ТОҚЕТЕР
І.
Қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің әлі күнге дейін көпшілік білмейтін «Қарашаш» деген романы бар. Алғаш рет «Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы 5-нөміріне арабша қаріппен жарияланғанда оған «басылмаған романның бір тарауы» деп сілтеме қойылған. «Қарашаш» бұдан кейін осы журналдың тағы екі нөміріне жарияланыпты (Өкінішке қарай, осы жарияланымдарды журнал нөмірлері түгел сақталмағандықтан қолға түсіре алмай жүрмін). Тасқа басылған бір жапырақ қағазын жерге тастамайтын өркениетті әлемнің үрдісіне бағынсақ, Бейімбеттің бұл жарияланымы – біз ұмытып кететін дүние болмаса керек-ті. 1927 жылдан бері «Жаңа мектеп» журналының сарғайған парақтарында сақталып келген бұл шығарма ешқашан қайта жарияланбаған. Жазушының басқа белгісіз еңбектері арасынан да бұған ұқсас жарияланым кездеспейді. «Басылмаған романның бір тарауы» болғандықтан «Қарашаш» шығармасының жазушы зертханасында толық нұсқасы болуы мүмкін еді-ау деп те ойлаймын. Алайда, отызыншы жылдардың ойранында қуғын-сүргінге ұшыраған қаламгердің басқа да кейбір күрделі шығармаларының толық нұсқасы әлі қолға түспей жүргенде, жаңа мәлім болып отырған «Қарашаштың» толық нұсқасының енді табылатыны неғайбыл. Сонда да үміт жоқ емес…
Осы белгісіз «Қарашаш» романынан «Көрдегісі болмаса, төрдегісі келіп отыр ғой» деген сөз тіркесін кездестірдік. Бейімбеттің сөзстанында мұндай қолданыс бұрын байқалмайтын. Шығармада бұл сөздер «қайтыс болған (яғни көрдегі) ақсақалдар болмаса, бүгінгі күнде төрде отыратын (яғни төрдегі) ақсақалдар келіп отыр, бұлардан үлкен ешкім жоқ, осылардың алдында кесімді сөзіңді айт» деген мағынаны ашу үшін келтірілген. Тілімізде осыған ұқсас «Өлі болып көрде жоқ, тірі болып төрде жоқ» деген мәтел кездеседі. Мағынасы – санатта, есепте жоқ адам туралы.
ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында орыс жазушысы Николай Островскийдің есімі ел аузынан түспей, шығармалары Кеңес Одағына кеңінен танымал болды. Оның шығармаларын ұлт тілдеріне аудару өріс алды. Сондай мақсатпен қазақтың көрнекті сөз сыншысы Құлмырза Өтепов «Құрыш қалай шынықты?» романын аударды. Бірақ ол аударған роман 1938 жылы қазақша басылып шыққанда, кітапта аударушының аты-жөні көрсетілген жоқ. Бұл кезде Құлмырза Өтепов отыз жетінің ойранына ұшырап еді.1941 жылы «Құрыш қалай шынықты?» романының үзіндісі шағын кітап болып шықты, ал 1948 жылы роман екінші рет басылды. Үшінші басылымынан бастап (Алматы. «Жазушы» баспасы, 1968) романның аударушылары ретінде Хамза Жүсіпбеков пен Құлмырза Өтеповтің есімдері жазылды. 1980 жылы (Алматы. «Жазушы» баспасы) роман төртінші рет басылғанда да осы екі автор аударушы ретінде көрсетілді. Отызыншы жылдардағы аударма мен алпысыншы жылдардағы аударма мәтінін салыстыруға болмайды, әрине. Хамза Жүсіпбековтің бұрынғы Құлмырза Өтепов аударған нұсқаны жетілдіріп, дамытқаны сөзсіз. Аударманың иесі ретінде екеуінің аты-жөні қойылуы да заңды. Бұл – «Көзі жоқтың өзі жоқ» демей жасалған құрмет, әдеби этиканың сақталуы, айта берсе нағыз адамгершілік.
Николай Островскийдің «Рожденные бурей» атты басқа бір романын сол жылдары Бейімбет Майлин аударып еді. Бейімбет аударған роман мәтіні 1937 жылы әдеби журналда, «Лениншіл жас» газетінде жарияланған-ды. Бірақ кітап болып шығып үлгермеді… жазушы ұсталып кетті. Кейін Н.Островскийді осы еңбегі «Дауыл туғызғандар» деген атпен 1941 жылы қазақша жеке кітап болып басылды. Аударушысы – басқа адам. Бұл кез Бейімбеттің аты аталмайтын кез, сондықтан жазушының ізі де жоқ. Осы роман 1941 жылдан кейін қазақша шықты ма? Біз әлі кездестіргеніміз жоқ. Егер шыға қалса немесе енді шығара қалсақ, аударушысы деп Бейімбеттің аты-жөні көрсетілуі керек пе, әлде сол 1941 жылғы авторды қоя береміз бе?
Бейімбет Майлинге қатысты сыңар жаңа дерек болса қойын дәптерге түртіп ала жүретін ежелгі әдет еді. Алдағы сөзіміз де сондай ретпен қағазға түсті: Жазушының осы күнге дейін белгісіз, атын ғана естіген, бірақ оқырман жұртшылыққа таныс емес туындылары баршылық. Бұлардың мәтіні сақталмаған, баспасөзде жарияланбаған, бірқатары қолжазба күйінде қолдан-қолға тараған. Әсіресе, бұл шағын пьесаларына қатысты. Белгілі журналист Құрманбек Сағындықовтың Бауыржан Момышұлы туралы естелігінен (Ең аяулы досым менің) (Кітапта: Бауыржан батыр, Алматы. «Жалын», 1991, 155-бет) мына жолдарды жазып алдық: «Қазығұртқа саяхат жасаумен қатар біз сол өңірдің тұрғындарына көрсету үшін майталман драматург-жазушы Бейімбет Майлиннің «Рабиға» атты пьесасын директорымыз Сейілбек Үсеновтің жетекшілігімен пысықтап апарғанбыз. Негізгі рөлдерді атқару Бауыржан екеумізге тапсырылған-ды. Мен сүйкімсіз, кәрі күйеуге еріксіз ұзатылатын қыз болып ойнадым. Осыған орай үлде мен бүлдеге оранған Рабиға ұзатылар алдында мұңы мен зарын былайша білдіреді: «Дария толқып, сең соғар иірім жарға, Құдайым, кезіктірме бейілі тарға. Ертең жоқ бүгінгі дос деген сөз бар, Кетейін қош айтысып ағаларға…». «Рабиға» – Бейімбет Майлиннің ешбір жинағына енбеген, мәтіні сақталмаған және атауы да ұмыт бола бастаған мүлде белгісіз шығармасы. Ал Бейімбеттің мұндай туындылары қаншама десеңізші?! Осындайда Бейімбеттің шығармашылық мұрасын зерттеп, азды-көпті болса да жазушының сөз қазынасын халқымызға қайтаруға қосқан өз мақсат-ниетіміздің дұрыстығын іштей сезінеміз.
ІІ.
«Қатқан тастай жібімейді Қарталы – Картасына сыймай қалған қазақтың». (Ғайса-Ғали Сейтақ, ақын // «Ақ Жайық kz» журналы, №2, 2013, 6-бет). Ақын өлеңінің осы екі жолы жақсы жорамалға есік ашатын тәрізді: Қазақта да, орыста да тарихи негізі көмескі, шығу тегі белгісіз жер-су атауы аз емес. Мысалы, орыс тілінен «Челябинск», «Карталы» сөздерінің түп төркінін ешқашан таба алмайсыз. Өйткені, бұлардың екеуі де қазақ сөзінің бұрмаланып жазылуынан пайда болған атаулар. Бірақ бүгінде орыстың өз сөзі сияқты сіңісіп кетті. Көрнекті жазушымыз Бейімбет Майлиннің бір аударма еңбегінде «Челябинск» «Селебе» деп алынған. «Селебенің» тілімізде екі-үш түсіндірмесі белгілі: 1) үшкір, жүзі өткір ұрыс қаруы; 2) басқа түскен апат, қиын-қыстау кезең; 3) қатты жауған жауын. Бірақ ең көп таралғаны «селебе пышақ» деген сөз болса керек. Селебе пышақтың қыры (сырты) ойықтау келеді. Егер Челябинск қаласы орналасқан маңайды, Орал тауларының осы тұсына көз жіберсеңіз, шынында жер (тау) бітімі алыстан селебе пышақ сияқтанып көрінеді. Қазақтың жер-суды әдетте осындай белгілері бойынша атайтыны белгілі (Көкшетау, Қарағанды, Алакөл, т.б.). Кейін отырықшылық түсіп, басқа жұрттың көшіп келушілері көбейген тұста іргесі қалана бастаған қаланы жергілікті жер атауына сүйеніп атаған. Бірақ айтыла келе «Селебе» Челябинскіге айналған (Мұндай мысал біздің тарихымызда аз емес. Менің туған жерім Шалқар күні кешеге дейін орыс тілінде «Челкар» болып жазылып келді). Осы өңірде тұратын қазақтар өзара сөйлесуде әлі күнге дейін «Челебе», «Челябі» деп айтады. Жалпы, алдағы уақытта қазақша жазуымызда екіұштылық һәм түсініксіздік тумауы үшін «Челябі» деген нұсқаны таңдап, орнықтырғанымыз жөн болады. Челябі қаласы, Челябі облысы деп жазсақ, Омбы, Қорған, Түмен атауларының жазылуына біршама жақындай түсеміз (Бірақ «Челябінің» түбі «Селебе» екенін ішіміз біліп жүргені абзал). Ал «Қарталы» атауына келсек, бұл осы Челябі облысындағы қала. Мұның негізінде де қазақ сөзі жатыр. Тағы да Бейімбетке жүгінейін. Ол «Қойшыбай» деген ұзақ уақыт белгісіз болып келген очеркінде «Қарта елі» туралы айтып өтеді. Яғни осы өңірді бұрын қалың Қарта елі жайлаған. Рулық қатынас сақталған заманда, тіпті кеңес өкіметінің алғашқы жылдарына дейін, бір атаның балалары шоғырлана қоныстанған жерлер қазақ ұғымында ру атымен бір ел болып аталғаны мәлім. Сол сияқты, бұл өңір Қыпшақ руының Қарта аталығы ен жайлаған өңір еді. Осы аймаққа қараман қиырдан көшіп келген қара шекпеннің маңдай тіреген жері де, білетіні де – Қарта елі. Және олар жер-су атауын енді өз тіліне ыңғайлап атай бастайды. Сөйтіп, «Қарта елі» бара-бара «Карталы» болып шыға келеді. Біз өз жазуымызда «К» әрпінен емес, «Қ» әрпінен бастап, қазақша «Қарталы» деп пайдалануымыз керек. Міне, «қазақтың картасына сыймай қалған» деп Ғайса-Ғали ақын тарихтың тереңінде қалған осы шындықты сездіріп отыр. Бұл жорамалданған жәйіттерге дау айтушы болса, өзі білсін, бірақ сөз төркініне қатысты бұдан артық дәлел табыла қоймайды. Челябі, Қарталы өңірі, Алла сәтін салып, табан тиген жерлер-ді. Бірде айнадай асфальт жолмен келе жатып, суы кеуіп қалған енсіздеу өзеншені кесіп өткеніміз есімде. Өзенше атауы «Тиеткен» екен. Иә орыста, иә башқұртта, иә қазақта жоқ бұл неғылған «Тиеткен?» деп ойға қалдым. Кейін барып көз жетті – бұл өзіміздің кәдімгі «Түйе өткен» болып шықты! «Тиеткенге» қарағанда «Селебе» мен «Қарта елі» шүкіршілік айтатын жорамал ғой!
ІІІ.
Орынборлық зерттеуші И.М.Габдулгафарова «Культура казахов Оренбуржья» деген мақаласында былай дейді: «А.С.Пушкин в повести «Якуб-батыр» так характеризует традиционность образа жизни казахов: «Законы их, основанные на предании, не были начертаны ни на мраморных скрижалях, ни на медных досках, но за это неизменная память сохранила их со всею простою древних патриархальных времен» (Вместе на одной земле. Оренбург, 2006, стр.135). Ал енді Пушкиннің «Жақып батыр» повесін іздейік! Жалпы, мұндай деректі жария еткенде, не оған сілтеме жасағанда аса сақ болған жөн. Бізге белгілісі – орыс жазушысы Александр Крюковтың «Якуб-батыр» повесінен үзінді «Киргизцы» деген атпен 1830 жылы «Литературная газетада» жарияланғаны. Орынбор өңірінде туған және сонда жұмыс істеген ақын әрі прозашы Александр Крюков отыз жасында өмірден өткен, сол себепті шығармалары жинақталмай, жарияланбай қалған. Аталған повесінің де толық нұсқасы сақталғаны белгісіз. Сол кездегі мерзімдік басылымдарда шығармалары жарияланып жүрген, әдеби ортаға танылып қалған Александр Крюковтың «Менің әжемнің әңгімесі» деген шығармасы Пушкинге «Капитан қызын» әзірлеу кезінде көмектесті дейді зерттеушілер. «Якуб-батырды» Пушкинмен байланыстырудың мәні осында сияқты. Дегенмен, ХІХ ғасырдағы қазақ өмірін бейнелеген (Жақып батыр өмірде болған нақты кейіпкер екені сөзсіз) осы шығарманы тауып, қазақшаға аударып, қазақ әдебиеті әлеміне қоса алсақ, артық болмас еді.
IV.
Ресейдің Мемлекеттік думасында сарапшы болып еңбек ететін Мурад Заргишиев деген бауырымыз ноғайдың Найман руынан шыққан діндар (богослов) Абдурахман Умеров туралы айта келіп, ол «в 1881 году поступил в Казанское медресе «Галия» выдающегося российского и татарского богослова Шихабутдина Марджани» деп жазады. Ал Марджани 1895 жылы Астрахан түбіндегі Тияк слободасында ашқан «Низамийай» медресесінде білім алғандардың бірі қазақ ақыны Аббас Дүйсенов екен. Соған қарағанда, бұл белгісіз ақын ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген болып шығады. Аббас ақынның қандай шығармасын білеміз?
V.
Қазан университетін бітірген қостанайлық жас тарихшы, марқұм Батыржан Кенжетаевтың «Казанские учебные заведения и процесс формирования казах-
ской интеллигенции в середине ХІХ – начале ХХ в.в.» деп аталатын кітабының (Қазан, 1998) ғылыми деректері мол, ұлттық интеллигенция тарихын зерттеуге өзіндік үлес қоса алатын еңбек. Мына бір дерекке назар аударайық. 1908 жылы татардың «Юлдуз» газеті татар тілінде шығарылған күйтабақтардың тізімін жариялапты, олардың ішінде «Әмірхан», «Көке» деп аталған қазақ әуендері де бар екен. Ал «Қояш» газетінің жазуынша, 1914 жылы Қазанда сатуға түскен күйтабақтар үшін Нұрбаев деген кісі қазақтың «Қарға», «Ғыйземжан» («Маусымжан» болуы мүмкін), «Зылиха» секілді халық әндерін орындапты. Жас зерттеуші мұны қазақ әндері жазылған күйтабақтар туралы алғашқы жазбаша деректердің бірі деп көрсетеді. Қалай болғанда да, өмірден ерте кеткен жас ғалым Батыржан Кенжетаевтың осы кітаптағы ізденістері назар аударуға тұрады.
Серікқали БАЙМЕНШЕ,
Еуразиялық экономикалық комиссияның
Одақ нормативтік актілерін аудару бөлімінің басшысы,
филология ғылымдарының докторы,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Мәскеу қаласы.