КЕРЖАҚ
23.09.2023
237
0

Ауылдас, аталас, тай құлындай бір- ге өскен Қилыбай сыныптаспен реті келіп бір дәмханада екеуден-екеу оңаша басымыз қосыла қалмасы бар ма?
Онымен бір кездері жұбымыз жазылмайтын. Пәлекет бағы жанып, мемлекеттік қызметке табан тірегеннен бастап-ақ бізден алшақтай бастаған. Қазір ғой қызметте. Несін айтасың, биліктің бел ортасында жүргендіктен асып-тасыды, шалқып-қалқыды, бір сөзбен, ішкені алдында, ішпегені артында… Биліктің «құдіретінің» арқасында «артымен диірмен тартады» деуші ме еді…
Кезіккен екенбіз, қайтер екен деп:
– Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асты, әлі жоқ-жітіктен арылмай келеміз!?. – деп сөзімді төтесінен тартып едім:
– Әй, Ілдеке-ай, көрмес түйені де көрмес! – деп алды да, әйда кеп бір кез бен бұл кезді салыстыра сапырылыстырып, жарты сағаттай тоқтамай сөйлесін. Ұққаным: қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнапты… Өзгені қойып, қазақ жұртын әлем мойындаған беделді мемлекетке айналыппыз. Әділдік салтанат құрып, қара қылды қақ жаратын кезең орнапты. Білімді мен қабілеттінің бағы жаныпты. Болмай жүргендер тек безбүйрек, жалқау мен жатып ішкісі келетіндер екен… «Жемқорлық, коррупция» деп даурығатындар − көре алмастар, түймедейді түйедей еткісі келетіндердің қисынсыз қыңыр қыжылы екен…
Не керек, сыныптасым осы тектес тәлейлі тіркестерді үйіп төккенде өз басым бір сәт басқаны ұмытып, мамыражай заманда өмір сүріп жатқандай күй кешіп «ертегі» еліне сүңгіп кетіппін…
– Не болды-ей! – дегеннен селк етіп есімді жисам, Қилыбай:
– Біраз сілтеппіз, есеп айырысар қағазын алдыңа қойдым. Карточкамен есептесіп үйренген басымыз, мұнда оны қабылдамайды екен, − дейді. Не керек, онымен кезіккен өзіме обал жоқ, карточкі дегеніңді былай естігенмен пайдаланып көрмеген басым, есеп айырысуға тура келді.
…Зымыраған уақыт, бірде сол
Қилыбай сыныптасыммен тағы да оңашада отыра қалыппыз.
Естігенмін, пәлекеттің бағы тайып, қызметтен қуылу былай тұрсын, ісі насырға шауып, дүние-мүлкі тәркіленіп, екі жылға шартты түрде кесіліпті.
Кезіккен екенбіз, қайтар екен деп:
– Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман-ә!? – деп сынай қарап едім:
– Оттапсың! – деп одыраң етті де, әйда кеп көсілсін. – Қазба байлығымыз біткен күні артымыз ашылады. Жемқорлық, коррупция жайлаған елдің алды жар, арты құз, омақаса құрдымға кетер күніміз жақын. Аттөбеліндей бишікештер билеген, қара халықты сүліктей сорған заман! Құр даурығу, бопса тірлік, қарабастың қамын ойлаған опасыздар оңдырмас! Балық басынан шіриді, миллиардтарды құрдымға жіберіп жатқандар да, үлде мен бүлдеге малынып отырғандар. Білімді-біліктілер жүнжіп бітті, бөзөкпе, жылмағай, жағымпаздардың жолы болған заман әлі жалғасуда… – деп, тікен тіркестерді тоқтамай тоғытып еңірегенде қараптан-қарап отырып, өз басым бір кездегі «ертегілер» елінен атып шығып:
– Сабыр, Қилыеке, сабыр! – деп сабырға шақырып едім, көпті көрген пәлекет тиылып:
– Біраз сілтеппіз, есеп айырысар қағазын алдыңа қойдым, күйіп-пісемін деп қалта қапшығымды үйде қалдырып кетіппін, − дейді… Көзжасын төгіп күйіп-піскен туыстан не аяйын, есеп айырысып, таксилетіп үйіне апарып тастадым. 

ХХІ ҒАСЫРҒА ҚҰЛДЫҚ!

Өткен ғасырға өкпеміз қарақазандай болғанмен, ғасыр соңында ата-бабамыз аңсап өткен тәуелсіздік таңы атып, таңымыз айрыла шаттыққа бөлендік емес пе? Бұнымыздан айрылта көрмесін, тек ұзағынан сүйіндірсін деп тілейміз!
Енді, міне, іле-шала жаңа ғасыр да айқара есігін ашып, біржола құшағына орап алды. Басқаны қайдам, өз басым өрем жеткенше осы құлдық ұрғызған ХХІ ғасырдың қадір-қасиетін қамшылап өтейін.
Алдымен айтарым, жас келіп жасамыс тартқанда мынау үбірлі-шүбірлі немерелерімді бағып-қағудан құтылғаныма құлдық! Бұрынғы біреуі мойнында, біреуі арқасында, қалғаны жетегінде ілініп-салынып еңкіш тартып кетіп бара жатқан әже-апаларды көз алдыма келтіріп, еңсе езіліп, жүнжіп бітуші едім… Қазір рахат, балабақша деген мекемең оларыңды қара кешке дейін қамап ұстап, кешке келін-ақ көлігімен зыр еткізіп әкеле қояды. Иіскеп мауқым басылмай-ақ таң атып, олар тарыдай шашылып баратын жеріне тайып тұрады… Е, өстіп қолды ұзартқан ғасырыңа тәуба деп отырған кемпір-шалың бір біз ғана емес.
…Бұрынғының кәртайған шал-шау­қаны келін баланың қас-қабағына қарап қағажу көрмеуші ме еді… Қазір рахат! Айналайын зейнетақының арқасында, әсіресе екі қолға бір күрек табылмай отырған ауылды жерлерде алшаң басып асығы оңынан түсіп жүргендер де бар. Тегі кері кетіп керги қалған бала-шағаға тап келсең, жиған-тергеніңді өңгер де айналайын қарттар үйіне тайып тұр… Онда да тек зейнетақыңның бөлшегін бөліп бере қойсаң – төсегің салулы, төрт мезгіл тамағың тартулы, ал басыңдағы үйіңді өткізіп берсең – сенен өткен сыйлы пенде болмай, уайым-қайғысыз қартая бер.
…Е, иә, ақшаң болса қалтаңда, талтаңдаудың заманы туды. «Есектің артын жусаң да мал тап» дегеннің уақыты келген кезең. Арыңды сат, көзін тап, тек қаражатты қампитсаң болды, күнің туа­ды, көзің ашылады, көңілің көкте, өзің өзен-көлде армансыз шалқалап жатасың… Қазір миллиард жеп он жылға, жарты миллиард – қылғытып бес жылға сотталып кете бару екінің бірінің асқақ арманы… Бұрындары сотталу, әсіресе қазына қаражатын жымқырып, істі болу өліммен тең болды емес пе?.. Ол қорлықты да бастан өткеріппіз.
Жаңа ғасырға құлдық, ағыл-тегіл ақшаң болса, төбедегің түгенделеді! Сәл өнерге бейімің болса болды, күндіз-түні теледидардан түспеуіңе болады. Әрі кетіп әуелеп, аспандағы жұлдызға теңеліп, теңселіп шыға келуің ғажап емес!
…Жымқыру демекші, біздің ел бұл жағынан әлемдегі ондықтан ойып тұрып орын алыппыз. Е, иә, ана бір дәу де істі болып, ақыры айналайын ақшаның құдіретімен көп өтпей-ақ босап шықты емес пе. Олар айтады, ақшаң болса түрмең түнек емес, алшаң басып уайым-қайғысыз күн өткізер пейіш дейді.
Баяғы ақша… ойпыр-ай, көл көсірдің арқасында ата-бабасын түгендетіп, қыш кітап шығарғандар да жетіп артылады.
…Жаңа заман – талант, білімің бес тиындық бақыр, тек жоғарыда жоталы көкең болса болды, бағың жанып, базарың орнайды.
…Осылай-осылай қарағым, ХХІІ ғасырға құлдық ұрып барамын! Менің өрем жетіп, желдей есіп айтып өтпегім – осы. Сенің де делбезең қозып, қосып-аларың боларына сенемін. Яғни сен де, мен де бұл ғасырға құлдық ұрамыз!
…Е, иә, айтпақшы, алдыдағы ХХІI ғасырда өмір сүретіндерде арман деген болмайтын шығар… Әттең сол ғасырда ғұмыр кешер ме еді-ай!..

Берік САДЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір