ҚАЙТАЛАП ОҚЫҒАНДА…
12.02.2016
1328
0

fotolia_40470679_l-1-700x466Әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін қайталап оқып жүресің. Сұрапыл әсерінен болар. Дүние мен адам баласының тұңғиығы түпсіз тылсым әлемі қызықтырар. Нағыз оқырманды соған қарай жетелеп, сана кеңістерінде сансыз сұрақтар туғызып, олардың жауабын жан салып іздетіп, жаңғырту процесін тудырар. Осыдан барып, адам жаратылысындағы қарама-қайшылықтар: адасуы мен арбасуы, армандары мен аңсарлары, іңкәрлігі мен ынтызарлығы, аяныштары мен аярлықтары, осылардың барлығы көтеретін құдіреті мен қасіреті сияқты қым-қуыт күрделі көріністері көңілді оятып, көкіректе көлбең қағар. Оқырманды арбайтын осы. Сонда олар әлгі айтылған әлемнен өзгелермен бір мезгілде өзін іздейді. Көрмегенін көреді, білмегенін біледі, естімегенін естиді, түсінбегенін түсінеді. Соның барлығын жадында сақтауға тырысады. Түгелдеп отыруға мүдделі. Әсіресе, түбегейлі түсінбей қалғандарын: Жазушының ишаралары, меңзеулері еске салулары, ескертулері…

Хош, деп қоялық. Өз әдебиетімізге ке­лейікші. Прозамызға. Құдайшылық ай­тылмаған жерде, бәрі бекер. ХХ ға­сыр­дағы талайлар таңды таңға ұрып таң­дайларын қаққан талайлардың шы­ғармаларын қайталап оқып жүрген кім бар. Оқырманды былай қойғанда, жазу­­шы атанып жүрген біз ше? Оқимыз ба, қайталап? Оқығанда… Жүсіпбек Ай­мауытовтың «Ақ білегін» парақ­тар­мыз. Композициясындағы селкеу­лік­тері болса да, жаңа өрісіне, ұлттық ко­лоритіне тәнті болып. «Қаралы сұлу», «Қаракөз», «Шолпанның кү­нә­сі»… Одан өзгелері… көп жағдайда көңіл көн­шітпейді. Көркемдігі әлсіз, ой қа­зығы осал, идеясы жалаң ұран, құр мақ­тан, әсірепатриотизм, әсіре­морализм, концептуалдық жетістігі ілең-салаң. Сол осалдық бүгінде өршіп тұр. Жазу­шымыз дегендердің қара шегірт­кедей қаптағаны қашан. Бір жылда бір емес, екі кітап шығара­тын­дарының да төбелері әр жерден қыл­тияды. Сұмдық қой! Оларын оқып жатқан оқырманды көрмейсің.

Әуелде әжептәуір көрінетіндері де бай­қалады. Бірақ есіңде қалмайды. Қай­та қарап көрейінші, деп парақтасаң таң қаласың: алдыңнан әдебиеттің бас­ты миссиясы – әсері жоқ, ортаң қол, жа­д­ағай жазба шығады. Кейде ойлаймын, осы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Мархабат Байғұт, Тынымбай Нұрмағамбетов, өзге де қадау-қадау жампоз жазушыларымыз болмағанда, қараң қалатындай ма едік, қайдам?! Осы аттары аталған­дар­ды қайталап оқитындар, шү­кір­шілік, бар.

Жалпы, мейлі, 5-10 кітабы шықсын, бәрі­бір жазушы болып қалыптаса алмай өтетіндері бар. Бүгінгі біздің қауым­ның қалың соры солар. Көбейген үс­тіне көбейіп барады. Жан-жағымыз жа­ны-сөлі жоқ жабы жазбалар. Оу, сон­да, осы біздің қазақ прозасының тал­қаны таусылып батып бара жатқан жоқ па осы, деп те зәрең қашады…

Ал енді, қайталап оқитын шығар­ма­ларды кім, қашан жазады немесе оны қазір кім, қашан жазды – бұл үл­кен сұрақ. Бүгіннен ертеңнің, ертеңнен арғы күннің, арғы күннен алдағы ай­лар­дың, одан әрі жылжыған жылдар­дың, ақырында заманнан заманға өл­мес-өшпес рухани құдірет бола беру­­ге тиіс, жұлсаң жұлынбайтын, құ­лат­саң құламайтын орасан ой қазығы, орда бұзар идеясы, азаматтық позициясы табиғи үйлескен Суреткерсіз қай­талап оқитын кітаптардың ілуде бі­реу бола беретіні ақиқат. Бар біле­ті­нім, осы. Білмегенімді өзгелер айтар.

Несіпбек  Дәутайұлы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір