КРЕСЛОДАҒЫ КІСІГЕ
06.09.2023
257
1

Құрмет­ті мырза!
Сіз кең, мықты, жайлы, қымбат та әдемі креслода отырсыз. Бірақ неге жайсызданасыз? Алдыңызда иен жатқан жап-жалпақ үстеліңіз тұр, оған шынтағыңызды тіреп, рахат­танып отыруыңызға әбден болады. Алайда, сіз елеңдей бересіз… Астыңыздан су шыққандай неге жортақтап отырсыз? Неге мазасызданасыз? Кең де жайлы кресло сізге томардай томпақ болғаны ма?.. Әлде құлап кетер ме екенмін деп қорқасыз ба?..
Шынымды айтсам, бір басына су толы шелек, екінші басына тас толы кәрзеңке ілген сырықты көлденең ұстап алып, оқжетпес биікте керілген арқан үстінде билейтін кісінің халі сіздің халіңізден әлдеқайда жақсы шығар. Сіздің астыңыздағы кресло үріккен ат сияқты да, сіз атқа алғаш мінген ебедейсіз біреу сияқтысыз, бір жерде құлап қалмау үшін үрейіңіз ұшып, жабысып отырсыз. Өң жоқ, түс жоқ қалпыңызды көргенде, қарап тұрып жаным ашиды! Тіпті ағыл-тегіл жылағым келеді… Әрине, теріс айналып кете беруге болар еді, десе де басына іс түскенге қарайламау біртүрлі ыңғайсыз екен…
Креслоңыз жайлы, үстеліңіз жалпақ, кабинетіңіз кең де келісті. Сізге енді не жетпейді? Неге мазасызданасыз? Тіпті құлап түскеннің өзінде де кабинетіңізде төсеулі жатқан қалың кілем еш жеріңізді көгерте қоймас. Құзға құлағалы тұрғандай-ақ, көзіңіз шатынап бара жатқаны несі? Кәне, қыпылықтағанды қойыңыз! Тыныш қана отырыңыз!
Сіздің үрейлі, мазасыз кейпіңізді көргеннен бері мен: «Креслода отырған кісілер неге құлай береді екен?» деп ойлайтынды шығардым. Осыған орай баяғыда өзім куә болған мына бір жәйт есіме түсті: жаздың жайдары бір кешінде қыдырып, казиноға бардым. Кісі көп екен, оркестр ойнап, артистер ән салып тұр. Акробат екі орындықты бірінің үстіне бірін қойып, өзі үстіңгісінің арқалығына қолын тірей шығып, өнер көрсете бастады. Сол кез­де залда масаң біреудің былдырлағаны естілді. Оның не дегенін ұға алмадық, сірә, шетелдік біреу болса керек. Орнынан тұрғандағы қимылынан оның акробатқа риза еместігін, өзінің әлдеқайда күрделі өнер көрсеткісі келетінін аңғардық. Ол сөзден іске көше бастады.
Бұл зиялылар ғана бас қосатын айтулы казинода болды. Шала мас шетелдік ептеп әдепсіздік жасады-ақ, бірақ біз шетелдікі дегеннің бәріне шұлғи беретін болғанбыз, сол себепті казино директорының өзі көпшілікке өтініш жасап, жұрт­ты жаңағы мас шетелдіктің өнерін тамашалауға, сөйтіп, оның көңілін көншітуге шақырды…
Сенделе басқан масымыз үстелдерді қаға-маға, орындықтарды құлата-сұлата залдың ортасына жет­ті де, сондағы үстелге шығуға әрекет­тенді. Ары итінеді, бері итінеді, қиралаңдап құлап түседі, қайта ұмтылады. Жұрт әйгілі клоунның қылығына қарап отырғандай-ақ қыран-топан күлкіге көмілді. Шетелдігіміз шатқаяқтап жүріп үстелге ақыры шыққан кез­де дүркірете қол шапалақталды. Көпшіліктің қошеметіне көңілі босаған масаң жігіт иіліп тағзым етем деп үстелден тоңқалаң аса жаздады. Ол үстелге итшілеп жүріп орындық қойды, сонсоң әупірімдеп өзі оның үстіне шықты да, арқалығына отырып, темекі тұтат­ты. Мастан ондай ептілікті күтпеген жұрт алақандарын аяған жоқ. Шетелдіктің дегені орындалды, көңілі көншіді, енді орнына барып жайғасуына болады… Дегенмен мастарға дауа бар ма? Ол жерге түсті де, үстелге тағы үш орындық шығарды. Қалай қойғанын білмеймін, әйтеуір, айтулы акробат­тарша, орындықтарды бірінің үстіне бірін тұрғызып, өзі ең үстіне шығуға тырысты. Оған қарап отырғандағы қорқынышымды, құрмет­ті мырза, мен тіпті де айтып бере алмаймын. Аяғы тайып-тайып кетеді, қолы қайта-қайта сырғып, ұстағанынан айырылып қалады… Әйелдерде зәре жоқ: анау қалпақтай түсетін сәт­терде шыңғырып, у-шу болады, ал шетелдіктің не сиқыры барын кім білсін, тіпті де құламайды. Әлдезаманда жерге түсті. Оның шыққанынан гөрі түскеніне тілеулес болған жұрт бір қауіптен құтылғандарына қуанысып қалды. Залда ду қол шапалақталды. Ал анау әлі де райынан қайтпапты, тағы да екі орындықты құшақтап, темекісінің түтінін будақтатып, үстелге қайта тырмысты. Орындықтардан биіктігі алты метрдей мұнара жасап, өзі ең үстіне тағы отырып алды. Мұнара жасауына, әрине, менің мұны айтып отырғанымнан әлдеқайда көп уақыт кет­ті; масаң неме, кем дегенде, он рет мұрт­тай ұша жаздады, залды да сонша шошыт­ты… Қалай екеніне ми жетпейді, әйтеуір, орындықтар да, шетелдігіміз де құлаған жоқ. Ол тағы түсіп, тағы да бір орындыққа жармасты… Көпшілік мазасыз масқа тыйым салуды талап ет­ті, шетелдік сонда да тоқтамады, тағы өрмеледі, бұл жолы ол тез шықты. Ең үстіңгі орындықтың арқалығына отырып алып темекісін тартып бітірді, оның қалдығын лақтырып жіберді де, жан қалтасынан бір қорабын суырып, жаңадан тағы біреуін тұтат­ты. Содан кейін орнынан тұрып, екі қолын қанатша жайып, арқалыққа қарнымен жата кет­ті де, қалықтаған қырғидай болып созыла қалды. Сіз біздің сондағы шошыған сиқымызды көрсеңіз…
Кенет, біз тіпті байқап та үлгермедік. Ол ең үстіңгі жетінші орындықтың арқалығын екі қолымен тіреп, сымдай тартыла қойды. Табаны төбеге тие жаздап, тепе-теңдік қалпын сақтап, тербеліп тұр. Түтіні будақтаған темекі – аузында! Бізге өнер көрсетушінің шетелдік масаң жігіт емес, әйгілі акробат екенін, бізді алдап соққанын сол сәт­те бір-ақ білдік…
Құрмет­ті мырза, кең де келісті кабинетіңізде, жайлы, ыңғайлы креслоңызда отырған сіздің берекеңіз кеткен, зәреңіз ұшқан кейпіңізді көргенде менің есіме, міне, сол оқиға түсті… Сол акробат, орындықтан жасаған жеті қабат мұнарасының үстінде отырса да, құлаймын-ау деп неге сескенбеді, ал сіз кресломнан құлап кетем бе деп неге шошисыз? «Ол –акробат қой» дейсіз, ә? Ал сізге жеті метрлік биікке шық деп отырған ешкім жоқ қой! Сізге «креслоңызда жайланып, тыныш отырсаңыз» дегенді ғана айтады.
Акробат­тардың құлаймын-ау деп қорықпайтын себебі: олар тиісті тірек нүктелерді тауып, тепе-теңдікті сақтай алады. Ал сіздің өзіңіздің де, креслоңыздың да тепе-теңдігі жоғалған.
Тәңір тілеуіңізді берсін, мырза, астыңғы жағыңызға қараңызшы! Көрдіңіз бе?.. Енді сіз құлайсыз, міндет­ті түрде құлайсыз! Бөксеңіз қаншама жалпиып жатса да, ол сізге тірек те, тепе-теңдік те бола алмайды, андағыдай берік те бей-берекет креслода бейқам отыра беруіңізге оның септігі тимейді. 

Әзиз НЕСИН

Қазақшалаған –
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 08.09.2023 | 13:44

«Қазақ әдебиеті» гәзетінің биылғы шілде айында шыққан сұхбатында Ғаббас Қабышұлы Әзиз Несіннен жасаған екітомдығы барын және өзінің кітаптарының 1997-жылдан бастап мемлекеттік баспалардан шықпайтын болғанын ашық айтты. Сол себеппен Әзиз Несіннен дайындаған екітомдығы шықпай жатыр екен. Әдебиетке жақындығы бар бизнесмендеріміз көмектесіп, жеке баспалардың бірінен шығарса гой! Ахмет Сәдуақас.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір