Сізде «Полигон куәлігі» бар ма?
28.08.2023
592
2

(Жазушы Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» романымен сабақтас ойлар)

Сан ғасырлық қазақ тарихында халқымыздың басынан кешкен талай қасіреті мен қайғысы жайлы, ұлтқа жасалған геноцид туралы қаншама прозалық шығармалар жазылып жатыр. Әр шығарманы оқи отырып, қайран қазақтың басынан не өтпеді деп күйінесің, жаның мұңға толып, сонда да жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетпей, бүгінде тілі мен дінін, мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрі мен төл өнерін, әдебиеті мен өркениетін сол қалпында сақтап қалған тәуелсіз ел екенін көргенде, «Қандай мықты, қайсар, ұлы халық!» деген ойға келесің.

Жақында сондай тұтас ұлт басынан өткен қасірет «Семей полигоны» туралы жазылған С.Досжанның «Қасірет пен тағдыр» романын бір демде оқып шықтым. Автор 1949 жылдан бері 500-ге тарта жарылыстар жасалып, сынақ алаңына айналған Абай, Абыралы, Дегелең, Аягөз жерінде тұратын тұрғылықты халықтың ауыр тағдыры жайлы тарихи деректер мен көркемсөзді жымдастыра керемет шығарма тудырған. Қазақта «елу жылда ел жаңа» деген сөз бар, сол елу жылда қаншама сынақ жасалып, халықтың денсаулығы мен санасын, тұтас болмысын құртқан қасірет шығарма кейіпкері Аяулымның тағдырымен етене байланыста сурет­теледі.
Студент­тік кезімізде талай Медакадемияның музейіне барып мутант сәбилердің құт­ыда қатырылған денелерін көзімізбен көрсек те, жастықпен жағдайдың ауырлығын жіте түсіне бермеген екенбіз. Семей өңірінің тумасы болып, «Семей ядролық полигоны» куәлігін қалтамызға салып жүрсек те, ерекше балаларды гендік мутацияға ұшыраған ғой деп үстірт қарап келіптік. Ұлт басына төнген қасіретті солақай саясат дер уағында түсіндірмеді. Соның зардабын қарапайым халық әлі де тартып келеді. Кейіннен Алматы мен Астана қалаларына оқуға келгенде Семей өңірінің тумасы екенімізді білген кейбір медицинадан хабары барлар «қол-аяғың, барлық дене мүшең сау ма?» деп таңғалғандары, Семейдегі үлкен аумақты алып жатқан «Ядролық медицина және онкология орталығы» жанынан өткенде бейсаналы түрде бойымызды үрей билеуі – көпшілік семейліктерге таңсық емес. Бұл, әрине, Семей ядролық полигоны зардаптарының жойқын екендігін аңғартады. Сәуле Досжанның романында жоғарыда көрсетілген мәселелердің барлығы қамтылған: жарылыс салдарынан уланған топырақ, қырылып, жанып кеткен жануарлар, кемтар, мутант сәбилердің дүниеге келуі, тұтас үш ұрпақ денсаулығындағы ақаулықтар, онкологиялық аурулар, анемия, гидроцифалия, даун синдромы, ақ қан ауруы, психикалық ауытқулар, өз-өзіне қол салу сияқты емі жоқ дертке шалдыққан науқастар санында шек жоқ.
Көркем шығармаға келер болсақ, Алматыдан арманның жетегінде Әмір мен Аяулымның отбасы ауданға көшіп келгеннен басталады. Абыралы өңірінде бойына біткен қызының кемтар болып туылуы, ана жүрегі қанша жамандықты сезсе де, дәрігерлердің сөзін елемей баланы дүниеге әкелуге бел байлаған жас ананың көрер тауқыметі бала туғаннан кейін басталады. Тері мен сүйегі бітіспей, басы денесінен екі есе үлкен жарымжан баланы емізудің өзі қиямет-қайым болатын. Жайшылықта қатал мінез танытатын ерінің де сәбиінің шарасыз күйін көргенде «полигонға» лағынет айтып, қызының қиналысын көріп еңсесі түсетінін шығарма барысында аңғаруға болады. Ауру баладан айырылған Аяулым үшін күйеуінің ақ қан дертіне шалдығып, аз уақыт­та өмірден озуы – жығылғанға жұдырық болып тиеді. Қалаға келгенде құрбысы Гүлайымның да айкезбе ауру мен жан күйзелісі салдарынан өлім құшуының барлығының себебі сол полигонның кесірі екені айдан анық.
Романда автор кейіпкерлердің жай-күйін сипат­тауда барлық аурудың белгілері мен асқынған кез­дегі науқастың жағдайын бүге-шігесіне дейін сипат­тап, оқырманға нақты сурет­терді көркем тілмен шебер сурет­теп береді. Мәселен, гидроцифалия дертімен туған сәбилердің барлық шағым белгілері мен салдары, оған жасалатын ем-шаралар, Әмірде ақ қан ауруының алғашқы белгілерінің байқалуы, дерт­тің асқынған кезіндегі денесіне бөртпелердің шығуы сияқты барлық медициналық анамнезін автор жеріне жеткізе сурет­теп, оқырманға шынайы картиналар ұсына біледі. Құрбысының айкезбе ауруына шалдығып, кейіннен психикалық ауытқулары байқала бастаған кезін де түгел бүге-шігесіне дейін сипат­тап береді. Тағы бір ескере кететін жайт, Аяулымның басынан өтіп жатқан қайғылы жайт­тардың барлығы алдымен оның түсінде көрініс тауып отырады. Автор сәуегейлік түстер арқылы оқырманға ой салады. Қызы дүниеге келер алдында кейіпкер құшағындағы гүлін от­тың шарпығанын көріп, бірақ жақсылыққа жоруға тырысса, Әмірдің өліміне қатысты бірнеше мәрте жарының қазылған сыз жерде жатқанын, баласы екеуінің жарын тартып шыға алмай жатқан түсін көреді. Бірақ жамандыққа қимай, жақсылықтан үміт үзбейді. Өкінішке қарай көрген түстері шындыққа айналып, полигон қасіреті ет жақындарын түгел жалмайды. Сонымен қатар жазушы құрбысы Гүлімайдың түс көруі арқылы болашағы бұлыңғыр екенін меңзеп отырады.
Романда көркемдік шындықпен қатар нақты тарихи деректер де берілген. Автор шығарма кейіпкерлерінің өмір жолын сипат­тауда тарихи жағдайлармен қатар өріп отырады. Қазақ жеріндегі атом жарылыстары, оның тарихи астары, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы, Қазақ­станның тәуелсіздік алуы, «Невада-Семей» қозғалысы, Семей полигонының жабылуы, оған ықпал еткен тұлғалар болмысы да ашыла түскен. Сонымен қатар дәл осындай сынақ алаңына айналған шет елдер тәжірибесі де айтылады. Өкінішке қарай Жапонияға қарағанда жүз есе көп жасалған сынақтар болса да оның зардаптарымен жұмыс жүргізілмей, дәл сол елдегідей жағдайлардың жасалмауы, қара халықтың көрген азабы, жарылыс салдарын тек қазақ көріп жатқан жан қиналысын автор кейіпкерлерінің тағдырымен, жазықсыз төгілген көз жасымен түсіндіреді.
Жалпы «Қасірет пен тағдыр» романына дейін де Семей полигоны жайлы жазылған көркем және деректі шығармалар жетерлік. Дегенмен бұл романның ерекшелігі автор қазақтың басына түскен қасірет пен бас қаһарман Аяштың өмір жолындағы инициациясын жымдастыра сурет­теу арқылы талай дүниенің басын ашып береді. Мәселен, бойжеткен Аяштың студент, қалыңдық, келін, ана, бақыт­ты әйел инициациясы тарихи оқиғалар мен тарихи өзгерістер тоғысында өрбиді. Қоғамдық формация өзгерген өліара уақыт­тағы Аяш, Дәу аға, Сырғаш жеңеше сияқты оқығандар мен Әмір сияқты партия белсенділерінің өмір жолы, ұстанымдары мен құндылықтары түгел басқа арнаға ауысқан қиын сәт­терде өздерін жоғалтқан, басқа қырынан танылған, шынайы бет-бейнесі көрінген жандар бейнесін де аңғаруға болады.
Қорыта айтар болсақ, Семей полигонының жабылғанына 30 жылдан асса да, зардаптары – тұтас ұлт­тың ұжымдық бейсанасында сақталып қалатын қасірет. Бұл туралы қанша айтылып, жазылса да оның кесірін санамыздан өшіріп тастай алмаймыз. Ендігі іс тек келешекте саналы, білімді ұлт ретінде ондай жағдайдың қайталануына жол бермеу – әр қазақтың міндеті болмақ. Тағы бір айтыла кететін мәселе, бұндай қатыгез тарихтың құрбандары жайлы жыл сайын 29 тамыз атом полигоны құрбандарына арналған Семейдің Полковник аралындағы ел ішінде «Саңырауқұлақ» атанып кеткен ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен шектелмей, сынақ зардаптары жайлы тың ғылыми-зерт­теулер нәтижелері жалпыхалыққа түсінікті тілде жеткізіліп, дұрыс ақпарат берілсе екен. Сынақ жүргізілген аумақтағы азамат­тардың денсаулығы мен жағдайлары ескеріліп, арнайы бағдарламалар мен жобалар жасалса, әйтпесе көпшілігіміз үйде «Полигон куәлігіміз бар» деп сандықтың түбінде жатқанына мәзбіз.

Ләйла ДЕМЕСІНОВА,
PhD доктор, «Тіл-Қазына»
орталығының ғылыми қызметкері

ПІКІРЛЕР2
Аноним 29.08.2023 | 14:59

Керемет жазылған! Қолдаймын👍🏼

Аноним 29.08.2023 | 22:14

Қолдаймын!👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір