БӨКЕНБАЙ, БӨГЕНБАЙ… ҚАЙ БӨГЕНБАЙ?
06.08.2023
731
2

Қазақ тарихында басы ашылмай жатқан, зерттеуді қажет ететін көптеген мәселелер орын алуда. Солардың ішінде тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғалардың жүріп өткен жерлеріне қатысты әртүрлі тұжырымдар мен пікірлер бар. Мысалы, Райымбек батырдың туған жылы, Қаракерей Қабанбай батырдың жерленген жері мен Қордай батырға көтерілген кесенеге қатысты пікірлер бір тоқтамға келген жоқ. Осы мәселелердің анық-қанығына жету уақыт еншісінде.

Сол сияқты қазақ тарихында аттас тұлғаларға қатысты мәселелер де аз емес. Соның бірі – XVII ғ. соңғы ширегі мен XVIII ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Кіші жүздің тарихи тұлғалары Табын Бөкенбай батыр мен Шекті Бөгенбай би жайындағы пікір таластар. Ырғыздағы шоқыда жерленген кім? Қарақұмда өткен Қаракесек (Әлім бірлестігінің) құрылтайына қатысқан кім? Сол құрылтайда бас сардар боп сайланған кім? Бүгінгі күні тарихшылар мен өлкетанушылар осы мәселеде біршама ақиқатқа қол жеткізіп отыр. Бұл сұрақтар осы тарихи тұлғалардың кім екенін, қандай тарихи оқиғаға қатысқанын және жер аттарының кімге тиесілі екенін анықтауда өзекті мәселе болып табылады. Өйткені тарихи ақиқат нақтылықты қажет етеді.
Белгілі тарихшы И.В.Ерофеева бұл мәселеге қатысты былай дейді: «В последнее время казахстанскими историками установлено на основе большей частью устных преданий, что имя собственное Бокенбай передаваемое в новейшей литературе в трех разных вариантах транслитераций этого ононима (Богембай, Богенбай, Бокенбай); носили ХVІІІ в. не менее семи казахских батыров: два-в Младшем жузе и пять в Среднем жузе. Двумя тезками, батырами, младшего жуза являлись Бокенбай (? – 1717 гг.) из подрода Тлеукабак рода Шекты поколения Алимулы и Бокенбай Карабатырулы (1667-1742 гг.) из отделения Таракты табын поколения жетыру… К числу однойменных батыров Среднего жуза…» («Рыцарь звания чести Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы». Алматы, 2017, 178-179 бб.).
Ырғыздың оңтүстік-батысында, шамамен 40-45 шақырым жерде үлкен шоқы бар. Бұл – «Бөгенбай шоқысы». Мұны «Қанжығалы Бөгенбай шоқысы» деп білетіндер де бар. Сонымен қатар оны «Табын Бөкенбай шоқысы» деп атайтындар бар, өйткені сүйегі сонда жерленген деген пікірлер де айтылды. Бұл пікір де, бір қарағанда қисынды. Өйткені, Табын Бөкенбай – Әбілхайыр ханның қасында жүрген ірі тарихи тұлға. Бір кездегі қазақ қолының бас сардары. Егер Әбілхайыр хан ордасының Ырғыз өңірінде орналасқанын ескерсек, талай жорық алдында сол шоқының айналасында қол жинап, басына қарауыл қоюы да әбден мүмкін. Сондықтан атақ-дәрежесі жоғары, ханның қасындағы Бөкенбайды Бөгенбаймен шатастыруы да әбден ықтимал.
Дегенмен, бізге дейін жеткен шежірелерге қарасақ бұл шоқының басында Ырғыз маңында қалмақтарға қарсы аз қолмен аттанып, ұрыс кезінде 40-ты алқымдаған жасында шейіт болған Шекті Бөгенбай жатыр.
Шежіредегі осы мәліметті жазба деректер де келтіреді. Мысалы, 1803 ж. Ресейдің Бұқара хандығында сауда-дипломатиялық елшілігін бастап бара жатып, жолда қазақтардың қолына түсіп бір жылдан артық тұтқында болған орыс офицері Я.П.Гавердовский қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен тарихи өткені туралы жазбаларында былай дейді: «В праве верстах в 30 от сего стана видны горы, называемые Буканбаевыми. В равнине между ними верст на 15 в поперечнике, изобилующей хорошим кормом для скота и чистою ключевою водою, возвышается в виде конуса каменная скала, которая по причине отменной высоте именуется Буканбаевым маяком. В старину, когда киргизцы были еще бессильны, и калмыки, жившие в окружностях их, набегами угоняли скот у киргизцев и их разоряли Буканбай бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о прибижении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке, который вместе с его именем служит киргизцам напоминанием его храбрости» (Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803 1804 годов, стр.44.). Және де осы оқиға туралы келесі бір жерінде былай дейді: «…При возрений на Буканбаевы горы и на маяк Буканбаев, киргизцы не могли утерпеть, чтобы не уведомить нас о причине такого их найменования. В старину – говорили они, – когда калмыки, притесняя орду нашу чрез набеги, оставались обитать частью в здешних окрестностях, старшина Буканбай с подвластными ему аулами имеет главное кочевье в горах, носящих теперь его имя… по койм паслись табуны под наблюдением расставленных на вершине гор караулов. Для предупреждения нечаянных нападений… выставлял особый пост, который определенными сигналами давал знать скрываюшимся в долине обо всех движениях неприятеля. Долго, таким образом, охранялось сие природное укрепление, но, наконец, жестокое сражение, в коем Буканбай лишился жизни, открыл врагам путь в середину. Тело сего героя погребено на горе маячной («Бөгенбай шоқысы»)».
Осы жерде шоқының басында кім жерленгеннің анық-қанығына жету үшін Табын және Шекті руларының қай жерлерде қоныстанғанын және екі тарихи тұлғаның қаза болған жері мен тарихи оқиғаларды сараптап көру керек.
Табын руының қонысы жайлы деректерден төмендегідей мәліметті аламыз:
Табын шежіресінде «Ресей отаршылығы басталмай тұрғанға дейін олар Жайық, Елек, Қобда, Қалдығайты, Шыңғырлау бойларынан бастап, арадағы Жем, Темір өңірін қоса, оңтүстіктегі Үстірт, Сама-Матай, Доңызтау, Қонырат, Хорезм, Сырдарияның орта ағыстарына дейінгі аймақтарда басқа руларымен қатар емін-еркін көшіп-қонып жүретін» делінген (Қалыш А. Б., Жетпісбай Н.Ы., Әнеш С.М. Табын: шежіре. I том. Алматы: Қазақ университеті, 2016. 30-б.).
Тағы бір деректе: «Букенбай (Буканбай) Караулы (последняя треть XVII в. – 1741/1742) – казахский батыр, полководец, один из организаторов всенародного сопротивления казахов против агрессии Джунгарского ханства. Происходил из рода Табын поколения Жетыру Младшего жуза, проживавший до середины 20-х гг. XVIII в. преимущественно в Приаральском регионе, а последние 20 лет – на северо-западе Казахстана, в пределах современных Западно Казахстанской и отчасти Актюбинской областей», деп көрсеткен («История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков». Том IV. Первое историко-этнографическое описание казахских земель XVIII века. Алматы «Дайк-пресс» 2007, 301-303 бб.).
Ендігі бір дерек мәліметтері Табын Бөкенбай батырдың қонысы Ырғыз өңірінде болмағанын көрсетсе керек. А.И.Тевкелев 1731 ж. Ырғыз өңірінде болған кезде Әбілхайыр ханнан «Бөкенбай батырдың ауылы қай жерде, бұл жерден қашық па?» деп сұрайды. А.И.Тевкелев өзі күнделігінде ол туралы былай деп жазады: «Октябрь 18-го дня Букенбай-батыр от него, Тевкелев, паки поехал в свой улус… А октября 22 день… И стал он, Тевкелев, ему, хану, говорить далеко ль улус Букенбай-батыря, чтоб к ниму со известием послать. И хан сказал: до него езди будет три дня. Очень далеко… Ноябрь 5-го числа приехал Букенбай-батыр с своим улусом… («Журналы и служебные записки дипломата А. И. Тевкелева по истории и этнографии Казахстана» // «История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков». Том IV. Первое историко-этнографическое описание казахских земель XVIII века. Алматы «Дайкпресс» 2015 . 77-79 бб.).
Сонымен қатар Бөкенбайтанушы Ж.Қарылғашов өз еңбегінде: «Енді шыққан тегіне, ата-қонысына келетін болсақ, Бөкенбай батырдың руы Тарақты, Табынның Жиенбет бөлімі. Әр рудың өзінің қыстауы мен жайлауы бар екенін ескерсек, бізге жеткен құжаттарда Тарақты Табындардың атақоныстары, көші-қон бағыттары Жайық-Елек құйылысынан басталып, Қалдығайты, Бұлдырты мен Ор, Ұя өзендерінің аралығын алып, Жем, Сағыз арқылы Нарын құмына кіреді, депті («Бөкенбай-баһадур ескерусіз ерлік пен отты рух» // «Баһадур батыр Бөкенбай». Ақтөбе. 2011 ж., 141-б.).
Жоғарыдағы деректерге сәйкес Табын руының ұрпақтары сол уақыттардан бері ата-баба қонысы Алға, Байғанин, Қобда, Мәрток аудандарында және Батыс Қазақстан облысының жерінде мекен етіп келеді.
Ал енді Табын Бөкенбай батыр Қарабатырұлының қай жерде қаза болып, қайда жерленгені туралы тоқталсақ. Бүгінгі күні Табын Бөкенбайдың бейіті Байғанин ауданындағы Жарқамыста екені анықталып, белгі қойылды.
Белгілі ғалым И.В.Ерофеева өзінің «Рыцарь звания чести Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы» (Алматы 2017,) кітабының, 112-113 бетерінде: «Все казахские предания однозначно свидетельствуют о том, что Бокенбай был похоронен в своих родовых кочевьях, но точное место нахождения его могилы неизвестно. По сведением Я.П.Гавердовского, записанным со слов степных информаторов поколения Алимулы в 1803 году, она находится будто бы на вершине сопки Бокенбай шокысы, расположенной на территории современного Ыргызского района Актюбинской области (ИКРИ-5. С. 2019-220). Но в наше время какие-либо четко выраженные остатки старинных захоронений в этом месте не прослеживается, что дает основание осторожно отнестись к утверждению российского путешественника…» – депті. Көріп отырғанымыздай И.В.Ерофееваның өзі де Табын Бөкенбай батыр Шоқыда жерленді дегенге күмәнмен қарап отыр. Бірақ оның ойына келмеген бір нәрсе бұл шоқының басында басқа тарихи тұлға – Шекті Бөгенбай батырдың жатқаны. Ғалымның пайымдауы бір зат анық көрсетті – Табын Бөкенбай батыр Қарабатырұлы «Бөкенбай шоқысында» (маячная сопка Буканбай) жерленбеген.
Тарихшы Әбілсейіт Мұхтардың пікірінше Табын Бөкенбай 1742 жылы сәуір айында Түрікмендермен болған ашық шайқаста жүздеген қазақ сарбаздарымен бірге ерлікпен қаза тапты, деп көрсетеді («Бахадур батыр Бөкенбай», Ақтөбе, 2011 ж., 54, 58 б.). Ал Кіші жүзде болған ағылшын көпесі Гоктің жазбасында Табын Бөкенбайдың қазасы туралы мынаны мәлімдейді: «…ездили киргис-кайсацкая партия на трухменцов, токмо трухменцы их победили и убили до смерти около ста человек. Главным же в этой кайсацкой партии был табын Букенбай, коего також убили, и потому кайсаки стали опасение иметь уже от них, трухменцов» (https://vk.com/wall-101451553_54).
Белгілі ғалым З.Байдосов көп жылғы зерттеулері нәтижесінде, 2002-2003 жылдары Табын Бөкенбай батыр Қарабатырұлы бейітін анықтап: «Сөйтіп, Бөкенбай батыр 1669 жылы Жем өзеніне құятын «Құр Бөкенбай» сайының бойында дүниеге келген, 1742 жылы түрікпендермен шайқаста шейіт болған. Ақбұлақтың батыс беткейіндегі қыратта жерленген. Оны «Бөкенбай қорымы» деп атайды, деп көрсеткен («Бөкенбай батыр – қолбасшы, саясаткер, мемлекет қайраткері» // «Баһадур батыр Бөкенбай». Ақтөбе, 2011, 43-44 бб.). Осы мәліметті растап Бөкенбайтанушы Ж.Қарылғашев: «…Жайық казагы Харкиннің айтуынша Бөкенбай ауылы – Қалдығайты мен Бұлдырты өзенінің бас сағасында, Жайық бетінен төрт күндік жер. Казак Харкин Бөкенбай батырдың 500 сарбазымен түркпендерге кетіп, қаза болғанын хабарлайды. («Бас сардар Бөкенбай Қарабатырұлы» // «Бөкенбай Қарабатырұлы. Батыр ерлігі – елге мұра». Ақтөбе, 2018. 84- б.).
Сол сияқты Алпысбай Мұсаев: «Батыр «бейнесі көрші қарақалпақ елінің атақты жырауы Тлеумағамбет Аманжолұлы 1865-1935 жж. өзінің «Бокенбай батыр» дастанында батырдың қалмақтармен сонан соң түрікпендермен Сам және Матай құмдарында болған соғысын жырлайды. Сонда:
«…Қасында Тама Есет бар,
Елге аман келеді,
Бөкенбайдың келгенін,
Халық түгел көреді,
Жайлап алған секілді,
Улы найза денені,
Ай жарым жатып Бөкенбай,
Бақиға қарай жөнеді.
Жарқамыстың қасына,
Биік жалдың басына,
Арулап елі көмеді»,
– деп түркмендермен болған қанды қырғында қатты жарақат алған Бөкенбай батыр соның зардабынан қаза тапқандығын баяндаумен аяқталады («Табын Бөкенбай батыр және қазақ әдебиеті мен тарихының мәселелері» // «Баһадүр батыр Бөкенбай». Ақтөбе, 2011. 170-174 бб.).
Ал енді Шекті Бөгенбай батыр туралы айтар болсақ, біріншіден ол кезде ел қазіргі Шалқар-Ырғыз аралығындағы Үш Бақтыбай, Қызылкөл, Текелі, Қайнар, Сарысай деген жерлерді жайлап отырса керек. «Қалмақтар шауып кетті» деген хабарды естісімен Шекті Бөгенбай інісі Таласбай бастаған шағын топпен жаудың артынан қуады. Сол жерде інісі Таласбайдың «біз қол жинап, қаруланып келейік, жау жағы көп шығар» дегеніне қарамай күші басым қалмақтармен ұрысқа кіруге бел байлайды.
Таласбай елге хабар айтып, тез қол жинап келуге шабарман жібереді. Сол ұрыста Бөгенбай аз ғана топпен, бес қаруы сай қалмақпен жанқиярлық соғыс жүргізіп, ауыр жараланады. Таласбайдың астында Сұрдөнен деген ұшқыр арғымағы бар екен, ағып келіп, Бөгенбайдың денесін өңгеріп, жаудан алып шығады. Сол кезде, елден Бөгенбайдың Тінібайдан туған немересі Қарабек деген жас батыр қол жинап келіп, Үлкен Шоқы мен Жаманшыңның аралығында қалмақтармен қиян-кескі соғыс жүргізіп, жауды жеңіп, қалмақтар олжалаған малды алып қайтқан екен (Әділбаев О., Асан Ж., Мухамбетулин А. «Ақтөбе» газеті, 2016, 5-мамыр).
Егер Шектілердің қонысы алыс болса, онда көмекке келген қол бұл шайқасқа қатысып та үлгірмеген болар еді. Екіншіден, Қазақтың ежелгі салтында бар, батыр қай жерде өлсе, сол жерге қоятын. Сондықтан Шекті Бөгенбай батырдың сүйегін сол шоқының басына жерлеген. Сол кезден бастап ол – «Бөгенбай шоқысы» деп аталып кетті.
Жалпы, Я.П.Гавердовский жоғарыда келтірген осы тарихи оқиға туралы И.Ерофеева «…Народное воспоминание об этом событий дошли до нашего времени в письменном изложений Я.П.Гавердовского, который записал их 1803 г. в казахских аулах рода Шекти и некоторых других подразделениях поколений Алимулы на территории Северо-Восточного Приаралье…» деген болатын («Хан Абулхайыр полковедец, правитель и политик», Алматы «Санат» 1999 г., 106 с.). Соған қарағанда орыс саяхатшысы жазып алған осы мәліметтердің бәрі Шекті Бөгенбай Жапалақұлына қатысты болса керек.
Ендігі кезекте Шекті Бөгенбай батыр Жапалақұлы мен Табын Бөкенбай батыр Қарабатырұлы екеуінің қайсысы 1710 жылы Қаракесек құрылтайына қатысты деген мәселені сараптап көрейік.
1710 жылы Қарақұмда өткен құрылтай туралы мәліметті Я.П.Гавердовский Шекті ақсақалдарының ауызынан жазып алды. «Увлекшись дорогими сердцу воспомининиями о далеком прошлом, седобородые старейшины шектинцев подробно рассказывали ему оригинальное историческое предание о Каракумском Курултае своих отцов и дедов» (И.В.Ерофеева «Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик», Алматы, 2007, 139 б.). Қаракесек құрылтайы Әлім руының қонысы Қарақұмда өткені де тарихтан белгілі. Ең бастысы Әлім рулары – Әбілхайыр ханның басты тірегі болды.
Қазақ хандығы дәстүрлі қоғамында жекелеген және әлсіз рулар ықпалды, мықты ру мен тайпа төңірегіне ұйысып қазақ әскери одақ бірлестігінің басты қазығы болса, оларды әр хан өз қол астына біріктіруге тырысты. Мысалы, Әбілхайыр, Қайып, Арынғазы хандардың билігі мен ықпалы Әлімұлы бірлестігіне (Қаракесек бірлестігі), Барақ пен Қанқожа – Наймандарға, Абылай – Арғындарға, Нұралы – Байұлына, Кенесары – Қыпшақтарға иелік етіп, соларға арқа сүйеп, билік етті. Сондықтан аталған кезеңдегі Қаракесек тайпасы бірлестігінің тарихы Әбілқайыр ханның қызметімен тығыз байланыста болды. Ханның басты тірегі – Әлімұлының ішіндегі Шектілер болды деген мәліметтер де кездеседі (Қазақ ру-тайпаларының тарихы (Әлім, Кете, Шөмекей), XIII том, 2-кітап. 39-40 бб.).
Сонымен қатар дәстүрлі қазақ қоғамында әр рудың өз мәртебесі мен иерархиясы болды. Мысалы, 1748 ж. 24-қыркүйекте М.Тевкелев Кіші жүз руларының жағдайын былай сипаттайды: «Описание родоплеменного состава казахов Младшего жуза с указанием мест кочевий отдельных родов, составленное М.Тевкелевым. Опись киргиз-кайсацкого народа Меньшей орды, сколько в той орде родов, и им какие звании, и которые роды сильны и непосредственны, и малосильные, значит ниже сего. Сильный род Алчин, а Алчин разделяется надвое, то есть Каракисяк и Байулы. Каракисяк всех сильнея, ищисляется шесть родов, а именно: Чекли, Каракисяк, Чюмекей, Дюрткара, Каракете, Карасакал. В сих шести родах владельцом был Абулхаир хан. Байулы против каракисяк посредственны, а щисляется двенадцать родов, а именно адай, джаббас, алача, байбакты, берч, маскар, тазлар, исентемир, алтин, шихляр, черкес, тана. В сих двенадцати родах Нурали-салтан. Жедтиру, то есть семь родов, в Младшей орде самые безсильные роды, а именно: табын, тама, кердары, кереит, джагалбайлы, тиляу, рамадан. В вышеупомянутый жедтиру, то есть семь родов, соединены вместе при Тевке-хане, по такой причине оные семь родов поодиночку…. Однако, хотя и семь родов в одно место соединены, пред алчинцами весьма бессильны» – деп көрсеткен (Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Т. XIII, 4-кітап, Алматы 2010, 7-б.).
Бұл мәліметтің дұрыстығын тарихшы И.В.Ерофеева да растайды. «В традиционной иерархии родоплеменных групп Младшего жуза прилигерованное положение занимало поколение алимулы… Оно считалось в среде степняков старшим родом, т.е. самой знатной родоплеменной группой по отношению к двум другим родственным обьединениям номадов, так как фактический являлось самым многочисленным и сильным из трех поколений алшинов. По этому поводу известный российский иследователь Младшего жуза И.Ф.Бларамберг позднее писал в одном из своих трудов, что «в киргизских народных сеймах алимулинцы первые подают голос, первые делают определение, и принятие его одним родом дает полную власть к общему согласию и исполнению. Предложенное же младшим родом не обязывает к исполнению алимулинцев. Как старейшим по первородству родоначальника своего, им везде и во всяком случае оказывается наружное предпочтение. Первородства алимулинцев, – отмечал вслед за ним Л.Л.Мейер, – строго соблюдалось. Их мнение и приговоры были обязательны для баюлинцев и семиродцев, но не наоборот». Ниже поколение Алимулы по статусной иерархии племен Младшего жуза располагалось поколение байулы, а за ним уже – жетыру. Обе последние социальные группировки номадов относились западными казахами к категории младших родов, поскольку обьединяли меньшее число людей, чем алимулинцы и в результате этого существенно уступали им в живой силе» – деп көрсетеді ол. («Рыцарь «звание» чести» Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы» атты еңбегі, Алматы 2017, 16-17-бб.).
Сонымен қатар И.В.Ерофеева М.Тынышпаевтың өз кезінде Алшындардың қазақ-жоңғар соғысында «ерекше рөл атқарғанын» атап өткені туралы да айтады: «Наряду с Бокенбаем и его сородичями весомый вклад в долгожданную победу обшеказахского ополчения над сильным врагом внесли также многие другие батыры Младшего жуза, мобильные отряды которых в течение 1727-1728г.г. на разных направлениях боевых действий против джунгарских караульных войск находились в авангарде воинских формирований казахов. С учетом данного обстоятельства известный казахстанский иследователь первой четверти прошлого века М.Тынышбаев, осветивший в свойх трудах на основе народных преданий историю победоносного наступления различных родоплеменных ополчений казахов по территорий Сарыарки и Бетпакдалы, особо отметил, что «алчыны сыграли выдающуюся роль» в этой освободительной эпопее» – деп жазады.
«Міне, осы кезеңдерде әр рулар мен тайпалардан шыққан «Бөгенбай батырлар» легі қазақ даласын дүр сілкіндірді. Олардың қай-қайсы да мақтануға тұрарлық, ел ісіне елеулі еңбек етіп, ерлік көрсеткен қазақтың хас батырлары еді» (Қазақ ру-тайпаларының тарихы, (Әлім, Кете, Шөмекей), XIII том, 2- кітап, 14 б.).
Жоғарыдағы ғалымдардың еңбектерінде Әбілхайыр хан туралы және оның билігі қарамағындағы Алшыннан тарайтын Қаракесектің Әлім тайпасын құрайтын руларға жүретінін, олардың оны қолдап мықты тірегі болғандығы кеңінен айтылды. Сол айтылғандарды негізге ала отырып мынандай тұжырым жасауға болады. Біріншіден, Кіші жүздегі ең ықпалды әрі сан жағынан көп Әлім руы Әбілқайырды өздеріне хан сайлаған соң өз руынан шыққан батыр Шекті Бөгенбайды «бас сардар» етіп тағайындатуға ықпалы әбден жететіні қисынды. Өйткені Кіші жүзде сан жағынан ең көп, мықты, дәстүр бойынша бірінші боп сөз ұстайтын, айтқан сөзі жерде қалмайтын, ноқта ағасы Әлім тайпасы өз қонысында басым көпшілікте бола тұрып, Әбілқайырды өздеріне хан сайлағанда бас сардарды өзге рудан сайлауы мүмкін бе? Сондықтан да Әлім Шекті Бөгенбайдың «бас сардар» болып сайлануы заңдылық.
Әрине, бас сардарлыққа оңай адам тағайындалмайды. Оның ерлігіне ел ішіндегі абыройы да, даңқы да сай болуы керек. Шекті Бөгенбайдың ол жағы жетерлік. Мысалы, Саршолақ шайыр Шалқар өңірінен шыққан батырлар жайында тебірене былай жырлайды:
«Мәртікке әркез болдың дем.
Жеңіске жеткен шайқаста,
Бөгенбай, Айтбай, Қайдауыл,
Хас батырлар кімнен кем?!
Бақтыбай, Тайлақ, Нарқасқа,
Көтібар, Достан, Арыстан,
Мамай, Ақтан, Қарағұл,
Шыққандар жаумен шайқаста».
Шайыр Сарышолақ Боранбайұлының (1858-1929 жж.) ерлік пен батырлықты паш ететін жыр үзіндісінде басқа тарихи тұлғалардың ішінде Шекті Бөгенбай батырдың алғашқы болып айтылуы, жаумен шайқаста көптеген ерлік жасап, хас батырға лайық үлгі боларлық тұлға болғаны көрініп тұр (Оралбаев М., Қабақбаев Ж. «Мамай батыр» // «Тілеу, Қабақ» мақалалар жинағы. IV кітап. Ақтөбе, 2010, 67-б.).
Сол сияқты Қарақалпақстанның халық жырауы Алдаберген Тасқынбаев:
«…Қабақтан туды бес бала
Небір қасқыр жүректі
Құлақты салып тыңдаңдар
Ақының сөзін үдетті.
Жанкелдіден – Бөгенбай
Қангелдіден – Қарабас
Шықты небір мықтылар
Батыры, биі аралас
Бәсеннен Есет, Көтібар
Кездескен жауын санамас…»,
– деп батырлардың ерлік жолдарын жырлағанда Бөгенбай батырды бірінші атауы да тегін емес («Атамыз Сәпи Адамнан…» Алматы: «Санат», 2004. 80-б.).
Екіншіден, бұл айтылған тұжырымды Қаракесек Құрылтайы, оның құрамы туралы төменде келтірілген мәліметтер растайды: «К союзу сему, названному по месту, где был сьезд Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов» (ИКРИ V том, Алматы «Дайк-Пресс», 2007. 394-бетте).
Сол сияқты И.В.Ерофеева да «…Кроме того, в «Обозрении» приведены обойденные вниманием советских и современных историков ценнейшие фактические сведения о родоплеменном составе участников Каракумского собрания, записанные Я.П.Гавердовским в 1803 г. со слов их престарелых сыновей и внуков. Эта информация однозначно свидительствует о присутствии на памятном курултае исключительно старшин Младшего жуза и тем самым окончательно снимет проблему идентификации упомянутого в данном контексте старшины Бокенбая для исследователей исторических биографий однойменных казахских батыров» – деп жазады.

Қарақұмда болған Қаракесек құрылтайына қатысқан тайпа, рулардың тізімі төмендегідей келтірілген. «…По свидительству казахских аксакалов зафиксированном материалах Я.П.Гавердовского, зимой для решения вопроса об употреблении общих «усилий к единодушной защите друг друга» в заранее назначенное место на территорий Каракумов прибыли старшины 14 разных социальных подразделений Младшего жуза: родов-карасакал, каракете, каракесек, торткара, отделений елдар, каратамыр, токен, коет, аюссырым, көнек, сары-кешкене, аккете и ушжарай рода шомекей; отделений-кашкене, улькен, или белекшора, рода шекты поколения алимулы и рода табын поколения жетыру. …Последние 14 частей Меньшей орды есть собственно та часть киргизцев, которая, как видно было в историческом известии, вступила в союз каракисяцкий. Они иныне в главных до общества касающихся делах между собою имеют некоторый вид согласия и составляют как бы особую орду, отпадшую от повиновения избираемых Россиею ханов» (И.В. Ерофеева «Рыцарь звания чести» Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы, Алматы, 2017 жыл, 87-88 беттерінде).
Көріп отырғанымыздай Қаракесек құрылтайына қатысқан Кіші жүздің аталған 14 руының ішінде Табын руының Тарақты, Тартулы тайпалары (бөлімдері) аталмады. Өйткені, олар Қаракесек құрылтайына әлдебір себептермен қатысқан жоқ. Ал Табын Тарақты руы – Табын Бөкенбай Қарабатырұлының руы.
Сонымен бұдан 1710 жылғы Қарақұмдағы Қаракесек құрылтайында «бас сардар» ретінде Шекті руынан шыққан Бөгенбай Жапалақұлы сайланды деген қортынды жасауға болады.
И.В.Ерофеева «Қаракесек құрылтайы» және «Бөгенбай шоқысына» қатысты оқиғалар бір тарихи тұлға қатысты деп пайымдайды: «Важные сведения ретроспективного характера о Бокенбае содержатся… Я.П.Гавердовского «Обозрение Киргиз-Кайсакской степи», написанном в 1809 г.на основе полевых материалов служебной поездки русского офицера по территории Западного Казахстана. Автор подробно изложил здесь два интересных народных предания о разновременных подвигах «известного по храбрости» батыра Бокенбая, в том числе оригинальный рассказ наиболее компетентных старшин Младшего жуза об обьединительном курултае казахской знати 1710 г. в Приаральских Каракумах и его роли в принятии собравшимися в песках султанами и батырами судьбоносного решения о «единодушной защите друг друга до последней капли крови» («Рыцарь звание чести», 5 б.). Тек, өкінішке қарай бұл жерде айтылып отырған сол тарихи тұлғаның қай руға жататынын білмеуі, оларды үлкен қателікке бой алдырды.
Я.П.Гавердовский күнделігінің екі жерінде «Старшина Буканбай» туралы баяндағанда екі оқиғада да сөз етіп отырған «Старшина Буканбай» – бір тарихи тұлға. Өйткені, екі аттас адамның атын баяндағанда бірінің атын екіншісінен ажырату үшін автор оларды өзгеше атар еді.
Әлім тайпасының ақсақалдары Я.П.Гавердовскиге «Бөгенбай шоқысы» мен «Қаракесек Құрылтайы» туралы оқиғағалардағы тарихи тұлғаны – Бөгенбай би деп руын атамай баяндап береді. Бұл жерде Бөгенбайдың руы неге аталмады? Себебі Әлім, Шекті ақсақалдары өз руынан шыққан Бөгенбай батырдың есімін атағанда руын қоспайтыны белгілі. Қазақ халқында өз руластары туралы сөз еткенде тек атын атап руын қосып айтпайтыны – заңды құбылыс. Сондықтан әңгіме болып отырған Шекті Бөгенбай батыр өздерінің жақын туысы болғандықтан ақпаратшылар орыс саяхатшысына айтқан оқиғалар оның руын атамай айтып берген. Ал егер осы оқиғалар Табын Бөкенбайға қатысты болса, онда Әлім ақсақалдары өз әңгімелерінде оның руын атап, Табын Бөкенбай батыр деп көрсетер еді.
Ал осы Қарақұмдағы «Қаракесек құрылтайы», «Бөгенбай шоқысы» тағы басқа құнды деректерді Я.П.Гавердовский кімнен жазып алды, ол қаншалықты сенімді?
Бұл туралы И.В.Ерофеева былай дейді: «в частности основным информатором автора «Обозрение Киргиз-Кайсакской степи» по истории западных казахов был тархан Каракобек Косбайулы – главный старшина (с 09.10.1787 г.), рода торткара поколения алимулы, бывшый сподвижник знаменитого «мятежного» батыра Сырыма. (Қаракөбек би Қонысбайдың баласы, Әйтеке бидің немересі). В числе других степных собеседников Я.П.Гавердовского в его «Журнале» фигурируют старшины разных отделении родов торткара и шомекей… племянник Каракубека бий Боранбай Шукупеулы, Башикара бий, Донанша бий; а ко вторым – сын авторитетного старшины елдар Коран бия – Едыге, старшины Кетабай-бий, Каныбай бий и Рак-бий. Все вышеназванные лица возглавляли те родовые группы поколения алимулы, в котором в свое время принадлежали, судя по тексту народного предания и другим сведениям, Я.П.Гавердовского, и многие участники рассматриваемого нами курултая в Каракумах. Следовательно основным информаторы российского исследователя по этой теме являлись по своему пройсхождению ближайшими потомками последних». Осындай атақты ел ағаларының өзі информатор болуы баяндалып отырған оқиғалардың шынайылығына еш күмән туғызбаса керек.
ХVII-ХVIII ғасырда қазақ халқының тарихи тағдыры талай рет қыл үстінде тұрды. Ел үшін, жер үшін ерен ерлік көрсетіп жан беріп жатқан батырларымыз қай рудан шықса да әрқайсысы жалпы қазақ еліне ортақ. Бұл жерде алға қойған мақсатымыз – біреуді асыру, басқаны кеміту емес. Аз да болса ақиқатқа біршеме жақындау. Тарихтың тұңғиығына мүлде із-түссіз жоғалып кетпей тұрғанда, халықтың тарихи жадынында бір тұлғаның болса да есімін анықтап беру. Бауыржан Момышұлы «Ерліктің өшуі – халықтың қасіреті!» деген екен. Ерлік те, ерлік жасаған батырдың аты да ешқашан өшпеуі тиіс. Бүгінгі күні қолда бар деректер мен зерттеулер бойынша жасаған қорытындымыз, біріншіден, «Қаракесек құрылтайы», «Бөгенбай шоқысына қатысты оқиғалар» бір тарихи тұлғаның есімімен байланысты. Екіншіден, осы екі оқиғаға қатысты тарихи тұлға – Шектіден шыққан батыр әрі би Бөгенбай Жапалақұлы.
Болашақта мұрағаттарда шаң басып, өз зерттеушісін күтіп жатқан тың деректер де табылып, жарық көрер. Сонда осы тұжырымдар беки түседі деген сенімдеміз. Дегенмен, бүгін де қолда бар деректермен тарихи оқиғалардың желісі мен тұлғаларға қатысты болжам жасай беру қажет. Өйткені, бұл мәселе болашақта өз зерттеушісін тауып оған серпін беруі керек.

Арман ЖҰМАДІЛ,
т.ғ.к., Ш.Ш. Уәлиханов
атындағы Тарих және
этнология институтының
жетекші ғылыми қызметкері

ПІКІРЛЕР2
Аноним 16.11.2023 | 23:30

Дұрыс қозғаған тақырып .

Аноним 13.01.2024 | 11:21

Өтірік.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір