ӨТЕЖАН мен МОЛДАБЕК
20.09.2023
257
0

Ақынның досы

Таяуда Өтежан Нұрғалиевтің досын тауып алып, онымен телефон арқылы қауқылдаса сөйлесіп, жаңалық ашқандай болып отырмын… Ақында да адамзат­тан дос болады екен! Қоғамнан һәм жүрген ортасынан оқшау бөлініп, жапанда жалғыз қалған ақын Өтежан Нұрғалиевтің өмірінің соңғы жылдарында республикалық телеарнада бірге қызмет атқарған үзеңгілесі, ажырамас серігі болған Молдабек Сағымбек – бұл… Оның Өтағаның ең сырлас, мұңдас досы екенін ақын Дәурен Берікқажыдан естігелі де бірталай уақыт өтіпті. Әйтеуір, қалай екені бір Құдайға аян, үшеуінің ым-жымы бірге болды…
Цивилизация Пегасты ағаштан жасап шығарғалы қашан… Оның да тұлпардың тұяғына ұқсас тұяғы, салпы ерні, салқы түсі, кең сауыры бар. Абайша айтқанда: «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақтың» өзі дерсің. «Аяңы тымақты алшаң кигізгендей, кісіні бол-бол қағып жүргізгендей». Сол ағаш ат­тың үстінде анти-поэзия миығынан күліп тұр! Өтежан Нұрғалиев те осы кезеңде өмір сүрді. Күндердің күні дүниежүзілік поэзияға айтулы үлес болып қосылатын «Соғыстың соңғы жазы» ат­ты поэма-эпопеясын түсінуге оның ел-жұртының ой-өресі жетпеді! Екінші дүниежүзілік қырғынның қасіретін қазақ әдебиетінде (мүмкін дүниежүзілік әдебиет­те де!) Өтежан Нұрғалиевтей жеріне жеткізе сурет­теген ақын жоқ! Ұлы ақын еді! Көзі тірісінде талай бой жазып жүретін Жазушылар одағының алдындағы гүл алаңға Өтекеңе бір ескертіш қойса, ақынның аруағы Алашты жебеп жатар ма еді, қайтер еді? Толстойдың Ясная Поляна, Махамбет­тің Қараойы, Абайдың Жидебайы сынды Өтежанның Жарқамысы да қазақтың қасиет­ті бір жеріне айналады әлі!
Ол ГУЛАГ дейтін халықтар түрмесінің алтын басы байлаулы бір тұтқыны еді. «О, Әдебиет! Сорлаған… Әркімдер мініп, қорлаған! КГБ сені зорлаған! БКП б сені зорлаған!» – деп жырлады заманында. Оның замандастарынан мұндай сөзді бір адам айта алмады!

Алғаш көруім…

Мен Өтағаңмен кештеу таныстым. Маған Есенғалидан «…келсін», – деп сәлем айтыпты. «Бастау» жинағының алғаш шығайын деп жатқан кезі еді, мен бара алмадым. Кейіндеу баспа үйі­нің алдында алғаш танысып, екеуміз әңгімелесіп тұр едік, Мәскеуде оқып жүрген бір жас ақын кимелеп кеп:
– Өтеке! Сіз маңайыңызға кілең мықты ақындарды жинап аласыз. Жинап алғаныңызды қайтейін, кейін бәрін де қасыңыздан тырқыратып қуып жібересіз! – дегені.
Өтекең мырс ет­ті де:
– Мен қумаймын, – деді жаймен, – қасымда жүреді, жүреді де әрі қарай жүре беруге өрелері жетпей қашып кетеді бәрі!
Өтағаңмен жүздескенде «Дүние – Дон Кихот­тың қиялындай» деген экспромт өлең жазып едім:
Дүние – Дон Кихот­тың қиялындай.
Өз елін өзіне алтын ұя қылмай,
Өтежан – соңғы Адай-ды –
Яманның*
АҚШ-та өлген соңғы тұяғындай!
Сонан кейін Өтекеңмен кез­десудің сәті көп түсе қойған жоқ. Ол кісі –Алматыда, мен – Қарқаралыдамын, жер – шалғай. Бірақ телефонмен жиі хабарласып жүрдік. Бір сөйлескенімізде:
– Менің Саят деген жалғыз ұлым бар. Өзі орыс мектебінде оқиды, орысша ойлайды! Тіпті, орысша өлең жазып, оны Асқар Сүлейменовке ғана оқып беретін көрінеді. Маған айтпайды! «Өлеңдерін классиктердің кітаптарының арасына салады», – дейді Асқар. «Неге?» – десем, «Сенен қорқады» – дейді.
Лермонтовтың кітабының арасынан сондай бір шумақтарды көріп: «Бұл не?» – десем, «Лермонтовтың жарыққа шықпаған өлеңі», – дейді. Сен соны Қарқаралыға, қолыңа алып, оқытсаң қайтеді? Мына жақта мазасы болмай жүр, – деген еді.
Ол кез­де мен де Қарқаралыда үйсіз-күйсіз қаңғырып жүр едім, оқыта алмадым. Кейін сол бала қайғылы қаза тауыпты деп естідім. Өкінішті!..
Соңғы рет Өтағаңмен Жазушылар одағының кезекті құрылтайында бір дастарханда отырып, емен-жарқын сырласып едік. Қасымызда Сәкен сері (Жүнісов) ағамыз бар. Сәкеңді елден ерек сыйлап, құрмет­тейтіні көрініп тұр.
– Мынау – сенің ағаң, нағыз АрГун (тура осылай деді!) – осы ғой. Арғын деген Арғы Ғұн деген сөзден шыққан! Мағжан айтатын Ғұның – осы! Сен мұнымен бірге Сары Арқада тусаң да, бәрібір, Арғын бола алмайсың! Арғындар құйрығыңа «қырғыз» деген қылжуыр байлап қойған. Соны сүйретіп жүріп, не Адай, не Үйсін бола алмаған мен құсап шерменде болып өлесің бір күні! – деді!
Он сегіз жасында ол Жарқамыстан Алматыға келгенде әдеби орта: «Пушкин келді!» – деп қиқулаған! Өзіне арнаған өлеңімді оқып, ырза болып, телефон шалғаны әлі есімде… Сол кез­де қасында осы Молдабек Сағымбек тұрыпты. Аруа­ғының алдында арым таза. Соған тәуба.

Молдабектің хикаясы

Енді Өтағаның қасында жүрген Молдабекті тыңдайық:
– Мен бастапқыда, 80-жылдардың басында, бір газет­тен Өтекең туралы теріс көзқарасты (Қарақалпақстанға іссапармен барып, «пәре» алған деген) материал оқып, сыртынан жек көріп жүргем, – дейді Молдабек. – Артынан, 80-жылдардың соңында С.Әшімбаев марқұм бізге (телеарнаға) Өтекеңді әкеп орналастырғанда, сол «жек көруімнің» салдарынан оң қабақ танытпай, дұрыс амандаспай, бірер жыл тоң-торыс жүрдім. Оны Өте-ағам да сезді, білді. Аптасына бір, дүйсенбі сайын өтетін «летучка» – лездемемізде, Құдай басқа салмасын, ұжымдағы 30-40 адам бір жақ, Өтекең бір жақ! Елдің (біздің) «серьезный талқылауымызға» пысқырып та қарамай, өз-өзінен «пысқырынып», кекетіп-мұқатып, күлкіге айналдырып отыратыны менің «жынымды» қоздырады! Өзімше, принципиальныймын. Көкірегім бар, жаспын… Ал өзгелер о кісінің «желге қарсы сиетін» кесір мінезіне күледі де отырады!
…1991 жылдың күзінде қайтқан Жұматай Жақыпбаевтың жылдық асына мен операторыммен ТД-ға хабар түсіре бардым. Жазушылар одағынан Қ.Шаңғытбаев бастаған бір топ ақын-жазушылар, ішінде Өте-ағам мен Күләш апай да бар, бір автобуста бірге бардық. Өтекең мәз…
Автобустың артқы жағына таман Гүлнар (Салықбаева) екеуміз бірге отырғанбыз.
«Осы кісіні сондай жек көремін!» – дедім Гүлнарға Өтекеңді көрсетіп. «Үп-үлкен ақын, жұрт­тың бәрін келеке етіп, кері сөйлеп, қыжыртады да жүреді. Бір жөн сөзі жоқ!.. Өзі кезінде ақынға жат тірлік жасап, ел алдында масқара жағдайға душар болған ғой…» – дедім өзіме сенімді кейіппен.
«Молдабек аға, сіз білмейсіз бе, бұл кісі – ірі ақын, ұлы ақын ғой! Бір жағынан, мінезі сондай, екіншіден, біраз жыл бұрын жалғыз ұлы трагедиялық ажалға ұшырап, өмірге ашынғаннан да осылай боп кет­ті-ау?» – деді Гүлнар күрсініп..
Менің көзіме кенет, жастармен қосылып, жарқылдап отырған Өтекеңнің көз жанарынан жасыл жасын сорғалап, төгіліп, күліп емес, ағыл-тегіл жылап отырғандай көрініп кет­ті… Сол жолы Заида апайдың (Елғонды) өтінішімен Өте-ағамнан да сұхбат алдым. Сонда ағам маған қат­ты «қиқарлық» көрсет­ті… Міне, содан бастап, осыған дейін өте өрескел көрінетін
Өтеағамның жүріс-тұрысы, үлкен-кішімен сөйлесуі, қарым-қатынасы… – бәрі мен үшін шешуі қиын «жұмбаққа» айналды. Үнемі сыртынан үңіліп, бақылайтын әдет таптым. Ең бірінші, ықыласпен амандасуға көштім. Көзқарасым өзгеріп, ағамның осыған дейінгі «теріс, түсініксіз» мінез-құлқы туралы «құпияның» түп-тамырын жүрегіммен түйсінгендей, ол кісінің шығармаларын ізденіп оқып, тағы бір жарты жылдай жүріп, тәуекел ет­тім де, Өтежан ақын туралы телехабардың сценарий жобасын жазып, басшылықтан рұқсат алдым… Екі ай шамасында «Жалынын жұтқан Жанартау» деген 45 минут­тық хабар дайын болды… Эфирден өткен соң, Өтежан аға менің бөлмеме жиі кіріп-шығып жүрді. Мен ол кез­де жас «бала бастық» болғам. Дүрдей бір бөлімнің жетекшісімін. Жасы үлкен художник, режиссер, редакторлар топырлап кіріп отырып, әңгіме-дүкен құрамыз. Мен оларға шай қайнатып берем… Содан, бір-екі аптадай өткенде, Өтекең қасында отырған өзі тұспалдас үлкен ағаларыма қарап:
– Мына бала мені әлдеқашан о дүниелік боп кеткен жерімнен қайта тірілтіп алды! Менің өлгеніме 10-15 жыл болған… Кітап шығаруды айтпағанда, бірде-бір газет-журнал менің бір шумақ өлеңімді баспайды! – дегені тостағандай қос жанары суланып…
Мен қалшиып отырдым да қалдым. Іштей қат­ты қорқып жүргем, «хабар эфирден өткелі біраз болды, бұ кісіге ұнамаған болды ғой, ләм деп, бір ауыз сөз айтпады ғой» деп жүргем…

Әдеби орта

Совет өкіметі 37-жылдары жазушыларына жаппай орден-медаль таратады. Мағжан-Сәкендер «халық жауы» боп атылып, айдалып кеткен. Жайық Бектұровтан естіген әңгімем: орденді жазарманның бірі Жазушылар одағында бір мәселе күн тәртібіне қойылғанда: «Сендер қоя тұрыңдар! Біз – орденді жазушылар алдымен ақылда­с­ып алайық…» – дейтін көрінеді… Сол «орденді жазушылардың» бірде-біреуі есте қалған жоқ! Мағжан, Ілияс, Мұхтар, Ғабит, Ғабиден, Қасым, Мұқағалилар қалды… Парадокс!
Жазушыларға атақ-даңқты мемлекет бермейді, халық береді. Совет­тік әдеби орта – әдебиет тарихындағы ең бір оңбаған орта болды. Дәлдүріштер талтаңдап, талант­тар жаутаңдап жүрді (1937-1991 ж.ж). Соның салқыны әлі бетке ұрып тұр! Таланты – талтаңдап, халтурщиктері жаутаңдап жүрген ортада ғана әдеби тепе-теңдік сақталады. Өнерде де, өмірде де солай!
«Көрінген жерде өлең оқып, бетіне жылы қараған кісіден арақ дәметіп, ішіп жүретін ақынсымақ біреу бар осында, – деп еді Таласбек Әсемқұлов марқұм бір әңгіме үстінде. – «Қаламгерде» отырғанбыз. Біздің үстелімізге бір емес, үш мәрте келіп өлең оқыды әлгі жазған… Әңгімемізді қайта-қайта бөле берген «шәйірді» жақтырмаған Асқар Сүлейменов: «Гениально…» – деді естілер-естілмес етіп. Жаңағы кібіртіктеп тұрған жігітіміз кенет­тен мәз-мейрам болып: «Гениальный», – дейсіз бе?! – деді ыржалақтап, – Рас айтып тұрсыз ба?!.» «Гениальная глупость», – деймін! – деді Асекең! Шәйіріміз түк түсінбей, абдырап тұр. – Сколько стоит ваше отсутствие?!» – деді Асекең көзін алайтып. «Не дейсіз?» – деді анау түк түсінбей. «Сіздің мына жерден зым-зия жоқ болуыңыз, мына ортада, мүлде, бой көрсетпеуіңіз қанша тұрады деймін?! Бір жарты алып берсем, дереу осы жерден көзіңізді құртасыз ба?!.»
Мәскеуден оқып келген әлгі шәйір, бізге өзінше «үлгі» айтып, Алматыны қырып-жойып жүрді…
«Менің Абайым…» деген эссем 2020 жылы ақпанның 4-күні «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Хакім хақында осы күнге дейін білген-түйгенімді айтып, барымды салып жазған дүнием еді. Жылы лебіз еститін шығармын деп құлағымды түріп отырғам… Сондағы «Қ.Ә.»-ні оқитын әдеби ортаның пікірі мынау болды: «Қырт»; «көсемсіп кетіпті?!»; «өтірік көлгірсу»; «Абайды меншіктейтін сен кімсің… ақынсымақ…».
Тек біреуі ғана жөн сөзін айтқан екен, оған да рақмет: «Күрделі дүние, кең ауқымды қамтыған. Түсінген адамға ой салады. Қазақтың ханы да, қарасы да оқып шықса, артық болмас еді». («Қазақ әдебиеті» газетінің сайтынан).
Мінеки, біздің «әдеби ортамыз»… Ұлт қандай болса, оның бар болмысы мен бітімі, әлеумет­тік желісі мен «әдеби ортасы» да сондай болады: «Александр Блок бірде Маяковскийдің музейде өткен кешіне барады. Сонда музейге адам сыймай кеткен екен. Таңғалады. Кейін өзі кеш жасайды. Бес-ақ адам келеді. Оның үшеуі – әйел. Окололитературные дамы дегендер болады, ақылы аздау, ажары дұрыстау, өлеңді жақсы көретін әйелдер. Жалпы, өлеңді сүйетін әйелдерден қорқу керек. Мұны маған Тоқаш айтқан. Олардан аулақ болғайсың?» – деп еді Есенғали Раушанов бірде.
Бүгінде «окололитературные мужчины» дегендер көбейіп кет­ті! Ақынның соңынан ылғи бір «өлеңқұмарлар» еріп жүреді. Сонау Ақан сері, Біржан сал, Мағжан, Сәкен, Қасым, Мұқағали заманынан бері осы…
Осындай қым-қуыт заманалар мен оқиғаларға зер салсақ, Өтежан Нұрғалиевтің қасында ойы да, өресі де биік Молдабектің жүруі – қазақ әдебие­тіндегі тосын да оқшау оқиға болды! Иоганн Петер Эккерманның «Разговоры с Гете» деген кітабы бар. Эккермандар да күнде тумайды, Гете сынды олар да анда-санда бір туады. Мына Молдабектер де біздің әдебиетіміздегі сондай соны құбылыстың бір нышаны болғалы тұр – Абайдың ертегіші Баймағанбеті секілді…

*Үндістердің Яман тайпасының соңғы тұяғы АҚШ-тың бір шахарында құсадан өлген (ХХ ғ.). 20.10.1978 ж.

25.08.2023 ж. Қарағанды. Күнгей

Серік Ақсұңқар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір