Шалақазақ
24.08.2023
1924
0

 Үймен жапсарлас тұрғызылған лапас астында таңертеңнен бері ноқта өріп отыр еді, бір кез­де қақпа есігі сарт ете түсті де, бірінші сыныпта оқып жүрген кішкентай немересі Марат «Ма-ма! Ма-ма!» деп аңырай кірді. Пешке нан жауып жатқан анасы Мәнсиә баласына қарай тұра жүгірді.
– Не? Не болды саған? – деп, баласын құшақтай алып, жасын сүртіп жатыр.
– Аналар… – деді бала сұқ саусағымен мектеп жақты нұсқап.
– Кімдер?
– Телмұрат­тар.
– Телмұратың кім?
– Өтеген атаның.
– Е – е! Сол ма? Ол не істеді саған?
– Олар мені «шалақазақ» деді. «Таза қазақ емессің» деді.
– «Шалақазағы» несі?
– Білмеймін, – деп өксіді Марат, – Ана Телмұрат «кет!» деп, құйрығымнан бір тепті.
– Ол сенімен бірге оқушы ма еді?
– Жоқ. Үшіншіде.
– Ой-бүу! Дап-дардай бала екен ғой. Жә, жылама. Атаң оның сазайын береді. Жүр үйге! – деп баласын жетелей жөнелген Мәнсиәнің түрі түтігіп, өңі талаурап кетіпті.
– «Шалақазағы» несі?! Сенің әкең де – қазақ, шешең де – қазақ! – деп бұрқылдап бара жатыр.
Іс үстінде отырған Зәріп мелшиді де қалды. Өріп отырған ноқтасы оң қолында салбырап тұр. Екі көзі бір нүктеге қадалғандай меңірейе қарайды. «Шалақазақ! Шалақазақ» деп жыбырлайды еріндері.
Баяғы жас кезінде өзіне «сен – шалақазақсың» деген кім еді осы? Кім?.. Е-е, Тоқан марқұм екен ғой. Ол кісі ауылдың тәп-тәуір ақсақалы сияқты еді, сол сөзді бұған қалай айт­ты екен? Бір сөздің ыңғайына қарай күліп айт­ты ма, әйтеуір бұл да сәл ренжігендей болып жүріп, артынан ұмытып кеткен. Сонда… Сонда осы бір жанына жақпайтын жаман атау алдынан тағы шыққаны ма?..
Зәкір жасап отырған шаруасының тоқтап қалғанын енді байқап, қолындағы ноқтаны өре бастады. Қамшы мен ноқта-жүген өру – сонау жас кезінен бері әкесінен үйренген кәсібі еді. Сондықтан болар, өрім өргенде қолы қолына жұқпай, саусақтары көз іліспес жылдамдықпен лыпылдап тұрғаны. Мұның атақты өрімші екенін бәрі білген соң, осы төңіректегілер бірінен кейін бірі келіп тапсырыс беріп жатқандары.
Дегенмен, соноу жетпісінші жылдардың мамыражай уақытында осы жұрт ат­тан да, атарбадан да алыстап, шетінен техникашыл болып кет­ті ғой. Сол кез­дерде бұған жүген-ноқта, өмілдірік, құйысқан жасататындар да азая бастады. Қамшы өрдіретіндер тіпті сиреді. Оған опынған бұл да жоқ, шопырлық жұмыстан, бастық тасудан онсыз да шаршап жүргенде, біреудің шаруасын істеп отыруға зауқы да жоқ еді. Ең ақырында қазақ та тәуелсіздікке жетіп бір марқайғанымен, қаптаған техникадан айырылып, қанатынан қайырылған құстай болды да қалды. Малмен ғана күн көріп отырған елге оны бағып-қағу бірінші орында тұрады емес пе?! «Мал! Малдан соң, Құдай, ал!» дейтін қазақ малдың шөбі мен жемі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылады-ау, сонда! Ал, шөп пен жемді тасу үшін көлік керек. Міне, осы кез­де ат пен арбаның күні қайта туды. Жарлының жалғыз тайы­на дейін үйретілді. Әлдеқашан қаңсып, күнсіп қалған арса-арса арбалар қайта жөнделді. Бір сөзбен айт­қанда, келмес­ке кет­ті деп жүрген ескі заман қас пен көздің арасында қайта оралды. Ел мен жұрт істерге жұмыс, ішерге ас таппай, тентіреп кетудің аз-ақ алдында тұрғанда, осы Зәкірдің күні туғандай болып, тулағының үстінде талтайып отырып, таспасын тіліп, өрімін өруге кірісті. Тіпті, мұрнынан шаншылды. Сіңбіруге уақыты жоқ. Өйткені, осы маңдағы жүген, ноқта жасайтын жалғыз өзі болған соң, елдің бәрінің емініп келіп тұрғаны. Құдайға шүкір, осы кәсібінің арқасында елден озып кетпесе де, көштен қалған жоқ!
Айтпақшы, ана Биғазының бәйбішесі бір үлкен отырыста: «Біздің еркектер жатыпішер, жалқау болып кет­ті. Шіркін, осылар ана Зәкірдей болса ғой! Өрімін өріп отыр, қызығын көріп отыр» депті. Сол сөз қазір ел ішінде мәтелге айналып кетіпті. Елдің мұнысы күндегені ме, әлде, қолдағаны ма? Кім білсін? Күндесе де, қолдаса да бәрібір ғой. Дегенмен… әлгі… «шалақазақ» дегендері… осы қазір жанына батып-ақ тұр.
Зәкір қолындағы ноқтаға үңіле қарап отырып, ойына әлдене түскендей мырс етіп күліп жіберді. Басын шайқап-шайқап қояды.
Осы ноқтаны жүгенімен бірге өріп бер деп тапсырған – өзінің Есбол құрдасы. Бұлардың арасынан суырылып шыққан жүйріктей оза шапқан жігіт сол еді. Зоовет институтын бітірген соң мал дәрігерлігінен бастап көп ұзамай совхоз директоры болды. Одан атқару комитетінде істеп, тез арада-ақ ауданның бірінші хатшысының орынбасарлығына көтерілді. Екі-үш жылдан кейін біріншінің өзі болып отыра қалды да, ойына келгенін істеп, жұрт­ты қырып кете жаздады. Оның жанына жағатын, тілін табатын бір-ақ адам бар сияқты еді. Ол – өмірбақи соның шопыры болған осы Зәкір.
Бір күні жол үстінде келе жатқанда Есбол бұған ажырая қарап: «Әй, дорақ, сен демалыс күндері үйіңде отырып алып, тері илеп, таспа тіледі екенсің. Өрім өреді екенсің. Әлде, жалақың аз болып, күніңді көре алмай жүрмісің? Райкомның шоферы болып жүріп, мұның масқара емес пе?!» деп зықынады. «Жасымнан әдет­тенген дағдым ғой, Есбол Ертаевич» – деп бұлтарып көріп еді, «Енді мұныңды доғар!» – деп бұйырды бірінші хатшы.
Ол шопырының жүріс-тұрысына, киім киісіне өте сақ қарайтын. Күннің ыстығының өзінде костюм киіп, галстук тағып жүруді талап ететін. Аяқ киімнің жылан жалағандай жалтырап тұрғанын, шаштың алулы, мұрт­тың басулы болғанын қалайтын.
Бірде мынандай бір қызықтың болғаны бар. Облыстық партия комитетінің жаңадан тағайындалған бірінші хатшысы бұлардың ауданына келе қалды. Келе салып аудандық партия комитетін тік тұрғызып, екі-үш мәшинеге бүкіл беткешығарын мінгізіп алып, совхоздарды аралауға шықты. Бұл – көктем айының қой төлдеп жатқан кезі еді. Жер езіліп жатыр. Жерді былай қойғанда, мал қоралардың іші төбеден аққан сумен шылқылдаған боқ-сідік екен. Облыстың бірінші хатшысы өте білгір адам болса керек, осылай боларын сезгендей, өзімен бірге резеңке етік ала шығыпты. Ең алғаш ат басын тіреген мал қорасына кірмей тұрып әлгі етігін киіп ала қойды. Ол ата қаздай қойқандап, нөкерлерін ертіп, ми батпақ қораға кірді де кет­ті. Нөкерлері одан бір елі кейін қалмай, саптағы солдат­тардай ілесіп жүр. Зәкір жып-жылтыр етігін аяп және бұл іске қатысы болмаған соң, кейіндеп қалып қойған.
Облыс хатшысы қой қорадан қат­ты ашуланып, айқайлап, зекіріп, ұрсып шықты. Есбол Ертаевичтың арқасы аспанға шығып, белі бүкірейіп кетіпті. Жалтыраған етігі мен қыры сынбайтын шалбарының балағы да сатал-сатал.
Осы күннің ертеңінде-ақ Есбол Ертаевич өзіне резеңке етік алдырып, оны көліктің арт жағына салдырып қойды…
Ойға батып кеткен екен, «ата» деген келінінің қатқыл дауысынан селк ете түсті.
– Не, қарағым?
– Естімедіңіз бе, Маратик жылап келді ғой жаңа?!
– Естідім.
– Ендеше неғып отырсыз? Шұқыланып.
– Анау Өтегеннің немересі – Телмұрат Маратикты «шалақазақ» депті. «Кет!» деп құйрығынан теуіп жіберіпті. Бұл не сұмдық! Бұл не қорлық!
– Е, келін, бала балаға не демейді. Бүгін төбелеседі, ертең татуласады.
– Уф-ф! Сіз қандай атасыз?! Сіз қандай намысы жоқ адамсыз?! «Шалақазақ» деген жақсы ат па?! Тіпті, керек болса, біз орысша да сөйлеспейміз ғой. Қазақ тілін ұмытып, орыс тілінде сөйлейтін қазақтар толып жүр ғой осы Қазақ­станда. Әне, «шалақазақ» десе, соларды «шалақазақ» десін.
– Сабыр ет, келін. Бәрі ұмытылады.
– Ата! Сіз отырыңыз осылай! Мен… Мен өзім барып… Өзім барып, ана Телмұрат деген ұятсыздың көкесін көзіне көрсетейін, шешесінің шашын жұлайын!
Қып-қызыл бүйрек бетінің тарам-тарам тамырлары сыртына шығып кеткен Мәнсия шалт бұрылып, кетуге айналып еді, Зәкірдің жаны шығып кете жаздады. Орнынан атып тұрып:
– Келінжан! Келінжан! Айналайын! Бұл дау-дамайдың бәрін өзім шешемін! Сәл сабыр ет! Міне, қазір! – деді қат­ты абыржып. Орнынан атып тұрғанын өзі де білмей қалыпты.
Мәнсия мықынын таянып, ерінін тістелеп аз тұрды да, нан салып жатқан пешіне қарай бет­теді.
Кеудесін кере терең күрсінген Зәкір қайтадан ісіне кірісуге ыңғайлана берді де, келінінің ашулы жүзі көз алдына елестей қалып, отырудан опа таппайтынын терең сезінгендей болды. «Өтеген ағаға барайын. Ақырын-ақырын айтайын» деп ойлады.
Үстіне тәуірлеу киімдерін киіп көшеге шыққан Зәкірдің ойы – онға, санасы – санға бөлініп келеді. Өзі бара жатқан Өтеген деген кісі – бүкіл ауылдың, ауылдың ғана емес, бүкіл ауданның сыйлы адамы. Осы бір ойлы да, парасат­ты адамның орнықты мінезіне ғана емес, көптеген тұрмысы нашарларға жаны қалмай қол ұшын беретін жомарт­тығы мен мәрт­тігіне де ел-жұрт­тың бәрі тәнті.
Қарапайым халық тұрмақ Есбол сияқты асып-тасқандардың өзі алдынан кесіп өткен емес. Кеңес дәуірінде қой да баққан, жылқы да баққан мал шаруашылығының білгірі боп саналатын осы Өтекең жас күнінде оқу оқып, білім алса, тым жоғарғы қызметке қол жеткізетін-ақ кісі ғой. Амал қанша, жалғыз әйелдің жалғыз ұлы болған соң, бар күш-жүгерін білім алуға емес, ерінбей-жалықпай еңбек етуге арнапты. Сірә, жетім-жесір мен жарлы-жақыбайға жаны ашып, жәрдем бергісі келіп тұратыны да өзінің жетім, жалғыз өскендігінен болар. Таза пейілі мен ақ көңіліне орай Өтекеңнің басына Алла тағала бақыт пен баршылықты аямай-ақ берді-ау! Мал байлығын айтпағанда, бас байлығын айтсаңшы! Қазір төрт ұлынан он екі немере сүйіп отыр дейді. Өзі өспей қалған атаның баласы екен, міне, ендігі жерде Өтеген әулеті бұтағын кеңге жайып, өсіп, өркендеп кетейін деп тұр. Құдай көпсінбесін! Өзінің де, кемпірінің де денсаулықтары жаман емес көрінеді. Бақуат дейді. Зейнетке шыққанына да көп болған жоқ-ау. Өйткені, өтеген осы Зәкірден төрт-бес-ақ жас үлкен. Зәкір алпысқа жаңа келді.
Ой кешіп келе жатқан Зәкір Өтегеннің үйіне қалай жетіп қалғанын сезбей де қалды. Есікке енді басын сұға бергенде қарсы алдынан осы үйдің кіші келіні – Гүлнұр шыға келді. Қап-қара үлкен көздері нұрға толған кішкентай қараторы келіншек:
– Армысыз, ата! – деп, бүккен тізесінің үстіне қос қолын қойып, күрт иіліп сәлем салғанда, мұндай ілтипатқа үйренбеген Зәкір:
– Сәлеметсің бе, қарағым?! Сәлемет! – деп сасқалақтап қалды. Екі қолын бірдей кеудесіне қойып, өзі де иіліп тұр. Шалдың бұл қылығына күлкісі келсе де, онысын білдірмеуге тырысқан Гүлнұр:
– Кіріңіз, ата, кіріңіз! – деп, қалбалақтап жатыр.
– Атаң үйде ме?
– Үйде. Үйде. – деген Гүлнұр кенет­тен сұқ саусағын танауына апарып, «түш-ш!» деп жымия күлді.
– Иә, не, келін?
– Атам мен апам салғыласып отыр.
– Не дейді?
– Апам орден-медальдарыңды тақ дейді, атам тақпаймын дейді. Сіз қазір тақ деп айтыңызшы.
– О, тоба!.. – деп бір күрсінген Зәкір ішке кірді. Шал мен кемпір өз бөлмелерінде екен. Төсектің бас жағында – Өтеген, аяқ жағында – Бақыт бәйбіше. Екеуінің ортасында қазқатар тізілген орден-медальдар.
– Ассалаумағалейкүм, Өтаға! Есенсіз бе, Бақыт жеңгей?
– Уағалейкүмәссәләм! Уа, Зәкен, сені де көретін күн болады екен ғой! – деді Өтеген орнынан ошарыла тұрып, – Ағасына сәлем бере келетін інілер де азайып қалды-ау бүгін.
– Үй іші мен бала-шаға тегіс аман ба? – деп, Бақыт та сәлемдесіп жатыр.
– Әй, бәйбіше! – деді Өтеген кемпіріне дауысын көтере сөйлеп, – Бөгелме! Айт келінге, қазан көтерсін тезірек!
Кете берген бәйбішенің алдына кесе көлденең тұра қалған Зәкір: – Жоқ, жоқ, жеңеше. Мен өте асығыспын. Үйдің үстімен өтіп бара жатқан соң, кіре шығайын дегенім ғой. Сәлем берейін, ат­тап кетпейін деп, – деді де, төсек үстінде жайрап жатқан орден-медальдарды иегімен нұсқап, – Мыналарыңыз не? – деді.
– Ой, Зәкен-ау, мынау ағаң қырсығып отыр. Орден-медальдарын костюміне тағып берейін десем, «керегі жоқ» деп шыр-пыр болады.
– Оны неге тағып қояйын деп отырсыз?
Бақыт бәйбіше жауап берейін деп ыңғайлана беріп еді, Өтеген оң қолын жоғары көтеріп, сөз сұрағандай болды.
– Мәселе былай боп тұр, – деді ол өзінің орнына жайғасып, – Сен, Зәкен, отыршы анау орындыққа. Кемпір, сен де отыр.
Зәкір мен бәйбіше жайғасып болған соң, Өтеген әлде бір келелі әңгіме айтатын кісіге ұқсап, тамағын кенеп, қабағын түйіп, сәл-пәл тұғжиып отырып қалды.
– Мәселе былай боп тұр, – деді сонсоң жаңағы сөзін қайталап, – Бағана маған облыстық әкімдіктен бір қыз бала хабарласыты. Оның айтуынша, бүкіл облысымыздың мән-жайын, жер-суын және атақты адамдарын паш ететін бір керамат китап шыққалы жатыр екен. Аты не еді? Әлгі… Енсаклапия дей ме?
– Энциклопедия деп айтсаңшы! – деп, Бақыт бәйбіше шалына жақтырмай қарады.
– Иә, сол… Соған мен де кіреді екем. Кіргізетіндері жақсы ғой. Рақмет. Бірақ оның да біраз шаруалары бар екен. Әлгі қыз баланың айтуынша, мен көптеген марапат иесі болғандықтан, соны көрсету үшін, бүкіл орден-медальдерімді төсіме қадап, суретке түсуім керек екен. Оның үстіне бүкіл жеткен жетістіктерім қамтылған қысқаша өмірбаянымды жазып, оны да әлгі суретіммен бірге жіберуім керек. Суретке де түсермін, өмірбаянымды да әлгі кәзет­тегі балалардың біріне жаздырып алармын. Бірақ ең қиын боп тұрғаны – мынау бір темір-терсектерді кәстөміме тізіп, суретке түсу болып тұр. Осыларды алған кезімде өздері тағып бергенде болмаса, тіпті өмірімде қадап көрмеппін. Әлгі қыз балаға айт­тым: «Осы мен орден-медаль тақпай-ақ суретке түсіп, соны жіберсем қайтеді?» деп. Ал, ол айтады: «Ата, қызықсыз.Өкімет сізге сол орден-медальдарды тығып қою үшін берген жоқ, тағып жүрсін деп берді. Еткен еңбегініздің, төккен теріңіздің белгісі – сол» деп. Өзі де бір сөйлегіш бала екен. Анау бір жолы өзіміздің аудандық әкімдіктегі үлкен бір жиынға шақырғанда да осы темір-терсектерді тағып кел деді. Тақпадым. «Неге тақпайсыз?» деп сұрайды біреулер. «Сол. Тақпаймын» дедім. Жұрт­тың көбі естіді. Енді бәрін саусылдатып тағып ап, әлгі китаптің бетіне шығып тұрсам, жұрт айтпай ма – «Әлгі тақпайтыны қайда?!» деп. Өзің айтшы, Зәкен, ұят қой, а?!
– Ой, Өтаға, сіз шынында қызықсыз ғой. Өзіңізге берілген осынша марапат­ты жұртқа көрсетуге несіне ұяласыз? Мұндай сый-құрметке қанша адамның қолы жетпей жүр. Отырмыз ғой, міне, марапат­тың біріне де ие бола алмай. Құдай үшін, Өтаға, тағып алыңызшы! Суретке түсіңізші бір, жарқырап! Өтініп отырмын, Өтаға! Энциклопедияның бетінен кеудесі орден-медальға толып отырған сіздің бейнеңізді көріп, біз де бір мәз боп қалайық. Сөйтіңізші, Өтаға!
Өтеген тақиясын қолына алып, жалтырай бастаған басын сипалап отыр. Көкшілдеу салқын көздеріне әлдебір жылылық ұялай бастаған сияқты.
– Жә! – деді бір кез­де, – Қоймадындар ғой. Зәкен баурым, сенің сөзіңді жерге тастап көрмеп едім.
– Бәрекелді! О, менің ардагер ағам-ау сол! – деп мәз болған Зәкір орнынан атып тұрып, Өтегеннің алпамсадай денесін қапсыра құшақтады. Сонсоң: – Ал, мен аяңдайын. Нан ауыз тисем болады. Жақсылықпен жолығысайық, – деп кетуге ыңғайланды.

* * * 

Зәкір Өтегеннің қақпасынан шыққаннан кейін қайда барарын, не істерін білмей қарадан карап қаңқиып, ұзақ тұрып қалды. Мамыр айының маужыраған күні бүкіл тіршілік иелерін балбыраған бір күйге бөлеп тастағандай. Көше бойынан тылсым тыныштық пен ерекше бір еркіндіктің белгілері андайғайлап тұрғандай.Тіпті, ана бір кемпір айдап бара жатқан ала сиыр да аяғын маңғаз басып, жүре-мүре күйіс қайыруда. Анда-санда басын шайқап-шайқап қоятынын қайтерсің… Өй, сиыр айдап бара жатқан мына кемпір – Бейсенбайдың шешесі емес пе? Сол кісі ғой! Амандаспауға болмайды!
Зәкір қалпағын түзеп киіп, жылдам басып, кемпірге жетіп алды.
– Апа, амансыз ба? Қалыңыз қалай?
– Көтек… бұ кім? – деді кемпір көзін күннен көлегейлеп, – Селк ете түстім ғой.
– Мен – Зәкірмін ғой, апа. Бейсенбайдың құрдасы. Сізге амандасайын деп.
– Е-е… Шүкір… Амандық. Мынау қарасанкелгір үйден шықпайды. Табыннан қалып қойыпты.
– Сіз сексеннен астыңыз, иә, апа?
– Е-е… Үшеуіне келдік қой.
– Менің әкем Мәлікті әбден білетін шығарсыз? Ерте кетіп қалды, жарықтық.
– Е-е… білмей… Естек Мәлік қой.
– Естек дейсіз бе? Ол не деген сөз?
– Білмеуші ме едің? Қазақтар башқұрт дейтін біз сияқты халықты – «естек» деп атайды.
– Сонда не? … Сонда менің әкем башқұрт па? Қойыңыз!
– Жо-оқ! Сендерді ешкім башқұрт демейді. Біздің шал айтып отырушы еді «бұлардың аталары баяғыда батыс жақтан… Орал дей ме… сол жақтан келген» деп. «Содан қазақтын ішінде… қыз алысып, қыз берісіп, қазақ боп кеткен» деп. Бірақ…
– Не «бірақ»?
– Бірақ сендердің аталарыңды «қазақ» демеген.
– Сонда не деген?
– Е-е, ұмытылған сөз ғой.
– Айтсаңызшы.
– Сенің көңіліңе келе ме деп тұрмын ғой, – деп, кәрі кейуана аузын опырайтып күлді, – Сен де сұрамайтынды сұрап.
– Жоқ, апа. Мына балаңыз да алпысқа келіп отыр, биыл. Жас емеспін ғой. Айтыңыз.
– Е-е… Ол былай енді. Орыс патшасының заманында қашқан-пысқандардың көбі қазақ арасына келіп паналайды екен. Орыстардын өзі де. Мұсылмандар тіпті көп. Солар мұнда сіңіп кеткен соң, қазақ болып кетеді екен. Дегенмен келе-келе топтасып, ұйысып алған соң, оларға «шалақазақ» деген ат қойылыпты. Тіпті баяғыда мына шығыста «Шалақазақ ауылы» деген ауыл да болған деп естідім. Ондай ауылдар қазақ жерінде көп болған дейді…
Кейуана алқынып тоқтады. Жасаураған кәрі көздерімен Зәкірге барлай қарайды. Ал, Зәкір болса, әлдеқайда тесіле қарап, мелшиіп қалыпты.
– Зәкен?
– А, апа? Естіп тұрмын.
– Айт­қанымды ұқтың ба?
– Ұқтым, апа, ұқтым. Сау болыңыз! Бейсенбайға сәлем айтыңыз, – деген Зәкір аяғын жылдамдата басып, үйіне қарай бет­теді. « Естек. Башқұрт. Естек. Башқұрт. Шалақазақ» деп, дауысын шығара күбірлеп келеді. «Ол қай атам екен? Нешінші атам екен? Егер ол қазақ жеріне қашып келмесе… мен… башқұрт болады екем ғой, а?! Құдай сақтаған! Құдай сақтаған! Қазақ болмай қалу сұмдық қой!» деген сияқты ойлар санасын тынымсыз тілгілеп келеді. Кенет­тен, «Осы ауылдағы жалғыз шалақазақ менмін бе?» деген бір ой санасына сап ете түсті. Өйткені, әлгі Тоқан марқұм мұны «сен – шалақазақсың» дегеннен кейін әңгімесін әрі қарай тарқатып, тағы біреу туралы айт­қан сияқты. Кімді айтып еді, құдай-ау?
Зәкір көше бойына өскен алып бәйтеркке сүйеніп, терең ойдын түбіне қарай шым бат­ты. Өзінің шалақазақ екенін естіген кез­де он бес-он алты жастағы жеткіншек еді ғой. Жазғы каникул кезіңде шөп мәшинеге отырып, пішен шауып жүрген. Сонда, түс кезінде, перме бастық Тоқан аға шөпауылға келіп, шөпшілермен әңгімелескен болатын. Сонда… Сонда шалақазақтар туралы айтып отырып… осы Зәкірді айт­ты… содан кейін… содан кейін… Е, иә, иә, есіне түсті. «Ана механик болып шіреніп жүрген Көккөз Мұса да – шалақазақ» деді емес пе?! Сөйдеді! Анық!
Зәкір ауыр ойдан жеңілдегендей болып, кеудесін кере бір күрсінді де, шаңын қақандай алақанын бір-біріне шапат­тап-шапат­тап алды. Еңдігі бүкіл ойы Көккөз Мұсаға қарай ауды.
Көккөз Мұса деген – осы ауыл үшін ең керекті адамдардын бірі. Өйткені, ол темір-терсектің тілін білетін адам. Техникасы бұзылғандардын бәрі салпаңдап соның соңында жүргені. Өзіне күні түсіп тұрған елге иіліп-бүгіле қоятын да Мұса жоқ. Кергіп, бұлданып бітеді. Өзі – бай. Әрине, қолы кимылдаса болды, қалтасына тиын-тебен сау ете түседі, не болмаса, қорасына тоқтышақ келіп кіреді. Төрт-бес жылдан бері бензин мен салярка сатумен айналысып, ауыл ғана емес, ауданның өзіне дәркер боп алған соң, ол кімді менсінсін! Жұртшылық оны қанша қажетсінсе, сонша жек көреді. Ол да «іштерің күйе түссін!» дегендей, өзіне бұл маңда жоқ зәулім сарай салып алды. Құдай-ау, екі қабат­ты ма, үш қабат­ты ма?! Іші де кірсе шыққысыз дейді. Қос мәшине қатар кіріп кететіндей биік дарбазалы ат шаптырым аумақты алып жатқан анау дуалдың ішінде не болып жатқанын ешкім білмес. Әйтеуір, сол дарбазадан неше түрлі шетелдік көліктер мен жанармай таситын мәшинелердің кіріп-шығып жатқаны. Анау өзінің аузынан түскендей Иса дейтін ұлы да тым пысық жігіт болып өсіпті. Жанармай бизнесін дөңгелетіп отырған сол көрінеді. Әйтпесе, қазір жетпістен асып кеткен Мұсада не күй бар дейсің?! Әй, бірақ әлі мықты шығар. Алпамсадай ғой өзі! Үйі осы арадан онша алыс емес. Амандасқан болып кіріп шықса қайтеді? Не әбестігі бар? Мұса деген – үлкен ақсақал! Бұл одан көп кіші! Інілік жол деген бар! Тіпті… туыстығы да болып тұр ғой. Екеуі де – шалақазақ. Әне, Бейсенбайдың шешесі де айт­ты емес пе – «шалақазақ ауылдары да бар» деп. Егер дұрыс қабылдаса, әңгімелесе отырып, қандай шалақазақ екенін де сұрап, біліп алар.
Осындай ойға батқан Зәкірдін аяғы Мұсаның үйіне қарай өзінен-өзі бұрылып кеткендей болды.
Зәкір Көккөз Мұсаның үйіне жетіп, дарбазасын итеріп көріп еді, жабық екен. Бажайлап қараса, кісі кіретін есігі қақпамен қатар тұр. Оны да итерді. Жабық. Ыза болғандай құшырланып, оң жұдырығымен есікті ұрып-ұрып жіберді. Іш жақтан бір емес, екі-үш ит өре түрегеліп, абалай жөнелгенде, Зәкірдің де жүрегі дүрсілдеп, алған бетінен қайтып қалғандай болып еді, сол кез­де есіктің арғы жағынан бір ересектеу баланың дауысы естілді. Тыңдай қалса, орысша сөйлеп тұр екен.
– Атаң бар ма? Мұса бар ма?
– Я по казахский не понимаю.
Орыс тілін аздап ұқса да, сөйлей алмайтын Зәкір сәл абыржып қалды. «Жарайды» деген сөзін күбірлеп айтып, екі қолын артына ұстап, үйіне қайт­ты. Ол бағана немересінің жылап келгенін де, келінінің қат­ты ашуланғанын да, ең бастысы, үйден шыққандағы негізгі шаруасын да ұмытып кеткен болатын. Тек қақпадан кірген уақыт­та ғана Мәнсияның шаңқылдаған дауысын естіп, бойын жинап ала қойды. Келіннің дауысы ашық тұрған жазғы асүйден шығып жатыр.
– … Сен өзіңді еркекпін деп ойлаймысын? Жұмысың – жұмыс емес, жүрісің – жүріс емес! Кім үй салса, сонда жүргенің балшық-балшық болып, қара жұмысын істеп. Кім егін салса, сонда жүргенің, суын суғарып. Енді келіп ана залымның малын бағам дейсің. Ал, бақ! Жүр сөйтіп ала жаздай малайы болып.
– Әй, ол малайлық емес қой.
– Не? Малайлық емес қой?! Пішту! Әй, Қайрат, сен оның малын бақсаң, жалданып бағасың. Жалданған адамды «жалшы» дейді қазақ! Ал, жалшы мен малайдың айырмашылығы бар ғой деп ойлаймысың?
– Әй, Мәнсия, қысқарт! Мен малай болсам да, жалшы болсам да, сендерді асыраймын деп жанталасып жүрмін. Айтшы, қандай жұмыс бар мен істейтін?
– А-а! Бізді сен асырап жүр екенсің ғой. Анда-санда әкелген бес-он мың теңгеңді бұлдап отырсын ба? Егер ана шалдың өрімшілдігі болмағанда, біз баяғыда аштан қатып қалар едік. Біле білсең, бізді асырап отырған – сол!
– Әй, қой дедім ғой саған! Айтқыш болсаң, айтатыныңды ана өкметіңе айт, ана патшаңа айт. Өстіп жұмыссыз қаңғып жүрген мен ғанамын ба? Бүкіл Қазақ­станның ауылдары жұтап жатыр. Бүкіл Қазақ­станның ауыл жастары жұмыссыз жүр. Соның кесірінен осы ауылдан қанша үйдің қалаға көшіп кеткенін көріп отырсың ғой.
– Біздің де қалаға көшуіміз керек! – деген Мәнсияның шаңқ еткен дауысы тым қат­ты естіліп, бағанадан құлағын түріп тұрған Зәкірді шошытып жіберді. Келіні айғайға басып жатыр.
– Ана әкең өмір бойы бастық тасып, мал да өсірмеген. Жүр, әне, қашан пеньсияға ілігемін деп. Дәл пеньсияға шығатын уақытында шешең де өліп қалды. Өлмесе, оның пеньсиясы бізге жақсы болар еді. Енді не табамыз бұл ауылдан?! Ауыл! Ауыл! Білемісің, бұл ауыл бізді таза қазақ емес, шалақазақ деп жүр… Жалғыз баламыздың құйрығынан тебе бастады…
Келіні мен ұлының арасындағы ащы сөздерді бағанадан бері тыңдап тұрған Зәкірдің жүрегі қат­ты шаншып, буын-буыны құрып бара жатқандай болып сезілді. Бір сәт­те қос құлағы бірдей бітіп қалғандай. Ол тәлтіректей басып, лапас астындағы өз орнына қарай бет­теді. Мынау үй де, лапас та, тіпті, жер мен аспан да теңселіп тұрған сияқты.
Ол лапастың астына зорға жетіп, тулақ үстіндегі өзі отырып жүрген көпшігін басына жастанып, жантая кет­ті.

Әбубәкір Қайран

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір