Аталыдан би қойсаң, адаспас жол мен жорадан
27.08.2023
242
0

Қазақ хандығында билер институты көне дәуірлерден бері дамып, бүгінгі күнге жалғасып, билердің дәстүрлі, ғибратты, ұлағатты жолы қалыптасып, көптеген билердің есімдері мен атқарған еңбектері мәңгілікке халықтың жадында, қазақтың алтын әріппен өрілген тарихи кітаптарында жазылып қалды. Осы тұрғыда бабалардың аманат еткен дала заңдарын көзінің қарашығындай сақтаған, Тәуке ханның «Жеті жарғысын» ту етіп ұстаған, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би салған дәстүрлі жолды жалғаған, ел ішінде аты аңызға айналған Бижігіт би Бажықұлы жайында сыр шертейік.

Бижігіт би Бажықұлы – Күршім ауданына қарасты Қара Ертіс аймағының Жанды-Қарасу өңірінде билік құрған Солтанкелді батырдың бесінші ұрпағы. Сонау 1865 жылы дүниеге келген Бажықұлы Бижігіт кішкентайынан ел қамын ойлайтын, халық ауыз әдебиетін бойына сіңіріп өскен, ақыл-парасаты жоғары, шешен сөздің сардары болып ержетті. Алқалы жиында билік айтып, ел ісіне араласып, жер дауы, жесір дауын шешіп, «аға би» атанды. Туған жерінің өр тұлғасы болған Бижігіт өзінің жүріп өткен дара жолымен халық жүрегінен орын алды.
Қаршадайынан зерек болып, текті әулетте қазақтың дәстүр-жоралғы, әдеп-тәрбиесін көріп өскен, ауыл арасындағы дау-дамайларды шешкен Бижігіт бидің жолы – кейінгі ұрпақтарға үлкен өнеге. Би болып, билік құру оңай ма?!. Халыққа сөзіңді өткізіп, әділ үкім жүргізу үшін ең алдымен ел алдында қадір-қасиетің, қасықтап жинаған зор абыройың, ерекше мәртебең мен беделің болу керек. Даналық пен әділдік жолын бірдей ұстануың бар, сонымен қатар сөздің төрелігін айту былай тұрсын, дау-дамайға түскенде, қарсыластарыңның сөзін бір-ақ жарып, сөздің анығын ашық жеткізіп, шешендік пен данышпандықты танытып, ерекше қасиеттеріңді көрсетіп, қалайда әділдіктің ақ туын орнатуға тиіссің! Би болып қалыптасу оңай дүние емес. Ол үшін ақылың мен дарының былай тұрсын, адамның бойында басқалардан басып озып, көзге ерекше түсетін көптеген қасиетің болуы керек. «Тура биде туған жоқ» дегендей, Бижігіт би елдің тыныс тіршілігі мен болмысы, хал ахуалы және әлеуметтік өмірінен жан жақты хабардар болып қана қоймай, көрген білгенін зерделей білетін, психология, риторика өнерін терең меңгерген тұлға ретінде қалыптасады. Қазақтың ішіндегі бітпейтін, келісімге келуі де өте қиын дүниелердің бірі – жер дауы. Іргелес қоныстанған ауылмен жер үшін текетірес басталып кетеді. Күннен күнге асқынып, бара жатқан дауды тоқтату үшін еркек кіндіктілер жиналып, ауылды шауып алмақ болып, «әу, найзам қайдасың?» –деп жапатармағай атқа қонады. Ол кезде Бижігіт би де өз ауылдастарын жинап, бар жоғы 40 адаммен қалың жаудың бетін қайтаруға аттанады. Қолдарында қамшыдан басқа қару жоқ, Бижігіт би шайқасқа әбден қаруланып келген көршілерін бір жотаның түбінде күтіп алады. Бижігіт биді көрген, қиқулап, атой салып келген қарсыластар ат басын тежеп, тұрып қалады. Осыны күткен Бижігіт би ары жақтың ақсақалын шақырып, қазақтың салтымен әділдік іздей бастайды: «сүйекке таңба салмай, аттың басын қайтарыңдар. Жау қолында кеткен жер жоқ, жер елімізге ортақ. Алла Тағала мал мен бас берсе де, жер мен суын бөліп бермеген» – деп, екі жақты бітімге шақырады. Ұзаққа созылған дауды ақылмен шешіп, екі ауылдың арасын татуластырады. Ал мұндай оқиғалар қазақ даласындағы күллі билердің басынан сан мәрте өткен. Кейбір билер әділдіктің орнағанын ғана қаласа, Бижігіт бидің бойында халық ішіндегі әлеуметтік жағынан әлсіз топқа бүйрегі бұрып тұратын. Атадан көрген өнегені жалғастырып, жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай, зар қақсап, ботадай боздаған жоқ-жітімдерге аялы алақанын созып, халық арасында Атымтай жомарттығымен көзге түсті. Қақаған қыста қос киізді бірінің үстіне бірін тігіп, қыстап шығатын халықтың әлеуметтік тұрмыс салтын өзгертіп, Бижігіт би тұңғыш рет осы өлкеде бөренеден, шымнан қыстаулар мен қоралар салдырған. Жанды-Қарасу қыстағының кеңейіп, елдімекен болуына да зор үлесін қосқан. Ел арасындағы кедейлерге жоқшылық көрсетпеуге тырысып, қолдан келгенше жәрдем жасаған. Қақаған қыста соғым сойып, көрші-қолаңға үлестіруді әдетке айналдырған. Жанды-Қарасу аймағында дүкен ашып, мал базарларын тұрғызған. Осы игі істерін байқаған халық Бижігіт биді ерекше қадірлеген.
Бижігіттің әкесі Бажық – төрт түлігі сай, малы мыңғырып өріске сыймай жататын дәулеті тасыған адам болған. Оны көрген халық: «Бажықтың кілең көк шұбар жылқылары өріске сыймай жатыр» деп тамсана қарайды екен. Байдың қыруар жылқысын санау қиын болғандықтан азулы айғыр, көк айғыр, қара айғырдың үйірі деп түстеп түгендепті. Бажық қыста соғым сойған кезде де малды санап соймаған. Соғым басын ас сақтайтын шарбақ шошалада үлкендігі кici бойы ағаш кебежеге сала берген. Әбден аузы-мұрнынан шыққанда барып қана: «Қане, жылдағы межеге жеттік пе?» деп тоқтатып, ауыл ақсақалдарын түгел шақырып, батасын алған. Ата тегінен бақ дарып, құт қонған Бажық байдың әкелері – Сәметай, Сакөк Қыдыр дарыған қасиетті адамдар. Бірде екеуі Қара Бүйрек тауының етегіндегі малдарын байқап кайтпақшы болып, қырдағы мал өpiстepін аралап келе жатса керек. Екеуі 6ip 6иіккe шығып, төңіректi шолып тұрған кезде ақ боз атқа мінген, ақ шапан киген ақсақалды eкi адам өрістегі малды кайтарып, қайырып жүргенін байқайды. Бұл ғажапты көргенде олар:«Е-е, тәуба, мына кереметті қара! Малды малдың иесі өзі бағып жүр. Шамасы, біздің әулетке Алланың нұры жауып, Қыдыр бабамыз қонған болса керек. Болашағымыз баянды, ұрпағымыз бақытты, дәулетті болсын!» – деп тілеген екен.
«Алтайды киік жайлаған, Ертісте балық ойнаған» киелі жерде қазақтың айтулы тұлға-даналар, таңғажайып би-шешендер, тау көтерген Толағай, жаудың зәресін алған Қабанбай, кемеңгерлігі, ақындығымен аты шыққан Абай данышпан да ғұмыр кешті. Осы алыптардың жолын Бижігіт би жалғады. Алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы, кемеңгер, шешен Жанды-Қарасу ауылында би болып тұрған кезінде ауыл балаларына хат танытып, сауат ашу үшін өзі білім алған Зайсан қаласында тұратын татар молдасы Сүлейменнің отбасын көшіріп әкеліп, ауылда тұңғыш рет бастауыш мектеп ашқан. 1925-1930 ашаршылық жылдары және байлардың мал-мүлкін тәркілеу кезінде халықты ашаршылықтан қорғау мақсатында бар малын Қара Ертістің жағасындағы қалың қамыстың ішіне жасырған. Бұрқыраған қалың малды қыстаудан алыс, шалғай аймақта баққызған. Үйінде бір асым етке зәру болып отырған халыққа ет таратып, азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Осындай жолмен халықты ашаршылықтан аман алып қалған. Бижігіт би, оның әйелдері, Мыңжылқы, Айтжан бидің інісі Ақыбай Жанды-Қарасуға жақын жердегі Қара Ертістің қабағына жерленген екен. Қара Ертіс бойы халқының күнделікті және өзекті мәселелерін шешіп отырған Бижігіт би – өз заманының ғұлама шешені десек артық болмас.
«Билік айту оңай, біліп айту қиын» дегендей сонау дәуірлердегі ақын- жыраулар: Бұқар жырау, Шалкиіз, Асан Қайғы, Мұрат Мөңкеұлы, Дулат Бабатайұлы халықтың қамын ойлап, жоғын жоқтаған кезеңдерде Алты Алаштың бағына орай көптеген ғұлама, би-шешен, жаужүрек батыр, палуан, ойшыл- дана, тұлғалар өмірге келген. Халқының бағына туған Бижігіт би Бажықұлының күллі өмірі – қазақ еліне, кейінгі ұрпақтарға үлкен өнеге. Қазақ жерінде ғұмыр кешкен билердің артында қалдырған мектебі, парасатты, ғибратты, баянды тірліктері, халқына тарту еткен өсиеттері бір төбе болса, осы кемеңгер алыптардың дүниетанымы, ешкімге ұқсамайтын далалық психологиялық қабілеттері, сонау Сақ, Ғұн, Үйсін-Қаңлы дәуірінен бастап, шығыс шайырлары заманынан бері әл-Фараби бабамыз кезеңінен бастау алатын Ұлы Даланың заңдары мен әдептері, этика-эстетикасы қазақ билерінің арқасында, Дала заңдарының ұрпақтан ұрпаққа, тектіден тектіге, генетикалық тұрғыда таралып отырды. Қазақтың қаны таза болғандықтан ғана Дешті Қыпшақ деп танылған осынау ұлан-ғайыр өлкеде Бижігіт бидей аты аңызға айналған билер өмірге келіп, болашақ ұрпақтардың алтын кітабына өз өмірін баян етіп, өнеге, мұра, өсиет етіп қалдырды. Бұрынғының биі қандай, қазіргінің биі қандай деген сұраққа, тек тарих пен әдебиет парақтарын ақтара отырып, жауап таба аласыз. Өткен заманның билерінде әділдік басымдау болғанына дәлелдер мен айғақтар жетерлік. Айтып-айтпай не керек, біз кемеңгер бабаларымыздың ізгі жолдарын, баянды ғұмырларын, өмір мектептерін зерделеп-жүйелеп, зерттей түскеніміз абзал. Әр аймақтардағы заң колледждеріне халық арасында әділдігімен танылған билердің есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді!

Алма СЕРІКҚАЛИ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір