханов, Қ.Әбіл, С.Елубай,
М.Құлкенов, Ә.Беркенова, басқа да танымал тұлғалардың болғанын Шымкент шаһары мен қазіргі Түркістан облысының жұртшылығы әлі күнге дейін сағынышпен еске алады.
Шындығында, облыстағы ел бірлігіне, ынтымағына арналған қоғамдық шаралардың барлығына дерлік Мархабат Байғұт мұрындық бола білді. Ешкімді мұқатпай, шынайы жанашырлықпен көпшілікті әдебиет пен өнерді сүюге, бағалауға баулыды, мәдениет­тілікке қатысты, әсіресе әр сөзінде жиналыс-жиынға, той-томалаққа кешікпей келуге байланысты пайдалы ескертпе жасауды да әдетке айналдырған еді. «Бәле ойлаған» батпақ-сатпақтардың сауатсыздығын дәлелімен «бетіне басып» жазды. Қисық сөйлеп, бұра тартатындарды өзіне тән әділет­ті әдеппен тәртіпке шақырды.

Махаң бақиға озғанда, Түркістан өңірі ғана емес, елдің төрт тарапындағы сөз қадірін білетін қауымы тұтас қайғырды. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей, мінді түзеп, сын айта алатын бірегей қаламгерден, заты адамның орны бүгін ойсырап қалғандай…

Әлі есімізде, 2005 жылы Түлкібасы төрінде, Кемербастау мен Күмісбастау баурайында Мархабат Байғұт­тың алпыс жылдық мерейтойы лайықты аталып өт­ті.
Жазушының қарсылығына қарамастан, «ойдың тойы елге керек!» деп, қолқа салдық. Орынсыз мақтанды жаратпайтынын, асыра бағалауды жаны сүймейтінін ескеріп, «Мархабат Байғұт­тың не істемегені» туралы баяндама жасау мына пақырыңызға, яғни бізге бұйырды. Қаламгердің туған топырағында өскен жаңғақ ағашынан арнайы жасалған жазу үстелін кәделеп, сыйға тарт­тық. Алыстан келген қонақтар, ақын-жазушылар табиғи бояуы сақталған қоңыр үстел бетіне қолтаңба қалдырып жат­ты.
Ал кешқұрым жазушы құрметіне күтпеген қошемет көрсетілді. Жиналғандар ерекше от шашуға куә болды. Ал содан бірер ай бұрын атағы мен лауазымы жер жаратын бір шенеуніктің Шымкент­те өткен 50 жылдығындағы салютке ешкім дәл осылай қуанып, таңдай қақпаған еді. Сол кеште біз қарапайым халықтың, қалың оқырманның қаламгерге деген риясыз құрметіне тағы да көз жеткізгенбіз.

Махаңның қаламдастар ортасында айт­қан жұғымды, сіңімді әзілдері ауыздан-ауызға көшіп, лезде тарап кететін. Әсіресе замандастары – халық ақыны Әселхан Қалыбековаға, өлең сөздің хас шебері Ханбибі Есенқарақызына айт­қаны мен жазғаны емеуріні ерек естелікке, әдібі бөлек әңгімеге арқау болары сөзсіз.
Бірде, облыстағы барлық жанармай бекет­теріне әмірі жүріп тұрған іскер азамат ұлан-асыр той өткізді. Сонда Махаң жаңадан шыққан кітабын той иесіне ұсынып: «Мынау біздің көп жылдар бойы көзмайын тауысып жазған дүниеміз еді. Реті келсе, оқып шығуға уақыт табарсыз немесе көзі қарақты балаларыңыздың талғамына сай келіп, жарақтанар. Тек май ағатын құбырлардың біріне тығын болып кетпесе болғаны» деп, жиналған жұрт­ты ду күлдірген еді.
Шындығында, ол нарық заманында да рухани байлықтың бәсі басым болатынын меңзеген. Шығармашылықты өз тағдырына айналдырған қаламгердің баршаға айт­қан назы әлі де өзектілігін жойған жоқ.

Бір оңтүстіктің ғана емес, тұтас елдің мақтанышына айналған жазушы, халық­аралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының иегері Мархабат Байғұт Түркістанның қайта түлеуіне атсалысып, әр белесіне шын қуанғандар қатарында болды. Мұны 2021 жылы жарық көрген «Түркілер төрі – Түркістан» эссе кітабы айғақтайды.
«Жазушы өз дәуіріндегі әдебиет тілін өсіруге, саралауға, шеберлендіруге міндеткер…» деген екен дана Мұхтар Әуезов. Осындай абыройлы міндет­ті Махаң да адал атқарды деп сеніммен айта аламыз.

Ол 1985-1992 жылдары Қазақ­стан Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімшесіне жетекшілік еткенде, өңірдегі жас талант­тарға, шәкірт­теріне әкелік қамқорлық көрсеткенін көзімізбен көрдік. Сыртынан да еститінбіз. Оның адамгершілігі, адами қасиет­терді бағалауы, отанын сүюі, Шымкентін қызғыштай қоруы жайында көптеген естеліктерден оқыдық. Бұл дерек тірісінде де айтылатын.

Осыны ескеріп, тиісті орындар миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласында Мархабат Байғұт атындағы Әдебиетшілер үйін ұйымдастырса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені Шымкент­тік жазушылардың, оңтүстік әдебие­т­шілерінің ұйытқысы болған тұлғаны, қоғам қайраткерін қазірдің өзінде сағынып, іздеушілер күн санап көбейіп жатыр.

Мұқағали ақын:
«Жылдардың ұзаруда тізбектері,
Жаз өт­ті, бара жатыр күз де өткелі.
Қыс та өтер, қыспен бірге мен де өтермін…
Бақытым жүрсе болды іздеп мені»– деп жазғанындай, бұл елдік іске соңына зиялылықты, кәсібилікті және ұстамдылықты аманат­таған Махаңның аруағы разы болар еді.

Дархан МЫҢБАЙ,
мемлекет және қоғам
қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір