ОТАРЛАУДЫҢ ОҢТАЙЛЫ ТӘСІЛДЕРІ
31.08.2023
309
0

Қыршаңқы сөз десеңіз де, қысыр сөз десеңіз де өзіңіз білерсіз, бірақ кейде өзіңнен саны аздау ұлт­ты отарлап, ұлт­тық санасынан да, ұлт­тық намысынан да айыруды орыстан үйрену керек деген сайқымазақтау бір ойға кететініміз бар. Өйткені өз заманында түркі жұртының айбатын Айға шаптырған Алтын Орда тарап, ірілі-уақты хандықтарға бөлінгеннен кейін барып басы бірігіп, мемлекет құрған орыс халқының сақал-мұртынан махорға мүңкіген крестьяндарынан бастап, сарыала киімді әскери сардарлары мен қолына қалам ұстаған зиялыларына шейін Ресеймен қоңсылас елдерді орыстандырудың алуан-алуан айласын қолдана бастады. Сол айла-шарғының ең оңтайлы түрі ислам дінінен безіндіру, ата-анасы азан шақырып қойған ұлт­тық есімін орысшаға өзгерту немесе орысшаға бейімдеу және олардың жер-су атауларын өзгерту болды. Осы мәселеге орай орыс зиялылары жазған арнаулы еңбектер де жетерлік. Отарлаудың бұл тәсілі қызу қолға алынғаны сондай, біз «озық ойлы» деп атап жүрген сол кездегі орыс зиялыларының бірталайы осы мәселеге байланысты ұсыныстарға толы еңбектер де жазыпты. Бұл туралы Баскаковтың «Русские фамилии тюркского происхождения» деген кітабында анық жазылған. Ал орыс-қазақ аралас мектептерін ашып, оларда қазақ балаларын ислам дінінен бездіріп, христиандандыру, яғни шоқындыру шараларын айтпағанда, біз мектепте декабрист – ақын деп әспет­теген П.И.Пестельдің өзі «Ресейдегі басқа халықтардың бәрінен біз бір ғана халық жасауымыз керек» деп жазған. Атақты психолог-педагог Ильминский ашқан «Противомусульманское отделение» дегенді атақты профессор Н.П.Остроумов басқарған. Орыстың И.Смирнов деген психолог ғалымының «Обрусение инородцев и задачи обрусительной политики» деген еңбегінен қазақтарды ұлт ретінде жоюдың басты құралы – оны ислам дінінен айыру екені айтылады.
Ал қазақтың қазақи есімдерін орысшалап немесе орысшаға бейімдеп айтып, құжатына жазу, күні кешегі СССР заманында қазақтардың төлқұжатындағы «ов, ич» деп аяқталатын аталары мен әкелерінің кісі күлерлік есімдері әлі сол күйінде. Аллаға шүкір, біз қазір аты-жөнімізді, жер-суымыздың атауларын өте баяу болса да қалпына келтіріп жатырмыз. Патшалық Ресейдің бұратаналардың адам есімін, жер атауларын өзгерту арқылы да орыстандыру тәсілін бүгінгі Ресей тоқтатпақ түгіл атадан балаға қалған өсиет­тей өршітіп келеді. Бүгінгі Қырым дәл осының нақты мысалы десеңіз де болады. Ұтыры келгенде айта кетейік, қазір біз де, орыстардың өздері де «Қырым татарлары» деп атайтын ұлт­тың, яғни миллет­тің нақты атауы – Ноғай. Ал орыстардың ноғай деген сөзді айтуға аузы жуыспайтын себебі де бар. Ноғайлар – аса жаугер, ержүрек халық. Оларды кезінде ноғайлардың қолында тұтқында болып, бір дорба алтынға Ресей патшайымы қайтарып алған Суворовтың кейін ноғайларды қалай қырғанын оқып отырғанда адам баласында мұндай да жабайы қанқұмарлық болады екен-ау деп тұлабойыңды мұз қарығандай болады. Ол бөлек әңгіме. Ұлт­тық атауы қазір «қырым татарлары» боп өзгеріп кеткен сол ноғайлардың қазаққа тілі де, ділі де, салт-дәстүрі де, домбырасы мен ән әуездері де өте жақын. Тілі түркінің қыпшақ тобына жатады. Қырым татарлары, яғни ноғайлар 1711 жылы Пруд өзенінің бойында орыс тарихында керемет қолбасшы, көреген, батыр деп есептелетін I Петр патшаның әскерін тас-талқан, тал-берен қылып келіп, Мәскеуді басып алған. Ол Ресей тарихындағы «жабық тақырып» болғандықтан жария түрде айтылмайды. Осы ноғайларға, яғни Қырым хандығына орыстар 1611 жылға шейін бодан халық қисабында салық төлеп, айтқанына көніп, айдағанына жүріп отырған.
Кезінде Алтын Орда мемлекетінің басты халқының бірі болған осы Қырым татарлары, яғни, ноғайлар, кейін ХV ғасырдан бастап өз еркі өзінде дербес мемлекет ретінде Қырым хандығы деп аталды. Ал 1475 жылдан бастап Осман түріктерінің қарамағындағы мұсылман мемлекеті болған Қырым хандығы бес жылға созылған орыс-түрік соғысы (1769-1774) салдарынан Түркиядан іргесі ажырады да содан бастап Ресей Қырымды басып алуға жанталаса кірісті. Сөйтіп, қайта-қайта шабуылдауды жиілет­ті. Ақыры таң намазын оқып жатқан еркектер мен таңғы тәт­ті ұйқыда жатқан қатын-балаға шейін қырып, адам естімеген хайуандықтар жасау арқылы Қырымды басып алды да, көп ұзамай байлық пен еркектің құшағына қанбай өткен 2-ші Екатерина патшайым Қырымды Ресей жері деп жарлық шығарды. Сөйтіп, әлгінде айтқанымыздай орыстандырудың залым тәсілінің бірі – ноғайша жер атаулары дереу өзгертіле бастады. Мысалы, Қырымның Ақмешіт шаһары – Симферополь, Ақжар – Севастополь, Кефе (Кепе) – Феодосия, Ескі Кермен – Левнополь, Кезлеу – Евпатория деп өзгертілді.
Сонымен бұл елдің тарихынан бейхабар көпшілік, әсіресе орыс не айтса сол күйінде қайталайтын қазекемдер «Қырым татарлары» деп жүрген ноғайларды жерінен, тілінен бейхабар етіп ұлт ретінде жою саясаты басталды. Сөйтіп, 1854 жылы орыс патшалығының бұл залымдығы әбден шырқау шегіне жетіп, Қырымдағы орыс әскерлерінің бас сардары Меньшиков «Қырым татарларын» бірін қалдырмай Ресейдің әр қиырдағы губернияларына бөлшектеп жер аудару туралы пәрменге (бұйрыққа) қол қойды. Жетпіс жыл бойы патшалық Ресейдің орыстандыру саясатын өзгеше жымысқылықпен жалғастырған және ноғайларға деген өшпенділігі өңменіне тоң болып қатқан Мәскеудегі орыс билеушілері 1941-45 жылдардағы соғыс кезінде «Қырым татарлары» немістермен «тілектес екенін байқап қалып» олардың көпшілігін ішкі Ресейден де жырақтау Өзбекстанға жер аударды.
Ал біз Азов теңізі деп жүрген Азау теңізінің жағалауынан сонау Түркияға шейінгі жерді жайлаған ноғай жұртының тағдырын сол Азау бойында ғұмыр кешкен Доспанбет:
Азау, Азау дегенің –
Әз-Ғұсман патша жұрты екен.
Айнала бұлақ, басы – Тең,
Азаулының Стамбулдан несі кем.
Мұндағы Азаулы – Азов теңізі, ал Тең – ғалымдардың айтуынша көне қыпшақ тіліндегі Таң, яғни Дон өзені. Орыс басқыншылығы боларын шерге толы шайыр жүрегі сол кезде-ақ сезгендей қайран Қазтуған:
Бұл қоныстан кетпесем,
Мұны талақ етпесем,
Атаңа нәлет кәпірдің
Пайдасына қалмаса игі еді-ау, –
деп зар қағады.
Иә, әлде қанында бар қасиеті ме, әлде отарлаудың ең оңтайлы тәсілі деп ойлай ма кім білсін, әйтеуір, Ресей Ресей болғалы өзі басып алған елді орыстандыру саясатын сол елдің, жергілікті халқын тілінен, дінінен және жер атауларынан айыру арқылы да жүзеге асырумен келеді. Біз тәуелсіздік алғанға шейін Ресей қазақты орыстандыру үшін осы үш әдістің үшеуін де қолданып келді. Қазір Павлодар мен Петропавлдың қазақша Кереку, Қызылжар атауларын қайтаруға Ресей басшылығымен бірге осы қазақ даласында туып, осы елдің дәмін татып, суын ішіп өскен көптеген орыстар да ашықтан-ашық қарсы болуының аржағында қандай пиғыл, ниет жатқанын кім біледі?
Ал қазір Ресей құрамындағы Саратов (Сарытау), Волгоград (Мамай), Орск (Ор), Оренбург (Орынбор) Омск (Омбы) тәрізді қазақ жерлерінің өз атауын қайтару туралы қазекемдер аузын ашуға да жүрегі дауаламайды. Оны былай қойғанда Ресейде ғұмыр кешіп жатқан қазақтардың дәл санын білу де құпия болды. Мәселен, 1992 жылғы санақ бойынша Ресейде 1 млн 150 мың қазақ бар деп көрсетілсе, 2002 жылғы санақта 653,962 делінді. Бір қызығы 2002 жылғы санақ қағазында тұрғындардың ұлтын көрсететін бағана (графа) алынып тасталған еді. Сонда әлгі бір миллионнан астам қазақтың жартысына жуығын жер жұтып кет­ті ме?
Енді мынаған назар салыңыз. Сол кездері Ресейдің Самара қаласында – 15000, Астраханда – 178900, Орынборда – 135000, Омбыда – 110 мың, Саратовта (Сарытау) – 85 мың, Якутияда – 2500, Мурманскіде – 1000, Уфада – 10 000, Челябинскіде (Селебе) – 40 000, Волгоградта (Мамай) – 60 000, Алтай республикасында – 20 000, Санкт-Петербургте – 10 000, Мәскеу мен облысында 50 000-нан астам, Астрахань облысының Краснояр ауданының (бұрын Қызылжар аталатын) 85 пайызы қазақ, Тюмень (Төмен) облысында – 2000, Новосібірде – 20 000, Қорғанда – 15 000 қазақ тұрған еді. Қазір бұлардың саны қаншаға өскені туралы білу өте қиын, нақты мағлұмат берілмейді. Бір ғана білгеніміз, осынша қазақ, олардың тілімен айтқанда «нерусскийлер» тұратын осы шаһарлардың бірде-бірінде қазақ мектебі жоқ. Әнебір жылдары Сарытау облысында төрт сыныптық татар мектебі ашылыпты да оның ашылуынан жабылуы ыждағат­тылау болыпты.
Қалай десек те, ел басқару, ұлт­тық сана, отаншылдық, ұлт­тық намыс тіл, дін деген тағдырлы түсініктерге тереңірек үңілсек, басқаны қайдам, әсіресе біздің қазекеме бұл мәселеде орыстан, орыстың ұлтшылдығынан, орыстың отаншылдығы мен ұлт­тық саналылығынан үйренер нәрсе көп. Құдай тек олардың патриотизм мен шовинизмді ажырата алмайтын мемлекет­тік саясатынан аулақ қылсын бізді. Осы аталған киелі қасиет­тердің сақталуы жеңілтек қатындай сәт сайын қырық құбылып тұрған және талай ұлт­тар жер бетінен жойылып кетіп жатқан мына заманда қазақ ұлтының аман сақталуының ең басты кепілі десек те болады. Кезінде жеке-жеке тайпа болып, бөлек-бөлек жүрген түркі тайпаларының басын біріктірген ислам діні екеніне есі бар ешкім таласа алмайды. Ал тіл ше? Қасиет­ті Інжілде «Ең әуелі Сөз болған» дейді. Сөз дегеніңіз – тіл. Ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері:
Бисимиллаһи деп бастасам,
Тілге жәрдем бере гөр.
Тіл жаратқан Жалалым,
Жанға жәрдем бере гөр.
Жан жаратқан Жалалым, –
деп тілді «бір шыбындай жанымен» қатар атайды.
Сол Әбубәкірдің «Тілі екеудің – діні екеу» деген бір ауыз сөзінде түбі жоқ терең тұңғиық ой жатқан жоқ па?! Туған тілін білмейтін, білсе шұбарала қып қос тілде сөйлейтін адамның ешқашан нағыз өз ұлтын шексіз сүйе алмайтынын, ең әуелі өз ұлтының тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін қадір, құрмет тұтпайтынын, тіпті «екіталай күн туғанда» қарабасы үшін күші мен саны басым үстем ұлт­тың сөзін сөйлеп, соның жыртығын жамап кететін сенімсіз жан болатынын көріп те жүрміз, оқып та жүрміз. Әбубәкір пақырыңыз, еліне соны айтып отыр.
Ал Уэльстік (Ұлыбритания) атақты ғалым Дэвид Кристал «Тіл ажалы» деген әйгілі кітабында бір ұлт­ты атып, асып, қырып-жойып жатпай-ақ, тілін жою арқылы-ақ жер бетінен жоқ қып жіберуге болады. Ол үшін сол ұлт­ты әуелі қос тілді ұлт қылу керек деген. Осы қостілділіктің кесірінен кешегі кеңес заманында бірнеше ұлт жер бетінен жойылып кет­ті немесе жеке құжат­тарында ұлты орыс деп жазылып, өздері де шынымен орысқа айналып кет­ті. Міне, айналайын ағайын, сөз басында бір ұлт­ты ұлт­тық болмысынан айыруды орыстан үйренсек ше деген әзіл-шыны аралас сөзді айтуымызға адам, қоғам, мемлекет өмірінде ұлт­ты алуан түрлі заманауи қасірет­тен аман сақтап қалу үшін қалқан да, қару да етіп қолданатын және Жаратушы Иеміз берген басты ұлт­тық ерекшеліктер хақында өз ойымызды жеткізуге осы келтірілген деректер мен өмірде болып жатқан уақиғалар дәнекер болған еді.

Мырзан ШАЛҚАРИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір