ЕКІ ТІЗГІН, БІР ШЫЛБЫР
Қазақтың жанын Абайдай түсінген, қазақтың мінін Абайдай ашып айтқан ешкім жоқ шығар, сірә! Сын айтылмағаннан соң, бойындағы мінін кім өздігінен зерттеп, мойындай қояды дейсің. Жалпы, қоғамда қазақтыққа сын дейтін зиялы қане, осы ісім ұят болды-ау деп уайым шегетін кім бар? Бүгінгі қазақта бұрынғы қазақтықтан мінез айырмасы бар ма? Бүгін, балаңа дүркіретіп той жасап бере алмасаң «ұят», атаңның асын тойға бергісіз етіп өткізбесең «ұят». Бәріміз «намысқа» тырысып, несиеге алсақ та, сенсорлы телефон ұстаймыз. Сырттан қарағанда тым мәдениетті, білімді, жақсы көрінуге тырысамыз. Ал кімнің болсын ішіне үңілген адамға «менде ғана болсын» деген өзімшілдік пен «не болса ол болсын» дейтін немқұрайлықты байқау қиын емес. Қоғам алдындағы үлкен жауапкершіліктен бастап, отбасы мен жұмысында өзіне артылатын жүкті, сенім мен үмітті аяқасты етіп, бәріне салғырт қарау бүгінгі қоғамның дертіне айналғаннан сау емес. Десек те, бүгінгі қазақтың жан қайғысы бұл емес сияқты. Сонда жалпақ жұрттың жанын не тербейді? Қазіргі қоғам мен ертеңгі ұрпақ үшін бүгін не істеп жатырмыз? Саясаттанушы Берік Әбдіғалиев, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы Исламды зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері Бибігүл АЛМҰРЗАЕВА және әлеуметтанушы Дәурен СӘКЕНҰЛЫНА осы төңіректегі біраз сауалдарды жолдап көрген едік.
– Дәл бүгінгі күні халықтың көкейінде не бар? Қазақтың жаны деген ұғымды қазақтың өзі қаншалықты түсінеді? Әлем халықтары өз тұрғысынан осы мәселені нақты қоятыны бар. Біз бұл орайда не істеп жатырмыз? Біздің қателіктерге кім жауапты?
Бибігүл АЛМҰРЗАЕВА:
– Кеңес үкіметінің отарлау саясатынан рухани дағдарысқа ұшыраған қазаққа әлі де болса ұлттық рухын оятуға бар ынта-жігерімен тырысу керек. Біз бүгінде тәуелсіз мемлекетпіз. Дегенмен, экономикалық, рухани, ақпараттық тұрғыда сырттан келетін қауіп-қатерлердің бар екендігін назарда ұстап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» ынтымағымызды арттыру қажет.
Еліміздің татулығы – бейбіт өмір кепілі болса, бейбіт өмір өз кезегінде ұлт пен рухтың, қазақ руханиятының даму кепілі.
Дәурен СӘКЕНҰЛЫ:
– Халықтың көкейінде айтылмай жүрген дүние көп. Бәлкім, белгілі бір себептерге байланысты айта алмай жүрген болар… Қазақтың жанын түсіну үшін оның тұрмыс-тіршілігіне үңілу керек. Ұлтымыздың миссиясы туралы сөз еткен біршама қабылданған бағдарламаларды, жобаларды есепке алмаған болсақ, Қазақстанда бір ғана ұлттың тұрмысы өзгелерден көш төмен. «Көш төмендіктің» кесірінен бізде белгілі бір комплекстер қалыптасқан. Біздің елде де АҚШ, Еуропа елдері, Үндістан, Жапония және т.б. елдердегідей контраст пен қайшылықтардың бар екенін көресіз. Біз әлі де болса, тіпті тәуелсіздік алғанымызға қарамай өз қандастарымыздың қысылып, қымтырылып өмір сүріп жатқанын көріп жүрміз. Әлі де болса тәуелсіздіктің қандай болатынын қанымызбен де, жанымызбен де сезіне қойған жоқпыз. Өкінішті.
– Көпшіліктің жаппай көретіні – сабын сериалдар, түрлі шоу, концерт, терең ойға жетелей қоймайтын бағдарламалар. Кейде осы ылғи ән-жыр, айтыс, мақтау ұрпақты неге тәрбиелеп жатқанын білмей қалатын да жағдайлар бар. Ал өмір мүлде басқа. Айналаң толы тұрмыстық мәселе. Дәл сол кезде көшірме өмірдің көрінісі белең алады. Әлде әлгінде айтқан сериалдар мен шоулардың халыққа берері бар ма?
Бибігүл АЛМҰРЗАЕВА:
– Кино немесе сериалдар арқылы сол ұлттың, елдің, қоғамның өзіндік менталитеті мен психологиясын танып білуге болады. Дегенмен, шетелдік сериалдардың мазмұнында қазақ халқының түсінігіне, өмірлік көзқарасы мен ұстанымына, жалпы алғанда дәстүрлі мәдениетіне жат әрекеттер көрініс тауып жатыр. Мысалы, үнді сериалдарындағы ене мен келін немесе абысындар арасындағы үнемі бітпейтін жанжал, қастандық пен зұлымдық, қулық-сұмдықтар қалыпты құбылысқа айналған. Адамдар арасындағы материалдық алшақтықтар мен құқықтық және т.б. кемсітушіліктер үнді фильмдерінің ажырамас бөлігі. Сонымен қатар, аталмыш сериалдарда сол ұлттың салт-дәстүрлері мен көпқұдайшылықты насихаттайтын индуизм дінінің рәсімдері де молынан көрініс табатыны белгілі.
Мұхитдин Исаұлының «Қазақтың ұлттық жалғыз қазақ тілінде сөйлейтін «Үндістан 1» арнасына арнауым» атты бейнетаспасы осы мәселелердің қаупін сезіп, алаңдаушылығынан туындаған. Ол таспада кәріден жасқа дейін көретін мұндай сериалдардың ұлттың, елдің болашағына балта шабатындығы ашына айтылып, кейбір отбасылардың бала тәрбиесіне немқұрайлық танытуы үлкен сынға ұшыраған. Тіпті қазір кішкентай балалардың үнді сериалдарына еліктеп, ойын барысында өзге діннің рәсімдерін қайталайтындығын бәріміз көріп жүрміз.
Ал түрік сериалдарында кек пен өшпенділік, сатқындық сынды келеңсіз әрекеттерге куә боласыз. Ағайын әрі діндес болған түріктердің фильм-дерінде қылмыстық оқиғалар басым.
Көршілес Ресей елінің кейбір фильмдерінде ерлі-зайыптылар арасында неке тазалығының сақталмауы, некесіз балалардың дүниеге келуі, яғни отбасылық құндылықтарды тәрк ету әрекеттері қалыпты көрініске айналғаны қашан…
Сериалдарда шытырман оқиғалар арқылы көрініс тапқан жағымсыз, мүлдем жат әрекеттер мен келеңсіз қылықтарды үнемі көре беру адам санасында «бұл бір дұрыс шешім екен» деген көзқарасты нықтап орнықтыра түсіп, қалыпты құбылысқа айналдырары сөзсіз.
Өкінішке қарай жастардың көңілінен шыққанымен, көпшіліктің қолдауына ие бола қоймайтын отандық түсірілімдеріміз де жоқ емес. Мысалы, «Келинка Сабина» және «Побег из аула» сынды сериалдар комедияға құрылғанымен, тәрбиелік және өнегелік мәннен жұрдай. Аталмыш көрсетілімде жеңілтек мінезді жастардың әрекеттері көрініс тапқан.
Дегенмен, 24 бөлімнен тұратын «Өмірдің өзі новелла» атты лирикалық және драмалық оқиғалардан құралған және «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысы бойынша түсірілген «Шырғалаң» атты тәрбиелік мәні зор телехикаялар да жоқ емес.
Қытай мемлекетінде өскелең ұрпақтың тапқырлығын, жаңалық жаратуына ықпал ететін арнайы бағдарламалар жиі көрсетіледі. Сонымен қатар, ауылшаруашылығына, яғни мал өсіріп, оны баптау; бау-бақшамен айналысу; жылыжайлар мен үй жағдайында белгілі бір көкөністердің өнімін арттыру және т.б. шаруашылық қажеттіліктерін үйретіп, баулуға бағытталған бағдарламалар да көп. Осыдан кейін, әрине, Қытай мемлекеті экономикасы дамыған алпауыт елдердің қатарынан орын алуы таңғаларлық жағдай емес.
Дәурен СӘКЕНҰЛЫ:
– Карл Маркс айтпақшы, сананы тұрмыс билейді. Дәл қазіргідей қысылтаяң шақта адам ең алдымен үйіндегі бала-шағасын асырау үшін тырбанады. Байқап жүрмін, соңғы кездері базар жағалағандар көбейіп кетті. Көресің де, күйінесің. Бір-ақ күнде аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдардың кебін киіппіз… Ал сериалдар мен арзан әзіл-шоуларға қатысты жауапты өзіңіз де бердіңіз деп ойлаймын. Қай телеарнаны қоспа, өңшең «қиқым», әнші, биші, одан қалды КВН… Анығы, арзан күлкі бізді алысқа апармайды. Оған қоса, адам биопсихоәлеуметтік жан екенін ескерер болсақ, адамдардың көбісі мұндай «мәдениетке» тым құмар болуы өзіндік «Менін» осы шынайы өмірде емес, жасанды әлемде табуында және тоқмейілсушілікке бой алдыруында.
Бірақ қазіргі уақыт жыртыңдап жүретін заман емес. Қазір қолыңнан келгенше харекет ететін, керек десеңіз кәсіп бастайтын уақыт. Осы уақытқа дейін біз тым мәдениетшіл, әрі тым әдебиетшіл болып келдік. Иә, мұның дұрыс жағы болды. Бірақ ендігі жерде біз тұрмысымызға да көңіл бөлуіміз керек.
– Басынан талай қиын-қыстау күнді өткізсе де, қазақтың торқалы тойы мен топырақты өлімі салтын бұзбастан өз деңгейінде өтіп жататын еді. Ал бүгін тойды былай қойғанда, өлім-жітімге немесе асқа барсаңыз, ысырапшылдыққа бой ұрған халықтың обал-сауапты ұмыта бастағанына куә боласыз. Бәсекелестік деген нәрсенің осы тұсымызға да дендеп енгенін байқайсыз. Бұл күйге түсуіміздің себебі неде, ал ертең салдары қандай болмақ? Біз қалай құндылықтардың орнын ауыстырып алдық?
Бибігүл АЛМҰРЗАЕВА:
– Бүгінгі таңда заман талабы мен сұранысына қарай тұрмыс-салтқа да өзгерістер енуде. Соңғы кездері той үстінде кейбір асабалар қазақ халқының салт-дәстүріне жат әрекеттерге жол беріп жататыны да жасырын емес. Көрер көзге ұят ойындар ойналып, анайы әзіл-ысқақтардың айтылуы қалыпты жағдайға айналған.
Ал ас беруде аста-төк ысырапшылдық пен бәсекелетік орын ала бастады. Ысырапшылдыққа орын бергенше, бір тілім нанға зар болған мұқтаж жандардың бар екендігін ескерген әлдеқайда сауапты әрі игі іс.
Осы орайда қайтыс болған жандарға арнап зәулім күмбез тұрғызудың да ысырап екендігін атап өткен жөн. Ысырапшылдықтың салдарынан қоғамымызды жалған намысқа тырысушылық індеті жайлауы мүмкін.
Дәурен СӘКЕНҰЛЫ:
– Бәріне телеарнадағы теріс түсінік кінәлі. Әнші мен әртісті телеарнаға топырлатып шығарып қойған өзіміз. Олар қоғамды «тәрбиелеп» жатыр. Қазір байқасаңыз тойхана көп. Қазақ кәсіптің көзі осы деп ойлайды. Анығында, бұл қызмет көрсетудің бір түрі ғана. Өнім өндіру жоқ. Сосын шашылудың өзі жаман ұғым. Оның салдарын бүгін болмаса да, ертеңгі күні тартатын боламыз. Меніңше, бұл үшін мемлекеттің өзі түзелуі керек. «Помпезді», пайдасы аз, ал дабырасы мол шараларды шектесе шіркін… Оның есесіне оларға бөлінген қаржысы ұлтты ұлт етіп анықтайтын руханият саласына бағыттаса бұдан ұтпасақ, ұтылмас едік.
– Бізде бәрі жаман (әкім де, дәрігер де, мұғалім де, қауіпсіздік қызметкері
де, т.б.), бәрі білімсіз, сауатсыз, жауапсыз деген түсінік қалыптасып үлгерді. Бір-біріне қара күйе жаққанды қойып, неге әркім өз ісіне жауапкершілікпен қарамайды, білім-танымын кеңейтуге тырысып, жұмыс барысында ар-ұяттан аттамауды қолға алмайды? Осылай кете берсек қайда барамыз?
Бибігүл АЛМҰРЗАЕВА:
– Иә, бүгінде осындай түсініктердің салдарынан адамдардың бір-біріне деген сенімсіздік қалыптасқаны рас. Қазақ халқы біраз рухани тоқырау заманын бастан өткеріп, көптеген қиындықтарға қарсы тұрды. Өз ісіне деген жауапсыздық осы рухани дағдарыстың салдары болса керек.
Алайда, осылай кете бермей, бала тәрбиесін мықтап қолға алуымыз керек. Ата-ананың рухани тәрбие арқылы баланы сусындандыруы тұтас елдің тағдырын шешпек. Тәрбие мәселесі бірінші орынға қойылған кезде қоғамның індетті мәселелері өздігінен жойылады. Кемшіліксіз адам болмайтынындай, кемшіліксіз қоғам да болмайды. Сол себепті орайы келіп жатса сын айту артық емес.
Дәурен СӘКЕНҰЛЫ:
– Бұған бір жағынан ақпараттық шабуыл да кінәлі. Бір дәрігер қателік жіберсе, ол үшін күллі саланы даттаған дұрыс емес. Жалпы сауатсыз, жауапсыз қарауға болмайтын мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігер. Дәрігер міндетті түрде білікті болуы керек. Сауатсыз дәрігер емделушінің соры. Ал жауапсыздық атты ұғым жалпы адамға ғана емес, бір жағынан біздің мемлекетке де тән дүние сияқты. Жоғарыдан басталған жауапсыздық, төменнен жалғасын тауып жатыр. Әлі күнге дейін көптеген азаматтар жабайы табиғат заңымен, «адам адамға қасқыр» деген принциппен өмір сүріп келеді. Бәрінікі – «заманың түлкі болса, тазы боп шал», «заманымыз сондай болса қайтесің» деген бос сылтауға жаба салу. Бұл дұрыс емес. Адамзат баласы әлі күнге дейін қоғам алдында өз ісіне жауапкершілік алғысы келмейді. Себебі, бұл жауапкершілік оларға ауыртпашылық…
– «Адалдық» деген ұғымды бүгін қалай түсініп жүрміз? Бір кездері өліммен тең көретін кей қылықтарды қалыпты деп қабылдауға етіміз үйреніп бара жатқандай. Көп нәрсені ұят санамайтын, еш нәрседен қысылып, қымтырылмайтын дәрежеге жеттік. Бұл қазаққа қаншалықты қауіпті?
Бибігүл АЛМҰРЗАЕВА:
– Техника мен технологияның қарыштап дамыған ғасырында рухани құндылықтардың артта қалып бара жатқаны рас. Белгілі бір шекарасы жоқ жаһандану үрдісінің ұлттық рухани және адами құндылықтырға тигізіп отырған әсері көп.
Бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән берген. Қыз ұзатып, келін аларда да тегіне қараған. Қазақ халқының бойында тұнып тұрған асыл қасиеттері тән мен ар, рух тазалығы арқылы жалғасын тапқан.
Тәрбие мәселесіндегі солқылдақтық рухани құндылықтардың жұтаңдауы салдарынан. Сол себепті де отбасы құндылығы мен маңызын қоғам болып насихаттау қажет.
Дәурен СӘКЕНҰЛЫ:
– Біріншіден, «адалдық» деген сөздің түпкі мәніне емес, оның жүзеге асыру формасына назар қою керек. Айтпағым, егер де біреуден адалдық тілегің келсе, өзің адал болуың керек. Міне, сондай талапты біреуге қою алдында, өзімізге қоюымыз қажет.
Екіншіден, біз бұл дәрежеге әлі жеткен жоқпыз. Бірақ күндердің күні жетеміз… Бәрі де мемлекеттен, мемлекеттік идеологиядан басталады. Ал олай болмаса, бәрі бетімен кетеді. Қазіргі күні біз осы «бетімен кетушілікке» жақын тұрмыз.
– Әңгімелеріңізге рахмет!
Берік ӘБДІҒАЛИЕВ
Қазаққа қауіп көп
Қазіргі айтылып жүрген қазақстандық ұлт деген нәрсеге мүлдем қарсымын. Бұл қазақтың жері, қазақтың ұлты. Сол себепті бұл жерде ең алдымен қазақтың жайы ойлануы керек. Қазір қазақ халқы үшін ең бірінші мәселе өз жері мен елін, егемендігін сақтап қалу. Себебі, қауіп көбейіп барады. Біріншіден, кедендік одаққа ендік. Енді орыстармен құқымызды тең қорғай аламыз ба, жоқ па деген күдік бар. Екіншіден, исламдық фундаментализм бізге қауіп төндіріп тұр. Бірі салафист, бірі уақабист, тағысы-тағы өз ішімізден іріп жатырмыз. Бұл қорқынышты нәрсе. Үшіншіден, ата-бабаларымыз арпалысып келген Қытай. Бұрынғыдай емес, қазір түркі тектес мемлекеттер әрқайсысы өз алдына ыдырап кетті. Енді олардың басын қосу мүмкін де емес сияқты. Оның дәлелі, орыстар мен түріктердің арасында келіспеушілікке біз араша бола алмай отырмыз. Әрине, шындап келгенде бізге орыстан гөрі түріктер жақынырақ. Қазіргі халықтың көкейіндегі тағы бір мәселе – девальвация. Теңгенің құны күрт төмендеп жатса да еңбекақы өскен жоқ. Ал азық-түлік те, киім-кешек, техника, бәрі-бәрі қымбаттау үстінде. Ашығын айтқанда осы күні орыстарға құрылған қақпанға біз де тұтылып, таяқты орыстармен бірге жеп жатқан жайымыз бар. Біздегі экономикалық дағдарыстың қарқыны күзге салым қатты белгі береді. Сол себепті, билік үшін халық ашуланбай тұрып тезірек сайлау өткізіп алу тиімді. Қыста. Себебі, жазда жұрт далаға шығып, серпіледі ғой. Ал қыста көп көтеріле қоймайды.
Біз осы уақытқа дейін экономикамызды өзін-өзі асырайтын дәрежеге жеткізе алмадық. Ал мына көршілес өзбек халқы сол дәрежеге жетті. Біз әлі күнге тамақтың өзін шетелден тасып әлекпіз. Сол себепті әлемдік дағдарыс бізге айтарлық соққы беруде.
Өкінішке қарай, бізде қала қазақтары әлі күнге дейін орысша сөйлейді. Яғни олар қазақ баспасөзін оқиды, қазақша бағдарлама көреді деудің өзі күлкілі. Демек, орыс ұлтының мүддесін көздейтін идеология олардың санасын бұзып жатыр деген сөз. Қазіргі қазақ телевидениесінің өзі қазақтың ұлттық идеологиясын өзек етіп жұмыс жасап жатыр дей алмаймыз. Сондықтан қазақ тілді халықтың өзі қазақша арналарды көрмейтін болып барады. Бұл үлкен мәселе. Меніңше ел аумағында тек қана қазақша арналар жұмыс істеуі керек. Орыс тіліндегі арналарды шектеп, тек қазақ тіліндегі арналардан орыс тілінде қызықты бағдарламалар ұсыну керек.
Кезінде «Казахская правда» деген газет шығарған Алдан Айымбетов деген мықты қазақ болды. Сол кісіден: «Неге қазақша емес, орыс тілінде газет шығардыңыз?», – деп сұрадым. Сонда: «Тілі қазақтың жаны да қазақ деген сөз. Ал бұл газет шала қазақтарды қазақтыққа шақырады, соларды оятуға тырысады», – деген. Осы ұстанымды естен шығармауымыз керек сияқты.
Ал той мен астағы ысырапшылдыққа келсек, халықта «менің жұрттан қай жерім кем» дейтін ұстаным бар. Осы оймен қарызға батса да көршісі мен туысы жасаған тойы мен асын жасай береді. Бұл мәселеге билік тарапынан шектеу қою мүмкін емес. Жас ұрпақты үнемшілдікке мектеп жасынан бастап тәрбиелеу керек. Бірақ мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жүрген жиын, тойды қысқарту басты мәселе.
Қазір халықты бұқаралық ақпарат тәрбиелейді. Мәселен, «Ктк» арнасы ертеден кешке дейін біреуді тонады, біреуді өлтірді, дәрігер сауатсыз, мұғалім білімсіз, әкім жауапсыз деп хабар таратады. Оны көргенде мен қандай мемлекетте өмір сүріп жатырмын деп шошисың. Ал «Хабар» арнасын қоссаң, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман келгендей көрінеді. Сол себепті журналистер қауымы халықты тәрбиелегенде билікке деген сенім қалыптастыруға тырысу керек. Екіншіден, сыйластық, түсіністік, ар-ождан мәселелеріне көңіл бөлу қажет. Мемлекетімізге зияны тиетін дүниелерді экраннан аластайтын уақыт жетті. Кинолардың өзін сүзгіден өткізген жөн. Қысқасы, бүгін біз идеология тізгінін басқаларға ұстатып қойып қарап отырмыз.
P.S.: Алдыңғы жылы әжеміз дүние салды. Сексеннен асқан қарияны жерге тапсырарда арты той болсын деп балалары жыртыс маталар мен шапан, шекпендерін таратты. Жиналғандардың сондағы жыртысқа таласқан кейпін көрсеңіз. Өздерінің жаназаға келгенін бір сәт естен шығарып, есік алдын көкпар алаңына айналдырып жіберді. Ауыл жұртының пейілі мен ниеті бұрынғыдан басқа тәрізді көрінді бір сәт. Қазадан да тойдан қайтқандай бір қап ас арқалай келу қазір әдетке айналған. Сөздік қорымыздағы «ынсап пен ысырап, обал мен сауап, ар мен ұят» сынды сөздер архаизмге айналып кетпесе екен. Інімнің дәптеріндегі дұрыс тасымалдарды қызыл сиямен қате түзеген ұстаздың өзі қателесіп отырғанын түсіндіруге қорқамын. Балада «мұғалімнің өзі білмейді екен» деген түсінік қалыптаспасына кім кепіл. «Кришна құдай маған көмектеседі» деп, басын қылтыңдатып дұға қылатын құрбымның кішкене қызы көз алдымда тұрып алады. Бүлдіршін саналарды балаң күйінен бүлдіріп алмайықшы…
Айнара АШАН.