Ұялғаным-ай!..
07.08.2023
312
0

   – Чипсы деген не?
– Ол – бір түйір картопты бір келі картоптың құнына өткізе білу ғой…

***
– Даяшы, сіз неге маған кілең суып қалған тамақтарды әкелгенсіз?
– Кешіріңіз, мырза, сіздің тапсырыс берген тағамдарыңыз – винегрет, холодец, арақ, сосын балмұздақ қой: бұлардың қайсысын жылытып әкелгенім дұрыс?

***
Түннің бір уағында полиция бөлімшесінің телефоны безілдеп қоя береді.
– Алло, тыңдап тұрмыз!
– Құтқарыңдар! Құтқара көріңдер!
– Не боп қалды?
– Үйіме мысық кіріп келе жатыр! Тездетіңдер!
– Азамат, соған бола шу шығарғаныңыз не? Біз…
– Ойбай-ау, болсаңдаршы! Көзі шырадай жанып, пәлекет маған жақындап келе жатыр ғой!
– Сіз кімді мазақ қып тұрсыз? Үйге мысық кірсе де бізге хабарласасыз ба? Кімсіз өзіңіз?
– Кім болушы еді, тотықұспын мен! Тотықұс!

***

Біреу өзенге ау салып отырып… ішінде жыны бар құмыра ұстап алыпты!
Енді… жын атаулының бәрі үш тілек орындаушы еді ғой депті де, әлгі байғұс:
– Мен үш емес, бір-ақ тілек айтайын: Алматыдан үй алып берші! – деп қиылыпты.
Сонда жын шошып кетіп:
– Денің сау ма? Алматыдан үй әпере алатын болсам, өзім құмырада тұрар ма едім?! – депті.

***
– Кеше ғана «Көк тиын ақшам жоқ», – деп отыр ең, мына 100 долларды қайдан алдың?
– Сенесің бе, түнде үйіме ұры түсіп, іліп аларлық ештеңе таппапты да, үстел үстіне 100 доллар қалдырып, жанына «Бауырым, бұлай өмір сүруге болмайды!» – деп жазып кетіпті. Ұялғаным-ай!

Ұмытылған чемодан

Қолдарына ауыр қос-қостан сөмке ұстаған ерлі-зайыптылар теміржол вокзалына келіп кіреді.
– Қап ана дәу көк шабаданды да ала шығу керек еді – дейді күйеуі әлденеге мазасызданып.
– Қойшы, қайдағыны айтпай! – деп күледі әйелі.
– Оны қай қолымызға ұстаймыз? Сенің-ақ қалжыңың таусылмайды екен тегі.
– Қайдағы қалжың? Билеттер соның ішінде еді ғой депті күйеуі!

Қиын сұрақ

Биология пәнінен емтихан тапсыра алмай есі шығып отырған студентке оның сынақ кітапшасын лақтыра салған профессор:
– Бар! Екі! – депті.
– Ағай, тағы бір сұрақ қойыңызшы…
Профессор сәл ойланып:
– Жарайды, онда айта қойшы: сиырға аборт жасауға бола ма, болмай ма? – дейді.
Студент омалып отырып қалады да:
– Әжетханаға барып келуге бола ма? – дейді далбасалап.
– Болады.
Студент дәрісханадан атып шығып, топырлап тұрған курстастарынан әлгі сұрақтың жауабын сұрапты. Ешкім білмейді. Әбден сасқан жігіт жүгіріп көшеге шығып, алғаш кезіккен шалдан:
– Ата, құтқара көріңізші, қатты қиналып тұрмын: сиырға аборт жасауға бола ма? – деп сұрапты.
Сонда мұның бас-аяғына жақтырмай бір көз жүгіртіп алған шал:
– Адам емес, айуан! Саған не, қыздар жетпеді ме? – депті.

Ақылды пост

«Жұрттың баласы осы не жеп ақылды болады екен-ей?» деп ойлаймын кейде. Әлеуметтік желіге кірсең, анда-санда алдыңнан бір ақылды жазбалар шыға келетіні бар. Әбден өмір көрген, дүние сырын ұққан, кіл кісідегінің кілтін тап­қан жанша көсілгенде көзің жұмылып, аузың ашылып қалады. Соларға еліктеп, сен де бір ақылды бірдеңе жазып қойсам дейсің. Қайда-а-ан… Өзіңе жеткізе алмай жүрген там-тұм ақылыңды өз ақылы асып-төгілген кім керек еткендей..
Өткенде тоқ етері «Ұйқың келген кез­де ұйықтап алған дұрыс» дегенге саятын бір пост оқыдым. Астындағы пікірлерге қарасам, жұрт қоғадай жапырылып жатыр: «Түу, басқа кезде емес, дәл ұйқың келіп тұрған кезде ұйықтап алғанның жөн екенін қалай дөп басып тауып айтқансыз?!», «Керемет! Ойпырмай, осындай ой қанша ұйықтап жүрсек те түсімізге бір кірмепті-ау!», «Адам жанына үңіле білер білгір екенсіз, сізге мотивациялық, психологиялық кітап жазу керек!»… т.б. Осыған дейін ұйқысы келсе де ұйықтамай жүргендей жарыса мақтасып, жамырай қостасып, тоқтар емес.
Таңғалдым. Қызығы-ы-ып кеттім. Сосын ойланып отырып, мен де сондай ақылды пост жазбақ болдым. Сөйттім де, тура түнгі 12.00-де «Қарның ашқанда ең абзалы – тамақ ішу», – деп шиыра түйіндеп тастап, ғаламторды өшірдім. Ал енді ұйқым келсеші! «Жұрт керемет ақылды жазбамды қалай қабылдап жатыр екен? Тапқырлығыма таңданып, көрегендігіме сүйініп, стикер мен смайликті, лүпіл мен пікірді қаптатып жатқан шығар?.. Атып тұрып, ғаламторды қайта қосып, қарасам ба екен?» деп шыдай алар емеспін. Бірақ өзімді-өзім ұстадым. Енді таңның атуын тағатсыздана күттім. Тәтті қиялымды тамсана сорып жатып көзім әрең ілінді-ау…
Азанда фб-ны ашып қалсам, Құдай басқа салмасын: жұрт түтіп жеуге мені таппай, сенделіп жүр екен! «Қарны ашса да, ашпаса да аузы астан босамайтын ашқарақ неме, бізді өзіңдей көремісің?! Әлде қай кезде тамақ ішетінімізді енді сенен сұраймыз ба?!», «Елге онсыз да мәлім нәрсені енді түсінген сен сияқты түйсіксіз емеспіз, айналайын!», «Іші шұрылдап әкетіп бара жатқан адам тамақ ішпей, тас жей ме?!» десіп, тұс-тұстан төпеп жатыр. Зар күйіне түскен кәнігі пулеметшілердей тіпті бас көтертер емес…
Құрысын. Енді ондай ештеңе жазбаспын. Құдай ақыл дегенді де екінің біріне бере бермейді екен ғой…

Сәкен СЫБАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір