«Тауық операциясы»
Біздің бала кезімізде болған Мәмбет пен Мәттің бұл хикаясы ұзақ уақыт күлкіге азық болғаны бар. Тау бөктеріндегі шалғай ауылда қызық шектеулі. Кеш түссе, «барар жер, басар тау» қалмай қалады. Не кино, не би кеші жоқ. Содан өйдөйт, ауылдың қарадомалақтары карта соғады. Қаршадайынан «кәртөжник» шетінен. Бірде сол картаның да қызығы таусылып, бала біткен басқа бір қызықты аңсап аласұрды.
– Дабай, – деді бірі, – «бешір» жасаймыз, кластағы қыздарды шақырамыз.
– Ой, қызық болар еді. Бірақ қыздар келе ме?
– Мәттің туған күні дей саламыз, ертең оның үйі бос болады. Бастаңғы болсын бір.
Сонымен көп болып ақылдаса келе, ертең кешке «бешір» болатын болды. Шұғыл жоспар жасалды. Бес-алты бала аталары мен әжелерінен қыңқылдап жүріп, екі-үш сомнан ақша жинады. Алайда ол жетпейтіндей болып көрінді. Үш-төрт шөлмек қызыл шарапсыз ол қандай отырыс болсын. Тәтті-пәттісі тағы бар. Оның үстіне, қыздарды шақырмақ. Не істеу керек?
– Әй, – деді Мәт бәрін өзіне қаратып, – тауық ұрлайық.
– Бесеуі жетеді, екі тауықты асып жейміз де, қалғанын сатамыз. Ұсыныс ұнады да, барлығы да қостай жөнелді.
Бұл қулардың бұрын да бір-екі рет тауық ұрлап, елді шулатқаны бар. Содан бері жұрт сақ, тауық қораларын тарс бекітіп, оңайлықпен алдырмайды. Ал ұстаса, оңдырмасы белгілі.
– Ал кімдікін ұрлаймыз?
– Бәлен үйдің иті жаман…
– Түген үйде тауық жоқ…
– Бәленше оқтаулы мылтығымен тауықханасын өзі күзетіп далада түнейтін болыпты…
– Түгенше…
– Өй, біздікін-ақ ұрлайық, – деді осы мезет алдағы бір қызықтың болмай қалуынан қауіптенген Мәмбет, – тауығымыз көп, итіміз маған үрмейді.
Алғашында Мәмбеттің мұнысына аңтарыла қараған балалар артынша дабырлай жөнелді.
– Рас-ей, иті өзін таниды. Ешкім білмей қалады…
Мәмбеттің үйінен тауық ұрлау «операциясына» Мәмбеттің өзі мен Мәт баратын болды. Алдын ала құрылған жоспар бойынша, Мәмбет жайымен тауықханаға кіріп алады да, бір-бірлеп тауықтарды қоршаудың сыртына келіп тұратын Мәтке беріп тұрады. Ол қолындағы қапқа сала береді.
Осылайша келісіп алған екі дос қас қарая тауықханаға келеді. Мәмбет ішке зып береді де, Мәт қалқада тұрады. Осы мезет үйдің есігі ашылып, Мәмбеттің әкесі – Мәмежан ақсақал сыртқа шығады. Мұны көрген Мәтекең көзді ашып-жұмғанша атылған оқтай жоқ болады. Үй айнала берген Мәмежан тауықхана жақтан әлдебір дыбысты естіп, қалт тұра қалады. Тауық шулап жатқандай ма, біреу сөйлейтін тәрізді. Ақырын басып таяп келсе, шынында да іште біреу күңкілдейді:
– Әй, ал деймін қайда құрып кеттің?..
Есіктің көзінен бір тауықты сирағынан салаңдатып шығарып тұрған қолды сонда көреді. Дереу оны ала қояды. Әлгі қол жоқ болып кетіп, тауықтар тағы шулайды. Артынша тағы бір тауықты шығарып ұсына береді.
– Әй, тез ал, үйден кісі шығып қалса, бәле болады, – дейді тағы күңкілдеп.
Осы жерде әкесі баласының даусын тани қояды. «Бәлем, ұры қайдан десем, өз жүгермегім екен ғой», – деп тауықпен қоса Мәмбеттің білегінен шап беріп ұстап қалады.
Несін айтасың, сол күні Мәмбеттің әкесінен жеген таяғының орны көпке дейін тұз сепкендей ашып жүрді. Ал «бешір», әрине, болмай қалды.
Ойыннан өрт шыға жаздап…
Түкпірдегі бір ауылда түйдей жасты, әзілдері жарасқан екі құрдас бар. Азан шақырып қойған Жамбыл, Бекболат деген есімдері әлдеқашан ұмытылып жұрт аузында бірі – Жора, бірі – Боря аталып кеткен-ді. Екеуі қатты қалжыңдасатын. Кейде әзілдерінің төбеден түскендей болып кететіні соншалық, тіпті бірде сүттей ұйыған отбасы шырқының бұзыла жаздағаны да бар.
Бұл екеуінің де жаңадан үйленген, «ай десе аузы, күн десе көзі» бар бір-бір аруды үйлеріне енгізіп алып бал айының қызығын тауыса алмай талаурап жүрген шағы-тұғын. Боря техникумда сырттай оқитын. Ойламаған жерден кезекті сессияға шақыру қағазы келе қалмасын ба. Амал жоқ, сезімін ашық көрсетейін десе, ата-анасынан ұялып, келіншегіне көзінің астынан сүзіле-сүзіле қарап, портфелін сүйретіп кете барды.
Айналдырған жиырма күн жиырма жылдай болып өтпей қойды ғой. Келіншегінің қылымси жымиғаны, былқ-сылқ басып әрлі-берлі жүргені көз алдына келіп, тағаты таусылды. Құрдасы Жораның бұл кезде ұпайы түгел. Әншейінде үй бетін көрмей кететін сабазың, үйленгелі бері үйкүшікке айналыпты. Қолхоздың дырдай бір мәшинесі қашан көрсең, есігінің алдында қаңтарылады да тұрады. «Жұмыс істеуді қойды бұл», – деп Боря өзінше бұрқан-талқан. Өзінің күніне төрт пар сабақ оқып, түнімен «шпаргалка» жазып көзі қанталап жүргені мынау. Ақылы айран болып өстіп жүргенде бір курстасы жатып кеп жабыспасы бар ма.
– Аға, бойдақ едім, ауылыңда жақсы қыздар бар ма? Біреуінің мекен-жайын берші, хат жазып танысайын, – деп болмайды сабаз. Асты-үстіне түсіп, алдын орай береді. Сол кезде есіне Жораның жас келіншегі түсе кеткені. Ойланып жатпастан әлгіге соның аты-жөнін, мекен-жайын айта қояды. «Құрдасым бір туласын» деп ойлаған.
Сонымен зорға дегенде сессияны тәмамдап, Боря үйіне де келеді. Бір күні жас жұбайын қолтықтап Жора құрдасыныкіне барған. Шай үстінде почташы келіп газет-журналдармен қоса бір хатты беріп кетеді. Ол хат Жораның келіншегіне арналған екен. Келіншек хатты оқи бастап өңі бір қызарып, бір бозарды. Жораға жалтақтап қарап қояды. Мына хаттың тегін еместігін Жора да сезеді, жігіттік намысына басып: «Дауыстап оқы», – деп бұйырады әйеліне.
Амал жоқ, әйелі хатты дауыстап оқиды. Бастан-аяқ «күйдім-сүйдім», «өлдім-жандым» деп қақсап қалған біреу. «Бәлен жерде кездесейік деген уәдені неге бұздың?» дей ме-ау, «саған деген өз көңілім баяғыдай» дей ме-ау, «өзіңді аймалап сүйюші Толигің» дей ме-ау, әбден-ақ сандырақтапты. Сол мезет Боряның іші қылп ете түсіп, ақырын хаттың конвертіне көз жүгіртеді. Өзі оқитын техникумнан екен. Әлгі антұрғанның жұмысы.
Ал Жора шеке тамырлары білеуленіп, азу тістері қышырлап ашуға мінді. «Толигім бар деп маған айтқан жоқ едің, сырыңды жасырдың», – деп келіншегіне ежірейеді. Ол болса: «Ой-бай, ондайды білмеймін, көрген де емеспін», – деп азар да безер болады. Боря миығынан күліп бұдан әрі не болар екен деп, аңысын аңдап отыр. Бірақ әңгіме ушығып, кеше ғана үйленген жас жұбайлардың аузынан зілді сөздер шыға бастады. Міне, сонда барып қана Боря мән-жайды түсіндірген.
Бұл осымен ұмытылып та кеткендей еді. Бірде шофер Жораның сапары ұзаққа түсті. Алыстағы үлкен қалаға келіп әскерде бірге болған бір жолдасының үйіне соққан. Үй иелері жоқ екен, «қазір келіп қалар», – деген соң күтіп отырады. Үстел үстінде тұрған жазу машинкасын көргенде басына бір ой келе қалады. «Боря қудың анадағы қалжыңына қарымта қайтарса, несі бар?..» Отыра қалып машинканың әріптерін санап басып ғашығына жете алмай үздіккен қыздың тілімен термелей жөнеледі. «Өліп-өшу», «сүйіп-күю» жағынан ол анадағы хаттан да асып түседі. Қысқасы, «Өзіңмен өткізген кештерім есімнен кетер емес, бәлен айдың түген күнінде өзің білетін жерде кездесейік. Өзіңнің Ғалияң», – деп нүктені қояды да конвертке салып айдап жібереді.
Күндердің бір күнінде «Борялар ұрсысып қалыпты» деген сыбыс естіледі.
– Не болыпты?
– Боряның жүретін қызы бар екен, соның хаты келіншегінің қолына түсіпті.
– Ол кім, қайдағы қыз?
– Ғалия дей ме, қалада тұрады екен. Хатты мәшіңкемен жазыпты. Өкімет-ау деймін.
Жора, әрине, бәрін түсіне қояды. Десе де түк білмегенсіп, сыр бермейді. Ертеңіне келіншегін ертіп Боряның үйіне келеді. Құрдасы мен әйелі кекірейіп сырт қарасып қалған екен. Боря ашудан түтігіп мұның қолына анада шабыттанып отырып өзі жазған хатты ұстатады.
– Техникумдағы қағынғы тигір қыздардың бірі қалжыңдап жазған десем, мынау түсінбейді. «Кетемін» деп отыр, – дейді қолын шарасыз сілтеп.
– Кетемін, сенің оқымысты нақсүйерің барын жазған басым қайдан білейін? – деп әйеліне де тіл бітіп шақ-шақ етеді. – Балаң да бар шығар, бәлкім?
Әрине, Жора күліп жіберуге шақ тұрса да сырын ішіне бүгіп, сабырлы қалып байқатады. Әншейінде басынан сөз асырмайтын Боря жынын алдырған бақсыдай сылқиып қалыпты. Ал әйелі тайраңдап басқа-төске шығады.
– Ертең техникумға барамын. Директорына кіремін. Мынаның нақсүйерін таппай қоймаймын. Екеуін де окудан шығартамын, – дейді түтіге езеуреп.
Жора-Жамбыл бұдан әріге шыдамады. Манадан бері аузын шым-шымдап әзер қысып отырған месқарын жарылды, ағыл-тегіл күлкі ағылды. Ішін басып, көзінен жасы аға қарқылдаған бұған ана үшеуі аңтарыла қарайды. Ол болса күлкісін баса алмай, қақалып-шашалып отырып түсіндірген болады… Әлден уақыттан барып жетесіне жеткенде Боря-Бекболат күледі… Одан соң екі келіншек күледі… Төртеуі бірін-бірі саусағымен нұкып, ал кеп күлсін.
Өстіп ойыннан өрт шыға жаздағаны бар.
Құрманбек ӘЛІМЖАН