СУ ЖҰТҚАН ІЗДЕР
04.08.2023
2141
2

Бұл әңгімелер сол бір жатаған балшық тамдар секілді ескіріп кетті. Осы күні жұртында сағынышыңды қозғар қурайлар да боздап тұрған жоқ. Бұл пенделер де өлшеулі ырыздығын сарқып ішіп, қаңбақ пен ебелек байырқалаған қырдағы қырық рудың моласына сіңген.
«Қара нардың бұйдасын жау кескенде, қара арғымақтың жалын қанға бояп» айдауда, байлауда кеткен ерлер еді… Жиырма жыл бұрын бұғалыққа басы симай бұлқынып кетіп, жиырма жыл кейін бодан болған жұртына оралған.
Бұл от алғаш Такламакан шөліндегі түрмеден санасы сабандай сарғайып оралған Ақаштың шаңырағынан тұтанды. Тағдыр талқысы құс шөлдеген құмдағы тозақ түрмемен ақырласпапты. Жиырма бесінде жалғыз баламен еңіреп қалған уыз жесірдің сыйы бар екен. Именшіктей келіп, әке бауырына тығылған екі ұлдың біреуінің бөгенайы бөлек, ұрқы бөтен.
Мауқы басылып, басу айтқан үлкендер төрге жайғасқанша туысқандардың бірінің баласы болар деген.
Олай болмады…
– Қарағым Ақаш! «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі». Тозақтың төрінен аман оралдың. Татар дәмің, көрер жарығың бар екен. Шүкір де! Жақсы атаның баласысың ғой. Есті сөзге есер ғана тайталасар! Заман әйел түгілі, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар ерлердің де еңсесін идірді! Бала саған бөтен болғанымен ұлыңа іні… Жатырқама, бауырыңа бас!
– «Бұқа кімдікі болса да, бұзау өзімдікі» дегізбекшісіңдер ғой, сонда! Көне алмайды екем мұндай қорлықтарыңа! Төсегімді жатқа бөлісіп, онымен қоймай көлденең көк аттының ұрлық ұрпағын бауырыма басып, мекіренер жайым жоқ!
Ақаш шала бүлініп, шалқалап тулаған жоқ! Шарт кетті. Морт сынды. Сол күні ауыл шетіндегі иесіз үйге төсек орнын көтеріп барып, жайғасып алды. Іздеп келіп иліктірмек болғандарға ит қосып, қырдан асырды. Ағайын түгілі «аудандық әкімшіліктенбіз» деген өкілсымақтардың артынан жалғыз тепті.
Ақаш – Алтай бетіндегі ғұлама кісінің ұрпағы еді. «Қара суды теріс ағызатын оқуы қатты» десетін. Былайғы жұрт құрмет тұтады. Оның бұл қылығын бірі айыптаса, бірі жақтады.
– Тұзы жеңіл емес еді, сорға біткен көркі бар ғой. Ол заманда шолақ белсендінің шеңгелінен кім құтылсын! Қауқарсыз әйелдің қапысын тапқан да.
– Жақсылы-жаманды ұрпағын өсіріп, отын өшірмей күтті ғой, байғұс! Обал болды. Байы Тарымға кетпей-ақ, күл төге барып етегін елге де, желге де ашатындар бар ғой! Оның қасында…
– Жиырма жылын тар қапаста өткізіп, заманға есесі кеткен кекті адамға не деп кінә артасың!
Уақыт өте келе ауыл шетіндегі Ақаш жатқан мұқыр тамға да жұрттың көзі үйрене бастады. Құран хатымдар мен жаназа намазынан бастап, көктемде «құс қайттысы» ұстаған елірмеге дейін сол там иесінің табалдырығын аттайтын.
Ақаш соғымынан бастап, ішер тамағынан тарыққан жоқ. Шайының бетін ағартатын сүтінің өзін көрші-қолаң мойынына алған. Әңгімені шырқау биігіне сол сүтші қыз шығарды. Анығы, Ақаш әр күні үйіне сүт апарып жүретін он бес жасар ақүрпек қызбен байланысты. Ата үйіне бара алмаса ауырып, жатып қалатын қыздың бір күндері кіндік асты буазып, дөңгелене қалған. Әдемі қой көздері былшықтанып, жұқалтаң жүзіне ноқталы секпіл жүгірген. Анасы қызын қыспаққа алсын.
– Албасты басқыр! Айт шыныңды! Кіммен әуейі болдың?
– Айтпаймын!..
– Сүйреп әкеңнің алдына апарамын!
– Олай жасай көрме, апатай!
– Айт, шыныңды?!
– Ата мені құшақтап….
Қыз анасы тұрған орнында шыр көбелек айналып барып құлап түсті.
– Айналайын, оуууу! Ол дегенің сенің әкеңдей кісі ғой!
Сол күннен бастап анасы қызын үйден аттап бастырған жоқ. Мына масқара жұртқа жайылып кетпей тұрғанда құтты орнына қондырудың амалына кіріскен. Алайда…
Ескіті жабайы мысықтай тырнап, ыңырсыған қыздың мұнан да ауыр дерті бар болып шықты.
– Атамның үйіне сүт апарамын, жіберіңдер мені!
Қыз біртіндеп тамақтан, судан қалып, тірі аруаққа айналды. Айтатыны жалғыз сандырақ. «Атамның үйіне барамын!».
Сонда барып бар пәле сүт апарғанда атасы беретін жалғыз тал қанттан келгенін білген. Желдің қайдан соғып тұрғанын аңдаған туғандары жиналып, Ақаштың алдына барды. Ақаш кінәсын мойнына алды.
Ары-бері айыптаудан кейін қыз жақындары айтты:
– Ақыры «болары болып, бояуы сіңген екен!» Жолымен, жөнімен ұзатып берелік. Оған дейін біраз уақыт керек. Баланы көктей солдырма. Ықыласыңды қайтарып ал!
Ақаш келісті.
Атқан таңмен серт етілген дұғаның батқан күнмен қайту жоралғысы жасалды. Араға ай салмай шикі еті тамырланып қалған қызды алыс ауылдағы момын жігітке бір түнде ұзатып салды. Бұл ұзатуда намыс та кек те бар еді.
Cол қыз барған жерінде басы бақырдай ұл тапты. Және сол – ұл Ақаштың жер бетіндегі өзінен аумайтын жалғыз тұяғы еді.
Ал келінді көрген жұрт «ақылының бір қайнауы ішінде екен. Дуаланған адам сияқты мәңгіріп жүреді» десетін.
Қолына қондырмақ болған балапан құсы қапияда жер иіскетіп кеткен Ақаш көп өтпей үйленуге рұқсат сұрап, қара шаңырақтағы ағасына барған.
Аяғын шелектегі ыстық суға малып, қалың кітапқа шұқшиып отырған аға айтыпты:
– Ал, кіммен отау көтерейін деп жатырсың? Дәуде болса он сегізге келер-келмес пакизат жан болар?
– Қайдан, аға! Екі баласы бар келіншек.
– Жә, онымен байы неше рет жатты екен, сұрай алдың ба?
– Қызықсыз ғой, аға!
– Жауап бер!
– Енді… екі бала тудырғанша қанша рет… кім санап жүрер ондайды?
– Онда өзгемен жалғыз рет, оның өзінде шарасыз қосылған сенің әйелің саған әлдеқайда пәк болар.
– Аға…
Аға сонда шелектегі судан аяғын суырып алып, Ақашқа ежірейе қарап:
– Із қалды ма? – деп сұрапты.
– Жоқ!
– Онда есіңде болсын! Бұл да сондай шаруа. Кегіңді жазықсыз жаттан алыпсың ғой. Айда! Өз қатыныңның үйіне бар!..

 

Ғалымбек Елубай

ПІКІРЛЕР2
Аноним 29.08.2023 | 02:17

Керемет!

Аноним 31.08.2023 | 17:51

мықты мықты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір