ХАН-ТӘҢІРІ ҰЛАНЫ
Қазақта Мұқағалидың есімі аталғанда елеңдеп, құлақ түрмейтін, жоқ дегенде ақынның бір өлеңін жатқа оқымайтын жан жоқ шығар, сірә. Жоғары жақтан ешқандай ұйымдастыруды қажет етпей-ақ жылда ақпан айының басында ақиық ақынды еске алып, оның жауһар жырларын төгілте оқып, оған деген сағыныштарын арнау өлеңмен жеткізу өз-өзінен дәстүрге айналып кеткелі де біраз жыл болды. Хан-Тәңірінің мұзбалағына теңелген ақынның туғанына 85 жыл толуына және «Мұқағали Мақатаев атындағы қордың» он жылдығына орай ақынның келіні, аталмыш қордың төрайымы Бақытгүл Қыдырбайқызын әңгімеге тартқан едік…
– Бақытгүл апай, өзіңіз басқаратын « Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың» ашылғанына да 10 жылдай уақыт өтті. Осы уақытта қандай жұмыстар жасалды? Жалпы, қорды ашудағы алғашқы идея қайдан келді?
– Иә, атамыздың атындағы қордың құрылғанына биыл он жыл толды. Бұл қор Лашын анамыздың арман-тілегінің арқасында дүниеге келген болатын. Ол кісі газет-журналдардан, теледидардан әр түрлі қорлардың бар екендігін көріп: «Әкелеріңнің атына қор ашқандарың дұрыс», – деген ұсыныс айтты. 2006 жылы қор өз жұмысын бастады. Осы жылдар ішінде оның бізге қалдырған мол мұрасын жинақтап, жұрттың игілігіне жарату жолында біраз шаруалар атқардық. Ақынның көзі тірісінде шығарылмай қалған біраз шығармалары бар екен. Сол дүниелері мен ақынның қолжазбаларын, күнделігін қайта жинастырып, жарыққа шығардық. Бұрынғы кітаптарын оқырмандардың өтініші бойынша қайта бастырдық. Өздеріңіз көріп жүргендей, ақынның әр туған күніне мекерекелік шаралар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық. Алғашқыда төрт жыл қатарынан ақынның өлеңдеріне жазылған әндерден концерт өткіздік. Өкінішке қарай, соңғы жылдары қаржы тапшылығына байланысты арасы сиреп қалды. Биыл тәуелсіздіктен кейінгі жылдары шыққан «Таңдамалысын» қайта шығардық. Атамыздың туғанына 85 жыл толу мерейтойына орай Республика Сарайында үлкен концерт өтті.
– Қоғамдық қордың қазіргі таңдағы атқарып отырған міндеті қандай? Халық оны қалай қабылдады?
– Бұл қор халыққа кеңінен танымал болды деп айтуға болады. Ақынның шығармашылығына деген халықтың сұранысы өте жоғары. Ән-жыр кеші бір жыл өтпей қалса жұрт: «Неге концерт өткізбейсіздер? Біз күтіп жүрміз…», – деп хабарласып жатады. Қанша кітап шығарсақ та жетпейді. Халық сағынып, күтіп отыратын сияқты. Биылғы атамыздың 85 жасқа толған туған күніне және қордың он жылдық мерейтойына орай алғаш рет Мұқағали атындағы арнайы төсбелгілер дайындадық.Бұл төсбелгі соған лайық ақын-жазушыларға, атамыздың сөзіне жазылған әндерді орындайтын өнер саңлақтарына берілді. Бес жылда бір рет лауреаттық тағайындаймыз. Жалпы, халықтың сұранысын толықтай қанағаттандыру мақсатында қор тынымсыз еңбек етуде.
– Алдағы жоспарларыңыз туралы сөз қозғай кетсеңіз?
– Жылдың аяғына дейін де біраз жұмыстар жасасақ деген ойымыз бар. Қарттар үйіндегі ағайындарға да ән-жыр кешін өткізіп, қамқорлық жасасақ деген ойымыз бар. Оның сыртында балалар үйіне де бару жоспарда бар.
– Республика Сарайында өткен концерт халықтың көңілінен шықты деп ойлайсыз ба?
– Биылғы концерт бұрынғылармен салыстырғанда, халыққа өзгеше әсер етті. Өйткені, атамыздың сөздеріне соңғы жылдары жазылған тың әндерді ұсындық. Қытай Халық Республикасынан келген әншілер жанды дауыспен, адырна, жетіген сияқты қазақтың көне аспаптарымен сахнаға шықты. Халық жақсы қабылдады. Кештен кейін де көрермендер жылы лебіздерін білдіріп жатты. Соған қарағанда, жоғары деңгейде өтті ғой деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Г.СЫДЫҚОВА.