«ЖЫҒЫЛҒАН ҮСТІНЕ…»
11.09.2023
142
0

Кей-кейде: «Осы біз есімізді қашан жияр екенбіз?» деп ойлайтыным да бар. «Жия алмай жүрсең есіңді сен жия алмай жүрсің. Біз естіміз!» – деп былайғылардың өре түрегелетіндері тағы рас. Алды-артымызға бажайлап қарайықшы. «Коронавирус» деген тажалдың кең кеңірдегінен құтылдық-ау деп, айналамызды түгендеп үлгірмей жатып, Қоян жылының табиғатының жайсыздығына тап болдық. Күннің шекеден өтер қызуы жүрек талмасы, қан қысымы барларды, қанты толқымалыларды арғы дүниеге кезектен тыс әкетіп жатыр. Семей аймағындағы қолдан жасалған тілсіз жау – өрт­тің жалмаған азамат­тарын аза тұтып үлгірмей жатып, еліміздің жүрегі дейтін астанамызды су басып кет­ті. Айналасындағылар бақалардың құрқылдауынан бір-ер тәулік ұйқы көрмеді. Осындай тұста бір өңірге шегіртке қаптап кет­ті. Тағдырдың жазмышы ғой деп бәріне де көніп жатырмыз. Енді, міне, елді есеңгіретіп, қымбатшылық кернеді. Алматыдағы қалалық транспорт­та жүру бағасы 30 пайызға өсірілді. Құлыбы берік «Оңайдың» ішке сақтауымен жұртшылықтың көбі оны байқаған да жоқ. Балалар тағамдары, жалпы азық-түлік 30 пайызға қымбат­тады. Селт етер тірі жан жоқ. Зиялыларымыз атақ-абырой қуалаумен жүр. Қолында билігі барлардың біразы қолтықтастарын жетелеп, шет елдерде сайран құруда. Басқа, бастағы шашқа түсетін бит екеш бит те: «Тарақ жауы келді ме, кел, төбеге шығалық. Тырнақ жауы келді ме, кел, етекке түселік» деп ұжымдасады екен. Ел өңірінде болып жатқан әлеумет­тік жайларға қарсылық танытар тірі пенде жоқ-ау! Әлі де: «Таңғы тамақ – тәңірден» дегенді қоя алмайтын шығармыз.
Автобуста бір орындықта қатар отырған апа мен атаға жанасалап, жоғарыдағы жайлар төңірегінде сыр тарт­тым:
– Түрлі ауруларға, табиғат­тың «тілсіз жау» әрекет­теріне қарсы тұра алмайсың ғой. Бірақ.., – деп тілін тістей қойды апамыз.
– Қымбатшылық үкіметіміздің қолдан жасап отырғаны ғой. Қазақ­станның жер асты, жер үстіндегі қай байлығы жетпей жатыр? Ормандарды шауып, оны жасыру үшін өртеп те жатырмыз. Астананы қыста қар, жазда су басса, ол билік басындағылардың ештеңеге мойын бұрмайтын – бейғамдылығынан. Бізде әр нәрсенің алдын алу деген жоқ. Болары болып, бояуы сіңген соң, өтірік сан сабалаймыз. Ал қымбатшылық – жығылған үстіне жұдырық. Кезінде еңбегімізді сіңірдік. Зейнетақыны неге ары тарт, бері тартқа салады? Нені болса да қымбат­татады екен, алдын ала ескертіп, зейнетақыға қосарын қоссын, – деп, күйіне сөйлейді ақсақал.
Иә, қымбатшылықтың жалпақ жұртшылыққа жылы тимегені рас.

Емін Еркін

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір